Қазіргі заманда әртүрлі деңгейдегі, сипаттағы, мәндегі құрылған халықаралық ұйымдар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды жақсартып, қауіп-қатерлер мен жанжалдардың алдын алуға, бәсеңдетуге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, әділет пен ынтымақтастыққа, әр түрлі мемлекеттердің, халықтардың жақындасу ісіне жәрдемдесуге ықпал ете алатын беделге ие болып келеді. Сондай халықаралық ұйымдардың бірі өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасынан бастау алатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы болып табылады.
Бұл ұйымға Қазақстанның 2010 жылғы төрағалығы туралы көп айтылып жатқандықтан, алдымен бұл Ұйымның тарихына, мақсат, міндетіне қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік. 1972 жылы маусымда Брюссель қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жолында күресуші күштердің ассамблеясы өтті. Бұл жиында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі қағидалары жарияланып, жалпыеуропалық кеңес шақыру жөнінде мәлімдеме қабылданды. 1972 жылы 22 қарашада Еуропаның 33 елі және АҚШ пен Канада өкілдері Хельсинкиде көп жақты келіссөздерді бастады. Қатысушы елдердің он бесі НАТО, жетеуі Варшава Шарты ұйымының мүшелері, он екісі бейтарап мемлекеттер болды. Келіссөздерге қатысушылар 1973 жылы шілдеде қорытынды нұсқаның мәтінін жасап, оны “Көгілдір кітап” деп атады және кеңес үш кезеңмен өткізілетін болып келісілді.
Сонымен, Хельсинкиде 1973 жылы 3 шілдеден басталып, Женевада 1973 жылғы 18 қыркүйектен 1975 жылғы 21 шілдені қамти жалғасқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңесті 1975 жылғы 1 тамызда Австрияның, Бельгияның, Болгарияның, Венгрияның, Германия Демократиялық Республикасының, Грекияның, Данияның, Ирландияның, Испанияның, Италияның, Канаданың, Кипрдің, Лихтенштейннің, Люксембургтің, Мальтаның, Монаконың, Нидерландының, Норвегияның, Польшаның, Португалияның, Румынияның, Сан-Мариноның, Қасиетті Тақтың (Ватиканның), Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің, Америка Құрама Штаттарының, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының, Түркияның, Финляндияның, Чехословакияның, Шведцияның және Югославияның жоғары мәртебелі өкілдері аяқтады.
Хельсинки Кеңесінің бастапқы және қорытынды кезеңінде Ұйымға қатысушылардың алдында құрметті қонақ ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының сол кездегі Бас хатшысы Курт Вальдхайм сөз сөйледі. Кеңестің екінші кезеңінің барысында ЮНЕСКО-ның Бас директоры мен БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы да қолдау білдіріп, өз үлестерін қосты.
Хельсинки Кеңесінің дайындық және екінші кезеңдерінің отырыстары кезінде Жерорта теңізі төңірегіндегі Кеңеске қатыспайтын мемлекеттер: Алжир, Египет, Израиль, Марокко, Сирия және Тунис басшылары Кеңестің құрылуына қатысты мәселелерге және күн тәртібінің әртүрлі тармақтары бойынша қолдауларын білдіріп, өз үлестерін қоса алды. Алғашқыда Еуропаның 33 мемлекеті (Албания мен Андоррадан басқалары) мен АҚШ-ты және Канаданы біріктірген бұл ұйымға мүше елдер саны қазіргі уақытта 56-ға жетті.
Хельсинки Кеңесінің Қорытынды актісіне қол қойылуының өзі де оңайлықпен келе қойған жоқ еді. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы әлемге бейбіт өмір сыйлаумен бірге, жаңа қауіп-қатерді де қоса ала келді. Соғыстың аяқталар қарсаңында АҚШ-тың ядролық қаруға ие болып, оның алапат күш екендігін көрсету үшін Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына тастауы, сөйтіп, өзінің үстем держава екендігін сес көрсете дәлелдеуі, 1949 жылы екінші астам держава – КСРО-ның да ядролық қаруға ие болуы, одан кейінгі жанталаса қаруланулар, дүниенің бір-біріне қарсы екі жүйеге бөлінуі, олардың әлемнің барлық түпкірлері үшін үстемдікке ие болуға ұмтылуы және т.б. адамзаттың ортақ үйі – Жер-ананы қауіп-қатерге байлады.
