27 Қазан, 2010

Шоқан дүниетанымы: бұрынғы ұғымға жаңа көзқарас

958 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Қазақ халқының ұлы перзенті, аса көрнекті ойшыл, ағартушы-демократ Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың (1835-1865) заңғар тұлғасы мен шығармашылық мұрасы әр қы­рынан сараланып, өз бағасын алып келеді. Оның дүниетанымы, әлеуметтік-саяси және эко­но­микалық көзқарастары, шығыстанушы, тарихшы, географ, этнограф ретіндегі бітімі, әдебиет, тіл мен өнер мәселелері жөніндегі мұралары сан алуан еңбектердің арқауы болды. Кеңес өкіметі тұсында академик Ә.Марғұланның құрастыруымен Ш. Уәлихановтың “Бес томдық шығармалар жинағы” жарық көрді. Басылым материалдары тақырыптық принцип негізінде орналастырылып, әр томның соңында көлемді түсіндірмелер берілді.  Сонымен бірге еңбек жоласты ескертулермен, есімдік, географиялық, этностық көрсеткіштермен жабдықталды. Қысқаша сөзбен айтқанда, Ә.Марғұлан нұсқасы археографиялық ережелер талаптарына толық сәйкес жасалды. Жинақтың алғашқы төрт томы мәтіндік материалдарды құрады, ал бесінші томы ғалымның эпистолярлық мұрасына арналды. Ш.Уәлихановтың шығармашылық мұрасын жоғары бағалаудың шырқау шегі оның туғанына 150 жыл толуына орай орын алған шаралар кезінде жеткен секілді. ЮНЕСКО-ның Орталық Азия мәдениетін зерттеу жөніндегі халықаралық ассоциациясының КСРО Ғылым академиясы мен Қазақ КСР Ғылым академиясы бірлесе ұйымдастырған халықаралық конференция аясында өткізілген дөңгелек үстел мәжілісінде Тәжік КСР Ғылым академиясының президенті М.С.Асимов қазақ перзентінің “әлемдік өркениетке қосқан зор үлесін” атап көрсетіп: “Шоқан өз халқының және Орта Азия халықтарының этногенезі мен этностық тарихи проблемаларын зерттеудің негізін салушылардың бірі, ... әлем халқын үлкен жүрегімен аялай сүйген ұлы гуманист, терең ғұлама”, деп жүрекжарды сөздерін айтты. Пәкстандық ғалым Ахмад Хасан Дани, Тегеран мемлекеттік университетінің профессоры Реза Шебани Самгхабарди Ш.Уәлихановты “адамзатқа ортақ тұлға” деп атады. 1985 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бір топ ғалымдары “Бес томдық шығармалар жинағын”, материалдарын хронологиялық принцип негізінде орналастырып, қайта бастырып шығарды. Осы жылы қазақ ғалымының таңдамалы еңбектерінің қазақ тіліндегі екінші басылымы жарық көрді. Оған Ш.Уәлихановтың маңызды-маңызды деп танылған шығармалары енгенімен, басылым оқырмандар сұранысын өтеді деуге негіз жоқ. Сол себепті биыл шығармалар жинағының 1985 жылғы нұсқасын ҚР Мәдени саясат және өнер институты қазақ тіліне аударып оқырмандарға ұсынды. Ғалымның туғанына биыл 175 жыл толуына орай республикада және одан тыс жерлерде басқа да шаралар өткізіліп жатыр. Бірақ осылардың көпшілігінде бұрынғы кеңес заманында қалыптасқан үрдістер арылған жоқ. Шоқанды “қазақ халқын Ресейдің қоластында ғана өмір сүруге шақырған”, “ислам дініне үзілді-кесілді қарсы шыққан” тұлға ретінде танушылық та, оның баға жетпес бай мұрасын барлаушылық қызметімен шатастыру­шы­лық та қылаң беріп келеді. Иә, Шоқан Уәлиханов Ресей империясы сыртқы барлауының офицері болды, осыған орай әрекет етті, хаттарында орыс зиялыларына “өз халқының болашағы Ресеймен байланысты” деп жазғаны да рас. Барлаушылық жұмыстың үнемі бақылауда болатынын жақсы ұққан ол басқа не айта алатын еді?! Бірақ ол талай сырын айтып та, жазып та кетті. Елі­міздің тәуелсіздігі жағдайында Шоқан “құпия­сының” ашылатын, шығармашылық мұрасының қайта пайымдалатын кезі келді. ШОҚАННЫҢ ӨЗГЕ ӘЛЕМІ Ш. Уәлиханов – өз халқы мен орыс мәдение­тінің перзенті ғана емес, әлемдік өркениеттің озық ой-пікірлері, рухани қазынасы негізінде қалыптасқан ұлы тұлға. Өз дамуында алға кеткен елдердің оқу-білім, ғылым саласындағы жетістіктерімен жете танысу үшін Шоқан кадет корпусында жүргенінің өзінде шет тілдерді оқып үйренуге зер салды. П.