Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық кеңес түрінде өткен кешегі Үкімет отырысында Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған елімізді индустрияландыру ісіне барынша маңыз беру, оны ұлттық идея деңгейіне көтеру туралы келелі әңгіме болды.
Осы мәселе жөніндегі ағымдағы істің барысы туралы баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиевтің айтуы бойынша, биылғы жылға жалпы құны 840 миллиард теңгені құрайтын 144 жобаны жүзеге асырудың жоспары жасалған болатын. Осының негізінде елімізде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында 131 миллиард теңгенің 72 инвестициялық жобасы жүзеге асқаны белгілі. Бұл 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Енді екінші жартыжылдықта 559 миллиард теңгенің 72 жобасы жүзеге асуға тиіс болатын. Оның 4-уі қазірдің өзінде іске қосылған.
Өмірдің әрдайым өзгеріске бейім тұратындығы белгілі. Сол секілді белгіленген жобаларды іске қосуда аздаған өзгерістер бар секілді. Мәселен, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің әр ай сайын жергілікті атқару органдарымен бірлесіп өткізетін мәжілістерінде 12 жобаны іске қосу мерзімінің келесі жылға ауыстырылуы мүмкін екендігі байқалып отыр. Оның есесіне Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторларымен өңірлерге барып, жағдаймен танысып, мәселелерді талқылау барысында еліміздің индустриялық картасына қосымша 83 жобаны қосу мүмкіндігі анықталған. Бұл жобалардың 27-сін биыл аяқтаудың толық мүмкіндіктері бар. Міне, осындай өзгерістерді есепке алатын болсақ, үстіміздегі жылдың екінші жартысында жиыны 80 жоба іске қосылмақ. Сонымен өмір өзгерістердің өзі инвестициялық жобаларды белгілеп, оларды іске асыру мерзімін айқындаған тұста ел экономикасында оң өзгерістер бар екендігін көрсетіп отыр.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жүзеге асырылатын индустриялық жобалардың мәселесін талқылай келе бұл іске неғұрлым тереңірек әрі кеңірек ауқым берілетіндігін атап көрсетті. Оның айтуынша, бұдан былайғы уақытта елімізді индустрияландыру ісі ұлттық идея деңгейіне көтерілуі тиіс. Үкімет басшысының осы сөзін мұнан кейін сөз кезегін алған Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтің жасаған баяндамасы толығымен қуаттап шықты. Ендігі кезекте біздің еліміздегі басты назар нақ осы мәселеге аударылмақ. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жұмысы нақ осы идеяның жүзеге асырылуымен бағаланатын болады. Елімізге инвестиция тарту ісіне барынша пәрмен беріледі.
Осыған орай Премьер-Министр Кәрім Мәсімов тиісті органдардың алдына бірқатар жаңа тапсырмалар берді. Алдын-ала есептеулерге қарағанда, еліміздің шикізаттық емес секторына таяудағы 4 жылдың ішінде 30 миллиард доллардың инвестициясын тарту мүмкіндігі бар екен. Осы мүмкіндікті жүзеге асыру үшін әкімдер өңірлерге инвестиция тартудың барлық мүмкіндіктерін қарастыратын болады. Сонымен қатар индустрияландыру картасына енгізілген жобаларды жүзеге асырушы кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялау жөнінде Елбасы қарауына ұсыныс енгізілетін болды. Осыған орай Әділет министрлігіне қойылған мәселені жүзеге асырудың жолдарын қарастыру тапсырылды.
Облыс және қала әкімдеріне 2 аптаның ішінде өздері міндетіне алған жобалардың жағдайын сол жерге бара отырып қайта бір тексеру жүктелді. Сонымен қатар Үкімет басшысы үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын одан әрі жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Әрбір облыс әкімі мен мемлекеттік органның басшысына өздері басқаратын бағыттар бойынша 2 айдың ішінде ғылыми-инновациялық дамудың мүмкіндіктері мен тетіктерін анықтау тапсырылды. Сонымен қатар 10 күннің ішінде индустрияландыруды басқару орталығын құру туралы қаулының жобасын әзірлеу міндеттелді.
Отырыста Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев сөз алып, индустрияландыру ісін, оның маңызын халыққа жеткізу жөнінде әзірленіп жатқан шаралар жөнінде айтып берді. Министр елімізде жасалған әрбір өнімге, ұсақ тауарлардан бастап құрастырылатын автокөліктер, түрлі техникаларға дейін “Қазақстанда жасалған” деген белгіні қоюды, сонымен қатар бір күнді Индустрияландыру күні деп атауды ұсынды. Министрдің пікірінше, әрбір қазақстандық елімізде жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының нәтижелерімен жақсы таныс болуы керек. Осыған орай министрлік өз тарапынан бірқатар жаңа шаралар әзірлеу үстінде.
Осы отырыста сонымен қатар қысқа әзірлік мәселесі қаралды. Аталған мәселе жөнінде хабарлама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Д.Тұрғановтың айтуынша, жалпы дайындық барысы жаман емес. Дегенмен, кейбір жерлерде мазут жеткізу ісінің өткен жылмен салыстырғанда, төмен екендінгі байқалды.
Аталған екі мәселе жөнінде интерактивті байланыс арқылы барлық облыс басшылары сөз алып, өздеріндегі жағдайды айтып берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.