Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – “Егемен Қазақстан” (“Социалистік Қазақстан”) газетін ұзақ жыл басқарған белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, жазушы, көсемсөзші Сапар БАЙЖАНОВ ағамыз жер басып аман жүргенде бүгіндері 80 жасқа келер еді. Күліп-ойнап ортамызды толтырар еді, басылымның 90 жылдығын да баршамызбен бірге тойлар еді... Бұл жалған дүниеде төрт құбыласы түгел кім бар. Шүкіршілік айтатынымыз – Сапекеңнің артында том-том кітаптары қалды, ұл-қыздары, немере-шөберелері қалды. Үлкен шаңырақтың түтінін түтеткен сүйікті жары Күләш тәтеміз қалды.
Төмендегі мақала авторы Ұлан Байжанов – Сапекең әулетінің үлкені. Заңгер. Ағамыздың 80 жылдығы қарсаңында перзентінің әке туралы толғаныстарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
1. ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТЫҢ ШЫҢЫ
Он жеті жасқа дейін ата-әжемнің қолында өстім. Бұл, әрине, жұрт таңғалатындай аса бір күрделі оқиға емес. Тұңғыш баланы үлкендердің тәрбиесіне беру ұлттық дәстүрімізге сіңісті болған ата-баба дәстүрлерінің бірі ғой. Бұдан қазақ ұтылған жоқ. Университеттің екінші курсында оқып жүргенде атам қайтыс болды. Бала кезімізде біз Алматының СМУ-15 жағында тұратынбыз. Белгілі ақын Шәкір Әбенов қонақ болып келіп жататын қасиетті шаңырақ. Осы тұстан бір жайды таратып айта кетейін. Әрине, күллі естияр балалар секілді мен де туған әке-шешемнің кімдер екендігін жақсы білетінмін, бұл жерде не құпия бар. Содан сенбі күні мектептен келген бойда буынып-түйініп әке-шешемнің үйіне тартатынмын. Сағыныш па, әлде әкенің аялы алақанын сағынғандық па, ол жағын тап басып айта алмаймын. Әйтеуір, орталықтағы сол үй өзіне қарай магнитше тартатын да тұратын.
Әкем қаталдау еді. Қаталдау еді дегенде, біздің бір білместігіміз үшін дауыс көтеріп ашуланбайтын. Бәрін қас-қабағымен сездіріп отыратын. Жұрт білетіндей ол кісі Орталық Комитетте, одан соң “Егемен Қазақстан” (“Социалистік Қазақстан”) газетінде он жылдай басшылық қызметте болды. Партияның дәуірлеп тұрған уақыты. Жауаптылық қандай еді?! Түннің бір уағына дейін ертең жарық көретін газет беттерін үйге алдырып оқитын. Соған қарамастан, ертеңінде жұмыс орнынан табылатын. Және соның арасынан уақыт тауып үнемі шығармашылық жұмыспен де айналысатындығын айтсаңызшы! Не деген қайрат-жігер! Біз ондайда аяғымызды ұшынан басып, дыбыс шығармайтынбыз. Баламыз ғой, теледидар көргіміз келетін, ондайда әкем де біздің жанымызға келіп аз-маз тізе бүгетін-ді. Сәлден соң, оның бізге берер түгі жоқтығын сезген соң “пустой фильм, одан кітап оқығандарың пайдалы” дейтін де өшіріп тастайтын. Біз әкемізге қарсы бір ауыз сөз айта алмайтынмыз. Қорыққандықтан емес, сыйлағандықтан, тәрбиеден. Ол кісінің айтқаны заң. Қазіргі балаларға ондай оғаш қылық танытып, теледидарды тілге келмей сөндіріп көріңіз, өңмеңдеп өре түрегелер еді.
