13 Қазан, 2010

Шоқан Уәлиханов – 175

2614 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Жұлдызы жарық, жұмбағы қалың тұлға Қазақ халқының рухани тіре­гі­нің бірі ғалым Шоқан Уәли­ханов­тың туғанына 175 жыл то­луына орай Қостанай облыстық мә­дениет басқармасының ұйым­дас­тыруымен “Шоқан Уәлиханов­тың рухани мұрасы мен қазақ­стандық және әл­ем­дік ғылымдағы қоғамдық ілге­рілеу идеяларының дамуы” атты ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Оған Шоқан Уәли­ха­нов атындағы Та­рих және этно­ло­гия институты­ның директоры, Саттар Мәжитов бастаған тарихшы ғалымдар Шо­қанның жамбасы жерге тиген жер – Алтынемелдегі мемориалдық музейінің директоры Сәуле Әбі­шева, Челябі мемлекеттік педаго­ги­калық университетінің профес­соры Рифхат Динмухамедов кел­ді. Ғалымдар мен Қостанай қала­сы­ның жұртшылығы, зиялы қау­ым өкілдері және студенттер бас қосқан бұл алқалы жиында Шо­қан­ның ғылыми мұралары мен өмі­рі және оның зерттелуі жайын­да келелі әңгімелер қозғалды. ХІХ ғасырдың өзінде орыс ға­лымдарынан жоғары бағасын алып, “шығысты зерттеу әлемінің аспа­нынан аққан жұлдыздай өте шы­қ­қан” Шоқан ХХІ ғасырда да ғылым үшін маңыздылығын мыс­қалдай да кеміткен жоқ. Өз халқы үшін оның ағартушылығы мен эт­но­графтығы, ауыз әдебиетін жи­на­ған еңбегі тағы бір төбе. Қам­шы­ның сабындай аз ғана ғұмы­рын­да халқына мол мұра қал­дыр­ған Шоқанды зерттеудің әлі жет­кі­ліксіздігін, тіпті ХХІ ғасырда бұл жұмыстың енді басталуы керек­тігін айтты ғалымдар. – Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, зерделеуде қазақ ғылымы мен әде­биетіндегі қос алып Әлкей Марғұ­лан мен Сәбит Мұқановтың сіңір­ген еңбегі өлшеусіз. Әлкей ағамыз Шоқанның ғылыми еңбектерін жи­­нақтаса, ал Сәбең ғажайып тұл­ға­ның әдебиеттегі образын жа­сау­ға ғұмырын арнады,–дейді С.Мұ­қанов пен Ғ.Мүсіреповтың мем­ле­кеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры, ғалым Әд­ілғазы Қайырбеков. Кейінгі жыл­­дары шоқантану ісі кенжелеп қал­ғанын конференцияға шақы­рыл­ған тарихшылардың өздері де мойындады. – Өткен ғасырдың алпысын­шы жылдарынан бері шоқантану ғылымына ешқандай жаңалық қосылмады. Ғалым өмірі мен мұ­раларына қатысты ешқандай тың пікір, дерек ғылыми айналысқа түс­­кен жоқ. Мұның өзі де тарих­шы­ларды ойлантады, – деді тарих ғылымдарының докторы, профес­сор Саттар Мәжитов. – Шоқанның шығармашылы­ғына, ғалымдығына қатысты ор­ын­ның бірі Санкт-Петербург қа­ла­сы еді. Әлі күнге дейін осында­ғы архивтер түртілген жоқ, сол тың күйінше жатыр. Шоқанның ізін осы ғылыми үлкен орта­лық­тан іздеу біздің алдағы мақ­са­ты­мыз болуы тиіс, – деді Ш.