Жанайқай
Белгілі-белгісіз себептермен өз елі, өз жерінде азшылыққа ұшырап, теперіш көрген, әйтсе де “мың өліп, мың тіріліп”, Тәңірдің қалауымен тәуелсіздік алған қазақ халқының демографиялық жағдайын жақсартуға, соның арқасында ақтаңдақ тарихымыз бен мәдениетімізді, қастерлі әдет-ғұрпымыз бен қасиетті ата-салт, баба-дәстүрімізді жаңғыртуға бағытталған Елбасы бастап, Үкімет пен Парламент қостап, зиялы қауым мақұлдап, зерделі жұрт жалғастырып жатқан сындарлы саясат –“елім” деп еңіреп, “Отаным” деп от кешіп тарихи Отандарына көшіп келіп, қазақтың қатарын көбейтуге әжептәуір үлес қосып жүрген қаракөз қандастарымызға “дүниенің кеңдігіндей” болса да кейбір аудандардағы қалпағын кекірейте киген кейбір шенеуніктердің мізбақпастығы аяқтарына “тар етік” болып тұр.
Қазақтар көп шоғырланған аймақтардан шалғай, қысы ұзақ, аязы қатты солтүстік өңірлердің қиыншылықтары мен ерекшеліктерін ескерген Елбасы мен Үкіметіміз бұл аймақтарға атбасын тіреген оралман отбасыларына арналған квота арқылы берілетін көмектің көлемін басқа өңірлерге қарағанда 2010 жылы екі есеге өсірді. Алайда, қалпақты шенеуніктер сол сырлы саясаттың сырын ұғу былай тұрсын, мұрындарына оның иісі де бармайды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданындағы оралмандардың жалпы жай-күйіне назар аударайық: әрине, оралмандар үшін мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан жеңілдіктер оларға мүлдем жетпейді демейміз. Бірақ, оралмандардың сіңісіп кетулері үшін жасалуы тиіс шараларға жергілікті жерлерде әр шенеунік әр түрлі көзқарас білдіруде.
Қазіргі күні Өзбекстанның Науайы облысына қарасты Кенимех ауданындағы Сарыбел елді мекенінің (бұрынғы “Коммунизм” кеңшары) бір тармағы №4 ферма орталығы – мен туып-өскен Преке ауылы бір кездері Қарақалпақ автономиясы аталып, Қазақ КСР-інің Қызылорда облысына тиесілі болғаны тарихтан мәлім. Мен туған 1954 жылы бұл жерлер Өзбекстанға қарап үлгерген екен. Мен бес жасқа толғанда шешем алтыншы баласына толғақ үстінде дүние салыпты. Кейінгі шешеміз біз мектепке барар алдында туу туралы куәліктерімізді алған екен. Сонда менің Мекебай Райымбекұлы Оңай деп жазылуы тиіс аты-жөнім Унгаев Мекебай Раймбекович деп жартылай өзбекше, жартылай орысша жазылып кетіпті. Осыған ұқсас Алтынгүл Сардарқызы Жалғасбай болуы керек әйелімнің аты-жөні бір жерде Джалгасбаева Алтынгуль Сардаровна, бір жерде Жалгасбаева Алтингул Сардаровна, тағы бір жерде Жалгаспаева болып кеткен. Бұларды тәптіштеп жазып жатқанымның себебі, оралман болып Отанымызға келген соң осы құжаттардағы қазақша-орысша-өзбекше әріптердің айқыш-ұйқыштығы маңдайымызға сор, аяғымызға “тар етік” болып жармасуда.
Дәл осындай жағдай барлық оралман бауырларымыздың басында бар.
Біз әйелім Алтынгүл екеуміз бес бала туып, асырап ояға жеткізгенімізді дәлелдей алмай жүрміз. Әйелім 2010 жылғы наурыздың 2-сінде 53 жасқа толды. Бес баласы бар аналар осы жаста зейнетке шығады деп қуанышымызда шек болған жоқ. “Кішкене болса да, отбасылық қаржылық жағдайымыз жақсарады ғой” деп тақиямызды аспанға атып едік, тақиямыз әлі жерге түспей тұр. Зейнетақы тағайындайтын мекемеге барғанымызда, қуанышымыз су сепкендей басылды. Өйткені, құжаттарды қабылдайтын маман әйелімнің жеке куәлігі мен туу туралы куәлігіндегі және еңбек кітапшасындағы әріптердің әр түрлілігін көріп, ер-тоқымын бауырына ала тулады да, әділет басқармасына баруымыз керек екендігін айтты.