Әсіреқызылдан бойын аулақ ұстайтын, ұстамдылық пен қарапайымдылықты медет тұтты. Лауазымды қызметте жүргенде де дүние жинамайтын, қымбат жиһаз, мәшине, алтын-күміс дегендерді жанына жуытпайтын. Бізді міндетті түрде жексенбі сайын қала сыртындағы саяжайға қара жұмыс істеуге апаратын. Оның өзі шап-шағын еді, құрал-сайман сақтауға, жаңбырдан бас сауғалауға ғана жарайтын. Жасыратыны жоқ, біз қаражаттан қиындық көрмей өстік. Соған қарамай сол әкемнің ұстамдылығы мен қарапайымдылығының арқасы болар, жұрттың аяғын ала түрлі-түсті теледидардың өзін сексенінші жылдары ғана көре бастадық. Оның өзінде достары мен жолдастарының қолқалауымен. 1980 жылы Мәскеуде Олимпиада өтіп жатты, бокстан финалға Серік Қонақбаев шығатын күні ғана сатып алғанымыз әлі есімде.
Қарапайымдылық біздің санамызға да ерте сіңісті. Әкем біздерге “бестік баға, қызыл диплом, лениндік стипендия үшін оқудың қажеті шамалы” дегенді шегелеп айтатын. Бәрінен бұрын зердемен ұғынған білімді қатты бағалайтын. Мен мектепті өте жақсы бағамен тәмамдадым, спортпен айналыстым, қатарымның алды болдым. Бірақ мені Мәскеуге МИМО-ға жібермеді. Мәселе “бармайсың” деген бір ауыз сөзбен бітті. Ешкім қарсы келген жоқ, оның себебін де ежіктеп талдап жатпады. Ал інім Ерлан Мәскеу университетін қызыл дипломмен бітіріп шықты.
Бір жағынан күлкілі болса да енді айтуға болар, әкем қызметтік көлігіне бөгде адамды мінгізбейтін. Жұрттың жүгіртпе сөздерінен аулақ жүрейінші дей ме қайдам, тіпті анамыз Күләштің өзіне көп кеңшілік жасала бермейтін. Бірде, ҚазМУ-дің заң факультетінде оқып жүрген кезім еді, сабақтан кешігіп қалатын болған соң мәшинеңізбен жетіп алайын деп өтіндім. “Жоқ, болмайды, үйден уақытымен шығуға үйрен”, деп тыйып тастады. Екінші қайтара сұраудың өзі ыңғайсыз еді.
Бұрын “депутаттық зал” деген болды ғой, лауазымды қызметкерлер әуежайда сол жер арқылы өтетін. Іссапарға әкемді көбіне-көп мен күтіп алып, шығарып салатынмын. Сонда айтам ғой баяғы: “Мына залдан өтуге сіздің де құқыңыз бар, мүмкіндікті неге пайдаланбайсыз?” дегенімде: “Жақсыға бой үйрету оңай, балам, ал одан айырылу тым қымбатқа түседі”, дейтін де жалпы залдан өтетін. Біреулер үшін бұл мінез қожанасырлық секілді боп көрінуі мүмкін. Бірақ біз білетін шындық солай еді.
2. БЕЛСЕНДІЛІГІМ ІСКЕ АСПАДЫ
Әкемнің сырқаттанып жүрген кезі еді. Айта беретін жаман ауру. Мұның аяғының неге апарып соқтыратындығын өзі жақсы білді. Жанына батса батқан шығар, бірақ біздерге, балаларына онысын аса көп сездіре бермейтін. Барынша көңілді жүруге тырысатын. Заман басқа, уақыт басқа ғой, әрекетсіз қол қусырып қайтіп отырарсың. Совминнің ауруханасына бардым да диагноз қойылған кітапшаны сұратып алдым. Достармен, жақын-жуық ағайындармен ақылдастық. Аурудың ұзын-ырғасын неміс тіліне аудартып Германияға жібердім. Олар сол жаққа шақырды. Операция жасату қажет болды. Әкем алғашында көнбейтіндей рай танытқанымен артынша біздің ұсынысымызды түсіністікпен қабылдады. Одан басқа амал да жоқ еді. Мен қиын сәттерде әкемнің қасында болдым.
