Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ақтөбе, Қызылорда, Семей облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған Мұхамедғали Әленұлы Сужиковтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр.
М.Сужиков 1910 жылы 15 қыркүйекте қазіргі Астрахань облысы Володар (Марфа) ауданы Баклано-Лопатино селосында кедей балықшының отбасында дүниеге келген. Анасынан ерте айрылған бала 11 жасынан әкесінің шаруашылығында балықшылық кәсіппен айналысады. Сөйтіп жүріп, ол молдадан арабша сауатын ашып, “аптиекті” тауысады. Алайда, бұған қанағаттанбаған жас шәкіртті әкесі 1925 жылы Астрахань қаласында ашылған жетім балықшы балаларын оқытатын мектеп-интернатқа орналастырады. Содан интернаттың жолдамасымен 1927 жылы осындағы қазақ педагог кадрлар даярлайтын техникумға түсіп, оны 1929 жылы алғашқылардың бірі болып үздік бітіріп шығады. 1929-1931 жылдары еңбек жолын Астрахань облысы, Марфа ауданындағы бастауыш, сонан соң жеті жылдық мектептің мұғалімі әрі меңгерушілігінен бастап, 1932-1938 жылдары Астрахань балықшыларының жоғары техникалық-оқу орны – институтқа түсушілерге арналған қазақ жұмысшылар факультетінің директоры болып қызмет атқарады. Ол сонымен қатар, аудандағы қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене қатысады. Соның арқасында 28 жастағы ұстаз 1938 жылы аудандық партия конференциясында аудандық комитеттің және оның бюросының мүшесі болып сайланады. Көп ұзамай айрықша талантты жасты облыс басшылығы танып, Сталинград облысы, Володар аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындайды. Осы қызметінде ол ауданның экономикасы мен әлеуметтік-мәдени саласының дамуына көп еңбек сіңіреді. Аудандағы балық өндірісін одан әрі дамытып, жаңа моторлы-балық аулау стансаларын ұйымдастырады. Калинино, Бакланий, Ямное және Володар қыстағында жаңа мектептер ашылуына мұрындық болады.
Көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталды да, айрықша ұйымдастырушылық қабілетімен белгілі болған М.Сужиков соғыс тірлігіне тартылады. 1942 жылы Астрахань қорғанысының солтүстік бөлігіндегі (с. Жакуевка) соғыс шебінде жатқан аймақтарда жау танктерінің шабуылына қарсы қорғаныс құрылыстарын салумен қатар, жойғыш ұшқыштар батальонын жасақтауға белсенді араласып, Астрахань-Қызляр темір жол құрылысына қатысады. Осындай белсенді қызметтері үшін КСРО Қорғаныс халық комиссариаты басқармасының грамотасымен марапатталады.
Соғыс алаңы Батысқа ауысқаннан кейін, яғни 1943-1945 жылдары М.Сужиков БК(б)П Астрахань округтік партия комитетінің мал шаруашылығы жөніндегі хатшысы, Астрахань обкомының мал шаруашылығы жөніндегі хатшысының орынбасары болып істейді. Бейбіт өмір мен соғыстың қиын кезеңінде шыңдалғанымен, жоғары білімі жоқ болғандықтан әрі саяси дайындығын жетілдіре түсу мақсатында жергілікті партия органының жолдамасымен әуелі Мәскеудегі БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы партиялық жұмысты ұйымдастырушылардың жоғары мектебін, содан соң Жоғары партия мектебін бітіреді. Сөйтіп, Мұхамедғали Әленұлы 1948 жылы Қазақстанға жолдама алып, Ақтөбе облыстық партия комитетінің кадр жөніндегі хатшысы болып сайланады.
М.Сужиков бұл жұмысқа үлкен дайындықпен келеді. Халықпен жұмыс істеудің, оған қызмет етудің мектебінен өткен, партиялық-ұйымдастырушылық қызметтің бірсыпыра әдіс-тәсілдерін меңгерген кадр жаңа жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осы бір қиын, соғыстан кейінгі қарбалас кезеңде облыс жағдайын, халықтың тұрмыс күйін білу, ел басқарып жүрген кісілермен танысу мақсатында аудандарда іссапармен жиі болады.
Көп ұзамай М.Сужиков облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына бекиді.
Ал 1951 жылдың аяғында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып сайланады.
