19 Қазан, 2010

Сыр еліндегі молшылық мерекесі

889 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Орақ-2010 Сыр аймағына берекелі құт қаратқан алтын күз келіп жетті. Ағымдағы жылдың сары күзі Сыр елінің диқан­дары­на сарқылмас ырыз­дық-несібесін ала келді. Жер-Анамыз­дың сырбойлықтарға берген сыйы жылдағыдан әлдеқайда мол болды. Жаз бойы атыз жағалап тер төк­кен егінжай ерлері еңбегінің өтеуі қайтып, ақ күріштен тау тұрғызылды. Мемлекеттік қолдаудың арқа­сында жыл сайын ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өндіру көлемі артып келеді. Сыр аймағының ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдауға бөлінген қаржы көлемі өткен жылмен са­лыс­тырғанда 1,5 есеге ұлғайтыл­ған. Ауыл шаруашылығы өнді­рісін субсидиялауға 2318,5 млн. теңге қаржы бөлінсе, оның 167 млн. тең­гесі жергілікті бюджет қаржысы болды. Сондай-ақ, ауыл шаруа­шы­лығы құрылымдары арқылы 1411,55 млн. теңге несие қаражаты тартылған. Ағымдағы жылы бірін­ші рет астық қолхаты арқылы не­сиелендіру механизмі ендіріліп, нәтижесінде, “Азық-тү­лік келісім-шарт корпорациясы” АҚ арқылы 396 млн. теңге несие қаражаты игерілген. Сыр аймағындағы ауыл шаруа­­шылығы өндірісінің басты саласы – егіншілік. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін екі есеге арттыру бағы­тында жоспарлы жұмыстар жүргізі­луде. Осы мақсатта биылғы жылы Сыр елінде егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,9 мың гектарға ұлғайтылса, басты дақыл – күріш егісінің көлемі 6 мың гек­тарға артқан. Күрішті күтіп-баптау жұмыстары агротехникалық талап­тарға сай жүргізіліп, уақыты­лы шаш­пай-төкпей жинап алынды. Со­ның нәтижесінде күріш дақылы­нан сонау 1985 жылдан бері ең жоғары өнімділікке қол жеткізіліп, қамбаға 376,2 мың тонна Сыр маржаны құйылды. Күріш өнімді­лігі гектарына 48,6 центнерден айналып, өткен жылмен салыстыр­ғанда 72,5 мың тонна артық Сыр салысы жинады. Күріш өнімділігін арттыруда Сырдария, Қармақшы, Жалағаш аудандары ерекше үлес қосты. Биылғы жылы бұл аудан­дар­дың шаруашылықтары Сыр са­лы­сының әр гектарынан 52 центнер­ден өнім жинады. Сырдария ауда­ны 18135 гектар жерге егілген кү­ріш дақылынан 53 центнерден өнім алып, егін жинау науқанын облыс­та бірінші болып аяқтады. Ал, Қар­мақшы ауданы 11765 гектарға егілген күріштің әр гектарынан 54,4 центнерден өнім алып, 64 мың тоннадан астам Сыр маржанын жинаса , Жалағаш ауданы егілген 30115 гектар егістік жердің әр гектарынан 54,0 центнерден өнім алып, ақ күрішті қамбаға құйып алды. Облыста көш басында Қы­лышбек Әбішев басқаратын Қар­мақ­шы ауданындағы “Жаңажол” ЖШС келеді. Содан соң Сырдария ауданына қарасты “Мағжан және К” (директоры Дархан Ералиев) Сырдария ауданына қарасты “М­ә­­ди Қажы” ЖШС (директоры Аббас Камаладин), Қармақшы ауданына қарасты “Тұрмағанбет” ЖШС (ди­ректоры Нұржан Пірмантаев), Жа­лағаш ауданына қарасты “Сәрке ба­тыр” ЖШС (директоры Сәбит Қал­таев) озаттар қатарынан орын ал­ды. Бұл шаруашылықтар биылғы ең­бек өнімділігін арттыруда жоғары көр­сеткіштерге қол жеткізгендері үшін 2011 жылы ауыл шаруашы­лы­ғы техникаларын алуға басы 5 млн. теңгенің, соңы 2 млн. теңгенің сер­тификаттарын иеленген. Сыр аймағындағы егінші-ме­ха­низаторлар арасында толағай та­бысқа кенелген жеке тұлғалар жетіп артылады. Сырдария ауданының күрішшісі Пазылбек Ахметов 152 гектар жердің әр гектарынан 96,3 центнерден өнім алып, барлығы 1464 тонна Сыр салысын қамбаға құйса, Қармақшы ауданының комбайншысы Абай Жаниязов 2155 тонна астық бастырған. Сондай-ақ Шиелі ауданының жатка машинисі Бауыржан Сандыбаев күріш ору нау­қанында межелеген 175 гектар­дың орнына 581 гектар күрішті жал­­ға салып, маусымдық тапсыр­ма­­сын 332 пайызға асыра орындаған. Қамбалары дәнге толып, ақ кү­ріштен жарыса таулар тұрғызған Сыр елі молшылық мерекесінің шуағына бөленіп, қуаныш құша­ғы­на кенелді. Республика Премьер-Ми­нистрі Кәрім Мәсімовтің қы­зыл­ордалықтарға жолдаған кұт­тық­тау хаты Сыр диқандарына деген ерекше құрмет пен ыстық ықылас­ты аңғартады. “Биылғы жылы Сыр диқандары өңірде көп жылдардан бері болмаған көрсеткіштерге қол жеткізіп, 374 мың тоннадан