“Дайрабайдың дауының” үлкені аудандық әділет басқармасында басталды. Өйткені, қызым Сұлуқалдың Өзбекстанда алынған туу туралы куәлігіндегі қазақшаға жақындау Слуқал деп жазылған аты қазақстандық жеке куәлігінде Слукал болып, ал ұлымның өзбекстандық туу туралы куәлігіндегі таза қазақша Қасым деген аты қазақстандық жеке куәлігінде орысша Касым болып шыға келіпті. Үлкен қызым Азизаның әкесінің аты “Мекебиевна” болып кетіпті. Біздің “Бұл қалай, өзбек болудан қашып, қазақ болуды армандап келген біз неге орыс болуымыз керек?” деген сұрағымызға ешкім жауап бере алмады. Қысқасы, әйеліміз екеуміз туып өсірген бес баламыздың өзіміздікі екенін дәлелдей алмай дал болып жүрміз. Ең қызығы – зейнетақы тағайындайтын мекемедегі маман зейнетке шығушының зейнетке шығуы үшін туу туралы куәлігі мүлдем керек емес екендігін білмейді екен. Сол “білмесбайдың” бізді әділет басқармасына жөнелтіп жіберуінің салдарынан екі ай уақытымызды әділеттегілермен “дауласып” бекер өткеріппіз. Алайда, бекер деуге келмейді, өйткені, “дауласамыз” деп жүріп 1996 жылғы 2 ақпандағы “Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу туралы” Елбасының Жарлығы бар екендігін “біліп қойдық!” Бірақ, ондағылар бұл Жарлықты пайдаланудың не жолын білмейтіндей, не пайдалануды қош көрмейтіндей болып түйілді біздерге. Алайда Елбасының Жарлығының арқасында алты ай дегенде Джалгасбаева, Слукал, Касым мәселелері шешілді де Азиза қызымның Мекебиевнасы алынбас қамал болып тұр.
Тарихи Отанын аңсап келген қаракөздердің ресми тілді білмеуі, әсіресе, жергілікті шенеуніктердің қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жарияланғанына 20 жылдан асса да осы тілді білмеуі оралман қандастарымыздың аяқтарына тағы да “тар етік” болып, “дүниенің кеңдігінің” пайдасын тигізбей тұр.
Бұрын осы ауданда қазақтардың үлесі 10 пайыздан аспаған болса, қазір, Аллаға шүкір, оралмандардың арқасында 30%-дан асып отыр. Менің отбасымның алдынан кездескен кедергілер аудандағы 30 пайыз қазақтың ең кем дегенде 20 пайызының маңдайына сор болып тұрғаны жасырын жәйт емес. “Күштері қазандай қайнағанмен, күресерге дәрмендері жоқ”. Запырандарын ішке жұтып, “басқа түссе баспақшыл” демекші, іштен тынып жүр.
“Оралман отбасыларының мемлекеттік жәрдемақыны алған соң жаңа жағдайға бейімделу сатысы жолға қойылған ба?” деген сұраққа жауапты жергілікті басшылар беруі керек екендігін ел Үкіметі о бастан-ақ белгілеп қойғанын кейбір атқамінерлер әлі ұқпайтын сияқты. Ойым толық түсінікті болуы үшін әлгі аудандағы қазақтың санын 30 пайыздан асырып отырған оралмандардың үш-төрт қана жоғары білімділерінің біреуі – өзімнің жай-күйім жайлы баян етейін.
2005 жылдың 2 қыркүйегінде әйелім және бес баламды алып, Солтүстік Қазақстан облысындағы Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаев қаласына көшіп келдім. “Көппен көрген ұлы той демекші”, көптеген қиыншылықтарды бастан кешіріп, 9 ай дегенде мемлекеттік жәрдемақыға қол жеткізіп, Қазақстан азаматтығын алуға құжаттарды тапсырдық та жеке куәліктерімізді 2006 жылдың желтоқсанында алдық. Содан 2007 жылы, көшіп келгенімізге 1,5 жыл дегенде алғашқы жұмысқа қол жеткіздім.Бір шығып қалып, бір ілініп әр түрлі жұмыс жасап келемін. Мамандығым – автомобиль және тракторлар инженер-механигі. Бұл мамандық бойынша қазіргі күні жұмыс табу, қытайлардың мақалындағыдай, “қараңғы үйде қара мысықты, әсіресе, мысық үйде жоқ кезінде іздеп табумен” бірдей. Сондықтан су сатушы, су есептеу мастері, су қожалығы мекемесінің директоры, еңбекке баулу пәнінің мұғалімі, балалар сауықтыру лагерінің директоры сияқты әр түрлі жұмыстарда болдым. Орташа жалақым 25 000-нан асқан емес, мұны жұмыссыз жүрген айларға бөлсек, түк болмасы анық. Балаларым жұмыс таба алмағандықтан, Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап кетті. Ешқайсысының жағдайы мақтанарлықтай емес.
