15 Қыркүйек, 2010

Бәсекенің басты белгісі

682 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кез келген өзін сыйлайтын елде шет елден келген қонақтарға алдымен жергілікті халықтың түпкі тамырынан сыр шертетін салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен тарихын, тілі мен дінін көрсететін іс-шаралардың ұйымдастырылатыны белгілі. Оған біз 2006 жылы Қытайдың Чаньчунь қаласында өткен қысқы Азия ойындарына барған іссапарымызда, одан кейін осы елде араға екі жыл салып өткен жазғы олимпиялық ойындардың ашылу салтанатында көз жеткізген болатынбыз. Қазір спорт дегеніміз осы, ол бір жағынан ел намысы үшін жан алысып, жан берісетін жарыс болса, екінші жағынан елдің иесі кім екенін көрсететін мәдени шара. Осы орайда Туризм және спорт министрлігі мен “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ бастамасымен келесі жылы елімізде тұңғыш рет өтетін қысқы Азия ойындарында сан ғасырлар бойы Ұлы дала елінде қалыптасқан мәдениет пен оның тарихын дүние­жүзіне насихаттау мақсатында “Мәдени Азиада” жобасының жасалып отырғанын атап өткен жөн. Бұл мерекелік іс-шарада қазақ халқының тарам-тарам ұрпақ арқылы ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан бай мә­дениеті, ұлттық тұрмы­сы, салт-дәстүрі мен өнері ке­ңінен на­сихатталатын болады. Бұл Азия олимпиялық кеңе­сінің ережесі мен “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйым­дастыру жөніндегі коми­тетінің атқару­шы дирекциясы” АҚ ара­сындағы келісім-шартқа сәйкес жасалған мерекелік іс-шараның бағдарламасына бір­неше жоба­лар кіреді. Жобаға кі­­ретін іс-шаралар Азия ой­ын­дары өтетін Астана мен Алматы қала­ла­рында ұйым­дастырылады. Елорда жобасының аясында “Мұз мүсіндері”, “Voіce of As­tana” (“Астана дауысы”) атты ән мен би фестивалі, бейнелеу өнер көрмесі, фотокөрме, “Қа­зақ ауылы” салт-дәстүр фес­тивалі, ескерткіш сыйлықтар мен спорт тауарларының көр­ме-жәрмеңкесі, суретшілер туындыларының байқауы өтеді. “Мәдени Азиада” жобасы ой­ындардың ашылуына екі ай қал­ғанда “Мұз мүсіндері” фес­ти­валімен бірге басталады. Осы жобаны жасаушылардың айту­ын­ша, аталмыш шара Азиадаға ке­летін шетелдік қонақтар үшін қы­зығушылық тудырады. Өйт­кені, Азия олимпиялық кеңе­сіне мүше 80 елдің 80 пайызы қысы қарсыз өтетін елдер бо­лып табылады. “Мұз мүсіндері” фестивалі Азиаданың ашылу салтанаты өтетін “Астана-Арена” жабық стадионының алдындағы алаңда орналасады. Онда келушілер мұздан жасалған бейнелерді ара­лап, интерактивті ойын аттрак­циондарын көріп, шаң­ғы­мен коньки тебуге мүмкіндік алады. Осы фестиваль аясында Азия ойындары өтіп жатқан Есіл өзенінің үстінде автоспортшылардың қатысуымен экстре­маль­ды жағдайдағы авто-ойындар өткізу жоспарлануда. Аталмыш жобада тағы бір іс-шара жоспарланып отыр. Ол “Астана дауысы” ән-би фестивалі. Мұнда клас­­сикалық жанрдағы, опера, би және Азия құр­лығындағы қазіргі эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Цирк өнері фестивалінде Астана және Алматы цирктері әртістерінің қатысуымен арнайы бағдарлама жасау көзделуде. Оған Азияның таңдаулы цирктері келеді деп күтілуде. Бейнелеу өнері фестивалінде отан­­дық суретшілердің шығармалары ұсынылады. Олар мұражайларға қойылады. Онда “Сурет”, “Скульптура”, “Графика” және “Қолданбалы өнер” бағыттары бойынша шығармалар топтастырылады. Ал фотокөрмеде Азия құрлығы фотографтарының спорт тақырыбындағы туындылары көрсетіледі. Сонымен бірге көрменің бір бөлігінде ұлттық спорт түрлеріне арналған фотосуреттер жасақталатын болады. “Мәдени Азиада” жобасындағы “Қазақ ауылы” атты салт-дәстүр фестивалі халық ең көп тама­шалайтын іс-шара болады деп күтілуде. Тәуелсіздік