01 Қазан, 2010

Жүрекке жақын жүздесулер

717 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Өмірінің өрнекті сәттерін қағаз бетіне түсіріп жүретін өнер саңлақтары аз емес. Театр және кино саласындағы осындай небір жайсаң жандардың жазғандарын жұртшылық сүйсіне оқып, естелік кітаптарынан рухани азық тауып жататыны өз алдына бір ғанибет. Бүгінде халқы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде ардақ тұтса, бұрын аты “Яшлык” ансамблімен дүркіреген әйгілі әнші, ұйғыр драма театрының әртісі Мұрат АХМАДИЕВ те жазудан қара жаяу емес, өткен жылдар бедерін бетке қаттап, өмір мен өнер жайында, басынан өткерген қызықты оқиғаларды қойын дәптеріне түртіп жүретін азамат. Осыдан біраз бұрын алғашқы кітабы жарық көрген халық қалаулысы ендігі кезекте Елбасымен болған ұмытылмас ұшырасуларды жеке естелік кітап етіп бастырмақ ойда. Сондай сырлардың бір парасын бізге де ақтарған еді. “Адамға өзінің қолымен салын­ған үйден қымбат ешнәрсе жоқ. Бірақ үй дегеннің мән-мағынасы  – оның жай ғана қабырғалары, терезе­лері және ішкі бөлмелері сияқты ұғымдардан әлдеқайда ауқымды. Үй деген сенің баспанаң, құтқанаң, тіршілік мекенің” деп, адамның туып-өскен жеріне ерекше пер­зент­тік сүйіспеншілікпен басталатын “Қазақстан жолы” кітабын оқығанда Елбасының арман-аңсары көз ал­дым­нан тұнық бастау­дай сыңғырлай жөнелген. Елорданы Арқа төсіне қондырып, азаттықтың ақ таңымен талай арманға қанат бітірген осы бір қағиданы қайта-қайта көңіл көліне қондыра бергің келеді. Ел туралы тол­ғанысында Қазақстанды ортақ үйге балап, “Көптеген жанұялар үйі­міз сәнді де сапалы болсын деп, оны жылдар бойы салады. Отағасы үйді өзінің балалары мен немере­леріне, шөберелеріне қалсын деп тұрғы­зады” деуі Қазақ елінің азаматтары жүрегіне ыстық ағыстай ықыластана құйылып жатыр. Рас, сол ортақ шаңырақты ұстап тұратын отағасының рөлі басқалар­дан ерекше болады. Себебі, ол өзі айтқандай, болашақ үйінің нобайын әуелі ойша жобалап, әрбір бөлшегін сын елегінен өткізіп, үйдің салы­натын орнын анықтап, жобасын қа­ғазға түсіріп дегендей қыруар міндет мойнына жүктелген басты тұлға болғандықтан, талай таңды ұйқысыз атырса, талай күнді үмітпен баты­рып, тәуекелдің желқайығын тәуел­сіздік туымен желбіреткен киелі жердің иесі ретінде танылды. Ортақ үйде бір басшы, қалғаны қосшы болған ел бүгінде көркейіп, айшы­лық алыс жұрттарды өзіне еріксіз бау­рай түсуде. Арқаның сағымды сары белінен салтанаты жарасқан зәулім сарайлар тұрғызып, адам ба­ла­сы тек қиялына ерік бергенде қы­лаң беретін қиял-ғажайып тіршілік әуенін үмітпен жалғастырған ұлан-байтақ даланың тізгіні осындай то­лағай мақсатты басшының қолында болғанына Қазақ елі шын мәнінде бақытты ғой.  