Уәли­­ха­нов атындағы тарих және эт­но­логия институтының бөлім басты­ғы, Шоқанның аталас туысы Едіге Уәлиханов. Конференцияға қа­тыс­қан ғалымдар осындай қадау-қадау ой-пікірлер айтты. Дегенмен институт ғалымдары қарап жат­па­ғандығын, өзге елдердің архив­терімен тығыз байланыс орнатып отырғандығын да тілге тиек етті. Ғалымның кіндік қаны тамған жері, өмірінің кейбір тұстары жә­не қайтыс болу себебі әлі күнге дей­ін талас тудырып келеді. Қос­танайда өткен ғылыми-теориялық конференцияда да осы мәселе көтерілді. Пікірталас та туындады. Қостанай облысының қазіргі Са­рыкөл ауданына қарайтын Күнти­мес деген елді мекенде ұлы ға­лым­ның әкесі Шыңғыс Уәли­ха­нов қонысының жұрты жатыр. Ал қазіргі Әулиекөл ауданындағы Құс­мұрында Шыңғыс сұлтандық құрған. Шоқан қайда туған деген ой да осыған байланысты екіге жарылады. Ғалымның туғанына 160 жыл толған кезде оның қайда туғаны жөнінде облыста даулы пікірталас болғандығы белгілі. Ал ғалымның өлімі туралы да алып­қашпа әңгімелер бар. Осының барлығы да Шоқанды зерттеудің аяқталмағандығын, олқы екендігін көрсетеді деген түйін жасалды жиында. Асылы, ұлы адамдар туралы ақи­қатпен қатарласып халықтың қиялынан туатын аңыздың да еріп жүретін әдеті. Шоқан да мұнан құралақан емес бәлкім. Ғалымның қайда туғанына, өміріне, өліміне қатысты ақиқат ғылымға керек, әрине. Ал қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызды ұлықтау, бағалау, насихаттау бүгінгі ұрпақ үшін одан да маңызды. Өйткені, Шоқан – біздің сананы сілкітетін рухани күшіміз, азығымыз. Осы кезге дейін Шоқан бір облыстағы екі елді мекеннің қайсысында туған деп тамақ жыртатын айтыс орын алғанмен, сол Күнтимес пен Құсмұрынның екеуінде де, тіпті облыс орталығының өзінде де осы өңірдің ұлы перзентіне арналып жасалған мардымды ештеңе жоқ. Қайсы жылы Құсмұрындағы Ки­­ров деп аталатын ауылды Шоқан ауылы деп өзгерту жөніндегі әңгі­­ме сиырқұйымшақтанып, ақы­рын­­да ұмытылып кетті. Бір ха­лықтың бет бейнесіне айналған ұлы­лардың кіндік қаны тамған не­месе ізі қалған жер қасиетті сана­лады, сырттан келгендердің оны көрсем деген ынтызарын туғызып тұрары бар. Өзге жұрттың әспет­тейтін ұлыларының туған жері әлдеқашан туристер іздеп баратын орынға айналған. Орыс ағайындар басқасын айтпағанда, бір Пуш­кин­нің табаны тиді деген жерді құр қалдырған жоқ. Ұлы ақынның туғанына 200 жылдан асып кетсе де әлі зерттеліп келеді, әлі де ғы­лы­ми жұмыстар қорғалуда. Пуш­кин атындағы көшесі жоқ қала қалмады, ескерткіші Ресейді қой­ып, оның ата-бабасының жері араб елдеріне дейін асты. Айт­­пақ­шы, осы күзде Ресей жазушылар одағы сыйға тартқан ақынның бір қола ескерткішін Қостанайға әке­ліп орнатып қойды. Ал Шоқа­н­ның Қостанай топырағының пер­зенті болса да, облыс орталығы­нан оған әлі еңселі бір ескерткіш бұйырған жоқ. Әлемдік тұлғаға кө­терілген Шоқанның туған, ба­ла­­лық шағы өткен Күнтимесі де, Құсмұрыны да қазір жұртқа көр­­­сететіндей емес. Табиғаты тамыл­жыған осы екі мекенде де Шың­ғыс­тың резиденциясының макетін қалпына келтіріп, ғалымның му­зейін ашып, деген сияқты жұ­мыс­тар жүргізілсе, бүгінгі ұрпақ Шо­қан туралы көбірек білер еді, ал мұндай жұмыстар арқылы ұлы адам тәуелсіз еліндегі патрио­тизм­нің нығаюына қызмет етпей ме. Ғалымның туғанына 175 жыл толуына арналған шаралар биыл ас ішіп, ән айтысып тарқайтын дүр­кіреген тойлармен емес, ғылы­ми-теориялық, ғылыми-практика­лық конференциялармен, таным­дық, тағылымдық әңгімелер ай­тыл­­­ған жиындармен өтіп жатыр.