П.Се­менов – Тянь-Шанский Шоқанның тілдерді үй­ренудегі аса қабілеттілігін, француз, неміс тілдерін жақсы меңгергендігін жазады. Түрік және қытай тілдері арасындағы байла­ныс­тар мен бұл тілдердегі кейбір сөздердің этимо­ло­гиясы туралы Шоқанның ескертулері оның қытай тілін де оқи бастағанын көрсетеді. Ол құрастырған “Қытай, монғол және түрік сөздерінің сөздігі” осы­ны меңзейді. Сыртқы істер министрлігі мұра­ға­тында сақталған Шоқан Уәлихановтың жеке қорын­да қазақ ғалымының өз қолымен монғол тілінде жазылған оншақты бет материалдың ұшырасуы кездейсоқ нәрсе емес. Ғалымдар Шоқанның араб тілін білгендігі жө­нінде де жорамал жасайды. Оған қазақ, татар, өзбек, қырғыз, ұйғыр және басқа да туыстас тілдерде түсінісу де, жаза білу де қиынға соқпаған. Ш.Уәлихановтың еңбектерінде хакас, чулым, якут тілдері жөнінде де мәліметтер ұшырасады. Қазақ ғалымының дүние жүзі халықтарының тілін білуге құштарлығы оның әлем өркениетін танып-білуге ұмтылысынан туындаған еді. Себебі ол халықтың тілін білмей, оның тарихы мен мә­дениетін шынайы зерттеу мүмкін емес деп есептеді. Басқа тілдерді білу Шоқанға батыс елдерінің тарихы және мәдениетімен танысуға жол ашады. Студент­тік кезінің өзінде ол ағылшын, француз, неміс әде­биетінің үздік туындыларын оқи бастайды. Кейі­нірек Г.Н.Потанин: “Ағылшын әдебиеті жөнінде, көбіне аудармалар бойынша, әрине Шоқаннан құлақтанатынбыз. Ол Англия және ағылшын өмірі туралы оқуды жақсы көретін”, – деп еске алады. Шоқан әсіресе, Чарльз Диккенс (1812-1870) пен Уильям Теккерейдің (1811-1863) шығармаларын ерекше ұнатады. Нақтылы мәліметтер болма­ғанымен, өз табиғатына орай Шоқан Ч.Диккенстің “Пиквик клубының өлгеннен кейінгі жазбалары” (1837) атты юморлық сарында жазылған, “Оливер Твистің басынан кешкендері (1838), “Николас Никльби” (1839) деген өзекті қоғамдық тақырып­тарды қозғайтын романдарын, У.Теккерейдің бур­жуазиялық қоғамдағы екіжүзділік пен дүние­қо­ңыздықты әшкерелейтін “Даңққұмарлар жәр­мең­кесі” (1848) деген романын оқығанға ұқсайды. Шоқан Батыстың әдеби есімдері ішінен Джордж Байрон (1788-1824) мен Генрих Гейнені (1797-1856) құрмет тұтады. Ағылшын ақынының шығыс тақырыптарына жазылған поэмалары да, “Дон Жуан” сатиралық поэмасы да Шоқанды бей-жай қалдырмаса керек. В.А.Обручевтің: “Потаниннің саяси ой-өрісін кеңейту мақсатында Шоқан оны “1848 жылғы революция дабылшысы” Гейненің шығармаларымен таныстырды” (Уәлиханов Ш. Көп томдық шығарма­лар жинағы. Алматы, 2010. Бесінші том. 433-б.) деуіне қарағанда, лирикалық және саяси поэзияның асқан шебері есептелетін неміс ақынының еркіндік сүйгіштік пен кекесінге толы “Өлеңдер кітабы” (1827), феодалдық-монархиялық Германияны мысқыл жебесіне алған, сонымен бірге революциялық-демократиялық ой ұшқындары да орын алған “Атта Троль” (1843) және “Германия. Қысқы ертегі” поэмалары қазақ ғалымының дүниетанымы көкжиегін кеңейте түскен. Шоқанның назарынан Г.Гейненің “Германиядағы дін мен философия тарихына” деген публицистикалық кітабы да тыс қалмаса керек. Ш.Уәлиханов дүниетанымының қалыптасуына батыс философтарының еңбектері ерекше ықпал еткен. Оның назарына ең алдымен француз философы Жан Жак Руссоның (1712-1778) “Ғылым мен өнер жайындағы пайымдаулар”, “Адамдар арасындағы теңсіздіктің шығуы мен негіздері жөніндегі” еңбектері ілігеді. “Қоғамдық шарт” туралы ілімдегі француз философының әділетті қоғамға көшу жолдарын іздестіруі де Шоқанның көңіл-күй ауанына қозғалыс береді. Кейін Шоқан шығармаларының бір арнасын қазақ қоғамындағы теңдік, теңсіздік мәселелері құрайды. Ш.