1954 жылы мамыр айының аяғында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы М.Сужиков Қызылорда облыстық партия комитетінің пленумында обкомның бірінші хатшылығына сайланады. Бұл Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанымен оның салған тән және жан жаралары жазыла қоймай, бірсыпыра уақыт ел еңсесін көтеру қиын болған кезең еді. Партия, кеңес органдары қанша тырысқанымен, жұртты еңбекке жұмылдыру оңайға түспеді. Шаруашылықты жүргізудің ескі тәсілдері жаңа талапқа жауап бермеді. Осындай қиыншылықтардан Қызылорда облысы өткен ғасырдың 50 жылдары өзінің экономикалық-мәдени дамуында республикада кенжелеп қалған болатын. Іргелі өндіріс орнының жоқтығы, бірыңғай ауыл шаруашылығы бағыты, оның ішінде негізгі байлығы болып саналатын күріштің сатылу бағасының өте төмендігі облыс экономикасын кері тартты.
Мынандай мысалдарға жүгіне кетсек. 1953 жылы облыста жоспардағы 36 центнердің орнына 9,7 центнерден күріш жиналды. Ал дәнді дақылдардан 6,6 центнерден алынды. Жоспар 22 центнер болатын. Мал шаруашылығының жоспары жыл сайын орындалмады. Осы және тағы басқа жағдайлар 1954 жылғы 29 мамырда “Қызылорда облысындағы істің жайы туралы” мәселе қараған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросында жан-жақты сөз болады. Оған облыстық партия комитетінің бюро мүшелері түгел қатыстырылады. Бюрода “М.Сужиков облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде жұмысқа жіберілсін” деген қаулы алынады.
Мұхамедғали Әленұлы жаңа қызметке сайланысымен, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын біліп, алдағы бағытты айқындау мақсатында әрбір аудан, ірі шаруашылықтарға арнайы бригадалар жіберіп, олардың талдаулары мен қорытындылары жан-жақты қаралып, сараптама жасалынады. Соның нәтижесінде жыл аяғында республика басшылығына арнайы ұсыныспен шығып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1954 жылғы 27 желтоқсанда облыстың барлық мәселесін түгел дерлік қамтитын, 72 тармақшаны біріктірген 36 тармақтан тұратын “Қызылорда облысына көмек шаралары, ауыл шаруашылығын, өндірісті және еңбекшілерге мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсарту туралы” үлкен қаулы қабылдайды. Бұл жаңа басшының республиканың ең жоғары билік органдарының мойнын облысқа алғашқы бұрғандығы болатын. Мұның қанша күш-жігер талап еткені түсінікті.
М.Сужиков мұнымен қанағаттанбайды. 1956 жылы КОКП Орталық Комитетінің төралқасына “КСРО дағы күріш өндірудегі елеулі кемшіліктер туралы” арнайы хат жазады. Онда күрішті Жер шарының жарты халқы аса маңызды тамақ ретінде пайдаланумен қатар, одан крахмал, дәрілік заттар, күріш сабанынан қағаз, т.б. өнімдер дайындауға болатындығы, бірақ оны өндіру көлемі кеміп отырғанын айта отырып, күріштің сатып алу бағасын ендірудің қажеттігін атап көрсетеді. КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің атына арнайы жолданған екінші хатта күріш өндірісін ұлғайтудың маңызды жолдарының бірі Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы суландыру жүйесін қайта құруға қаржы бөлу болса, оның екі жылда қайтарым беретініне нақты дәлелдер келтіріледі. Осылай тегеурінді басшы өзі көтерген мәселелерге Одақ басшыларының көзін жеткізуінің арқасында “Қызылорда облысының экономикасын дамыту, еңбекші халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту шаралары туралы” құжат қабылданады. КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің ауыл шаруашы-лығы өнімдерін сатып алу бағасын көтеруіне қол жеткізіледі. Үкімет қаулысы бойынша күріштің сату бағасы 10 есеге артады. Қаракөл елтірісінің бағасы көтеріледі.
Мұхамедғали Әленұлы облысқа келісімен-ақ тікелей айналысқан мәселесінің бірі – сол кездері Арал және Қазалы аудандарында жиірек кездескен аса қасіретті ауру – алапеспен күрес болады. Мұхаң бұл проблеманы ұлттық, өмірлік мәселе ретінде одақтық деңгейге көтереді. КСРО Министрлер Кеңесінің “Қызылорда облысында алапеспен күресудің кезек күттірмейтін шаралары туралы” қаулысын қабылдатады. Үкімет науқастардың өмірін әлеуметтік-экономикалық жағынан қайта құрудың түбірлі шараларын белгіледі.