“Қырғи-қабақ соғыстың” бір сәтте-ақ үшінші дүниежүзілік соғысқа айналып кету қаупі адамзатты тағы да ойландырды. Әсіресе, екі дүниежүзілік соғыстың ошағы болған кәрі құрлық – Еуропадағы қауіпсіздік мәселесі көпшілікті алаңдатты. Сондықтан да Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселесі алға қойылды. Екі жүйе арасындағы тайталас пен қарсылық қаншалықты тартысты болса да түптің түбінде парасат-пайым, бейбітшілікке деген ұмтылыс жеңіске жетті. 1975 жылы 1 тамызда Хельсинки қаласында Еуропадағы және тұтас алғанда, дүние жүзіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздіктің арасындағы тығыз байланысты мойындай отырып және өздерінің әрқайсысы үшін халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, барлық халықтардың негізгі құқықтарына, экономикалық және әлеуметтік прогресі мен өмір сүруіне жәрдемдесуге өз үлестерін қосу қажеттігін түсіне отырып, әлемнің 35 елінің басшылары Хельсинки Кеңесінің Қорытынды актісіне қолдарын қойды.
Хельсинки Кеңесіне қатысушы мемлекеттер өздерінің бейбітшілікке, қауіпсіздік пен әділетке және достық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту үдерісіне адалдығын қуаттай отырып, әрқайсының барлық басқа қатысушы мемлекеттермен қатынастарында, олардың саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйелеріне, сондай-ақ олардың көлеміне, географиялық жағдайына, экономикалық даму деңгейіне қарамастан, барлығының да бірінші дәрежелі маңызы бар және өзара қатынастарда басшылыққа алатын негізгі он қағиданы құрметтеп, қолдайтындықтарын және орындайтындықтарын мәлімдеді.
Бұл қағидалар: 1) егеменді теңдік, егемендікке тән құқықтарды құрметтеу; 2) күш немесе күш қатерін қолданбау, қоқан-лоқы жасамау; 3) шекаралардың мызғымастығы; 4) мемлекеттердің аумақтық тұтастығы; 5) дауларды бейбіт жолмен реттеу; 6) ішкі істерге араласпау; 7) адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды, оның ішінде ақыл-ой, ар-ождан, дін және наным бостандықтарын құрметтеу; 8) халықтардың тең құқықтылығы мен өз тағдырын өзі билеу құқығы; 9) мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық; 10) халықаралық құқық жөніндегі міндеттемелерін адал орындау болып танылды.
Хельсинки Қорытынды актісі мәтінінің ағылшын, испан, итальян, неміс, орыс және француз тілдерінде жасалған түпнұсқасы Финляндия Республикасының үкіметіне сақтауға берілді. Басқа қатысушы мемлекеттердің әрқайсысы Финляндия Республикасының үкіметінен осы Қорытынды актінің куәландырылған көшірмелерін алды. Аталған құжатта “Осы Қорытынды актінің мәтіні әрбір қатысушы мемлекетте жарияланады, ол соны таратады және онымен мүмкін болатын неғұрлым кең танысуды қамтамасыз етеді” деп баяндалғанымен, Кеңес Одағы мұны орындай қоймады. Қорытынды актінің қазақ тіліндегі толық мәтіні мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша жарық көрген “Әлемдік саясаттану антологиясының” 10-томында, 2007 жылы жарық көрді.