Уәлихановтың еңбектерінде неміс ақыны, ағартушы И.В.Гетенің (1749-1832), неміс философы М. Канттың (1724-1804), француз жазушысы Жорж Сандтың (1804-1876), ағылшын философы, экономист және қоғам қайраткері Джон Стюарт Милльдің (1806-1873) есімдері кездеседі. Соңғы автордың “Бостандық туралы”, “Мазмұнды басқару туралы” еңбектерінде буржуазиялық реформизм жөніндегі пайымдауларына зейін қойса, ағылшын тарихшысы, әрі философы Генри Томас Бокльдің (1821-1862) “Англиядағы өркениет тарихы” (1857-1861) деген еңбегін оқып, ондағы адамзат тарихын­дағы ақыл-ой дамуының мән-маңызын жоғары қойған тұжырымдары өзінің де оқу-білім арқылы отандастарын өз дамуында алға кеткен халықтар қатарына қосуды армандаған пікірлеріне үндес келеді. Ағылшын философы, әрі тарихшысы Томас Карлейльдің (1795-1881) 1837 жылы жарық көрген “Франция революциясының тарихы” деген үш томдық кітабын Шоқан түпнұсқада, ағылшын тілінде оқыған секілді. Шоқан көптеген елдердің қоғамдық өміріне ықпал етіп келе жатқан ұлы Француз революциясының тарихымен танысуды аса қажеттілік ретінде санап, кітапты оқып қана қоймай, оны конспектілеп, өз еңбектерінде бірнеше жерде пайдаланады. Қазақтар арасындағы шамандық туралы еңбегінде Ш. Уәлиханов “Көк тәңіріне табынатын шамандық жөніндегі тамаша түсініктемені біз Карлейльдің жауабынан табамыз” деп жазады. Шоқан Карлейльдің еңбектерінен “Тұлға және тарихтағы тұлғалық” деген туындысындағы кейбір ой-пікірлеріне сілтеме жасайды. Қазақ ғалымының еңбектерін парақтай отырып, оның Берлин университетінің профессоры Генрих Гнейстің (1816-1895) “Англия мемлекеттік мекемелерінің тарихы”, Оксфорд университетінің профессоры Блэкстон Уильямның “Ағылшын заңдарына түсінік” деген, француз ғалымы Шарль Конттың (1782-1832) Француз революциясы идеяларын қуаттаған еңбектерімен таныс болғанын көреміз. Жаңа реформалық теориялар, олардың ішінде француз ғалымы Жорж Кювьенің (1769-1832) эволюциялық теориясы Шоқанды қоғам мен табиғаттағы өзгерістердің ұзақ мерзімді дамудың нәтижесі екендігі, олардың заңдылықтары мен сипаты туралы түсініктермен байытады. Қоғам дамуындағы түрлі факторлардың, олардың ішінде қоршаған ортаның рөлі жөніндегі тұжырымдарымен қанығады. “Алтышар немесе Қашқария туралы” деген еңбегінде Шоқан: “Шығыс Түркістанда мұсылмандық фанатизмнің күшті болуының себебі, әрине, елдің географиялық жағдайына байланысты”, – деп жазады. Бұған қарағанда, қазақ ғалымының материалистік көзқарастарына “географиялық мектеп” өкілдерінің еңбектері біршама әсер еткен секілді. Алайда оның пікірінше, адамзат өз дамуында жоғары сатыларға көтерілген сайын географиялық фактордың қоғамға ықпалы әлсірей түседі. “Тайпалық организм жағдайында оны қоршаған орта, ауа райы, жер жағдайы бірінші кезекке қойылуы керек, себебі адамның ояну сезімі, керекті физикалық құбылыс пен әлеуметтік жағдайдың біртұтас әсеріне байланысты емес пе”, – деп жазады. “Сот реформасы туралы жазба” (28 ақпан, 1864 ж.) деген еңбегінде Ш. Уә­ли­хановтың қоғам дамуы теорияларымен және Фран­цуз буржуазиялық революциясы тарихымен жете танысуы оның ой өрісін өлшеусіз кеңейтеді. Соның нәтижесінде ол осы еңбегінде: “1793 жылдан бері Еу­ропада болған барлық төңкерістер өкіметтің бос­тандық үшін болған халық қозғалысын басып тастауға деген жалғыз-ақ ұмтылысы салдарынан орын алды”, – деп ашық айтады( Сонда. Төртінші том. 85-86 б.). “Ағартушылық” – прогресшіл идеялық қозғалыс болғандығы, оның оқу-білім арқылы