Кеше облысқа Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен келді. Сапар Ақсу қаласы мен облыс орталығындағы өндіріс орындарында үдемелі жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысына арналды. Үкімет басшысы сонымен қатар күні кеше ғана өрт шалған орманды алқаптарды тікұшақпен аралап көрген соң, Жабағылы ауылына келіп, өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың отбасыларына көңіл айтты. Одан соң орман шаруашылықтарына қатысы бар ведомстволар мен Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары басшылығының қатысуымен кеңес өткізді.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бірден Ақсу ферроқорытпа зауытына келді. Жалпы өндіріс жайлы “Қазхром” АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Арман Есенжолов хабардар етті. Зауытта өндірілетін ферроқорытпаларды енді теңіз арқылы да, контейнерлермен де жөнелтудің мүмкіндіктері, сонымен бірге, зауыт цехтарында агломераттың қалай өндірілетіні, оның өндірістік технологиялық үдерісі туралы баяндады. Зауыт жылына 1,2 миллион тонна ферроқорытпа өндіреді. Орташа жалақылары 100 мың теңге көлеміндегі 7 мыңдай адам еңбек етуде. Үкімет басшысы былтыр да зауытта болып, жұмысшылармен кездесіп, №6 цехты келіп көрген болатын. Осы цехтағы күрделі жөндеуден өткен №61 пешті іске қосқан еді. Өндіріс орны хром, кремнийлі және марганецті құймаларды өндіру жөніндегі әлемдегі жетекші металлургия кәсіпорындарының бірі болып табылады. Зауыттың құрамында жылына 500 мың тонна марганец өндіретін Қарағандының “Қазмарганец” кен орны да бар. Бұл күндері зауытта ИСО 14000 сапа көрсеткіші, қоршаған ортаны қорғаудың OHSAS 18000 белгісі бар, еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау бағытындағы арнайы менеджмент жүйелері жұмыс жасауда. Ферроқорытпа өндірісінің жаңа технологияларын әзірлеу және оны меңгеру, шикізаттық материалдардың жаңа түрлерін сынауға арналған инженерлік-инновациялық орталық құрылды. Ол үшін 574 мың АҚШ доллары жұмсалды. Инженер мамандар Шұбаркөл көмірінің жануын сынақ-тәжірибеден өткізу арқылы кен орнының көмірін пайдаланудың инновациялық технологиясын жасап шықты. Сонымен бірге, Екібастұз көмірінен де жылына 100 мың тонна қуатпен кокс өндіретін пештердің құрылысы аяқталды. Техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде кәсіпорында қолданыстағы қуаттарды жаңғырту мақсатымен жыл сайын металлургиялық пештер күрделі жөндеуден өтіп келеді. Биылғы жылы ферро-марганецтің сапасын жақсарту мақсатымен жылына қуаты 350 мың тонна агломерат өндіретін цех іске қосылды. Қазіргі уақытта зауытта екі инвестициялық жоба іске асырылуда: бірі қуаты 1 миллион тонна болатын жоғары көміртекті феррохромды қайта өңдеу жөніндегі кешен болса, екіншісі зауыт өндірісін басқарудың ақпараттық жүйесі деп аталады.
Бұдан кейін Кәрім Мәсімов зауыттың жылына 180-200 мың тонна жобалық қуатпен хром өндіретін №5 цехының құрылыс жобасымен танысты. Цехтан шыққаннан кейін Үкімет басшысы зауыттың орталық конференц залына келіп, экология және “Ауыз су” бағдарламасын іске асыру мәселелері, жалпы, облыстағы үш қаланың биылғы қысқа дайындықтары жөнінде осы салаға қатысты басшылардың есебін тыңдады. Осы мәселелер жайлы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің басшысы Серік Нокин, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов баяндап берді. Ал жалпы, өңірдегі экологиялық ахуал, ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету туралы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев хабардар етті. Ауылдардағы ауыз судың жағдайын жақсарту үшін жылдар бойы әртүрлі бағдарламалар жасалып, қолға алынғанымен, баяғы жартас — сол жартас күйінде қалып келе жатыр. Мысалы, ауыз судың сапасы 337 ауылда санитарлық нормаларға сәйкес келгенімен, қалған ауылдар әлі күнге дейін таза суға қол жеткізе қойған жоқ. Бұл жай Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Качиры, Май және Павлодар аудандарында байқалады. Май және Ертіс аудандарындағы топтық су құбырын жүргізу мәселесі де жыл сайын айтылғанымен, нақты қолға алынбай келеді. Осы су құбырларын жасау үшін Ертіс ауданына республикалық бюджеттен 8 млрд., Май ауданына 6 млрд. теңге қаражат бөлініпті. Облыс әкімі бұл құбырларды тартуда жоба жасаған кезден ойластырылмаған тұстары болғанын, сондықтан бұл жобаны қазір бастап кету қиын түйінге тіреліп тұрғанын айтып өтті. Кәрім Мәсімов мәселені нақты зерттеп, анық-қанығына жетіп барып, қолға алыңдар, деп тапсырма берді.