Бос уақыт – басты байлық дегенге көбіміз онша мән бермейміз. Сол бос уақыттың қадірін толық түсінген бір адам болса ол–менің әкем еді. Былайғы күндерді айтпағанда ауыр сырқаттанып ауруханада жатқанда да шалқасынан түсіп, алаңсыз дем алғандығын көрмеппін. Үнемі бір нәрселерді оқып, үнемі шұқшиып қағаз қарап отыратын-ды. Оны айтасыз, студент кезімізде жазғы каникулға шыққанда да дереу бізді бір мекеменің қара жұмысына орналастырып қоятын. Мәселен, өз басым ботаникалық бақта, ойыншық фабрикасында жазда бір ай бойы жұмыс істейтінмін. Сондағы табатынымыз 70-80 сом. Оның мәнін кейін ұғынсам, біздің уақытымыз текке өтпесін, ақшаның да қалай табылатындығын және қадірін түсінсін дегені екен. Содан бойға жұққан қасиет болар, мен де кейін ұлымды каникулға шығысымен қара жұмысқа орналастырып қоятын болдым.
Өмірде әке мен бала арасында түсінбестіктердің болып жататындығы белгілі ғой. Біздің басымыздан ондай оғаш оқиға өтпепті. Ержетіп ақыл сұрай барғанда да: “Өзің қалай қарайсың?” деп бар жауапкершілікті алдымен саған қарай ысыратын. Ол жалтару емес, сені өзімен тең дәрежеде санағандығы еді. Алғаш еңбекке араласа бастаған жылдар ғой. Бірде анау жетпейді, бірде мынау жетпейді. Үйленгенсін, көбірек табыс тапқың келеді. 130 сом ақша, жалақының түрі сол. Сосын бір мекемеге жарты айлыққа қосымша заңгер болып орналастым. Екі мекеменің ортасында зыр жүгіріп жүрдік. Бірде сол мекеменің басшысы “бізге бөлім меңгерушісі болып қызметке келуге қалайсың” дегендей өтініш айтты. Жалақысы тәп-тәуір. Сыйақысымен 350 сом, ол кезде бұл екінің бірінің қолы жете бермейтін жалақы. Бірден бүйрегім бұрылды. Ақылдасайыншы деп әкеме келдім. “Бармайсың”, деді салғаннан. Неге бармайтындығымның себебін таратып айтпады. Менің мәселені шешіп қойғандығымды білді де, “өзің біл” деді сөзін салмақтап. Сол жерде 1-2 жылдай жұмыс істедім. Жаман болмаған секілдімін. Бірақ одан ілгері өсе алмадым, ол тұрмақ үлкен жиналыстарға қатысуым да қиындап кетті, іссапарларға шығарда менің аты-жөнім сызылып қалатын. Оның сырын кейін түсіндім әрине, ол мекемеге басшылық жасайтын министр де, оның орынбасары да әкемнің жақын достары екен. Олар болса “досының” баласын әр жерге “сүйрей” беруден қашса керек. Несін қайталай беретіні бар, құлшынып тұрған жас жігітпін, бір орында үйелеп қалғым келмейтіні белгілі. Бірақ менің қызметтік өсу жолым сонымен тұйықталған-ды. Амалсыздан сол мекемеде 3,5 жыл қызмет істедім де, 87-ші жылы жалақысы әлдеқайда төмен қызметке ауыстым.
Өзімше белсенді болғым-ақ келіп еді, бірақ оным жүзеге аспады.
3. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЛӘЗЗАТ
Әрине, шығармашылық шаруамен айналысып, оның ләззатын молынан көргенге не жетсін. Әкем саналы ғұмырында партияның аса жауапты жұмыстарын мойынға жүктесе де, соның арасынан өзіне керекті уақыт тауып шығармашылық жұмыспен айналысатын. Барын берді, жазамын дегенін жазды, ойда жүрген тақырыптарын қағаз бетіне толықтай түсіріп кетті деп айта алмаймын. Оған мүмкіндігі де болмаған шығар. Бірақ соған қарамастан, артына мол мұра қалдыруға тырысты. Бұл жолы әкемнің кітаптарының мазмұнына, қандай-қандай мәселелерді сөз еткеніне тоқталғым келмейді. Ол сірә, әдебиетшілердің міндеті болар. Біз осыдан бес жыл бұрын жазушы Сапар Байжановтың үш томдық прозалық шығармалар жинағын жарыққа шығардық. Оған өзінің жанына жақын шығармаларын кіргізуге тырыстық. Мен орысша оқыдым, университетті де орысша бітірдім. Бірақ бұл ана тілін білмеуге деген сылтау емес, бұл жағынан өкінішімді де жасыра алмаймын. Әкемнің ел тұшынып оқыған дүниелерін енді-енді ғана шын ниет қойып қолға ала бастадым. Кейде қат-қабат шаруаның қайнаған ортасында жүріп осынша кітаптарды қалай жазып үлгерген деп те таң қаламын. “Өз шамамды білемін, – дейтін әкем, – мен классик емеспін, мен публицист, көсемсөзшімін”, дегенін де талай мәрте естігем-ді.
Жасым отыздан аса бастағанда әке мен бала арасындағы жақындық, түсіністік өз жемісін бере бастады. Мен үлкендердің тәрбиесінде болдым дедім ғой, өзімнен кейінгі іні-қарындастарымның әке шаңырағындағы шуақты күндерін мысқалдай қызғанған емеспін. Бәлкім, сәл “сыртта” жүргендігім мені тез есейткен шығар. Иә, әке балаға әркез сыншы. Ол кісі мені алақанына салып бағып-қақпаса да, менің болашағымнан үлкен үмітті болғандығын жақсы түсінемін. Әулетіміздің қат-қабат шаруаларын да барынша бірге ақылдасып шешетінбіз. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін тіпті жақындастық, ағайын-туыстың мұң-мұқтаждарын да көбіне-көп маған жүктегенді іштей ұнатып тұратын. Өмір ғой, біреуінің баласы жұмысқа орналаса алмай жүреді, біреулері оқудан шығып қалады, біреуіне материалдық көмек қажет болады. Бұларды кезінде әкем ешкімге айтпай-ақ өзі тындыратын. Және үлкен шаруа тындырып тастадым деп те міндетсімейтін. Ал сеніп тапсырылған жұмысты алып жүре алмайтындарға қатты ренжитін. Әкеміздің өмір жолы да тақтайдай тегіс болды деп те айта алмас едім. Үстінен орынсыз арыз-шағымдар да жазылып жатты. Соның бәріне салған жерден дауыс көтеріп, шала бүлініп ашуланып жатпайтын. “Құдекеңнің көзі түзу болсын”, дейтін де арқа-басын кеңге салып, өз ауанымен жүре беретін.
Жақындық дегеннен шығады-ау, өз қолым өз аузыма жете бастаған соң тау етегінен шағындау үй сатып алып, отбасыммен сонда тұрдым. Неге екендігін білмеймін, әкем бізбен бірге сол үйде тұруды ұнататын. Әсіресе, ұлым, немересі Әділеттің үстіне шаң жұқтырмайтын. Оған ұрысқандарды кәдімгідей жау санайтын. Біздің үйде алаңсыз екі аптаға дейін тұрған кездері болды. Шыдамаған соң шешем телефон соғады. “Әкелеріңді үйге жіберіңдер, ел-жұрт қайда жоғалып кетті деп іздеп жатыр”, деп кәдімгідей өтініш айтады. Әкем екеуміз түннің бір уағына дейін армансыз сырласатынбыз, өмір, қоғам, айналамыздағы тіршілік жайлы толғанысқа толы әңгімелер шертетінбіз. Сол күндерді қатты сағынамын бұл күн, ақылдасатын да адам жоқ...