Білімі жоғары, тиіп-қашып болса да жұмыспен қамтылып келген менің жағдайым осындай болғанда, мамандықтары жоқ немесе қарапайым мамандық иелері – оралман қандастарымыздың жай-күйі қандай болмақ! Мәселен, Умаров Пулатбай Ахмедович (Болатбай Ахметұлы Омар болуы керек) үш баланың әкесі, кәсіби жүргізуші,1 сыныпты тракторшы. “Жұмыс табылса, жалақысы 15 000-нан аспайды, онда да жиын-терін кезінде ғана”, дейді ол. Сондықтан Қазақстан бойынша жүріп жатқан құрылыстарға нан табу үшін баруға мәжбүр.
“Бір жерден еңбекақымды ала алсам, екінші жерде сан соғып қалып жүрмін. Кейбір мекемелер уәдесінің жартысын ғана береді, амалың жоқ, көнесің. Осылайша нан табудың әлегінде жүргенімде арыстай бір ұлымнан айрылдым. Құдыққа түсіп кетіп қаза болды. Успен ауылының ортасынан 6 000 АҚШ долларына зәулім үй сатып алған едім, көшіп кетейін десем үйді жарты бағасына да сата алмайтыным анық болды”, дейді ол тағы мұңайып.
Пулатбайдың әйелі Даулетиярова Назипа Кучкаровна (Нәзипа Қошқарқызы Дәулетияр болуы керек қой!) күйеуі күн көрудің әлегімен жүргенде, төрт ұлының біреуінен қапыда айрылып, қара жамылды. Оның мамандығы да жоқ. Успен ауылдық орта мектебінің асханасына 2009 жылдың қыркүйегінде “әупірімдеп” аспаздың көмекшісі болып жұмысқа орналасқан. Ресми тілді білмейтін мемлекет құраушы ұлт өкілін ондағылар білгендерінше басынып, аспаздың көмекшісі емес, ең лас жұмыстарға жұмсаған. Сондағы алатын жалақысы айына 6 000 теңге ғана. Жанындағылардың қорлықтарына шыдай алмаған Нәзипа сол жылғы желтоқсан айында жұмысты тастауға мәжбүр болды.
Тағы бір мысал: Жалимбетов Кувандык Юлдашевич (Қуандық Жолдасұлы Жәлімбет) 1976 жылы туған, бес баланың әкесі, Үргеніш қалалық мемлекеттік университеті жанындағы бизнес мектебінде банк қызметкері мамандығы бойынша оқып, 2001 жылы мамырда бітіріп шыққан. Әйелі – Уразова Камила Кенжебаевна (Кәмила Кенжебайқызы Ораз) да 1976 жылы туған, 1993-94 жылдары Хожейлі қаласында, ал 1994-95 жылдары Тақиятас қаласында тігінші-моторшы, бухгалтер және ЭЕМ операторы деген мамандықтарды иеленіп шыққан. Ресми тілді білмегендіктерінен, еш жерден жұмыс таба алмай жүр. Білімі, мамандығы бар әке мен шеше жұмыссыз.
Мына жайға қараңыз: Өзбекстаннан ауданымыздың Возвышен ауылдық округіне көшіп келген Бекетов Амангелді Беркінбайұлының (жеке куәлігінде – Бекетов Амангелди Беркинбаевич) 1994 жылы 23 наурызда туған ұлы Беркінбаев Ерхан Амангелдіұлының туған жері –Өзбекстан Республикасының, Науайы облысы. Үшқұдық ауданынан алынған туу туралы куәлігінің орыс тіліндегі нұсқасында тегі және аты-жөні былайша: Беркинбаев Ерхан Амангелдиулы деп жазылғандығы үшін әділет басқармасындағылар Ерханға жеке куәлік беруді әр саққа жүгіртіп, сөзбұйдаға салып келеді. Өзбекстанға барып, туу туралы куәліктің алғашқы тіркеу кітапшасынан көшірмесін алып келу керек екен. Көпшілік оралманның Өзбекстанға бармақ түгіл, облыс орталығы Петропавлға барып келуге жағдайлары көтере бермейтінінде шенеуніктердің шаруасы жоқ.
Жоғарыда айтқанымыздай, Елбасы саясатын ұқпайтын не ұққысы келмейтін кейбір шенеуніктердің қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып заңмен бекітілгеніне 20 жылдан асса да оған мән бермей не менсінбей жүргендері және жақын-алыс шет елдерден Отанын аңсап келген қандастарымыздың ресми тілді бір-екі жылдың ішінде меңгеріп ала алмайтын “бейшаралығы” біразымыздың маңдайымызға сор, аяғымызға тұсау болып тұрғандығы анық.
Мекебай ОҢАЙ, оралман.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Мағжан Жұмабаев ауданы.