Сыр бойының ардагерлері М.Сужиков 3,5 жылдан астам уақыт ішінде облыстың келешегіне негіз салғанын, облыс тарихында алтын әріппен жазылған, жұртшылықтың жадында мәңгі сақталып қалған ауқымды-ауқымды істерді жүзеге асырғанын, кадр мәселесінде аса тазалықпен, біліктілікпен жұмыс жасағанын күні бүгінге дейін айтады.
Кеңес өкіметі тұсында жоғары деңгейдегі басшыларды жиі, бірде жоғары, бірде төмен ауыстырып тұру дағдыға айналған болатын. Осындай Орталықтың кадрлық жүйесінің жөнімен М.Сужиков 1958 жылдың қаңтарындағы сары аязда Сарыарқамен тұтасып жатқан Семейге, ежелгі қазақ жері, ұлылар мекені, қазақ әлеміне Абай, Шәкәрім мен Мұхтарды берген қасиетті өңірге, облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына жұмысқа жіберілді. Алайда бар күш-жігерін халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған, Қазақстанның мәдениеті мен экономикасының дамуына үлкен үлес қосқан, Еңбек Қызыл Ту, екі рет “Құрмет Белгісі” ордендері мен көптеген медалдарьдың иегері, республикамызда өзіндік бедел мен құрметке бөленген, барлық қызметте ұйымдастырушылық таланты жарқырап көрінген Мұхамедғали Әленұлы бас-аяғы 2,5 жылда Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан босатылады. Осының себебін білу мақсатында Семей қаласында болған едік...
М.Сужиков Семей облысына келісімен, оның алдынан ядролық сынақ полигоны шығады. Бірінші хатшы түн ортасына дейін жұмыста отырып, ертеңгісін келгенде обком үйі терезесінің сау тамтығы қалмағанын көреді. Жер шайқалғанда жылу қазандықтарындағы пештерден шоқ төгіліп, содан өрт шыққан кездер де болған. Сонан соң жұмыс барысында аудандарды аралағанда, адамдардың денсаулығымен танысады. Өз бетінше ақпарат жинайды. Бірақ әзір тікелей әрекетке бара қоймайды. Қолда нақты мәліметтер болмайды. Содан айтулы маман, радиолог, кейін академик болған Сайым Балмұхановтың материалдарымен жете танысқаннан кейін ол Семей полигонындағы атом және термоядролық қаруды сынаудың зардаптары туралы КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Хрущев пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Беляевке құпия хат жолдайды. КСРО Министрлер Кеңесі Семейдің жергілікті халқына аз да болса материалдық және медициналық көмек көрсету жөнінде құпия қаулы қабылдайды. Бұл сынақ басталғаннан 10 жыл өткеннен кейін қабылданған бірінші шара еді.
Алайда, Семейдің ядролық сынақ полигоны туралы хатты Мәскеу мейлінше теріс қабылдайды. Алматы да өз бетінше ашық әрекетке барған туасы батыл хатшыны құптай қоймайды. Бірақ құпия мәселемен қайсар хатшыны орнынан босата салудың реті келіңкіремейді. Сондықтан екі Орталық та М.Сужиковтен құтылудың басқа амалын іздестірумен болады. Оның сәті Қазақстан Магниткасы аталған Темір-таудағы құрылыста болған атышулы оқиғаға байланысты түседі.
1958 жылы Бүкілодақтық комсомол-жастардың екпінді құрылысы болып жарияланған Теміртаудағы металлургиялық комбинатқа КСРО-ның түкпір-түкпірінен іріктеусіз, ниет еткендердің барлығы ағылады. Тек Ресей мен Украинадан 132 мың адам келеді. Олардың ішінде түрлі топтар болды. Оның үстіне келгендерге жағдай жасалынбайды. Тіпті олардың бірсыпырасы жұмыспен де қамтылмайды. Жаңа табиғи ортаға үйрене алмау, бір стакан судың проблемаға айналуы, төмен еңбекақы, асханадағы сапасыз ас, дүкенде керек-жарақтың болмауы, адам төзгісіз, т.б. жағдайларды “белсенділер” қолға алып, жан-жақтан келгендерді көтеріліске шығарады. Қала солардың қолына көшіп, дүкендер, қоймалар тегіс тоналады.