сарайының үлкен залында көшпенділер өмірінен сыр шертетін көптеген киіз үйлер тігіледі. Мұнда күй орындалып, халық әндері шырқалады. Осы жерде сондай-ақ шетелдік қонақтарға театрландырылған қойылым көрсетіліп, қазақ халқының салт-дәстүрлері ұсынылады. Олар – айтыс, қыз ұзату, бесікке салу, тұсаукесер, бата беру. Бағдарламада күйлер, халық әндері мен билері де назардан тыс қалмайды. Ал “Сарыарқа” сауда үйінде спорт тауарлары мен сувенирлері сый-сияпат жасау үшін қойы­ла­ды. Осы жерде көрме-жәрмеңке өткізіледі. Мұнда отандық тауар өндірушілердің және әлемдік брендке ие спорттық киім-ке­шектер ұсынылады. Алматы қаласындағы “Мәде­ни Азиада” жобасына келсек, он­да “Қар барысы саябағы”, “Ұлы Жібек жолы” фестиваль жәр­­мең­кесі, Азия елдерінің мә­дениет фестивалі, “Алматы – Қа­зақстан­ның мәдени астанасы” бағ­дарла­масы көрсетіледі. Со­­­­ның ішінде “Қар барысы сая­бағының” ая­сында алм­аты­лық­тар мен қала қонақтарына ар­нал­ған ойын-сауық бағдарлама­сы қойылады. Азия ойындары кезінде Алматы алаң­дарында мұз айдындары жасалып, олар таң­­ер­теңнен кешке дейін жұмыс іс­тейтін болады. Осы жерге келген қонақтарды Азиаданың бойтұ­ма­ры – Қар барысы қарсы алады. “Ұлы Жібек жолы” фести­валь жәрмеңкесін Алматының халық арасында “Арбат” деп аталып кеткен ескі көшелерінің бірі – Жібек жолы даңғылының жаяу жүргіншілерге арналған бөлігінде өткізу жоспарлануда. Мұнда киіз үйлер тігіліп, үлкен тайқазандар, алтыбақандар құрылады. Ең бастысы, келушілер көшпенділер ауылының күнделікті тіршілігінен сыр шертетін көріністермен таныса алады. Осы жерде он саусағынан өнер тамған шеберлер текемет басып, жастар алтыбақан теуіп, ән шырқайды. “Азия елдерінің мәдениет фестивалін” Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен оның жанындағы Студенттер сарайында өткізу жоспарлануда. “Керуен” галереясы Студенттер сарайында жұмыс істейді. Бұл жерде Орталық Азия халықтарының қол­­данбалы өнер көрмесін ұсынады. Ал Азия астана­ла­рының фестивалінде құрлықтың әр түкпірінен ша­қырылған шебер аспаздардың тағамдары қойылады. Келесі, “Алматы – Қазақстанның мәдени ас­­танасы” жобасында концерт залдары мен театрларда қойылымдар көрсетіліп, мұражайлар мен кітапхана қызметі таңертеңнен кеш батқанға шейін көрмелер қоятын болады. Онда шетелдің танымал өнерпаз­да­рының жұмыстары ұсынылып, опера және балет әртістерінің концерті өтеді. Деректер не дейді? Азия ойындары сары құрлық елдері арасында 1951 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол алғаш рет Үн­дістанның Нью-Дели қаласында бастау алды. Ал қысқы Азия ойын­дары тұңғыш рет 1986 жылы Қы­тайдың Харбин қаласында жалауын көтерді. 1994 жылы кейбір елдердің қарсылығына қарамастан Азия олимпиялық кеңесі Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түркімен­стан мен Тәжікстанды Азиадаға қаты­суға шақырды. Қазақстан осы жарыстарда 1996 жылдан бері бақ сынап келеді. * * * Осы кезге дейін Азия елдері ара­сында Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея мен Қазақстан тұрақты түрде қысқы ойындардың алғашқы төрттігінен көрініп келеді. Еліміз 1996 жылдан бері Азиадада 32 ал­тын, 29 күміс және 62 қола медаль жеңіп алды. Соның ішінде біздің республика 1996 жылы – 48 жүлде, 1999 жылы – 25, 2003 жылы – 20 және 2007 жылы 30 жүлдені қор­жынға салып қайтты. * * * Қысқы ойындарға ең көп ел қа­тысқан жарыс 2007 жылы Қы­тайдың Чаньчунь қаласында өтті. Оған 45 елдің өкілдері қатысты. 1996 жылы Хар­бин­дегі жарыстарда 16 елдің құ­­­рамасы бол­са, 1999 жылы Канг­­­вондағы ойындарға 21 елдің, ал 2007 жылы Аомориде өткен бәсекеде өткен 17 мемлекеттің өкілдері бақ сынасты. Дастан КЕНЖАЛИН.