қоғамда әділет­тілік орнатқысы келгендігі мәлім. Шоқан XVІІІ ға­сыр­дағы батыс ағартушылары болсын, не XІX ғасыр­дың бірінші жартысындағы орыс ағартушылары бол­сын – бәріне де өзінің ой өрісі тұрғысынан қарады. Қуатты талантының арқасында бұл идеялық ағымның күнгей де, көлеңкелі тұстарын көре білді. Ол “халық­шылардың” оқу-білім саласындағы ұстанымдарына қарсы шығып, ақыл-ой жеке бір халықтың мо­но­полиясы емес деп санады. Біз “тар шеңберлі” халық­шылдар теориясын қабылдай алмаймыз, “еуропалық, адамзаттық білімді игеру және оған жету жолындағы барлық кедергілермен батыл күресу даму мен мәдениетке қабілетті әр халықтың түпкі мақсаты болуы керек”, – дейді. Ағартушылық ісінде ұлттық, мемлекеттік, не бол­маса басқа да шектеушілікке жол берілмеуі жөніндегі Шоқан ұстанымы жаңа ғана Қазақстанды өзіне қаратқан Ресей империясының “өркениеттік рөлі” жөніндегі ресми идеологияға қарсы бағытталған еді. Ш.Уәлихановтың өз халқын батысеуропалық және адамзаттық мәдени құндылықтар негізінде өсіп жетілуін қалағандығы – талассыз ақиқат. Шоқан дүниетанымының бастауларын тек “орыстық ортадан” іздестіру, оны бірде А. И. Герценнің, бірде Н.Г.Чер­ны­шевскийдің идеялық ұстанымдарына қарай жете­леп, одан “революционер” жасауға тырысушылық қазақ ғалымының интеллектуалдық әлемін, арман-тілегін толық сипаттап бере алмайды. Қазақ перзентінің феодалдық-крепостниктік Ресейдің қоғамдық ой-пікірі аясынан шығып, әлемдік деңгейге көтерілгені, жанамалап болса да, орыс зиялылыры тарапынан да мойындалған. Әдебиеттанушы, Петербург Ғылым академиясының академигі, Н.Г.Чернышевскийдің жақын досы А. Н. Пыпин (1833-1904): “Уәлихановты жақын білген адамдар өзінің көңіл ауаны, ойлау бағыт-бағдары жа­ғынан оның орыс батысшылы болғандығын айтады”, – деп баға берген (Сонда. Бірінші том. 73-б.). Н.М.Яд­ринцев те Шоқанның өз халқын өмірінің со­ңы­на дейін сүйіп өткендігін, оның еуропалық білім бұ­лағынан сусындауын армандағанын еске алады (Сонда. 31-бет). Осы сарындас пікірді П.П.Семенов Тянь-Шанский де айтады: “Уәлиханов өз еліне жан-тәнімен берілген еді, ол қазақ өмірін сүйетін, соны­мен бірге батыс өркениетін жоғары бағалай алды”, – дейді. Осы сөйлемді орыс ғалымы: “Ш.Уәлиханов өз халқының жарқын болашағы Ресейдің қамқор­лы­ғына ғана байланысты екенін қиядан болжады”, деп жалғастырады. Бұл тұжырымның қазақ жерлері мен Орта Азия хандықтарының Ресей қоластына алынып, орыс қаруының “даңқы” шырқап тұрған кездегі империялық идеологияның көрінісі екендігі, оны Кауфман мен Черняев те, Чернышевский мен Достоевский де бөліскенігі құпия емес. Ал Ш. Уәлиханов үшін әскери антының жалғасы іспеттес бұл сөздер-метрополияға (Ресейге) адалды­ғын айғақтайтын өзге ұлт өкілінің аузынан міндетті түрде айтылуға тиісті сөздер екендігі, бірақ оның шынайы наным-сенімнен туындамағаны белгілі. Ресей армиясы Бас штабының, Сыртқы істер минис­тр­лігі мен басқа да ведомстволардың жіті бақы­лау­ында жүрген, П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің де, Ф.М.Достоевскийдің де қазақ, өзбек, т.б. “жатжұрт­тықтар” жөніндегі көзқарастарын тым жақсы білетін Ш.