Ауызекі тілде айтыла беретін “тегін адам емес” дейтін үйреншікті тіркес бар ғой. Кезінде оның мағынасына мән бермеген екем. Қазір ойға алсам көп нәрсенің дұрыс шешіміне енді көз жеткізгендеймін. Әңгімеміздің бір тұсында әкем 1997 жылы жаман ауруға шалдықты дедім ғой, жүдеп кетті, көз алдымызда жағдайы нашарлай бастады. Дәрігерлер ешқайда апармаңдар, ауруды одан әрі қоздырып аласыңдар деп құдайдың зарын қылды. Көзі ашық адамбыз, тәуекелге бел будық та сырт елге операцияға алып бардық. Германиядағы білікті профессорлар операциядан кейін: “Сіз сауығып кетесіз, ең кемі он-он бес жыл өміріңіз ұзарады”, дегенді қайта-қайта айтатын. Әкем ондайда жылы жымиыспен күлетін де қоятын. “Екі-ақ жыл, екі жыл өмірімді ұзартса, мына дәрігерлердің нағыз әулие болғаны”, деп әзілдейтін. Он-он бес жыл дегенді тіпті аузына да алмайтын, құдайдан сұрағаны екі жыл еді. Операциядан кейін артық-кемі жоқ, тұп-тура екі жыл өмір сүрді. Неге 7, неге 8-9 жыл аузына түспеді деп ойланамын ғой кейіннен. Соған қарағанда нағыз әулие менің әкем екен!
Әкеме сол 1997 жылдың мамырында ауыр операция жасалды, ал келер жылы мен 40 жасқа толдым. Аса бір ауыз толтырып айтарлықтай оқиға емес, әкем ағайын-туыстардың арасында бой жазғысы келді ме, әлде басқадай ой-мақсаты болды ма, бұл тойды мейрамханада атап өтейік деді. Менің дос-жарандарым, жақын-жуықтар жиналды. Тағы да әкемнің көрегендігін, әулиелігін айта кетейін. Жарық дүниедегі өмірінің қаншаға созылатындығын қалай сезіп білген десеңші! Әлде ішкі түйсіктің әсері ме?.. Көзінің тірісінде әулет көшін ілгері апаратын азаматқа да сенім артқысы келген болар. Менен де жасы үлкен, менен де өмірдің құпия сырларын көбірек көрген ағайын-туыс шүкір, баршылық еді ғой. “Байжановтар әулетінің тізгінін мұнан былайғы жерде Ұлан ұстайтын болады. Кәне, кімде қандай пікір бар, қарсы болсаңдар ол ойларыңды да жасырмай айтыңдар”, деп дастарқан үстінде ағынан жарылды. Бәлкім, бізге қалдырған әке аманаты дегеніміз осы болар?! Қал-қадірімізше сол міндетті орындап жүргендігіме тәубе деймін.
Біреулер сұрақ қояды, Сапекең құрметті демалысқа шыққан соң орынсыз өтіп кеткен уақыттың есесін қайтару үшін шамадан тыс көп жұмыс істеді ғой дейді. Дем алуы керек еді ғой дейді. Ал мен мүлде олай ойламас едім, қайта әкем күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеуінің арқасында ғана өмірін ұзарта білді. Ол кісі демалыс дегенді шығармашылық ләззат деп түсінетін. Әдемі ойлары ақ қағаз бетіне дөңгеленіп түскен сәттері одан асқан бақытты адам болмайтын. Онысын әрине, Күләш тәтеме оқып беретін, қаламдас-әріптестерінің де пікірлерін тыңдай білетін. Шығармашылық ләззатқа бөлену де кез келгеннің маңдайына жазылмаған.
4. ҮЛКЕН ПӘТЕР БІЗГЕ БҰЙЫРМАДЫ
Нұрланның үлкенін бауырына басты. Манас атты ұрпағы әкем қырғыз жерінде дем алып жатқанда дүниеге келген-ді. Нұрлан менен де, Ерланнан да бұрын үйленді. Тұңғыш немересінің хабарын естігенде әкем жүрегі жарылардай қатты қуанды. Немересіне батырдың атын қою қажет болса, бізде де батырлар жеткілікті еді ғой. Бұл да жақсы ырымға жорығандығы шығар, тәубе, Манастан кейін де талай немерелері өмір есігін ашты ғой. Өзі көзі тірісінде сегіз немересін көріп кетті. Үш немересі отау құрды. Соның бірінің тойына қатыса алмағаны ғана өкінішті. Құдай тілегін оңғарып, 1983-1984 жылдары, бір жылдың ішінде төрт бірдей ұрпағынан төрт немере сүйді. Сенбі, жексенбі күндері сол немерелерін үйіне жинайтын да, уақытының тапшылығына қарамай соларға да кәдімгідей көңіл бөлетін. Менің ұлым Әділетті тіпті жақсы көрді. Аздап еркелеу болып өсті, сосын кішкене “дұрыс жүр, жүгірме, өзгелерге тиіспе” дегендей ескерту жасаймыз ғой. Біздің ол ескертпемізді де қабақ шыта қабылдайтын: “Бұл балаға ұрыспаңдар, бұл тегін бала емес”, деп ескертетін. “Сіз бізді қалай қатты ұстадыңыз, бұларға соның отыз пайызын жасағанымыз жоқ қой”, дегенімізге пәлендей құлақ аса қоймайтын.
