Еліміз өз алдына тәуелсіздік алғалы ұлттық, мәдени құндылықтарымызды жаңғырту, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жолында көп іс тындырылып жатқаны әмбеге аян. Оларды санамалап шығу мүмкін емес. Әсіресе, Елбасы тарапынан тікелей қолдау тапқан “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында атқарылған шаруалар ұшан-теңіз. Айыртау ауданына қарасты Ботай елді мекенінен осыдан елу мың жыл бұрын қолға үйретілген жылқылардың сүйек қаңқалары табылып, әлем назарын аударғанын жақсы білеміз. Адамдардың алғашқы қауымдастығы осы жерді мекендеп, жылқы ұстап, қымыз ашытып, қолөнермен айналысқанын дүние жүзі ғалымдарының мойындауы – бәріміз үшін зор мақтаныш.
Мен тұратын Кеңащы ауылының маңайы да тарихи ескерткіштерге өте бай. Жұмбақ сырын ішіне бүккен балбал тастардың талай ғасырлық өмірбаяны болғанымен, әлі күнге дейін зерттелмей келе жатқаны өкінішті. Тарихи, археологиялық экспедициялар алыс елді мекендерге ат ізін сала бермейді. Жауын-шашыннан мүжіліп, шөгіп бара жатқан тас қорғандардағы жазылған жазуларды айыруға, оқуға біліміміз жетпейді. Қолымыздан келгені – көздің қарашығындай қорғау ғана. Өлке тарихын жетік білетін құйма-құлақ қариялар да азайып барады. Бәлкім, осынау құнды жәдігерлердің қай дәуірге жататынын, кімдердің жерленгенін арнайы айналысып жүрген зерттеушілеріміз, ғалымдарымыз айырып берер деген үмітпен сүйікті газетім арқылы қайырылып отырмын.
Алда-жалда экспедициялар ұйымдастырыла қалса, жергілікті билік орындары тарапынан қаржылық демеу жасаларына сенімдімін.
Қарлығаш ЖИЕНБАЕВА,тарих пәнінің мұғалімі.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ақжар ауданы,
Кеңащы ауылы.