Қорытынды актіге қол қойылғаннан кейін Еуропада және әлемде қарусыздану мен бейбітшілікке қарай оң қадамдар жасала бастады. Хельсинки Кеңесінің қорытындылары халықтардың бейбітшілікке, қарусыздануға, ынтымақты дамытуға заңды мүдделігін бейнелеп берді. Хельсинкиде басталған үдеріс өзара қабылдауға болатын, барлық мемлекеттер мен халықтарға пайдалы келісімдерге жетудің нақты мүмкіндігін көрсетті. Мұны Белградтағы (1977-1978 ж.ж.), Мадридтегі (1980-1983 ж.ж.), Стокгольмдегі (1984-1985 ж.ж.), Венадағы (1986-1986 ж.ж.) жалпыеуропалық кеңеске қатысушы мемлекеттердің кездесулері де қуаттап берді. 1990 жылға дейін Хельсинки Кеңесі нормалар мен міндеттемелерді әзірлейтін кездесулер мен конференциялар түрінде қызмет етті, олардың орындалуы туралы ақпараттар тыңдалып, пікірлер алмасылып отырды. 1990 жылғы мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі Париж кездесуі Кеңес қызметіндегі жаңа бетбұрысты бастап берді. Париж хартиясында Еуропадағы тарихи өзгерістер үдерісін басқаруға үлес қосу және “қырғи-қабақ соғыс” аяқталғаннан кейін туындаған жаңа проблемаларға жауап беру мәселесі күн тәртібіне қойылды.
1992 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан аталған Ұйымның қатысушысына айналды. 1994 жылғы жоғары деңгейдегі Будапешт кездесуінде Хельсинки Кеңесін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) деп атау туралы шешім қабылданды. 1991 жылы Іс басындығы төрағалық қызметі енгізілді. Қазақстанға дейін жиырма мемлекет ЕҚЫҰ-ның төрағасы болды. Іс басындағы төраға мемлекет жедел қызметке жалпы басшылықты жүзеге асырады, Ұйымның басты жетекші органдарының жұмысын үйлестіреді. Іс басындағы төраға ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекеттің сыртқы істер министрі болып табылады. Іс басындағы төрағалық бір жылға сайланғанымен, ЕҚЫҰ төрағалығын “Үштік” – алдыңғы төраға, іс басындағы төраға және келесі төраға атқарады. Яғни, ЕҚЫҰ-ға бұрынғы төраға мемлекет – Грекия, қазіргі төраға мемлекет – Қазақстан және келесі төраға мемлекет – Литва бірлесіп басшылық етеді.
2007 жылы қарашада Испания астанасы Мадридте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы төрағасы құқығына ие болды. Қазақ елінің мұндай мәртебеге ие болуы халықаралық қоғамдастық тарапынан Қазақстанның аз ғана уақыт аралығында экономикалық жағынан қуатты, демократиялық тұрғыдан ұдайы даму үстіндегі мемлекет құру жолындағы табыстарын, елдің өңірлік және әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін объективті бағалаудың көрінісі болып табылады.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесіне ие болу басқа елдер үшін “жәй ғана кезекшілік” атқарғандай болып көрінсе де, бұл оқиғаның біздің жас мемлекетіміз үшін маңызы орасан зор. Бұл оқиға, ең алдымен қазақ тарихында айтулы оқиға ретінде жазылуымен бірге, әлемдік қоғамдастықтың біздің елге деген сенім білдіруі және олардың еліміздің экономикалық, саяси, құқықтық, демократиялық даму бағытына оң ниет білдіріп, мойындағаны да болып табылады. Әлемдегі Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі мәртебелі ұйымға төрағалық ету әркімнің маңдайына жазыла бермеген. Қазақстан өзінің бейбітшіл бастамасын, ынтымақ пен әділдікке ұмтылысын тәуелсіздіктен бұрын-ақ Семей ядролық полигонын жабу арқылы және тәуелсіздік алған алғашқы жылдары әлемдегі төртінші ядролық күш-қуаттан өз еркімен бас тарту арқылы да дәлелдеген болатын.
Әлем елдерін тыныштық пен бейбіт өмірге шақыру үшін ең алдымен өз үйіңде тәртіп пен орнықтылық, тыныштық пен татулық орнатып алу керектігі түсінікті. Ал мұндай жағдай жөнінен біздің еліміз әлем халықтарына ұялмай қарай алады. Қазақстанның этносаралық және дінаралық келісім жөніндегі өнегелі үлгісі – сан алуан конфессиялардың өзара әрекеттестігінің бүкіләлемдік үдерісіне қосқан жарқын үлесі. Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шақыру туралы бастамасы қазіргі уақытта Азия құрлығындағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың көпқырлы бірегей құралына айналуда.