Ерлан мен қарындасым Назым ғана әке жолын жалғастырып журналистік мамандықты таңдады, Нұрлан – қаржы саласының маманы. Айтайын дегенім, әкем тумысынан интернационалист-ті, тірі жанды ұлтына қарап бөлмейтін, бертінге дейін жүзге, руға бөлінуді де іштей ұнатпай жүрді. Сан түрлі мінезді адамдар болады ғой, әкемнің қай облыстың тумасы екендігін де айыра алмай жүретіндер жеткілікті еді. Сұрағандарға: “Оның қажеті қанша?” деп бірден бетін қайырып тастайтын. Әкем байдың тұқымы болған. Ата-әжесі 28-ші жылғы кәмпескеге ұшыраған, қуғын-сүргінді де көп көрген. Ал өзі Жамбыл облысының жерінде өмірге келген, әке-шешесі көшіп-қонып жүріп, ақыры Алматы облысына тұрақтаған. Сапар деген есімнің берілуі де тегін емес-ті.
76-ның желтоқсанында атам қайтыс болды. Әкем қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – “Социалистік Қазақстанның” бас редакторы. Асқа қара құрым ел жиналды. Сонда Семей өңірінен келген бір ақсақал мені жеке бөлмеге шақырып алып, біздің атамекеніміз туралы бұрын-соңды естімеген талай-талай тұшымды әңгімелер айтты. Біздің ата-бабамыздың сүйегінің Шыңғыстау бөктеріндегі Құндыздыда жатқандығын алғаш рет сонда естідім. Кейін жұрт аяғы басылған соң әкемнен шым-шымдап осы жайдың анық-қанығын сұраймын ғой. Сондағы айтқаны: “Сен қазақсың, сұрағандарға қазақпын де де жүре бер. Мұнан артық саған қандай абырой-атақ керек!” дейтін. Ұлы Абайдың 150 жылдығында Семей өңірінде ұлан-асыр дүбірлі той өткендігі күллі жұртқа белгілі. Сонда әкем атаме-кенге барып, аруақтарға дұға бағыштатудың реті енді келді дегендей, бала-шағасын екі мәшинеге салып алып, Шыңғыстауға барып қайтты. Мен бара алмадым, соның алдында ғана мәшинеміз соғылып жараланып қалғанмын. “Саған сақтанып жүру керек, бірінші ескерту алдың, ендігі жолы абай бол”, деді де тастап кетті.
Бірімізден соң біріміз ер жеттік. Біздің үйленіп, отау құруымыз туралы да үй-ішінде ара-кідік әңгімелер айтыла бастады. Күләш тәтемнің арман-мақсатын түсінемін. Өсіп-өнген, көргені мол, елге белгілі адамдармен құда-жекжат болсақ дейді ғой баяғы. Әкеммен тонның ішкі бауындай қарым-қатынаста жүрген дос-жарандарының ұл-қыздары да бізбен бірге есейіп қалған-ды. Әкем соның бірін де тыңдамады, күннен-күнге күшейіп келе жатқан “проблемаға” бірден нүкте қойды. “Кімнің қызы болса оның қызы болсын, ең бастысы –үлкен жүректі таза адам болса болғаны. Сүйікті жарларыңды өздерің таңдаңдар, біз емес, онымен сендер тұрасыңдар”, деп бізге де бірден “бостандық” жариялап жіберді.
