15 Қыркүйек, 2010

Жарыстың жас көмекшілері

501 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Олимпиада, Азиада, әлем, Еуропа чемпионаттары мен басқа да халықаралық дода­лар­да алаң иелеріне жарысты лайықты өткізу үшін шетелдік спортшылар мен  қонақтарға керек кезінде кеңес беріп, көмек қолын созатын ерік­тілер сол жарысты өткізетін елдің бет-бедерінің бірі болып саналады. Сол себептен арасында жас болса да, бас бола білетін еріктілер үшін жарыс кезінде жергілікті халықты жақсы қырынан көрсетуде жауапкершіліктің де артылатыны сөзсіз. Міне, осындай талаптар қа­зіргі күні қысқы Азия ойындары өтетін жарыстарда біздің ерікті­лердің алдына қойылып отыр. Осы орайда келесі жылы Азиаданың бел ортасында жүретін іні-қарындас­тарымыздың дайындығы жөнінде айтсақ, “VІІ қысқы Азия ойын­да­рын ұйымдастыру жөніндегі ко­митетінің атқарушы дирекциясы” АҚ олардың осынау бәсекеде өз­деріне қолғабыс болып, шетелдік­тер­ге кез келген уақытта көмек көр­сету үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасап жатқанын атап өткен жөн. Бұған жақында аталмыш мекемеде жастардың өз еркімен еріктілердің қатарына қосылып, елімізді, елдігімізді шетелдіктерге таныту үшін істеп жатқан жұмыс­тарына көз жеткіздік. Еріктілерді ұйымдастыру жұмысымен айналы­сатын “VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ өкілі Сандуғаш Тәшімбетованың айту­ынша, қазір Азиадаға тартылып жат­қан жастар күн өткен сайын кө­беюде. Солардың 95 пайызы оқу орындарының студенттері екен. Осы жерде біз Азиада жұмысына өз еркімен тартылған студенттердің кейбіреуімен кездесіп, әңгімеге тарт­қан едік. Әңгімелесіп, ой бөліс­кен студенттердің бәрі Астанадағы Д.Қонаев атындағы гуманитарлық колледждің студенттері. Жолқұтты БЕКБАЛА: – Жа­нымда отырған Дәурен, Айдана үш­еу­­­міз бір колледжде оқимыз. Біз­дің осы жерге келуімізге себепші болған Никита мен Инесса деген ди­рекцияның мамандары. Ол екеуі бізге еріктілердің кім екенін, олар­­дың Азиададағы міндеттері, ерік­тілердің жұмысы тегін әрі қызықты болатындарын айтып берді. Сөйтіп, осы жұмысқа бірден келістім. Біз­дің колледжде 100-ден астам ерік­тілер бар. Ал Еуразия универси­те­тінде естуімше, 400-ге жуық ерік­тілер бар көрінеді. Біз оқудан бос кезімізде жұмыс істейміз. Кейде оқытушылар оқудан да босатады. Қысқасы, бізге еріктілер жұмысы ұнайды. Айдана НҰРАҚЫМОВА: – Бізге еріктілер жұмысы ұнайды. Өзім осы жерге сәуір айында келдім. Содан бері барлық іс-шараларға қатысып келемін. Астана күніне, Азиадаға арналған шаралар­дың ортасында жүрдім. Ағылшын тілін жетік біле­мін. Оны бес жасымнан үйрене бас­тадым. Қазір қытай және серб тілдерін үйреніп жүрмін. Тіл білген адам басқа ха­лықтың жан-дүниесін де біле ала­ды. Ал қысқы Азия ойындарында біз өз міндеттерімізді лайықты ат­қарып шығамыз деп ой­лаймын. Ең бастысы, жарыс кезінде қысылмай-қымтырылмай кез келген адаммен жақсы тіл табысып, оған еліміздің барлық жақсы жақтарын көрсетіп жүруіміз керек. Әке-шешем ерікті болуыма қар­сы болған жоқ. Керісінше, олар ме­ні қолдап жүр. Осы жылы біз бір­неше мәдени, спорттық шараларға қатысып, тәжірбиемізді жетілді­ретін боламыз. Дәурен ИСИН: – Бұл жұмысқа Айдана сияқты сәуір айында кел­дім. Біздің осы жұмысқа келуімізге Азиаданы ұйымдастыру жөніндегі комитеті дирекциясының маманы Никита мен Инесса себепші болды. Олар колледжге келіп, еріктілердің жұмыстарын айтып, бізді сендірді десе болады. Содан кейін ерікті болуға келістім. Әке-шешем де қарсы болған жоқ. Ағылшын тілін жеті жасымнан білемін. Бала кезіңде үйренсең, өзі­ңе жақсы екен. Есейгенде де үй­ре­нуге болады, бірақ оған ниет және өзіңе талап қоя білуің керек. Енді жақын арада біз Алматыға барамыз. Сол жерде еріктілерге арналған се­ми­нар-кеңестерге қатысып, жер­гі­лікті әріптестерімізбен кезде­семіз. Та­ныс-білістің артықтығы жоқ қой, бү­гін болмаса ертең жолымыз бір түйісер. Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.