Уәлиханов секілді ғұлама ғалымның оларға басқа не айтуы мүмкін?! Орыс зиялыларынан түрік-мұ­сыл­ман халықтарын тарих субъектісі ретінде танып, олардың жеке дара өмір сүруін, бөлек мемлекет бо­луын қолдаған, тіпті, бірлі-жарым өкілдерін тап басып айту қиын. Сол кездің өзінде-ақ қазақ даласындағы орыс әкімшілігінің зорлық-зомбылықтарын көзімен көрген, Шоқан халықтың прогресс жолына түсуінің алғы­шарттары ретінде: “Өркендеудің қандай сатысында тұрса да, халықтың қалыпты өсуі үшін өздігінен дамуы, өзін-өзі қорғай білуі, өзін-өзі басқаруы және өзіндік сот жүргізу ісі қажет”,­ – деп көрсеткен (Сонда. Төртінші том. 103 б.). Шоқан философиясының өзегі ретінде танылуға тиісті бұл сөздеріне қарағанда, ол “өзін-өзі басқару” принципін халықтың ұлттық бостандығы ретінде түсінген (Сонда. Бірінші том. 66 б.). Батыс ғалымдарының философиялық-публи­цис­тикалық трактаттарын, 1793 жылғы Француз рево­лю­циясы тарихын құмарта оқыған Ш. Уәлихановтың Парижде болып қайтуы – заңдылық. Оның 1860 жылдың 4 қарашасында әкесіне жазған хатында: “Құдай бұйыртса, бір айдан кейін Петербордан Па­рижге аттанамын. Ақшаны қарызға аламын, мұндағы бір кісіден. Сол себепті Сіздің жіберген ақшаңыз мені Петербордан таппас”, – деп хабарлайды. Хат сарынынан Шоқанның, ауылынан ақша келіп үлгергенше күтпей, Парижге кеткелі тұрғаны байқа­лады. Франциядағы орыс елшілігінде істейтін А.Е.Вран­гель: “Мен оны кейін Петерборда және Па­рижде кездестірдім”, – деп есіне алады (Сонда. Бе­сінші том. 231б.). Шоқанның Парижде болғандығын академик Ә. Х. Марғұлан да қолдайды. “Кейбір жанама мәліметтерге қарағанда, – деп жазады ол, – Шоқан Еуропаға барар жолда Украинада, Қырымда, Молдавияда болып, сосын Францияға барған да, Германия арқылы Петерборға оралған. Парижге ол досы Д.И.Романовскиймен бірге 1860 жылдың аяғы – 1861 жылдың басы кезінде болғанға ұқсайды” (Вестник АН КазССР. 1966. № 10 (258). С. 29). Франция, Германия секілді елдер тұрғындарының материалдық жай-күйі мен мәдениеті аса сезімтал қазақ ғалымын ойландырғанын дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас. Әрине, осы сапардан кейінгі Шоқанның ой-толғамдарында кейбір өзгерістердің орын алғандығы оның 1861-1865 жылдар аралығындағы жазбалар мен хаттарынан айқын байқалады. Оны өз халқының болашағы, тарих сахнасында сақталып қалу мәселелері көп толғандырады. ШОҚАН ШЫҚҚАН ШЫҢ Қай жазба, қай еңбегін алып қарамайық, Шоқан ең алдымен өз халқының тарихын жете зерттеуге ұмтылады. Қазақтардың шығу тегін зерделеу Шоқан үшін ғылыми-теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан да маңызды болатын. Халыққа өз атауын қайтару, оның этностық бірегейлігін анықтау жер-суына ие болуы үшін, отарлық үстемдік жағдайында жойылып кетпеуі үшін қажет болғандығын патша идеологтары әуел баста аңғара алмай да қалған шығар. Қазақтардың “қырғыздар”, “қырғыз-қайсақтар” аталуы уақыт өте келе оның тарихсыз халық, басқа жақтан ауып келген “келімсек” аталуына жол ашатын еді. Бұл болса өз кезегінде қазақтың байырғы атамекенінен айырылуына әкелетін. Ш.Уәлиханов Ресейдің оңтүстік-шығысынан Сібірдің оңтүстігіне дейінгі Жоңғария, Қытай мен Қоқан хандығы аралығындағы байтақ өлкеде қоныстанған халықтың шын атауы – қазақтар деп, қазақтар мен қырғыздардың екі бөлек халық екендігін, оларды шатастырмау керектігін ескертеді. Қазақ халқының этногенезі, қалыптасу уақыты, этностық құрамы, тілі, мәдениеті, шаруашылығы, “қазақ” атауының әлеуметтік және этностық мәні секілді аса күрделі мәселелерді зерттеуде ол тарих қана емес, онымен бірге археология, этнография, антропология, география, лингвистика, т.б. ғылым салаларының жетістіктеріне сүйенеді. Қаңлы, шанышқылы, керейттер, уыздар (оғыз­дар), қыпшақтар, печенегтер, дулат, үйсін, жалай­ырлар, наймандар, керейлер, т.