Теміртау трагедиясы 1960 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы жабық пленумында “Қарағанды металлургия зауыты құрылысындағы істің жағдайы туралы” деген күн тәртібімен қаралады. Пленумда М.Сужиков Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросын принципті мәселеде партиялық пайымдылық танытпағаны үшін қатты сынайды. Ол бюроның басты кінәсі ең алдымен Қарағанды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исаевтың сәтсіз таңдауында болды деп мәселені төтесінен қояды. Обком хатшысының тіптен шикі екенін атап көрсете отырып, Қазақстанның аса ірі аймағының бас-шылығына мұндай тиісті мектептен өтпеген, бірінші басшылық қызметте тәжірибесі жоқ, басқа ұйымнан шақырылған, республиканың ерекшеліктерін білмейтін таза функционердің келуі үлкен қателік болғанын көлденең тартады.
Ертеңіне “Семей обкомы хатшысының ұлтшылдығы” жайлы жедел хабар Мәскеуге жетеді. Асығыс ұшып келген КОКП Орталық Комитетінің нұсқаушылары “ұлтшылды” қырына алады. Оның бұрынғы қызмет істеген облыстарының бәрінде болады. Үш айға созылған тексерістен Сужиковті айыптауға, жұмыстан босатуға негіз болатындай қомақты ешнәрсе қолға түсе қоймайды. Бірақ ретін келтіреді. Жоқтан бар құрастырады. Сөйтіп, кеңестік идеологияның түсінігі бойынша “ұлтшыл”, біздің ұғымымызша өз ұлтын сүйген, халқы үшін ештеңеден тайынбаған қайсар қайраткер Мұхамедғали Әленұлы күш-жігерінің толып, ақыл-ойының кемелденген кезінде, ердің жасы елуге толуына 10 шақты күн қалғанда саяси партиялық қызметпен қоштасады.
Балалық кезі Ресей мен Қазақстанның шекарасында өтіп, жігіттік шағы орыс-қазақтың арасындағы қайнаған өмірде қалыптасқан, көрші ағайындардың әділеттілігін алған М.Сужиков тек тура сөйлейтіндігімен, әділеттілігімен, ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын турашылдығымен, қатаң принципшілдігімен жоғары басшылыққа ұнай қоймады. Мәскеуге оның өз халқын шынайы сүйетін “ұлтшылдығы” жақпады. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері М.Есенәлиев өзінің “Штрихи к портрету. Наш Димеке” деген мақаласында “Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы орнынан жұмыстағы кемшіліктері үшін алынды делінді, алайда ол Семей полигонындағы сынақтарға қарсы шыққаны үшін босатылған болатын” деп жазды. Бұл шындық еді.
М.Сужиков Семей обкомының бірінші хатшылығынан босағаннан кейін 5-6 жыл түрлі деңгейдегі қызметтер атқарады да, 1967 жылдан 1971 жылы зейнеткерлікке шыққанша Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болады. Ұзағырақ және жемісті жұмыс істеген жері де осы қызмет. Бұрын баспа жұмысымен де, полиграфиялық тірлікпен де, кітап саудасымен де тікелей айналыспаса да, Мұхаң жаңа қызметке үлкен қызығушылықпен кірісіп, жаңаша қарап, жаңаша бастайды. Өзінің бар мүмкіндігін қарастырып, өмірлік жинаған тәжірибесінің арқасында тиісті органдар мен мекемелердің келісімін алып, осылардың барлығын бір жерге жинауды ойлап, үлкен құрылысты жобалайды. Бірақ оларды толықтай бітіруге төрт жыл аздық етті. Осы қызметке М.Сужиковтен кейін келген Шерияздан Елеукенов Мұхаң құрылысты бітіріп үлгермеді, бірақ тамаша кадрлар тастап кетті деген екен.
Уақыт алыстаған сайын ірі тұлғалар биік таулардай айқындала түседі. Солардың қатарында Мұхамедғали Сужиков те тұр. Ол туралы сөзімізді Шәкәрім Құдайбердиевтің мына өлең жолдарымен аяқтағанды жөн көріп отырмыз.
Қайтадан қайрылып қауымға келмейсің,
Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт – осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің!
Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдар докторы.