Сыр бойынан бастау алған конферен­циялар Шоқанның ізі қалған Көк­ше­т­ауда, Қостанайда, Семейде өтті. Көкшетауда ғалым мерей­той­ына арналған тағы бір конфе­рен­ция өтпек көрінеді, қорытынды кеңесті ғалымдар Алматыда және Алматы облысында құрмақ. Со­нымен қатар Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Саттар Мәжитов Санкт-Петербургте де ғылыми-теориялық конференция өткізудің жоспарланғанын айтты. Осы басқосулардың барлығында да елдің Шоқанға деген ынтызар көңілі, ал оның еңбектерінің акту­аль­ды екені байқалды. Расында да ХХІ ғасыр – Шоқан ғасыры болар! Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай. * * * ШОҚАНЫ БАР ЕЛ — ШОҚТЫҒЫ БИІК ЕЛ “Еуразия мәдени кеңістігіндегі Шоқан Уәлихановтың мұрасы” аталатын халықаралық конгресс Білім және ғылым министрлігі және Ақмола облыстық әкімді­гі­нің қолдауымен, Шоқан Уәли­ха­нов атындағы Көкшетау мемле­кет­тік университеті және осы бі­лім шаңырағында құрылған ха­лық­­аралық алтаистика және түр­кология орталығының ұйымдас­ты­­руымен өткізілді. Алқалы жи­ын­ға алыс шетелдердің кешенді ғы­лыми зерттеулермен айналысып жүрген белгілі ғалымдары да қатысты. Конгресс университет алаңын­­дағы Шоқан Уәлихановтың ес­керт­кіш бюстін ашумен басталды. Салтанатта облыс әкімі Сергей Дья­ченко, университет ректоры Шәкір Ыбыраев, белгілі сәулетші Шот-Аман Уәлиханов, қалалық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы Рүс­­­тем Шериязданов құттықтау сөз сөйлеп, гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін облыс орталы­ғын­дағы “Көкшетау” мәдениет сарай­ында пленарлық мәжіліс бастал­ды. Мінберге көтерілген мәртебелі меймандар Қазақ мәдениетінде Шоқан Уәлихановтың есімі мен өмір жолын, көпсалалы шығар­ма­шылығын тұтас бір дәуірлік құбы­лыс ретінде бағалады. Шоқтығы би­ік қазақ ғалымының ағартушы­лық ойлары, ғылыми зерттеулері мен жаңалықтары бүгінгі жаҺан­дану заманындағы Қазақстанның әлемдік өркениеттік үрдістерді жаңғыртудағы үлесімен жалғас жатыр. Еліміздің Еуропадағы Қау­іп­­сіздік және ынтымақтастық ұйы­­­мына төрағалық етуімен тұс­па-тұс кел­ген Көкшетау кон­гре­сінің маңызы да еселеп арта түскендей. – Биылғы жыл бүкіл жұрты­мыз үшін ұлы ғалым, этнограф, фоль­клоршы, саяхатшы және ағар­тушы Шоқан Уәлихановтың туға­нына 175 жыл толуымен ерекше есте қалады, – деді Ақмола облы­сының әкімі С.А.Дьяченко. Қазақ­тың біртуар перзентінің бай ғұ­мы­ры мен дарқан талантын әр­қы­рынан ашуға мүмкіндік беретін та­ғ­лымды шаралардың бүкіл ел ау­мағында өткізілуіне Президент Н.Ә.