Биыл Жамбыл облысы, Шу ауданының құрылғанына – 80, Шудың қала мәртебесін иеленгеніне – 50 жыл. Алдағы 22-23 қазан күндері осы қос мерейтойды шулықтар ресми түрде атап өтпек. Бұл ауданда 1993 жылдан бергі қазақтың көрнекті ұлы тұлғасы, төбе биі – Төле бидің туғанына 330 жыл толуына байланысты аталып өткен мерейтойдан кейінгі арада өткелі жатқан ең ірі шара болғалы тұр.
Шу өңірі шежіреге, қат-қат дерек пен қилы-қилы аңызға толы. Оның әлі түрен тимеген тереңге тартқан желісін зерттеп-зерделеу – бүгінгі тарихшылардың талай жылнамаларына тың тақырып. Алғашқы Қазақ хандығы құрылған Шу өңірінің ұлттық тұтастығымызға ұйытқы аймақ екендігі де соның бір ғана мысалы.
Тоғыз жолдың торабына орналасқан өңіріміздің өзіндік тарихы бар. Шу өңірі кеңестік билік орнағаннан кейін, яғни 1921-1924 жылдар аралығында Жетісу аймағының Алматы және Пішпек уездерінің құрамында болды. 1924 жылғы 1 қазандағы әкімшілік-территориялық өзгерістер бойынша Алматы уезінің құрамына енеді. Ал 1925 жылғы 3 маусымдағы өзгерістерге сәйкес, алғаш рет орталығы Георгиев селосы болып Шу ауданы құрылады да, ол Жетісу губерниялық атқару комитетіне қарайды. Бұл деректер өңір құрылымының қалыптасу кезеңдерін айқындай түседі.
1930 жылғы 17 желтоқсан күні Шу ауданы Алматы облысының құрамында құрылды. Өйткені, Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1930 жылғы 23 шілдесінде шыққан қаулысы негізінде округтер таратылып, оның орнына аудандық әкімшілік-аумақтық бақылау ұйымдастырылды. Осы қаулымен жаңа құрылған 121 ауданның бірі Шу ауданы болып, оның орталығы Шу селосы болып белгіленді. Осы тарихи деректерді Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары кеңесінің 1930 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысы айғақтайды. Міне, осы дерек сексен жылдық Шу ауданының тарихын меңзейді.
1939 жылғы 14 қазанда Жамбыл облысы өз алдына шаңырақ көтеріп, жеке бөлінді. Оның құрамына Алматы облысынан басқа аудандармен бірге Шу ауданы да енгізілді. Осы орайда, Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына шулықтардың қомақты үлес қосып келе жатқанына жетпіс бір жылдан асқанын қуанышты сезіммен жеткізудің сәті бүгін түсті. Бұл – тарих үшін қас-қағым уақыт. Ал біздер үшін әрдайым есте болатын биік белестер.
Сондай-ақ, 1960 жылғы 24 желтоқсанда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығына сәйкес, Шу жұмысшылар кентінің ауданға қарасты “Шу қаласы” деп аталуы оның 50 жылдық тарихынан сыр шертеді. 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесінің жаңадан құрылуына байланысты Шу қаласы өлкелік билікке бағынды. Екі жылдан кейін өлке таратылып, Шу қаласы қайтадан Шу ауданының құрамына қосылады. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 1965 жылғы 4 қарашадағы Жарлығымен Шу қаласы Жамбыл облыстық бағынысқа қарайды. Ал 1997 жылдың 1 сәуірінен бастап, Елбасының Жарлығымен Шу қаласы Шу ауданының құрамына қайта қосылды.
Міне, сан алуан тарихи баспалдақтар аудан мен қала тағдырын бір-бірінен ажырата алған жоқ. Өйткені, “Шу” атауымен аталатын аудан мен қаланың өзегі – бір, тамыры – ортақ. Оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Бүгінде бір өзеннің бойына қатар қанат жайған екеуінің тыныс-тіршілігі ырыс-ынтымағы жігі ажырамастай болып біте қайнасқан.
“Шу ауданы мен қала бүтін әрі біртұтас. Бір өзеннің қос қапталына қатар қанат жайғандықтан тыныс-тіршілігі бірге бітіскен. Түтіні түзу шығып, алға қойған міндеттері орындалып, егемен еліміздің еңсесін биіктете беруге қомақты үлес қосып келе жатқандығын зор мақтаныш сезіммен айта аламыз. Сондықтан, алдағы жоспарланған қос мерейтой бізге зор жауапкершілік жүктейді”, дейді Шу ауданының әкімі Қожахан Жабағиев.
Шу өңірінің тарихи құндылықтары еліміздің ғана емес, әлем тарихшыларының назарын өзіне қашаннан-ақ аударған. Дегенмен, әлі де талай тарихты қойнауына бүгіп жатқаны ақиқат. Осы өңірден шыққан ұлтымыздың белгілі тарихшысы Мәмбет Қойгелді бұған қатысты көптеген тың деректерді алға тартады.