2002 жылы 3-4 маусымда Алматыда АӨСШК-нің бірінші саммитінің өтуі де Қазақстанның бейбітшіл бастамаларын әлемге тағы бір паш еткен еді. АӨСШК-нің пайда болуы және дамуы Азиядағы барлық елдер халықтарының “қырғи-қабақ соғыс” аяқталғаннан кейінгі кезеңде бейбітшілікті сақтап, қауіпсіздікті қорғауға деген ортақ ниетін де білдірді. Өйткені, XXІ ғасырдың басында тұтастай алғанда бейбітшілік пен тұрақтылық сақталып отырған Азия барған сайын мол әлеует мүмкіндіктерін және даму артықшылықтарын танытты. Сонымен қатар, Азияның көптеген аймақтарындағы ахуал сенім ұялата қоймады. Атап айтқанда, Үндістан мен Пәкстан арасындағы дау-жанжал мен қақтығыс және олардың ядролық қаруға ие болуы, Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық қаруға ие болу әрекеті, Таяу Шығыстағы әскери қимылдар, Ауғанстандағы тұрақсыздық және тағы басқалар Азия елдерінің жұртшылығын да алаңдатты. Сондықтан да Алматы саммитіне қатысушылар Азиядағы қауіпсіздікке деген өзара сенімді нығайту және халықаралық ортақ алаңдаушылығын туғызып отырған мәселелер бойынша ынтымақтастық жолындағы мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында Алматы Актісін және терроризмді аластау мен өркениеттер арасындағы үнқатысуға жәрдемдесу туралы декларация қабылдады.
Алматы саммиті Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы орнын бұрынғыдан да айшықты таныта түсті. Қазақстанның халықаралық саясаттан тыс қалмайтынын, өз аумағында ғана емес, бүкіл әлемдегі бейбіт күннің болашағы жолында күш-қайрат жұмсайтынын, осылайша өркениетті дүниеде абыройлы міндетті атқаруға бекінгенін бүкіл әлемге жария етті. Қазақстанның бастамасымен құрылған бұл форум біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің алдындағы тәжірибесі іспеттес те болды.
14 қаңтарда Вена қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Тұрақты кеңесінің Қазақстанның Ұйым төрағалығына кірісуіне арналған инаугурациялық мәжілісі өткізілді. Әлемнің ең әйгілі және әсем сарайларының бірі – Хофбургтегі Нойер залынан интернет жүйесі арқылы бүкіл әлемге тікелей эфир арқылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуіне орай жариялаған Үндеуі таратылды.
Қазақ елінің Президенті Н.Назарбаев аталған Үндеуінде қазіргі әлемнің кейбір қырларына, халықаралық ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің маңызды тетіктеріне қысқаша тоқталып өтті. Қазақстан Президенті, сонымен бірге, “ЕҚЫҰ-ның негізгі міндеттерінің бірі ретінде Қазақстан Ұйымды дамыту мәселесінің негізі болып табылатын консенсустық (бірауыздылық – М.М.) алаңды нығайту мен кеңейтуді қарастыратындығын және ЕҚЫҰ саммитінің 10 жылдан бергі үзілісі Ұйымның консенсустық негізі дағдарыс жағдайында болмаса да, тоқырау ахуалында тұрғандығын аңғартатындығын” айта келіп, ЕҚЫҰ-ға мүше елдерді 2010 жылы жоғары деңгейдегі кездесуді өткізу туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырды. Қазіргі уақытта, әрине, 55 елдің бірінші басшыларының басын бір жерге қосу, оны ұйымдастыру, қауіпсіздігін сақтау және өткізу оңай шаруа емес. Әйтсе де, Қазақстан басшылығы мұндай жоғары деңгейдегі кездесуді өз жауапкершілігіне алып отыр. Жоғары деңгейдегі саммиттің талқылауына ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы қауіпсіздіктің көкейкесті проблемаларын, Ауғанстандағы жағдай және толеранттылық мәселелерінің ұсынылуы да маңызды.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалықтың Қазақстан үшін маңыздылығының түйіні де Елбасы Н.Назарбаев атап көрсеткендей, “ЕҚЫҰ төрағалығы біздің елімізге тек сыртқы саяси табыс қана емес, жалпыұлттық ауқымдағы құндылық ретінде қабылданатындығында”. Біздің қосарымыз, Ұйымға төрағалық пен саммит өткізу – Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген биігіміздің бірегейі.
Мұрат МҰХАМЕДОВ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор.