09 Қазан, 2010

Құда деген бір жұртың...

1755 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Жұмыс күндері кешкі жеті жарым шамасында алдымен ұлымыз бен келініміздің, содан кейін күйеу баламыз бен қызымыздың үйлеріне телефон шалып, немерелерімізбен сөйлесу апалары екеуміздің үйреншікті әдетіміз. Сол шамада Астанадағылары мек­тептен келеді, ал Алматыдағыларын бірін мектептен, бірін балабақшадан әкеліп үлгереді. Демалыс күндері әрлі-берлі хабарласу жиілей түседі, солардың барысында да кішкентайлармен сөйлесіп қаламыз. Қай жағымен тілдессек те айналып-толғанудан бастап, сол елжіреп-еміренген қалыппен аяқтаймыз. Сәл де болса мауқымыз басылып, соларды құшақтап, өпкендей боламыз. Кішкентайларымыздың “ата”, “апа” дегендері біз үшін ерекше лебіз. Ондайда өзімізді “ата”, “апа” күйінде аспаннан түсе қалғандай сезінетініміз бар. Бұл атаулар айрықша ыстық, етене естіледі. Тек солар ғана тек бізге арнап айтатындай. Ал енді сол  “ата” мен “апа” деген атау біздің отбасымызға күйеу баламызбен бірге келіп, келінімізбен бірге кіргенін ескере бермейміз. – “Аталап”, “апалап” жүгіріп жүр ғой Жанатым. Сен де өз балаңдай, Ержаныңдай көреді екенсің. Оныңа разымын, шырағым. Құдаң да тірі болса, осы сөзді айтар еді, – деген соңғы бір кездескенімізде құдағи апамыз кемсеңдеп. – Апам өстеді енді, – деп шай құйып отырған Бисара келіні енесінің көңілін ауламақ болып жатыр. – Апа, немене атам есіңізге түсіп кетті ме? – Е-е-е, атаң ылғи есімде ғой. Көре алмай қалғаны бұл құданың кінәсі емес. Бірер жыл жүре тұрса да болар еді, – деп құдағи апамыз сол жолы Несіпбай құда туралы біраз әңгіме айтқан. “Еңбекшінің” аты дүрілдеп, бүкіл республикаға танылғаны өткен ғасырдың 70-ші жылдарында. Ал соғыс жылдарында шағын ғана шаруашылық болған. Қасындағы Бозтоған ауылына 1944 жылы соғыста жараланып, жарты жылдай госпитальде емделген  Жайлаубаев Несіпбай есімді солдат келгенде біраз жұрт әр саққа жүгірткен: адам қатарына қосылар ма екен, жаралы болса да ер-азаматтың елге оралғаны береке ғой дескен. Жүдеп-жадаған кемпір-шалдар мен балаларды, әбден титықтаған колхоздың жағдайын көрген соң ба, әлде үлкендердің ықыласы мен ауылдың дәмі сеп болды ма, сол солдат Жеңіс күнін шаруашылықтың қызу еңбегі барысында қарсы алыпты. – Әдемі қараторы жігіт екен, өзі сырнай тартып, мандолинада ойнайды екен. Домбыра шертетіні де бар. Ол кезде біз де жаспыз ғой, біраз ән салатынмын. Сөйтіп, той-томалақтың бірінде жақын таныстық. Содан үйленіп, 1946 жылы тұңғышымыз Тілес туды ғой, – деп әлдене есіне түскендей құдағи апамыз күлімсіреп қойды. Алғаш құда күтуге шақырғанда қарсы алушылар қатарында “Еңбекші” совхозының директоры, Социалистік Еңбек Ері  Зылиқа Тамшыбаева да болған еді. Құдамыз жөніндегі сонда айтқан әңгімесі есте қалыпты. – Несіпбай аға осы шаруашылықтың ардагері болған, үлкен қызметтер атқарып, жұртты соңынан  ерте білген. Әпкеміз де өте еңбекқор жан. Қылшада істеді, балаларының бәрі шүпірлеп сонда жүретін. Кейін ГСМ-да болды. Ауылда білесіңдер ғой, жанармай мен соляркаға жауапты адам қоймасаң болмайды. Ал екеуінің үйленгендерін үлкендер жағынан естігенбіз. Бірі сүйемелдеп, бірі ән салғанда ауыл адамдары сүйсініп отырады екен. Осылардың үйленгендерін баршасы қалаған сияқты. Жақсы адамдармен құда болып жатырсыңдар, – деген болатын Зылиқа тәтеміз. Ол кезде соғыстан оралған солдаттардың білім алуына, жауапты жұмыс атқаруына жағдай жасалатын. Сондай бір ретпен Несіпбайды да Талғар қаласындағы  ауыл шаруашылығы техникумына оқуға жібереді. Менен гөрі інілерімнің оқығаны жөн деп санаған солдат алғаш келіскісі келмейді. Оның үстіне кішкентайлары бар. Өзі Талғарға кетсе, бұл жақта оларға кім қарайлайды. Сонда келіншегі Қадиша өзінің кез келген жұмысты істейтінін, үш жылғы оқуына шыдайтынын айтып, оқуға баруға көндіреді. – Балалардан естимін ғой, құда, сені де Жақан құдағи жұмыс істеп, оқытыпты ғой. Сенің құдаңды да сөйтіп үш жыл оқытқанмын. Өзі қоярда-қоймай бізді сол Талғардың түбіндегі бір ауылға көшіріп алды. Екіншіміз сол жақта туды. Балалары кішкентай, соларды көтеріп, жетелеп дегендей жұмыс істедім. Жаман болғанымыз жоқ, ер-азамат қой өзі де анау-мынау шаруаларды атқарып, үйге бірдемелер әкеп жүрді, – деп құдағи апамыз әңгімесін бір қайырған. Оқу бітіргеннен кейін Несіпбай Жайлаубаев колхозда парторг болады. Інісі Сейіт Жайлаубаев айтады: “Көкем өзі әу баста-ақ финдермен соғысқа 1939 жылы алынған. Сол кеткеннен Ұлы Отан соғысына да қатысып, жараланып оралды ғой. Жалпы Жайлаубаевтар әулетінен ағайынды төртеу кетіп, менің әкем мен көкем аман-сау қайтты ғой. Сол тұста соғысқа қатысқан жауынгерлерді де сталиндік шыңдалудан өткен кадрлар санайтын еді. Кейін естиміз ғой, көкем де партия жұмысына сол тұрғыдан келген. Талапшыл, қағидатшыл болатын. Ең алдымен жұмыс дейтін. Бірақ тапқан-таянғанын жеңешеме әкеп беретін. Шынын айтқанда қызметі ол кісі үшін бәріне есептелетін. Кейін агроном, ферма меңгерушісі болды. Үйдегілер бірдеңе-бірдеңе сұраса жауабы қысқа екен: “болмайды”. Бала-шағаны тәрбиелеп, өсіру, қайсы қай оқуға баратынын анықтау – бәрі жеңешемнің жауапкершілігінде болды. Газет-журналды көп оқитын. Жұмыстан келген соң соларын қолға алып, керек жерлерін көшіріп жазып отыратын. “Социалистік Қазақстан” газетін мен алғаш осы көкемнің үйінен көргенмін”. Елімізде қант қызылшасын өсіру ісінің жаппай қолға алынғаны алпысыншы жылдардың еншісінде болса керек. Сол тұста “Еңбекші” шаруашылығында да осы дақылды өсіруге ден қойылады. Парторг болғанымен, мамандығы агроном Несіпбай Жайлау­баев қызу шаруаның ортасында жүреді. Кейін сол қызылшаның арқасында талай адам нәпақасын айырып, маңдайы жарқырағандары мемлекеттік наградаларға ұсынылып жатады. Алты жыл қан кешіп, солдаттық өмірдің дәмін татқан жігіт ағасы ең алдымен колхозға болсын, содан кейін колхозшыларға болсын деген ұстанымда болады. Жауапты лауазымдарда жүрсе де (кейін ауылдық кеңестің төрағасы болған) не марапатқа ілінбеген, не сегіз баласы сыйып отыратындай үй салғызбаған. Ол сондай таза тірлігімен жұртқа ұнаған, көптің құрметіне бөленген. Қызы Дина айтады: “Қазіргі  қарашаңырақ үйді өзіміз салғанбыз. Соған бір үш-төрт тақтай керек болып, мамам колхоздан сұрап алшы деген өтініш білдірді. Жауап қысқа болды: “болмайды”.Содан түнде мамам екеуміз ат арбамен барып, ағаштар үйіліп жатқан жерден бес тақтай әкелдік. Оны папам көрмесін деп огородтың аяқ жағына түсірдік. Таңертең мамам оятады: “тұр, қызым, әкең ана тақтайларды тарсылда­тып, лақтырып жатыр. Өзің барып тоқтатпасаң, болар емес... Ол кезде колхозда еңбеккүнге бидай беретін. Соны папам базарға апарып сатады екен. Бірақ үйге ақшасыз келетін көрінеді. Мамам сұраса, ақша алған соң анау да қарайды, мынау да қарайды, болмаған соң бәрін асханаға апарып тамақтандырдым. Сен ренжіме, келер жолы бірден үйге қайтармын, депті. Содан базарға папамды жібермейтін болды”. Соғыстан біршама кейін, беріректе болған оқиға ғой. Сол тұстың өзінде ешкім тамақ әпер демеген шығар. Бірақ ақжарқын кісі жұрттың жай қарағанын солай түсінген болар. Ашығына келсек, бұл жағынан барлық балалары құдаға тартқандай. Мен жақсы білетін күйеу балам да, басқалары да ақшалары болса, қолдары ашық. Бұл енді әкелеріне тартқан қасиеті болар. Кейін ферма меңгерушісі болғанда да бір қулар анда жұмсадық, мұнда жұм­садық, анау айтқан соң бердік дегенмен  бастықтарын біраз малға жығады. Колхоздан қотыр қозы алып көрмеген Несіпбай завферма сөйтіп қарызға батып, одан ағайын-туғандары мал жинап, әрең құтылыпты. Жасы жеткенде бірден зейнет дема­лысына шы­ғып, немерелерінің ортасында болған екен. Келіні Бисара айтады: “Атам­­ның жасы 83-ке келген­мен, шаруадан қалған жоқ. Бүткіл огородқа неше түрлі көкөніс екті. Үйдің айналасына түрлі жеміс ағаштары мен жүзім отырғызды. Сенің партия бас­қарғаныңнан да агрономдығың әлдеқайда тәуір, дейтін еді апамыз. Жоңышқа шабу, жүгері жинау болмаса, басқалардың күтіміне бізді қоспайтын. Огородты суғарамын деп жүріп құдықтың басында  қисайып қалғанын бір-ақ көрдік қой. Ауырдым деп бір күн де жатпады. Бізге ешқандай салмағын түсірмей кете барды. Ал зейнет демалысына шыққаннан кейін балаларына бермеген  тәрбиесін немерелеріне молынан берді. Әсіресе, немерелері мектепке барғанда солармен бірге бастауыш сыныптарды үйге келгенде бірге оқыды. Атамыз өлмейтіндей көрінуші еді. Өзі көп сөйлемейтін. Содан да болар, құлағымызда үні қалмапты”. Жөні түзу алғашқы құдалығымыз болғандықтан, құдалық, құда деген нәрселерді бізге Қадиша құдағи апамыз үйреткендей болды. Шамасы бар шағында үш ұл, төрт қызының бір-бір баласын бағып беруге күш салған екен. Кенжесіне келгенде көшеде жел соқса, қалт-құлт етіп әзер жүретін кейуана: “Егер Айжан көнетін болса, осылардың мына бір жапырақ Жәмила қызын жұбатып-ақ берер едім”, дегені бар. Тең теңімен, тезек қабымен, депті ғой. Сол секілді біз де өзімізбен шамалас Тілес және Мэлс құдалармен, Бисара құдағимен көбірек араласып, хабарласып тұрдық. Мэлстің мінезі біртоға, оңайлықпен сөйлей қоймайтын еді. Атамның еңбекқорлығы, ерінбейтіндігі осы Мэлске қонған. Ал немерелерінен Жанар мен Алмасты көп баулыды. Соған орай екі немересі де үйдің қай шаруасынан да қашпайтын болып өсті, деп қоятын Бисара құдағи. Баласы Жаныс айтады: “Папам мен мамам барда үйді көп сағынатынмын. Қазір барсам, солардың орны үңірейіп тұрғандай көрінеді. Шүкіршілік, барлық ұл-қыздары жұмыс істеп (Жаныстың өзі Астанада ұлттық қауіпсіздік саласында), бәріміз де әкеміз сияқты жұмыс-жұмыс деп жүргеніміз. Кім білсін, папам бізге адал еңбекті өсиет еткендей болады да тұрады”. Құдаларымыз осындай адамдар. Құданың өзін көрмедік. Алайда құдағи апамыз айтқан аманаттан айныған емеспіз. Бұл кісімен бес жыл дәмдес-тұздас болдық. Көңілімізде айтқан әдемі лебіздері қалды. Кенже баласының тұңғыш қызы бар жүріс-тұрысымен, болмыс-бітімімен сол апасын қайталайтындай болып өсіп келеді. Ол әрдайым құдағиымызды еске салып тұрады. Үйдегі телефон қоңырау қаққанда сол қызымыздың даусы келді: “Ата, апа, қалдарың қалай? Сендермен папам сөйлескісі келеді”. Ал папасы осы сенбіде қай­тыс болғанына 10 жыл болған әкесінің, 5 жыл болған шешесінің, солардың артынан кеткен екі ағасы – Тілес пен Мэлстің рухтарына бағыштап, құдайы тамақ бергелі жатқанын айтты. Барамыз, неге бармасқа, біз Несіпбай мен Қадишаның құдаларымыз ғой дестік. Ержұман СМАЙЫЛ, Алматы облысының құрметті азаматы.