б. ру-тайпалардың көне замандағы қоныстары жөніндегі мағлұматтарды жинастырады. Кіші жүз тайпаларының автох­тон­дығын айтады. Қазақ жүздерінің қалыптасуы жөнінде өз пікірлерін білдіреді. Көшпелі халықтар тарихын, олардың шығу тегін зерттеудегі Шоқан Уәлихановтың методологиялық ұстанымы өзінің прогресшілдігі, танымдық әлеуетінің кеңдігі тұрғысынан батыс және орыс ғалымдарының ғылыми жетістіктерінен әлдеқайда алға кеткен болатын. Ол Орта Азияның құнарлы жайлаулары мен өзен-суы мол ұлан-байтақ далаларында ерте заман­дар­дан жеке-жеке көшпелі ұрпақтардың сансыз көп ордалары мекендегенін, олардың өздерінің қоныс­тарын үнемі ауыстырып, әртүрлі аттармен, бірде өз ұрпағының атымен, бірде бірнеше ру бірігіп, әлді де беделді рудың атымен аталып келгендігін жазады. Мұнан “қазақ” атауымен біздің халқымыз XV ға­сырдың ортасында тарих сахнасында пайда болға­нымен, оның құрамына енген ру-тайпалардың осы өңірді көне заманнан бері мекендеп келе жатқандығы туралы тұжырым туындайды. Көшпелі тайпалардың шыққан тегі мен тарихын зерттеуде, аталмыш жағдай, яғни олардың үнемі қо­ныс аударып отыруы, оның үстіне бірден-бір мәлімет көзі болып саналатын қытай жылнамалары мен шы­ғыс хроникаларындағы бірізділіктің жоқтығы Шо­қан­ға үлкен қиындықтар туғызады. Бұл жағдайды қазақ ғалымының өзі де атап өтеді. “Қырғыздар туралы жазбалар” еңбегінде ол: “Көшпелі тайпалардың және жазу-сызуы болмаған жалпы халықтың тарихи фактілерге емес, жартылай ертегіге ұқсас аңызға негізделген, сонымен бірге бізге тек қытай мен шығыс тарихшыларынан алынған, біріне-бірі қайшы, бұлыңғыр... түрде жетуде, осылайша олардың көне заманғы тағдыры талай сыр түйген жұмбақ күйінде қалуда”, – деп жазады (Сонда. Екінші том. 53-б.). Ш.Уәлиханов қазақ халқының бастауларын зерт­теу барысында Рашид-ад-диннің “Жами ат-тауарих”, Мұхаммед Хайдардың “Тарих и-Рашидиі”, Қадыр­ғали Жалаиридің “Жами ат-тауарих”, т.б. шығыс ғұламаларының еңбектеріндегі мағлұматтарды орыс деректерімен, даланың ауызша тарихнамасындағы мәліметтерімен салыстыра отырып өзінің ой әлемінде қорытады. Алтын Орда хандарының жарлықтарын, Әбілғазының “Түрік шежіресін”, И. Н. Березин ба­сылымы бойынша “Шейбани-намені”, кейін “Бабыр намені” оқиды. Омбы, Санкт-Петербург қалала­рының мұрағат қорларын парақтайды. Осының нәтижесінде ғалымның қазақ этногенезі туралы “Қырғыз шежіресі”, “Жоңғария очерктері”, “Қырғыздар туралы жазбалар”, “Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының аңыздары...”, т.б. еңбектері дүниеге келеді. Оларда Шоқан қазақ, қырғыз жерлеріндегі ерте заманғы қала мәдениетінің, суландыру жүйелерінің қалдық­тарына, сәулет өнерінің ескерткіштеріне ерекше көңіл қояды. “Жоңғария очерктерінде” орта ғасырларда Қазақстан аумағында, әсіресе, Іле аңғарында отырық­шылықтың күшті дамығанын, қазіргі Алматы қаласының Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда және керуен бекеті міндетін атқарғанын атап өтеді. “Абылай” деген мақаласында бұл қайраткердің сыртқы саясаты стратегиясының дипломатиялық жолмен қазақ хандығының тәуелсіз өмір сүріп қалуға, қазақ мүддесіне жат сыртқы күштердің өз үстемдігін орнатуына қарсы бағытталғанын аңғартады. Мұның барлығы көшпелілер жөніндегі еуро­центристік көзқарастарға, қазақтарға орталық жүйеге ыңғайлы тарихи дүниетанымды таңуға ұмтылған патшалық Ресей саясатына қайшы келеді. Шоқан қазақ даласындағы географиялық нысан­дарға, өзендері мен көлдеріне, таулары мен қырат­та­рына, сай-саласы мен қойнауларына, олардың түр­кі­лік-қазақылық атауларына үңіледі. Қазақ жерін Сол­­түстіктен Оңтүстікке, Шығыстан Батысқа дейін кар­­та­ға түсіріп, оған қазақ тілінде (араб қарпінде) түсін­дірмелер береді. Сонымен ол болашақ ұрпаққа оның этностық территориясы туралы баға жетпес тарихи құжаттар қалдырады. Академик Ә.