Бейне... Әке бейнесі! Жақсы адамның образы күн өткен сайын алыстамайды, күн өткен сайын жақындай түседі екен. Соңғы уақыт бедерінде осы құбылысты анық аңғарғандаймын. Әкемнің есте қалған әрбір қимыл-қозғалысы қымбат, тіпті елеусіздеу деген іс-әрекетінің өзі үлгі-өнеге болып жадымызда мәңгілік сақталып қалыпты. Және соларды бүгінгі күннің безбенімен таразылап көргенде әке бейнесі одан әрі сомдалады, одан әрі биіктейді. Біздің бұрын Орталық Комитеттің меншігіндегі екі бөлмелі шағындау ғана саяжайымыз болатын. Үлкен отбасы үшін мұның тарлық ететіні рас-ты. Жаз бойы сонда тұратынбыз. Жетпісінші жылдың басында әкем аға газеттің басшылығына ауысқан соң лауазымды қызметкерлерге берілетін кеңдеу демалыс үйіне көшіңіз дейді ғой. Әрине, кең жайға көшіп алғанға не жетсін. Неге екендігін қайдам, әкем жеме-жемге келгенде біз қалаған қызметтік үйге қоныстануды қаламады. Біреуден тартып алған жоқ, бәрі заң шеңберінен аспайтын тіршілік қой. “Қалай болды?” деп сұраймыз тықақтап. Біздер үшін әкемнің жауабы да қызық: “Бұл қызметте қанша тұрар дейсіңдер. Ойда-жоқта босай қалсақ, сол ескі саяжайымызға да жете алмай қалып жүрерміз. Үйреніскен мекен-жайымызды ауыстырмай-ақ қоялық”, деп қарап тұр.
Қазаққа пәтер мәселесі қайдан шешілген. Біз үшін сәл түсініксіздеу болған тағы бір жағдайды бастан кештік. Алматының көрікті бір жерінен шығармашылық одақ басшыларына арнап жаңадан келіскен үй салынып жатқан-ды. Әкем сол үйден төрт бөлмелі пәтер алатын болған. Алдын ала алатын пәтерімізді де бәріміз көріп шықтық. Бізге ұнағанда қандай, тұрған жері де керемет. Өкініштісі, сол пәтер бізге бұйырмады. Мәселе былай болған; Қазақстанға “Правданың” меншікті тілшісі жаңадан қызмет бабымен келіп жатады. Әкем Журналистер одағының төрағасы ғой, жауаптылықты мойыннан қалай сыпырып тастасын. Тілшіге пәтер керек. Бірақ ол уақытша адам ғой, ал тақа қиналып бара жатса біз тұрған ескі пәтерді жөндеп беруге неге болмасын. Басқа адам болғанда бұл жағдайды қалай ойластырарын кім білсін, әкем сөзге келместен: “Правданың” тілшісіне менің жаңа пәтерімді беріңіздер”, депті. Бір жағынан күлкілі. Ал әкем оған көп қинала қоймағандай пиғыл танытты.
5. “Сізді жақсы көретінмін, әке!”
Жас адамның жүріс-тұрысы көбірек болады ғой. Кейде үйге түннің бір уағында оралатынбыз. Ұйқы қанбайды. Бірақ әкем оны елемейтін, ол тұрмақ жаңбыр жауып тұр ма, қар жауып тұр ма, бәрібір бізді “тұрыңдар” дейтін бір ауыз “командасымен” оятып алатын да, апыл-ғұпыл киініп стадионнан табылатын. Жүгіретін, футбол, бадминтон ойнайтынбыз. Әкем бадминтон ойнаудың шебері еді. Күләш тәтем екеуі ойнағанда жұрт кәдімгідей таң қалатын. Ширақтықты, жинақылықты, ептілікті жаны сүйетін. Бәрімізді спортқа ертерек баулыды. Мен тіпті үшінші сыныпта оқып жүргенде футбол секциясына қатыстым. Содан жеті жыл бойы қол үзгенім жоқ. Қалалық, республикалық футбол құрама командаларының қатарына қабылдандым. Әкеге баласының кішкентай жетістігінің өзі үлкен қуаныш қой, алдын ала менен қашан футбол ойнайтынымды сұрап білетін. Бір қарасам, әкем бір топ жолдастарымен менің футбол ойнағанымды қызықтап, трибунада отырғанын көретінмін.