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жаңа мемлекетті құру – ортақ үйіміздің негізін қалау, іргесін бекіту, мемлекеттің жаңадан аста­насын салу оңай соқпағаны белгілі. Шыдамдылық, төзімділік адам баласының бойындағы өзім ардақ тұтатын ең ізгі қасиеттер еді. Ал адамға өмірдегі армандаған мақсаты ешқашан жеңіл жолмен келмейді. Мысалы, бір баспананың өзі қан­ша­ма мехнатпен тұрғызылады. Осының өзіне кейбіріміз сыр беріп қалып жататынымыз тағы рас. Отбасының жарасымды тіршілігін ұстап тұру деген мәселе одан да күрделірек. Бір үйдің өмірін үйлесімді өргізу үшін адамға қаншама ақыл-ой, табан­ды­лық, қайрат-жігер керек десеңші. Енді мемлекет құру дегеннің қандай қиын екенін осындай жәй мысал­дар­ға қарап-ақ бажайлай беріңіз. Осынау ұлы жолда адамның мұрат-мүддесіне жетуге желкен болар шы­дамдылықты мен кісіні қандай ауыр жағдайдан болсын алып шығар ең асыл қасиет деп бағалайтыным сондықтан. “Көз – қорқақ, қол – батыр” дейді дана халық. Сол айтқандай, астана Арқаға ауысады дегенді есті­генде оған сенімсіздікпен қараған жандар көп болды. Тапшылықтан та­бандап жатқанда бұл не сұмдық тағы деген үрей мен күдік біразға дейін сейілмей, о жер, бұ жерден на­ра­зы ойлар жиі қылаң беріп жатты. Бүгінде осы қиындықтың бәрі артта қалып, көңіл көкжиегінен бір шөкім бұлт таппайсыз. Өйткені халық бә­рін өз көзімен көрді, барлық оқиға­ны өз бастарынан өткерді. Елбасы­ның бұл арманы халқының келешегі үшін жасалып жатқан үлкен еңбек екеніне сенді. Қамыс басып жатқан қу медиен даланың төсінен егемен елдің еңселі елордасын тұрғызған осы тіршіліктің бәріне әу бастан куә болып келе жатқан өзімнің көкейге түй­гендерімді кейде ақ қағаздың бе­ті­не түртіп жүретін әдетім бар. Осы қойын дәптерімді жиі парақтаймын. Соның ішінде 1995 жылдың мына бір оқиғасы көзіме оттай басылды. Мен ол кезде Алматыдағы ұйғыр музыкалық драма театрын басқара­мын. Мемлекетіміздің жаңадан ғана өз алдына шаңырақ көтеріп, еңсесін тіктей бастаған шағы. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазуға тәуекел еттім. Ұйғыр театры орна­лас­қан ғимараттың тозығы жетіп, қиын жағдайда отыр. Осы ғимаратты қайта жаңғыртуға көмектесіңіз деп басқа емес, тура Елбасының тікелей өз атына осылай хат жолдағаныма қазір қайран қаламын. Ол уақытта елдің экономикасы қандай жағдайда екенін жұрттың бәрі жақсы біледі. Зейнеткерлер уақытылы зейнетақы­ла­рын алмай, қызметкерлер жалақы­ла­рын кешіктіріп алып, халық қарнын қалай тойдырамын деп әуре-сар­саң­ға түсіп жүргенде менің бұл әрекетім Қожанасыр әпендінің ісі сияқты болып көрінуі мүмкін ғой. Әуелі ел­дің қарны тойсын, өнер, театр содан кейінгі мәселе десе түк дей алмай­тыным рас. Бірақ олай емес, Прези­дент Үкіметке ұйғыр драма театры­ның ғимаратын қайта жаңғыртуға қаржы қарастырылсын деп шұғыл тап­сырма береді. Сөйтіп не керек, мемлекет, депутаттар, демеушілер, кө­рермендер, ардагерлер, аудан тұр­ғындары, көпшілік жұдырықша жұ­мыла кеткенде көптен арман еткен аңсарлы үйіміз іші-сырты  жаңғақ­тай жаңа ғимаратқа айналып шыға келді. Елбасының сондағы өтіні­ші­міз­ге құлақ асып, қолтығымыздан өз қолымен демеп жібергені бізге сол уа­қытта қандай жігер қосқанын білсе ғой жұрт. Жас мемлекет жаңадан қаз тұ­рып жатқанда біздің театр да еңсесін тіктеп, еңселі ғимаратпен төл тари­хын жалғастырды. Оның ашылу рәсімі мен үшін қос бірдей қуаныш­пен есте қалған. Көрерменмен зама­науи жаңа ғимаратта қауышу бақы­ты­на кенелдік. Екіншіден, оның ашылу салтанатына Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп қатысса, төбеміз көкке тимей қайтсін. Және бұл бір жағынан 1 қазан – менің туған күнімде болып жат­қан оқиға болғандықтан, осынау шаттыққа толы сәтті ең қымбат кез­дерім ретінде аялаймын. Бұл күні мерекені тамашалауға келген қауым ғимаратқа сыймай кетті. Бәрі Елба­сын асыға күтуде. Президентпен қуанышты сәтті бөлісу бақытын үнемі мақтанышпен еске алып жүру үшін, кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа “біз жаңа ғимаратты Елба­сымен бірге ашқанбыз” деп ұлағатпен айтып отыру үшін әлбетте. Мемлекет басшысымен дәл осылай жақын тұрып жүздесіп, қолымызды беріп амандасуымыз бірінші рет еді. Басында іштей әжеп­тәуір қобалжып тұрдым. Елбасымен мұндай ұшырасулар үнемі жақыннан бола бермейтіндіктен, адамның осын­дайда аузына сөз түспей қина­латынын алғаш рет бастан кештім ғой деймін. Жан-дүнием алай-дүлей қозғалып кетті. Кейін әлгі маза­сыз­дық отының бірте-бірте қызуы ба­сы­ла түскені сияқты өздігінен ғайып болып, бойыма батылдық орнығып, көкейге түйген ойларым сабырмен қайта санама оралып, алқызыл лен­та­ны қиюға беттеп келеміз. Елбасы алақанынан бойыма ерекше бір қуат тогы жүріп өткендей жігерленіп қоямын. Кенет Елбасы қайшыны ма­ған ұсынды: “Өзің тұрғызған ғи­мараттың тұсауын да өзің кес!” деді. Сол күні залға жұрт аузы-мұр­нынан тола сыймай кетті. Себебі, осынау қуанышқа кімнің арқасында қол жеткізіп отырғанымызды сондай тойымыздың үстінде ақтармағанда енді қай жерде айтар едік. Мен бұл мерекеге арнап баяндама жасадым. Театр әртістері әдейілеп әзірлеген концерттік бағдарламасын көрсетті. “Сценарий” бойынша осымен бәрі аяқталуы тиіс болатын. Бірақ  Мем­ле­кет басшысы мұнымен шектелмей, шараға қатысушыларға ризашылы­ғын білдірді. Бір кезде маған бұрыла қарап: “Мұрат, осымен  болды ма?” деді. Бірдеңе деп жауап беруге үлгер­мей қалдым. Ары қарай тағы да: “Жоқ, біз екеуміз сахнаға шығып бірер лебізімізді айтуға тиіспіз. Жүр, қане” деді. Президент микрофонды қолына алды. Келген жұртшылықты жаңадан бой көтерген зәулім ғима­раттың ашылу салтанатымен құт­тықтады. Ұжымға шығармашылық табыс тіледі. Мені туған күніммен құттықтап тұрып, қазақтың ұлы қаламгері Мұхтар Әуезовтің үлкен портретін сыйға тартты. Ұйғырлар туралы жүрекжарды сөздер айтып, әсіресе, біздердің еңбекқор қасиеті­мізге айрықша тоқталды. Қазақ пен ұйғырдың арасындағы ежелден келе жатқан достық пен сыйластығына сызат түсіп көрген емес, бұл екеуінің тілі мен діні ғана ұқсас емес, тірші­лігі мен тілегі де сонау ықылым за­ман­дардан бері туысша тұтасып, төс­кейде малы, төсекте басы қосылған бауырмал халықтар. Көрермен залына өтіп бара жатқанда Елбасы: “Мұрат, бізге енді шай бермейсің бе?” деген әзілдеп. Кө­кейіміздегі сөзді айтқызбай-ақ сезіп келеді Нұр-ағаң. Қонақтарға ар­налған дастарқан әлдеқашан жайы­лып, мұны Елбасына қалай жеткізудің амалын өзім де таппай келе жатқанда мына сөз көңілімді тіпті шуақтандырып жіберді. Бәріміз мәре-сәреміз. Ортамызда – Прези­дент. Мұндай мерейлі сәтті адам ұмыта ма? Дастарқанымыздан дәм татып тұрған Нұр-ағаңның сондағы жанымызды