25 Қыркүйек, 2010

Семей полигоны – ядролық қарусызданудың символы

999 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясының аясында 23 қыркүйекте  АҚШ Президенті Барак Обама мен ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың кездесуі болды. Кездесуде Мемлекеттік хатшы АҚШ Президентіне Қазақстан басшысының Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне қатысуға шақырған жеке шақыруын табыс етті. Ал Барак Обама Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа АҚШ Қазақстанмен алдағы уақытта да тығыз ынтымақтастық қатынастар жасауға ниеттілігін білдірген сәлемін жеткізуді өтінді. Сондай-ақ ЕҚЫҰ Саммитіне шақырғаны үшін алғысын білдірді. Ал 65-ші сессиясының төртінші күнгі пленарлық отырысы бұған дейінгі жалпысаяси пікірсайыстан аса өзекті мәселелер талқыланған бас пікір­сайысқа ұласты десе болады. Өйткені, отырыста сөй­леген мемлекет және үкімет басшылары, елдердің сыртқы істер министрлері өз сөздеріне аса өзекті мәсе­ле­лерді арқау етті. Ал Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ядро­лық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа байланысты сөз сөйледі. Қазақстан қарусыздану және ядролық қаруды таратпау үдерісі­нің белсенді қатысушысы болып табылады. Оған Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев өз Жарлы­ғы­мен Семей ядролық сынақ поли­гонын түп­кі­лік­ті жабуы, сондай-ақ Қазақстан­ның жаппай қы­рып-жоятын қа­руды таратпау жөніндегі бастама­ла­ры нақты дәлел болады. Бүгінде Қазақстан басшысының осындай баста­ма­ла­ры халықаралық қоғам­дас­тық­тан қолдау тауып келеді. Қанат Саудабаев өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен, ал­дымен осыны атап өтті. Қазақ­стан өз тәуелсіздігінің алғашқы күндерін­де-ақ бүкіл әлемге болашақ ядро­лық қарусыздануда екенін паш етті, деді Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы. 1991 жылдың 29 тамы­зында Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев өзінің Жар­лығымен әлемдегі ірі ядро­лық полигонның бірін мәң­гілікке жапты. Мемлекет басшысы өте дәл атап көрсеткеніндей, сол сәт­­тен бастап Қазақстан “Бей­біт­шілік эпицентрі” атанды. Осы жылдың сәуірінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қа­зақ­станға сапармен келген бо­ла­тын. Бас хатшы сапарын еліміз­дің өзге өңірінен емес, бұрынғы Семей ядролық сынақ поли­гоны­ның аумағынан бастауы, шынында да символикалық жағ­дай. Сол жерде Бас хатшының: “Қазақстаннан қолдау табу – БҰҰ үшін үлкен мәртебе. Мен Нұрсұлтан Назар­баевқа, Қазақстан халқына алғыс айтқым келеді. Сіздердің еліңіз бүкіл әлем үшін мысал болып табылатынын тағы да атап өтпекпін. Батыл басшы Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан ядролық қаруды таратпау мәселесінде про­греске жетуге болатынын дәлел­деді”, – деген еді. Өткен жылы Семей полиго­ны­ның жабылған тарихи күнге бай­ланысты Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша 29 тамыз БҰҰ Бас Ассам­блеясының қарарымен Ядролық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні деп жария­лан­ды, деді Қа­нат Саудабаев әрі қарай. Бас Ассам­блеяның бірауыз­дан қабылданған бұл шешімі біз­дердің жаһандық ядролық қатерді бәсеңдетудегі және Ядролық сы­нақ­тарға тыйым салу туралы шарт­ты жүзеге асырудағы ортақ ерік-жігерімізге әсер етеді. Біз сізге қа­зақстандық бастаманы қолдағаны­ңыз үшін алғыс айтамыз. Мемлекеттік хатшының атап өтуінше, ен­дігі жерде маңыздысы, тиісті іс-ша­раларды жыл сайын өткізіп тұру қажет. Осыған байла­ныс­ты үстіміздегі жылдың 26 та­мызында Астанада Қазақстан Үкі­метінің бас­тамасымен БҰҰ-мен бірлесе отырып, “Семей – қалып­та­судан дамуға қарай” деген тақы­рып­та даталы күнге арналған ха­лық­аралық конференция өтті. Конференцияға БҰҰ, МАГАТЭ, тағы басқа да халықаралық ұйым­дар­дың ресми тұлғалары мен ака­де­миялық құрылымдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­де­рі қатысты. Жиын қорытынды­сын­да қатысушылар мемлекет лидер­ле­рін, сондай-ақ халықаралық қоғам­дас­тықты Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартты рати­фи­ка­циялауға шақырған үндеу қабылдады. Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шарт 1996 жылы қа­был­данған. Тек соңғы екі-үш жыл көлемінде Шарт­ты ратификация­лауға көңіл бөліне бас­тап­ты, Қазіргі кезде оған қатысты жұмыстар аяқ­талуға жақын. Өкінішке қа­рай, кейбір мемлекеттер Шартты ра­ти­фи­кациялауға асығатын емес. Қанат Саудабаев сөзі барысын­да аталған құжатты АҚШ Сенатына бекітуге ұсынғаны үшін Президент Барак Обамаға және ратификация­лау ту­ра­лы шешім қабылдағаны үшін Ин­до­незия басшылығына ризашылық білдірді. Қанат Саудабаев бұ­дан соң Ядролық сынақтарға тый­ым салу туралы шартқа қатысты Қа­зақстан тарапынан қолға алы­нып жатқан жұмыстарға тоқталды. Шешеннің атап өткеніндей, ядро­лық қару­сыз­дану және оны тарат­пау үдеріс­те­ріне белсенді қатысу Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы негізгі мәселелердің бірі болып та­былады. Қазақстан өзінің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында, деді Қанат Саудабаев сөзін қоры­тындылай келіп, ЕҚЫҰ-ның Жап­пай қырып-жоятын қаруды тарат­пау туралы Афина министрлік дек­ларациясын жүзеге асыруды бел­сенді түрде ілгерілетіп келеді. Бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ЕҚЫҰ-ның БҰҰ-ға негізгі әріптес болатындығын көрсетеді. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі сондай-ақ осы жылдың соңында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті еуратлантикалық және еуразиялық кеңістікте қауіп­сіздікті нығайтуға ықпал ететін­дігін, жаппай қырып-жоятын қару­ды таратпау мәселесі жалпыға ор­тақ екендігін атап өтті. Газеттің кешегі нөмірінде уақыт айырмашылығына байланысты БҰҰ Бас Ассамблеясының 65-ші сессия­сын­да АҚШ Президенті Барак Обама­ның сөз сөйлегенін атап қана өт­кен едік. Енді соған тоқталып өтсек дейміз. Біздер мұн­да өзіміздің проб­ле­маларымызбен, өзіміздің басым­дық­тарымызбен келіп отырмыз, деді Барак Обама. Бұл жерде кез келген мемлекеттің өкілі өзінің ұсынысын, пікірін ашық білдіре алады. Бұдан 9 жыл бұрын осы қаладағы Бүкіләлем­дік сау­да орталығын лаңкестер жер­мен-жексен етті. Лаңкестердің қо­лы­нан Лондонда, Жалалабадта, басқа да жерлерде бейбіт тұрғындар қаза тапты. АҚШ Президенті әлемдік қаржы дағдарысы мен қауіпсіздікті қамтама­сыз ету мәселелеріне тоқ­талды. Барак Обаманың тоқталып өтуінше, жаһандық қаржы-эко­но­микалық дағдарыстың ауыртпалы­ғын бірлесе отырып еңсеру керек. Экономикасы әлсіз елдерде жұ­мыс­сыздықты азайту арқылы олардың жағдайын түзетуге болады. АҚШ “Әл-Каида” лаңкес­тері­не қарсы тиімді күрес жүргізіп ке­леді. Аме­ри­ка Ирак аумағынан өзінің 100 мыңнан астам әскерін шығарды. Енді Ирак билігі елінің қауіпсіз­дігін өздері қорғайтын болады. Қалған әскерлерін келесі жылдың соңына дейін толық алып кетеді. Президент осыдан кейін Ауған­станға қатысты ойын ортаға салды. АҚШ және оның одақтастары Ауған­стан үкіметінің өз билігін нығайтуға байланысты барлық мүмкіндікті жасап келеді. Шілдеден бастап АҚШ Ауғанстан үкіметіне билікті бере бастады. Осы жылдың басында 47 мемлекет ядролық мате­риалдардың тарап кетпеуіне қатысты жұмыс жоспарын қолдады. АҚШ Ресеймен бірге Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қол қойды. АҚШ Президенті сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасына да тоқталды. Барак Обаманың сөзіне қарағанда, Иран ядролық қаруға байланысты АҚШ-тың ұсынысын қабылдауы тиіс. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары жай сөз емес, Иран Ислам Республи­ка­сы өзінің ядролық бағдарламасы бей­біт мақсатта екенін дә­лелдеуі қа­жет. Сонымен бірге АҚШ Пре­зи­денті Израиль мен Па­лес­тина арасындағы ұзаққа созылған проб­леманы шешудің мүмкіндігін де атап өтті. Президенттің айтуынша, екі елдің келіссөздерді қайта бас­та­ғанына бір жылға жуықтады. Ва­шингтонда және Шарм эль-Шейх­тегі кездесулер жеңіл бола қойған жоқ. Израильдіктер мен палести­налықтар бір-біріне онша да сене қоймайтын сияқты. Егер келіс­сөздер нәтиже бермесе, қан төгіле бермек. Оны болдырмаудың жолы – екіжақты келісімге келу. Қанат Саудабаев 24 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сес­сиясындағы жалпы саяси пікір­таласта сөз сөйледі. БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясының сәрсенбідегі (22 қыр­күйек) пленарлық отырысында Мың­жылдықтың даму мақсаттарын тал­қы­лау жалғасты. Отырыста 30-дан астам шешен сөз алып, аталған мә­селеге, сондай-ақ өз елдерінде оның қалай жүзеге асырылып жат­қанына тоқталды. Словакия Пре­зи­денті Иван Гаспаровичтің хабардар етуінше, климат ауытқушылығы, та­биғат апаттары қосымша қиын­дықтар тудырып отыр. Коста Рика Республи­ка­сының Президенті Лаурис Миран­до ханым өз елінде әйелдер теңдігіне ерекше көңіл бө­лі­не бастағанын атады. Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева сөзін өз еліндегі орын алған қайғылы оқиғалардан баста­ды. Бүгінде Қырғызстан гуманитар­лық көмекке зәру болып отыр. Қазақстан мен Ресей тарапы­нан берілген көмек­тер халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына біршама сеп болды. Чили Президенті Себостьян Перейра да Мыңжылдықтың даму мақсаттарын жүзеге асыруға бай­ланысты ойын өз еліндегі жағдай­мен орайластырды. Ал Болгария Прези­денті Бойко Борисовтың пайымын­ша, Болга­рия­ның 2015 жылға дейінгі белгі­ленген міндетте­ме­лерін орын­дауға мүмкіндігі жетеді. Қазақстан сыртқы саясат ве­дом­ствосының басшысы Еуропа­лық Ко­миссияның төрағасы Жозе-Мануэль Баррозумен келіссөз жүргізді. Ж.-М.Баррозу Прези­денті­міздің қазанда болатын Брюс­сельге сапарына Еуро­палық Одақ­тың үлкен мән беріп отыр­ғанын атап өтті. Баррозу пікірін­ше, бұл сапар ЕО-Қазақстан бағы­тындағы ынтымақтастық кешеніне түгелдей жаңа серпін бермек. Соны­мен қатар, Ж.-М.Баррозу Еуроодақ­тың ЕҚЫҰ Саммитіне үлес қосуға күшін салуға дайындығын растады. Қ.Саудабаев сондай-ақ Испа­ния­ның, Италияның, Босния және Герцеговинаның, Черногорияның және Хорватияның сыртқы істер министрлері Мигель Анхель Мо­ратинос, Франко Фраттини, Свен Алкалай, Милан Рочен және Гордан Яндроковичпен келіссөздер өткізді. Әңгімелесуші тараптар 1-2 желтоқ­сан­да Қазақстан елорда­сында өтетін ЕҚЫҰ саммитіне дайындық барысын талқылап, италиялық СІМ басшысы премьер-министр Сильвио Берлуско­ни­дің саммитке қатысатынын қуаттады. Қ.Саудабаев Индонезия сыртқы істер министрі Марти Наталегава­мен кездесті. Кездесу барысында 2011 жылы басталатын Қазақстан­ның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету басым­дық­тары қарастырылды. Қанат Саудабаев екі жақты және көп жақты форматта бірқатар кездесулер өткізді. Ол Еуропалық Одақтың Жоғарғы өкілі, Еуроко­мис­сияның вице-президенті ба­ронес­са Кэтрин Эштонмен сұхбат барысында алдағы ЕҚЫҰ Самми­тінің мазмұны, Орталық Азия аймағындағы ахуал, соның ішінде Қыр­ғызстандағы жағдайды тұрақ­тан­дыруға бағытталған ЕҚЫҰ және ЕО шараларын әрі қарай үйлестіру жайын талқыға салды. Ислам Конференциясы Ұйы­мы­ның “Үштігіне” мүше Тәжік­стан, Қазақстан, Сирия және Еуро­одақ министрлерінің кездесуі шең­берінде Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы екі ұйым жоғары өкілдерінің назарын Ауғанстандағы жағдайды реттеу, өзара мәдени және өркениет үнқа­тысуы мен ислам және Батыс әлемі арасындағы түсіністікті алға жыл­жыту бойынша жұмысты үйлес­тіруді одан әрі жетілдіру мәселе­леріне аударды. Қ.Саудабаев пен Франция сырт­­қы істер министрі Бернар Куш­­нер арасында болған сұхбатта әңгімелесуші тараптар үстіміздегі жылдың қазанына жоспарланған Қазақстан Президентінің Фран­цияға сапарына және 1-2 желтоқ­санда Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне дайындық барысын қарастырды. Қ.Саудабаев пен Литва сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис ара­сында болған келіссөз бары­сын­да да тараптар ЕҚЫҰ шеңберіндегі қарым-қатынас пен осы ұйымның саммитіне дайындық мәселелерін талқылады. Қанат Саудабаев сондай-ақ Ұлыбритания, Финляндия және Чехия сыртқы саясат ведомство­лары­ның басшылары Уильям Хейг, Александр Стубб және Карл Швар­ценбергпен кездесулер өткізді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Егемен Қазақстан” – Нью-Йорктен.