Тағы бір көңіліме ұнайтыны әкем өзім деген жолдастарына барынша адал еді, олармен араларынан қыл өтпейтіндей дос болып өтті. Нағыз достықты да сол кісілердің арасынан көретінмін. Қазақ сөз өнеріне өшпестей із қалдырған Кәкімжан Қазыбаев, Ұзақ Бағаев, Шериаздан Елеукенов, Камал Смайылов, Мұқан Мамажановпен құшақтары ажыраған жоқ, Баймырза Дәуренбеков, Қабыш Уәйісов, Қуатжан Досжанов, Төлеухан Кенжебаев, Кекілбай Нүсіпбеков, Молдабек Шолпанбаев, Самратбек Кәрібаев, Анарбек Айтбаев, Жүніс Бектепов, Ғафу Қайырбеков, Кемел Тоқаев, Төрегелді Шарманов, Дәуірхан Айдаров та әкемнің ауыз толтырып айтатын нағыз достары-тын. Бүгіндері бұл кісілердің көбі өмірден озған, бірақ олардан тараған ұрпақпен достығымыз, бауырмалдығымыз жарасқан, бір-бірімізді жақсы білеміз..
Осы толғаныстың бір тұсында балаларымның мен қайда жүрмейін, қайда болмайын орайын келтіріп, телефон арқылы болсын, жүзбе-жүз кездескенде болсын: “Әке, біз сізді жақсы көреміз!” дейтін жүрек жадыратар жақсы сөздерін үнемі құлағыма жеткізіп тұратындығын айттым ғой. Иә, бала әкесін жек көруші ме еді, әке де бала дегенде етінен ет кесіп беруге дайын тұрады. Бұл араны тарқатып айта бастасаңыз әңгіме тіпті түгесілмейді. Бірінен бірі жалғасып кете береді. Мен де шынымен әкемді жақсы көретінмін. Сол үлкендердің тәрбиесінде болғандықтың әсері болар, көзінің тірісінде сол жалғыз ауыз сөзді де естіртіп айта алмадым. Бәлкім, ішімнен мың-сан мәрте қайталаған да шығармын. Оны кім санапты.
Бүгін... әке мерейтойының қарсаңында сол парызды өтеудің сәті түскен тәрізді. Сізді жақсы көретінмін, әке!.. Бұл сөзді ол кісі бәрібір естиді.Ішкі түйсік соған меңзейді. Естиді. Естігенде орнынан бір аунап түсер. Біздің қолдан одан басқа не келеді?!
Ұлан БАЙЖАНОВ.
_____________________________________________________
Суреттерде: С.Байжанов және ұлы Ұлан, 1968 ж; Сапекең немересімен бірге.
Автор туралы анықтама:
Ұлан Сапарұлы Байжанов 1958 жылы туған. ҚазМУ-дің заң факультетін бітірген. 1987-1991 жылдары Алматы қалалық атқару комитетінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1991-1995 жылдары Алматы қаласындағы әділет басқармасының бастығы және Әділет министрлігінің алқа мүшесі болды. 1997-1999 жылдары “Қазақтелеком” АҚ вице-президенті, 1999-2002 жылдары ҚР мемлекеттік Кіріс министрлігінің вице-министрі, ал 2003 жылдан 2008 жылға дейін “ҚазМұнайГаз” АҚ атқарушы директоры, “ҚазМұнайТеңіз” АҚ бас директорының орынбасары, “ҚазМұнайГазКонсалтинг” АҚ президенті, “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ аппарат басшысы және Бизнесті қолдау мен құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі вице-президенті қызметтерін атқарды. Қазір “Самұрық-Қазына” АҚ басқарушы директоры.