Марғұлан Омбы кадет корпусындағы оқу бағдарламасында Ресей империясының физи­ка­лық және экономикалық географиясы бойынша дә­рістерде Қазақстан географиясына да көп көңіл бө­лін­гендігін айта келіп, алайда бұл: “Оның табиғи байлықтарын игеру мақсатында емес, әскери-стратегиялық тұрғыдан қаралды”, – деп көрсетеді (Марғұлан Ә. Х. Алғы сөз // Көп томдық шығарма­лар жинағы. Бірінші том. 21-б.). Дегенмен қазақ ғалымының географиялық ізде­ністерін оның таза әскери-барлаушылық міндеттерінен туындады, рекогносцировкалық мақсатта жүргізілді деген пайыммен шектеуге бола қоймас. Қазақ халқы мекенінің кеңістігі, өзен-көлдерінің...,т.б. нысан­дар­дың көне атаулары секілді ізденістер халық бо­лашағын ойлаған зерделі жанның қам-қарекеті деуге негіз баршылық. Осыны түсінген патша цензурасы Н.Веселовскийге Шоқан Уәлихановтың жеке мұра­ға­тындағы оның топонимика мен ономастика сала­ла­ры бойынша материалдарын жариялауға рұқсат бер­мейді (Қыстаубаев Б.Тайна Чокана Валиханова. Алматы, 2009. С. 141). Шоқан Уәлихановты тек орыс мектебінің түлегі ретінде ғана қарастырушылар тағы бір мәселеге – оның ғылыми зертханасында батысеуропалық авторлардың географиялық, та­рихи, этнографиялық, лингвистикалық шығар­­ма­ларының кеңінен орын алғанына тоқтала бермейді. Шоқан шығармаларының деректемелік негізі Геродоттың “Тарихы” мен “Византия жылнама­ларынан” бастап XІX ғасырдың орта кезіндегі батыс саяхатшыларының еңбектеріндегі қазақ, қырғыз, ноғай, өзбек, түркімен, ұйғыр халықтарына қатысты барлық мағлұматтарды қамтиды. Олардың ішінен ежелгі грек ғалымы, географ Клавдий Птоломейге, Рим ақыны Квинт Горацийге, ортағасырлық саяхатшылар Марко Поло мен Ганс Шильтбергерге сілтемелер жасалған. “Іле өлкесінің географиялық очеркінде” Плано Карпинидің Қарақорымға келген кезінде “қымыз атып тұрған фонтанды” су­рет­теуіне зер салса, “Қырғыз шежіресінде” Г.Шильт­­­бергердің Кебек, Керей-Берді, Едіге, Құлыншақ секілді хан, батырлардың араларындағы күрделі қарым-қатынастар жөнінде жазғандарына тоқталады. Қырғыздардың мекені жөніндегі монғолдардың Мөңке ханына жіберілген Людовик ІX-ның елшісі Вильгелм Рубруктың, одан кейінгі Г. Клапроттың мәліметтерін салыстыра келіп: “Қырғыз халқының бүгінгі Алатау ордасының тұрған жерін ертеден бері мекендейтінін Абель Ремюза берген тамаша факт және Риттердің Erdkunde атты еңбегінен көшіріп алған үзінділеріміз айқын дәлелдейді”, – деп өзінше қорытады. Шоқан неміс географы Карл Риттердің (1779-1859) “Erdkunde von Asіen” (Берлин, 1832-1859) деген классикалық еңбегіне жиі сүйеніп отырады. Неміс ғалымы, жаратылыс зерттеуші Александр Гумбольдттың (1769-1859) 1843 жылғы “Орталық Азия” деген еңбегімен Омбы кадет корпусында жүрген кезінде-ақ француз тілінде танысады. Сол кездегі әйгілі ғалымдар В.Шотт пен Г.Клапрот еңбектерінде қазақтар мен қырғыздар тарихын зерттеуде жіберілген қателіктерді сынға алады. Д.Эрбелоның “Шығыс кітапханасы” атты тарихи-ағартушылық энциклопедиясын да жоғары бағалай отырып, оның да қателіктерін көзден таса қалдырмайды. Қазақ ғалымы XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы католик миссионерлерінің есептерін де Орталық Азия ха­лық­тары тарихының маңызды дерек көзі ретінде са­найды. Әсіресе, Абель Ремюза, Клавдий Визделу, Жо­зеф Дегинь, Станислав Жюльен, Д'Оссон секілді француз авторларының туындыларына ерекше назар аударады. Бұл орайда француз шығыстанушысы А.