Екінші айтылған мәселе – өндірістер дамуы табиғаттың, қоршаған ортаның тынысын тарылтпауы керек. Облыстағы өндіріс орындары “Қазхром”, “Қазақстан Алюминийі”, “Қазақстан электролиз зауыты”, “Еуразиялық энергетикалық корпорация” сияқты зауыттар қоршаған ортаны қорғау жөнінде экологиялық саясат жүргізеді деуге болады. Зауыттардың айналасына көгалдандыру, көріктендіру жұмыстары жасалуда. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев зауыттар атқарып жатқан осындай игі істерді баяндап өтті. Бірақ, кейбір кәсіпорындар экологияны қорғауға көп көңіл бөле бермейді. Екібастұздағы ГРЭС-1 стансасының ауаға зиян келтіргені үшін 17 мың теңге ғана айып төлегені оған нақты мысал. Осы орайда Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов министрлік тарапынан экологиялық бағыттарға арналған жақсы істер жасалып жатқанын, өндіріс орындары қоршаған ортаны қорғауға арнайы қаражат бөліп, “Жасыл даму” бағдарламасы жүзеге асырылып жатқандығын айтып өтті. Кеңесте табиғатқа зиян жасаушы өндіріс орындарының өтемақылары әлемдік көрсеткіштерге жақындаулары керектігі, ол үшін экологиялық аудит, міндетті экологиялық сақтандыру жөніндегі экологиялық заңдар жүйесі бар екені айтылды.
Бұдан кейін Кәрім Мәсімов облыс орталығындағы өндіріс орындарының жұмыстарымен танысты. Облыс орталығындағы “Каустик” АҚ Павлодар химия зауытының негізінде құрылған. Жеке меншік өндіріс орны химиялық өнімдер шығаруды мақсат етіп отыр. Акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Әмірханов инвестициялық жобаның іске асырылу барысымен және кәсіпорынның “Қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын мембрандық әдіспен хлор мен каустикалық сода өндірісін салу” жобасы туралы хабардар етті. Кәсіпорын жылына құтыларға құйылған 12 мың тонна сұйық хлор ерітіндісін, 20918 тонна натрий гипохлоритін, 12 мың тонна тұрмыста қолданылатын ағартқыш сұйықтар өндіруді қолға алып отыр. Өндіріс орнында 400-дей адам еңбек етеді. Жобаның жалпы құны – 16,2 млрд. теңге. Өндіріске қажетті шикізат көздері облыс аумағындағы тұзды көлдер болып табылады. Кәсіпорын толық іске қосылғанда жылына 30 мың тонна каустикалық сода, 6,6 мың тонна натрий гипохлориті, 9,7 мың тонна хлор ерітінділері, 45 мың тонна тұз қышқылы өндіріледі. Жаңа жұмыс орындарының саны 120 адамға көбейеді. Зауыт биылғы желтоқсан айында іске қосылады. Зауыт ауласында Үкімет басшысы өзін күтіп тұрған кәсіпкерлермен кездесіп, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы және Кеден одағы құрылғаннан кейінгі жағдай туралы олардың ой-пікірлерін білді.