астам Сыр салысын жинады. Бұл биыл­ғы­­дай қуаңшылық жылы елімізде аз­­ық-түліктің жеткілікті қорын қам­­та­масыз етуге айтарлықтай қо­сыл­­ған үлес деп есептеймін. Туған отанымыздың абыройын асқақтату­да, байлығын арттыруда, берекелі бірлік пен жарастықтың, ынтымақ­тас­тықтың ерен үлгілерін көрсет­тіңіздер”, делінген құттықтауда. – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың агроөнеркәсіп кеше­нін қолдау жөніндегі ерекше та­лап­тарына сәйкес биыл сырбойлық егінжай ерлері соңғы он жыл кө­лемінде болмаған табысқа кенелді. Облыстағы үш шаруашылықтың әрқайсысы бір миллион пұттан астам Сыр салысын жинауы осы ең­бектің жемісі. Сыр маржанының еліміздің ішкі рыногында күріш бағасының тұрақтануына әсер етіп, өзге аймақ кәсіпкерлерімен, іскерлік байланыс орнату жолындағы алтын көпірге айналып отырғаны біз үшін үлкен мақтаныш, – деді облыс әкімі Бо­латбек Қуандықов жүрекжарды ле­бізін жеткізіп. Ерлік дастаны болған дала ака­демигі Ыбырай Жақаев атамыздың сара жолын жалғап, Сыр ананың барлық ұрпақтарына тағы да береке дарыған молшылық айында “Ал­тын дән” мерекесі дүркірей өтті. Ме­рекеге жиналған қауым ақкү­­ріш­тің атасы атанған даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев ескерткі­ші­не гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Облыс әкімі Болатбек Қуан­ды­қов егін шаруашылығы саласы май­талмандарын тамаша табыста­рымен шын жүректен құттықтап, өндіріс озаттарын марапаттады. Орталық алаңда “Жібек жолы” тауар өндірушілер форумына қаты­сушылардың көрмесі қойылып, “Кү­ріш жәрмеңкесі” көпшілік на­за­рына ұсынылды. Күріштен жа­сал­ған тағамдардың “Сыр күріші” деп аталатын конкурсы ұйымдас­ты­рылып, жер-жаһандағы бірнеше ұлттық асхананың басты мәзірін айшықтады. Ал, аудандар жарыса ша­ңырақ көтерген этноауылда ең­бек пен қазақ өнер мерекесі де қарлығаштай қанаттарын қақты. Барлық үйлерден ән шалқып, би мен күй қалықтап жатты. Ақындар қолдарына домбыра алып, ән-жырдан диқандарға шашу шашса, қыз-жігіттер “Қара жорға” әуе­ні­мен ырғала би билеп, мереке кө­рі­гін қыздыра түсті. Сыр елінің молшылық мереке­сіне қатысушылар Ресей, Беларусь елдері мен отандық тауар өндіруші­лердің ауыл шаруашылығы техни­ка­­лары мен механизмдерінің көр­ме­­сін де тамашалады. Айта кету ке­рек, ауылшаруашылық техникала­рын Сыр аймағында шығару ісі де қолға алынбақ. Мәселен, финлян­диялық “Сампо” комбайны алдағы жылы облыста жиналмақ. Торқалы той күні ауылшаруа­шылық өнімдерін жақсарту, облыс халқының ырыс-несібесін арттыру мақсатында бірнеше ірі компания­лармен келісімдерге қол қойылды. “Казагро” холдингі арқылы 2 млрд. теңгеге күріш сатып алу жолдары да қарастырылуда. Бұл, біріншіден, өнім өткізу кепілдігін, екіншіден, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлесін қосары сөзсіз. “Каз­аг­роқаржы” АҚ арқылы инженерлік жүйеге келтірілген жерлер кепіл­дікке алынып, ауылшаруашылық құрылымдарын тұңғыш рет 0,6 коэффициентпен несиелендіру мә­селесі де өз шешімін тапқан. Ынтымағы жарасқан ел ғана еңбектен береке таба алады. Қам­балары – дәнге, қоралары малға толған сырбойлықтардың құт-байлығы молая түсуде. Содан да Сыр өңіріндегі молшылық мерекесі кө­теріңкі күймен өтті. Барлық ау­дандар “Алтын дән-2010” мерекеге орай ауылшаруашылық жәрмең­ке­сін өткізіп, әкелген азық-түлік өн­ім­­дерін тұтынушыларға нарықтық бағадан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынды. Ғ.Мұратбаев атындағы стади­он­да қазақ күресінен “Алтын белбеу” атауымен облыс біріншілігінің ақтық кезеңі мәресіне жетті. Айдан астам уақытқа созылған айтулы бәсеке мәресі “Алтын дән” мере­кесімен тұспа-тұс келді. Ұлттық спортты ұл­ық еткен сайыстың ашы­луы сан түр­лі мәдени шара­лармен өрнектелді. Жастар ұлттық “Қара жорға” биін мың бұрала билеп, дәстүрлі өнерді тағы да бір мәрте жаңғырта түсті. Аса тартысты бәсеке түйе па­лу­анды анықтау сайысында болды. Сал­мақ дәрежесіне қарамайтын сай­ысқа 16 палуан қатысып, олар­дың арасында жалағаштық Руслан Әбдіразақовтың мерейі үстем бол­ды. Ол “Алтын белбеу” мен шет­елдік автокөлікке ие болды. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.