К. Д'Оссонның (1779-1851) “Монғолдардың Шың­ғыс­ханнан Темір бей немесе Тамерланға дейінгі та­рихы” (Амстердам, 1834-1835) атты төрт томдық ең­бегі мамандар тарапынан өте жоғары бағалан­ған­ды­ғында емес, Шоқан үшін ол кітап көпшілікке бей­мағ­лұм ортағасырлық мұсылман деректерінен жаңа мате­риалдардың келтірілуімен маңызды еді. Д'Оссон Рашид ад-диннің “Жами ат-тауарих”, сонымен бірге Вассафтың, Мирхондтың туындыларын және Париждегі Корольдік кітапханадан табылған еңбектерді кеңінен пайда­лан­ған. Шоқан Д'Оссон­ның осы еңбегін “Қырдағы мұсылмандық туралы” деген жұмысында пайдаға асырған. Еңбектерінің бірінде Шоқан: “Шығыс тарихшы­ларының аңыздарына да талай түсіндірме берушілер табылып, оларды Д'Оссон және басқалары терең зерттеген”, – деп көрсетеді (Көп томдық шығарма­лар жинағы. Екінші том. 55-б.). Жюльен Станислас та (1799-1875), Д'Оссон се­кілді, белгілі шығыстанушы ғалым болатын. Ол бір­қа­тар тарихи шығармаларды қытай тілінен француз ті­ліне аударады. Олардың қатарында қытай саяхат­шысы Сюань-Цзанның (600-664) өмірбаяны да бар. Франция Азиялық қоғамының президенті Абель Ремюзаның (1785-1832) еңбектері де қазақ ғалымы туындыларының деректемелік негізіне қаланады. XІX ғасырдың орта кезіне қарай Орталық Азия Англия мен Ресейдің бәсеке алаңына айналады. 1832 жылы Үндістаннан Ауғанстан арқылы Бұхараға ағылшын офицері Александр Борнс басқарған “дипломатиялық елшілік” аттандырылады. Оның құрамындағы Джон Вуд Амудария өзенінің алабын, ал А. Борнс Арал-Каспий ойпатын зерттеуге кі­ріседі. Олар Бұхарада бір жылдай болып, “Бұхараға, Үндістаннан Кабулға, Татарияға, Персияға саяхат туралы есеп” деген кітап жазады. Орталық Азиядағы ағылшындардың әр қимылын жіті бақылап отырған Ресейде бұл еңбек 1849 жылы орыс тіліне ауда­рылады да, онымен көп кешікпей Шоқан да таны­сып шығады. Онда қазақ ғалымын ағылшын авторы суреттеп жазған Арал теңізіндегі Барсакелмес аралы туралы аңыз мазмұны қызықтырған да болар. Шоқан Орталық Азия тарихы бойынша орта ға­сырлық деректер қатарында Дешті-Қыпшақпен, Ор­та Азия және Шығыс Түркістанмен сауда жүргізген көпестерге жолбасшы ретінде жасалған итальяндық карталарды қарастырады. Франциск және Доминик Пицичанидің (1367) картасы, Каталон картасы (1375), венециандық Фра Мауро (1459) картасының мәліметтерін жазба деректермен салыстырады. Орыс либералдық ой-пікірлері мен батысеуро­па­лық ғалымдардың философиялық-публицисти­ка­лық трактаттары, қазақ халқының ғасырлар бойғы ауыз әдебиетінде қордаланған ғибрат пен өсиет то­ғы­­сында шыңдалған табиғи талант Ш. Уәли­­­­­­ха­новты ғұламалық биікке көтереді. Бұл сөзімізге не­гіз ретінде оның заманауи қоғамдық-публицис­ти­калық ой-пікірдің бастауында тұрғандығын айтсақ та жеткілікті. Ол еуропалық типтегі қазақ интел­лигенциясының қалыптасу процесінің қайнар көзі болды. Шоқанның тарих, этнография, география, қазақ әдебиеті, то­понимика, гидрография, зоология салалары бойынша зерттеу қорытындыларының ғы­лыми маңызы әлі жойылған жоқ. Қазақ халқының қалыптасуы, оның мемлекеттілігі мен мәдениетін зерделеу арқылы өз халқының жаңалыққа құштар­лығы, “өзін-өзі билеген”, өз ісін өзі жүргізген жағдайда білім жетістіктерін қабылдауға қабілеттілігі туралы тұжырым жасайды және онымен әлем жұртшылығын таныстырады. Қазақ халқының этногенезі, автохтондығы, атақонысы, жер-суының ежелгі атаулары туралы Шоқан еңбектері болашақ ұрпақ үшін тәуелсіз Қазақстанның территориялық, этностық тұтастығын сақтап қалу жолындағы аса маңызды тарихи құжат болып табылады. Сол себепті Шоқан шыққан биік ешқашан аласармайды. Сөз соңында даланың дара дарыны туралы ойымыздың жоғарыдағы пікірлермен шектеліп қалмай­ты­нын айтқымыз келеді. Халқымыздың біртуар ұлының шет­елде танылуы, жоғалған жазбаларының тағдыры бө­лек бір әңгіме арқауы. Ол туралы алда баян етпекпіз. Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Алматы. ------------------------------ Суреттерде: Ш.Уәлихановтың еңбектеріндегі өзі  сызып, салған бейнелер.