Кәрім Мәсімов бұдан кейін “Павлодар мұнай-химия зауыты” акционерлік қоғамында болды. АҚ-тың бас директоры Данбай Шухрат кәсіпорын жұмысы мен оның даму бағыттары жайлы хабардар етті. Мұнай мен газ өңдейтін кәсіпорын қазір мемлекет меншігіне өткен, автомобиль бензині, ТС-1 маркалы реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, дизель отыны, қазандық отыны (мазут), мұнай коксы, құрылысқа, жол жөндеуге арналған битум, коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы газдар шығарылады. Зауытта 4 мыңдай адам еңбек етеді. Орташа еңбекақы – 126 389 теңге. Зауыт мұнайды отын түрінде де қайта өңдейді. Биылғы бірінші жартыжылдықта 479,8 миллион теңгенің инвестициялары игерілді. Сонымен қатар, октан көлемін жоғарылататын N-метиланилин “Каскад” қосындысын енгізу кешені де өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Қазір зауытта “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ пен “ЭНИ” атты италиялық компания арасындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде “Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту жобасының” техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмысы жүргізілуде. Зауыт мамандары кәсіпорынды дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеген, ол Үкімет қаулысымен бекітілген мұнайды қайта өңдеу зауыттарын дамытудың кешенді жоспарын ескере отырып жасалыпты. Осыдан кейін Үкімет басшысы “Мұнайхимия LTD компаниясы” серіктестігіне келді. Серіктестік директоры Ерлан Құсанов кәсіпорын жұмысы мен даму бағыттары және метил-үш-бутилді эфир, пропилен және полипропилен өндірісінің технологиялық үдерісі туралы хабардар етті. Зауыт 2005 жылы ашылды. Метил-үш-бутилді эфир мен пропилен және полипропилен өндіретін зауытта былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болып, жаңа жобаға сәттілік тіледі. Қолға алынған жобаның қуаты жылына 20 мың тонна метил бутильді эфир, 35 мың тонна пропилен мен 30 мың тонна полипропилен өндіруге жетеді. Серіктестікте 350 адам еңбек етеді. Жобаның құны – 5,5 млрд. теңге. Шикізат “Павлодар мұнай-химия зауыты” АҚ арқылы сұйытылған мұнай, газ түрінде жеткізіледі.
Өндірісті қалалардағы іске асырылып жатқан жаңа жобалар үдерісімен танысқаннан кейін Үкімет басшысы облыстық ішкі істер басқармасына келді. Осы жерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысты азайту жөнінде кеңес өтті. Жуырда ғана берілген Елбасы тапсырмасына орай қазір елімізде құқық қорғау органдары саласында реформа жүргізіліп жатқаны белгілі. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Үкімет басшысын жедел басқару орталығының қызметі туралы хабардар етті. Жалпы, облыс бойынша қылмыспен күрес саласында жедел техникалық құралдарды енгізу жөнінен шаралар қабылдануда. Жедел басқару орталығы негізінде облыс орталығының көшелерінде және қоғамдық жерлердегі жағдайды тіркейтін бейнебақылау камераларының желісі құрылған. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 8 бейнебақылау камерасын сатып алуға қосымша қаражат бөлінді. Есірткі заттардың, психотропты және қатты әсер ететін заттардың заңсыз айналымы саласында өткен жылы 156 қылмыс, соның ішінде 107 есірткіні өткізу қылмысы тіркелді. Есірткі жеткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Облыстағы криминогенді ахуалды тұрақтандыруға бағытталған жедел-алдын алу іс-шараларының “Іздестіру”, “Қару”, “Қалампыр”, “Тұрмыс”,“Мигрант”, “Отбасы және мектеп”, сол сияқты “Қауіпсіз жол” іс-шаралары өткізілді.
Осыдан кейін, Үкімет басшысы облыс орталығындағы №122 қазақ балалар бақшасына келіп, кішкентай балдырғандармен жүздесті. Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театрына “Жол картасы” бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Келесі кезекте осыдан екі жыл бұрын құрылысы басталған “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша ашылған туберкулез ауруына қарсы диспансердің жаңа корпусында болып, дәрігерлермен кездесті. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін іске асыру барысы жөнінде пікірлесті. Үкімет басшысы жұмыс сапарының қорытындысында өңірде көптеген істердің атқарылып жатқанын атап көрсетті.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.
Суреттерді түсірген Валерий БУГАЕВ