“Өңірдің тарихына қатысты бар ең алғашқы дереккөздерін байырғы қытай және араб ғалымдарының, антикалық грек және парсы авторларының еңбектерінен және түрлі жазбалар арқылы бүгінге дейін жеткен жергілікті халықтың өзіне тән аңыз-әңгімелерден кездестіреміз. Міне, сол жергілікті халықтан тараған аңыздардың бірін Махмұт Қашқари өзінің еңбегі “Түрік сөздігінде” келтіреді. “Зұлқарнайын Самарқандтан асып, түрік қалаларына қарай беттеген кезде, түріктердің “Шу” есімді бір жас хақаны болған екен. Ол үлкен қосынның иесі болған. Баласағұн жағындағы “Шу” қаласын да өзі салдырған деген дерек келтіріп, одан әрі бұл дерегін “Ол кезде Тараз, Ісбіжап, Баласағұн қалалары салынбаған уақыт. Бұлардың бәрі кейін салынған. Ол жерлерде киіз үйлерде тұратын көшпенділер өмір сүретін”, деген фактімен толықтыра түседі. Бұл біздің эрамызға дейінгі 329-328 ж.ж. шамасында еді”.
Атышулы Шу қағанның ажал уын сепкен Зұлқарнайынды айлакерлігінің арқасында бітімге келуге мәжбүрлегенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Бұл – өңірдің шырайын келтіріп, жердің құнарлылығы мен шұрайлылығын арттырып, ағып жатқан ерке Шу бойының әлі де болса терең зерттеуді қажет ететінінің айғағы.
Шу өңірінің еліміздің тарихында аса зор маңызға ие болуы – XV ғасырдың орта тұсындағы Қазақ хандығының, яғни ұлттық мемлекеттігіміздің іргетасының қалану кезеңі. Ғылымда хиджраның 870 жылы, яғни 1465-1466 жыл Қазақ хандығының құрылған мезгілі ретінде қабылданған. Ал оның шаңырақ көтерген жері Шу өзені бойындағы “Қозыбасы” аталатын шоқы еді. Ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати бұл өңір сол тұста Моғолстан хандығының батыс шеті болғандығын айтып, оны Иса Бұға ханның Жәнібек пен Керей сұлтандарға (Әбілқайыр хан ұлысынан жарыла көшіп келген) үлеске бергендігін айтады. Енді ғана шаңырақ көтерген Қазақ хандығына бұл аймақ өте қолайлы мекен болады. Өзбек ұлысын билеуші Әбілқайыр хан өмірден озған соң оның құрамындағы қазақ тайпалары енді Жәнібек пен Керей басқарған хандыққа біржола өте бастайды да, алғашында жаңа хандық өзбек-қазақ елі аталады.
Тарихшы Қадырғали би Қосымұлы жалайыр Жәнібек пен Керей сұлтандар “атасының ұлысын биледі” деген ойды береді. Ал бұл екі сұлтанның атасы кім еді? Бұл арада Қадырғали би, әрине, XІV ғасырдың 80-жылдары Алтын Орда билігінен ығыса келіп, Жетісуда Ақ Орда хандығының іргетасын қалаған Ұрыс ханды меңзеп отыр. Яғни, бұл ретте Қазақ хандығы Ақ Орда аталған мемлекеттік құрылымның жалғасы болғандығын аңғаруға болады.
Бұл деректер, Шу өңірінің қазақ елі ұлттық мемлекеттігінің бесігі ғана емес, сондай-ақ қазақ бірлестігінің жаңа сапаға, яғни ұлттық тұтастыққа өтуіне ұйытқы болған аймақ екендігін көрсетсе керек.
Шу ауданы мен Шу қаласының мерейлі мерекелерін атап өту жергілікті жұрттың қызу қолдауына ие болды. Ауданда 1993 жылы Төле би бабамыздың туғанына 330 жыл толуы кеңінен атап өтілген болатын. Содан бері мұндай ірі мәдени шара болмаған.
Мерекелік бағдарламаның мазмұны бай, тәлімі көп. Атап айтқанда, мерейтойда біртуар тұлға Балуан Шолақ пен 1958 жылға дейін хабар-ошары болмаған, жар сүйсе де перзент сүймеген, Кеңес Одағының Батыры, Шу өңірінің аяулы перзенті Саттар Естемесовтің еңселі ескерткіші ашылып, теміржолшылардың бірнеше буыны өсіп-өнген Шу қаласында бүгінгі күні айналымнан шығып қалған паровоз биік тұғырға орнатылмақ. Өңірдің тарихында тұңғыш рет жарық көрген, оның қалыптасуы мен дамуынан сыр шертетін “Шу өңірі энциклопедиясы” мен “Шу өңірінің тарихы. ХХ ғасыр-ХХІ ғасырдың бас кезі” кітаптарының тұсауы кесіліп, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмыс істемек. Шу саңлақтары Бармақ, Сауытбек, Жидебай, Орақбай ақындардың ізін жалғастырып келе жатқан ақындар айтысы болып, ұлттық ат спорты ойындары даланы дүбірге бөлемек. Басқа да естелік шаралары ескеріліп, мерейтой соңы өңірден шыққан республикаға танымал әншілердің гала-концертіне ұласады.
Дәрмен СМАЙЫЛ, журналист.