Назарбаевтың өзі ерекше мән беріп отыр. Республикалық Шоқан оқулары игі дәстүрімізге айналды. Оның ескерткіші барлық қала­ларды еңселендіріп тұр. Шоқанның туған жері – Көк­ше өңірінде де оның қымбат мұ­раларына айрықша ықыласпен қа­райды. Жуырда ғана облыс ор­та­лығында Шоқан Шыңғысұлының өмірі мен ғылыми, шығармашы­лық жолына арналған халықара­лық конференция табысты өтті. Бүгінгі конгресс дәрежесіндегі бас­қосу Шоқан жұлдызының әл­ем­­дік шуағының әлеуеттілігін айқындайды. Классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов “Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел!” деген бо­латын. Бұл барша қазақстан­дық­тардың мерейін өсіретін баға ре­тінде отандық ғылымның әлемге танылуына септік жасайды. Ал, біз үшін мұның жауапкершілігі де жоғары. Астаналық Ақмола об­­­лысы осы деңгейден көріне беретіні анық. Көкшетау мемлекеттік универ­си­тетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуов Шоқан Уәли­ха­новтың демократияшылдығы мен рухани сана сезімінің бастауы туған халқының тұрмыс-салты мен мәдени мұрасынан өрбитін­дігін атап көрсетсе, Ш.Уәлиха­нов­тың патша үкіметінің қызметін пайдаланып, қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан және Орталық Азия жерлеріндегі ел­дерде болып, та­рихи археологиялық ескерткіш­тер­­­ге көңіл бөліп, әсіре­се өз елінің тарихының көне дәу­ір­лерін танып білуде аянбай қыз­мет етуі хал­қы­мыздың нағыз тұңғыш археологы болғандығын көрсетеді, – деді Қ.А.Яссауи атындағы халық­ара­лық қазақ-түрік универ­ситеті ар­хео­логия орталығының директоры Сейден Жолдасбаев. – Шоқан жинаған фольк­лор­лық мұралардың көпшілігінде қа­рақалпақ фольклоры үшін бағалы материалдар бар, – деді Өзбек­стан Республикасы ғылым акаде­миясының Қарақалпақ бөлімше­сі­нің профессоры, филология ғы­лым­дарының докторы Сарыгүл Ба­хадырова. Мысалы, Соппаслы Сыпыра жырау, Асан қайғы, Жи­ренше шешен жөніндегі мәлі­мет­тер, “Едіге батыр” эпосы, бірнеше нақыл мәтелдері қарақалпақ фольк­­­лорында да бар. Бірақ, ғалым жазып алған “Көк шолақ” атты поэманың аты біз үшін жа­ңалық. Мұнан біз Шоқанның қарақалпақ фольклорын жинауда үлкен қыз­мет көрсеткенін бай­қаймыз. Конгресте, сондай-ақ, Ш.Уә­ли­ханов атындағы Тарих және эт­но­логия институтының директоры Сат­тар Мәжитов, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің Орталық Азия және Кавказ елдері институтының ка­фед­ра меңгерушісі Жібек Сыз­ды­қова, Астанадағы мемлекет тарихы институты директорының орын­басары Хангелді Әбжанов, Қа­зақ­стан Республикасының ең­бек сі­ңір­ген сәулетшісі, Шот-Аман Уә­ли­ханов, Қырғызстанның Шың­ғыс Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының ди­ректоры Абдылдажан Ахматалиев және басқа ғалымдар баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көк­шетау мемлекеттік универси­те­тінің қабырғасында өткен сек­ция­лардағы жұмыс “Шоқантану: тарихы, қазіргі жағдайы және келешегі”, “Ш.Уәлиханов және шы­ғыстану, тарих пен этнография мәселелері”, “Ш.Уәлиханов және филология мен өнер мәселелері” атты үш бағытты қамтып, жалпы саны елуге таяу баяндама тың­дал­ды. Сондай-ақ, “Ш.Уәлиханов. Энциклопедия” жинағының және Шәкір Ыбыраевтың халықаралық алтаистика және түркология орта­лығының сериялы басылымдар топтамасына енетін “Жаназық”, “Фольк­лористикадан түркологияға дейін” кітаптарының тұсаукесері өткізілді. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.