шаттыққа бөлеген әзіл әңгімелерін кейін естелігіме түсірсем бе деп жүрмін. Бұл кездесуден өз ба­сым көп ой түйдім. Ел мен елдің, халық пен халықтың арасына достық көпірін соғып, туған жерінің тағдырына шын алаңдаған жанның жанарынан асқақ арман көрдім. Сол арман киелі өнерді ғибраттау салта­на­тында одан сайын айшықталып, Нұр-ағаңмен үлкен-кіші бірдей шүйіркелесіп кеттік. Көптен ойда жүрген алдағы мұраттарымызбен бө­лістік. Асықпай құлақ тосқан Прези­дентті арамыздан жіберер түріміз жоқ. Бірақ Елбасын толғандырар мұнан да басқа маңызды істер толып жатыр ғой. Соған қарамастан біз үшін алтын уақытын бөліп келген Нұрсұлтан Әбішұлын театр алдын­да­ғы алаңда жас таланттар ұйғырдың жалынды биімен шығарып салуда. Осыған  сүйсіне қарап тұрып Елбасы кенет маған: “Мұрат, билемегелі көп болып еді, алдымен ортаға сен шы­ғып, сосын мені биге шақыр” демесі бар ма? Ұйғырдың би өнеріне деген Ел­ба­сының сондағы шексіз құрметіне тәнті болған сезімімді аялаймын. Ән десең, ән айтудан дес бермейтін, би десең, қай ұлттың болсын би ма­қамына дәл осылай жетік. Нұр-ағаң­мен басқа елдердің бірде-бір бас­шы­сын салыстыра алмаймын. Мінеки, театр ғимаратының ашылу рәсімінде жүрегімізді жылылық нұрына бөле­ген сол бір шуақты күндердің бүгінге дейін мерейімізді үстем етер осын­дай жақтары бар. Елбасымен бірге билеген үлкен-кішінің жадындағы сол қуаныш сезімін мен бүгін жай жаңғыртып қана отырмын. Ондағы әрбір ұмытылмас мезеттің тағылымы ұшан-теңіз дер едім. Арқа-жарқа қауым Елбасымен көлігіне дейін ілесе барып, әзер қоштастық. Еш­кім­нің үйге қайтар түрі байқал­май­ды. Қайтіп кетесің? Адамның басы­на мұндай бақыт күнде қона бер­мейді ғой. Өмірдің жарқын беттерін парақтағанда ертеңге үміт жібін жалғайтын осындай шаттық кездер санаңа керемет ойлар салады екен. Дүние шіркіннің дөңгеленіп бір орында тұрмайтыны сияқты ақыл-ой, парасат-пайым да жылдар өте толысып, адамгершілік арнасын кеңейтер еді. “Жалпы адам не үшін өмір сүреді?” деп  өз-өзіңнен ұдайы сұрап тұруың міндет шығар. Мен осы сұрақтың жауабын тапқан­дай­мын. Асылы, адам өзінің шын ба­қыт­ты сәттері үшін де ғұмыр-дас­та­нын ұрпақтар сабақтастығымен үз­бей жалғастыра беруге аса мүдделі болса керек. Алдағы ақ таңың өткен күн­деріңнің өнегелі өрісінен құралмақ. Елбасымен 2006 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданында өткен кездесудің әсері тіптен бөлек еді. Шонжыдағы стадионға жұрт толды. Алға қарай ұмтылған қауымның мақ­саты айқын – Президент жүріп келе жатқан кілемшеге жақындап, Елбасымен жүздесіп қалу. Ал менің бойым аласа, екпіндеген жұрт қау­малағанда бір-екі адым кері шегініп кеткенімді сезбей, мойнымды алға соза бергенмін. Бір кезде күтпеген жәйтке тап болдым. Соншама жұрт­тың арасынан мені байқап қалған екен. Қадірлі қонақтардың қатарына шақырды. Осы мерекеде Президент­тің жанында отыру бақытына тағы да ие болған пақырыңның сондағы жүрек толқуынан төбесі көкке бір елі жетпей қалған. Ортада әртістер өнер көрсетіп жатыр. Сансыз биші бір мезгілде бірдей ырғақпен дөң­гелене кеткенде Елбасы: “Осынша би­шіні дайындаған кім?” деп сұрады. – Біздің балет театрының со­лисі, – дедім. – Биге неге ер балалар қатыс­паған? – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Себебі, ата-аналар биді ер баланың айналысатын кәсібі деп есеп­темейді, – дедім өзімнің ауыл адам­дары өмірінен хабарым барын сездіріп. – Ал өзің мұнда жиі келіп тұра­сың ба? – деп Елбасы сұрақты өзіме қарай аударған. – Иә, – дедім, – тек мерекеде ғана емес, гастрөлдік сапармен ауыл­ға драмалық қойылымдарды, басқа да концерттік бағдарлама­лар­ды жиі алып келіп тұрамыз. – Бұларың дұрыс және өте ма­ңызды, – деді Елбасы, – бәріміз де ауылға жиі ат басын бұрып тұруы­мыз керек. Қалада әрине, бәрі де жеткілікті, ал бірақ ауылға мынадай шынайы шаралар ауадай қажет. Әрмен қарай Ұйғыр ауданының мәдениеті мен дәстүрлері хақында тағы да біраз мәселелерді егжей-тег­жейлі сұрап білді. Шара біткен соң, қолымды қысып тұрып, маған риза­шылығын білдірді. Жұмысыма табыс тіледі. Мұнан асқан бақыт бар ма? Өз халқымның салт-дәстүрі мен мәде­ниеті туралы Нұр-ағаңа ағытқан әңгімемді кейін көп жерде айтып жүрдім. Өйткені, жақсы әңгімені баяндасаң, жан семіреді. Ал біздің, өнер адамдарының көксейтін бар мақсатымыз да сол ғой. Нұрсұлтан Әбішұлымен содан кейін Астанада, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында жолықтық. Ассамблеядан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты ре­тінде бардым. Үзіліс кезінде қалып­тасқан дәстүр бойынша залдағы қауыммен амандасып келеді. Прези­дент А.Шардинов екеуміздің қолы­мызды қысып сәлемдесті. Маған ерекше бұрылып тұрып: “Халіңіз қалай, театрыңыз қалай? Театры­ңыз­ға өзіңіз қараңыз. Ол бізге өте керек!” дегені жанымды қатты тебі­рентіп жіберді. Театрды, өнерді ұмыт­па деген ескертпесі ғой. Атқа мін­дім деп, кей адам ішкен құдығын менсінбей кетіп жатады. Адамның үш нәрсені ұмытып кеткені кешірім­сіз. Өзінің туған аулын – су ішкен құдығын, ана тілін, салт-дәстүрін. Сон­дықтан болса керек, жан-дү­ниемді әлгі бір ауыз сөз түбімен қоз­ғап, сол күні бұл әңгіме еміс-еміс есі­ме түсе берген. Театрым, ондағы өткен әр минөтім қас-қағым сәттей сағыныш сағымына айналып бара жатты. Мен оны қалай ұмытайын? Мына әңгіме одан сайын қамшы­лап, тың ойлардың тууына арқау болғандай. Театрыммен талай жерге гастрөлдік сапармен бардым. Алыс-жақын шетелдердің біразын көрдік. Мәскеуге барған сондай сапары­мызда қойылымға кешігетін болған соң, көшеден такси тоқтатуға тура келген. Жүргізуші қайдан келгенімді, қай ұлттың өкілі екенімді сұрады. Менің Қазақстаннан екенімді білген ол мақтап ала жөнелсін. “Нұрсұлтан Назарбаевтай Президенті бар сіздер бақытты адамдарсыздар. Алыстағы­ны көре білетін мұндай басшысы бар елдің келешегі кемел. Әлі-ақ бәрі­нен озасыздар, басқалар сіздерге қызыға да қызғана көз тігетін бола­ды” деп сүйсіністен сүрінер емес. Бөтен елде жүріп мұндай бағаны есту адамды қанаттандырады екен. Мәскеудің жай жүргізушісінің аузын­да біздің Елбасы туралы сөз. Қарапайым адам қате сөйлемейді. Қазақстан десе, Нұрсұлтан Назар­баевтың, керісінше Нұр-ағаңның аты айтылса, Орталық Азия елдері арасындағы көшбасшы, ұлан-байтақ осынау Қазақ елінің қабаттаса өрілгеніне жалғыз бұл емес, талай сапарда куә болып жүрміз. Қазан қаласына гастрөлдік са­пармен бардық. Сол жердің ұлттық сыйкәдесін іздеп, орталық базарда жүрміз. Біздің Қазақстаннан келгені­мізді естіген ТМД-ның әр аумағы­нан келген жұрт жан-жағымыздан қаумалап алды. Көбі мұнда сауда-саттықпен айналысып жатқандар. “Назарбаев сынды басшысы бар сіздің елдің бағы жанып-ақ тұр. Шір­кін, біздің де дәл сондай Прези­дентіміз болғанда ғой, қайдағы бір бө­тен елде бұлай сандалмай, өз елі­мізде, бала-шағамыздың жанында, тіршілігімізді кешер едік-ау” дейді әлгілер. Құдайға мың мәртебе шү­кір­шілік еттім. Ташкентте гастрөлдік сапармен барған кезімде де тап осындай оқиғаны бастан кештім. Газет-журнал сататын дүңгіршекке барғанымда қайдан келгенімді, кім екенімді сұраған. Менің Қазақстан­нан келген өнерпаз екенімді естіген жандар дабырласа кетті. Ауызда­рын­да – Қазақстан мен Президентіміз. “Қазақстанда бәрі жақсы, жалақы мен зейнетақы дер кезінде беріледі, әрі біздегіге қарағанда әлдеқайда көп деп естиміз. Ол жақтың адам­дары сыртқа жұмыс іздеп әуре-сар­саңға түспейді. Өйткені Назарбаев сынды көреген басшыларыңыз бар. Біз де Қазақстанда тұрсақ  деп ар­ман­даймыз” деген сөзді өз құлағың­мен естігенде бақытыңның бағасын одан сайын ұғына түседі екенсің. Алматы облысы, Панфилов ауда­нында тұратын туысқандарыма қонақтап бардым. Еңбек ардагер­лері, көрші-қолаң, туыс-туған түгел жиналды. Емен-жарқын әңгіме-дүкен құрылды. Көбінің айтқаны – Президентке алғыс сезімдерін жет­кі­зеді. “Әлемді дүр сілкіндірген эко­номикалық  дағдарысты Елбасының “Жол картасы” бағдарламасының ар­қасында ауылда отырып сезбей де қалған жайымыз бар. Қайта кері­сінше, бұрынғыдан әлдеқайда көп мөлшерде жалақы таптық. Көшелер асфальтталып, аурухана, мектеп, ба­ла­бақшалар, мәдени ошақтар жөн­деуден өтті, инженерлік-коммунал­дық жүйе жаңғыртылды. Біздің атымыздан Елбасыға алғыс айтып барыңызшы” деген жұрт тілегін осы мақаламның түйіні ретінде жеткізгім келеді. Президент туралы өз халқың­ның аузынан ғана емес, алыс-жақын шетелдерде тұратын жұрттан да осындай жылы сөздер естігенде, мерей тасып, мәртебең көтеріледі. Халық пен Елбасы арасындағы сүйіспеншілікке толы осындай әр сәттің жылылығын келешекте кеңей­те жазсам ба деп ойлаймын. Кө­кейдегі көрікті ойды әзірге аз да болса тізе бергім келeді. Дүние жүзі бойынша тек Қазақстанда ғана аты мен даңқы асқақ ұйғыр музыкалық  драма театрында табан аудармай 35 жыл қызмет істеген, екі мәрте Жо­ғарғы Кеңестің Құрмет грамота­сы­мен марапатталған, Қазақстан жас­тар сыйлығының лауреаты, “Құр­мет” орденінің иегері, Қазақстанның халық әртісі, халық қалаулысы болған жанның толғанысы мұнымен тоқтамайды. Бес ұл мен қызымның шаттығын жырлау өз алдына бір бақыт. Өнер жолымды жалғаған Дилшат пен Дилназ бүгінде танымал эстрада тарланы. Бақытымның бастауы байтақ дала аман болсын ләйім. Байрақты елдің бағына туған Нұр-ағаң мен Құтстан – Қазақ­станның тілеуін Жаратқаннан сұраудан жалықпаймын. Жазып алған Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.