ДАЙЫНДЫҚ ЖАҚСЫ, БІРАҚ БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАУ КЕРЕК
Алдағы қысқа дайындық облыс бойынша жаман емес. Қалалар мен аудандардағы әлеуметтік нысандардың барлығы көмір, отынмен қамтамасыз етілді. Арқалық қаласына мазут алу үшін облыс бюджетінен жеткілікті қаржы бөлінді. Қостанай және облыстың басқа да қалаларында жылу құбырлары жөндеуден өткізілді. Дегенмен, ауылдағылардың қысқа дайындығын тек отын деп қана айтуға болмайды. Жанынан бұрын малының амандығын сұрайтын ағайын биыл құрғақшылыққа байланысты жем-шөптің аздығын сезінді. Шөптің бір тоннасының бағасы 15-20 мың теңгеге дейін барды.
Жақында өткен облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуының тоғыз айлық қорытындысы жөніндегі мәжілісте облыс әкімі С.Кулагин өңір жетекшілеріне қысқа дайындық мәселесін көтергенде, алдағы уақытты ойлау керектігін айтты. Арқалық қаласына жыл сайын бюджеттен 600-700 миллион теңге тек мазут үшін бөлінеді. Қаланы және аудан орталықтарын жылытудың оңтайлы, арзан жағын ойластыру керектігін де ескертті. Өйткені алдағы жылдың басынан бастап газ тағы қымбаттайды. Көгілдір отын бізге кісідегінің кілті аспанда дегенді мойындатады. Сондықтан газға иек артудан гөрі облыста электр энергиясының жетімділігін қамтамасыз еткен әлдеқайда тиімді екенін жұртшылық біліп отыр. Қостанайда электр энергиясының бағасы да тым қымбат. Оның құнының 60 пайызы тек тасымал үшін төленеді екен. Сондықтан алыстан арбаламай, жақыннан дорбалау үшін алдағы уақытта Арқалық қаласынан жел қуатын пайдаланатын электр стансасын салу көзделуде. Ол сәтімен жүзеге асатын болса, тек Арқалық қаласы ғана емес, оның айналасы және Амангелді, Жангелдин аудандарында да көптеген мәселелер шешімін табатын болады. Биыл отын-суын қамдап алған қостанайлықтар келесі қыстың қамын осылай ойлап отыр. Өйткені жаһандық жылыну жүріп жатыр, дегенмен қыс қаһарын ұмытпайды.
Қостанайдан — Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
* * *
ҚАҒАЗДА БӘРІ ҚАТЫП ТҰР
Биылғы жаздағы аптапты батысқазақстандықтар, сірә, көпке дейін ұмыта алмайтын шығар. Ыстық шекені ойып жібере жаздады ғой. Жазда күн ыссы болса, соған сәйкес қыста қатты аяз болады деген түсінік бар халық арасында. Олай болса, биыл Ақжайыққа Арктиканың аязы келіп орнығуы әбден мүмкін. Дегенмен, қамдана білсе, қандай қысты да қауіпсіз өткізуге мүмкіндік бар ғой бүгінде.
Астанадан, редакция аппаратынан тығыз тапсырма алған соң мәселенің мән-жайын білмек оймен Батыс Қазақстан облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына тығыз түрде хабарласпаймыз ба. Алайда ойлағанымыз іске аспады. Олар шұғыл мәлімет беруден бас тартты.
Осы басқарма бастығының орынбасары Роза Сабырғалиеваның айтуына қарағанда, бірде-бір дерек басқарма бастығы Ғұмар Дүйсенбаевтың келісімінсіз берілмейді екен. Бұл үшін жазбаша хат түсіру керек екенбіз. Жазбаша хатқа олар жазбаша жауап беруі керек екен. Мұны тығыз тапсырма күте ала ма? Оның үстіне ол бастық өзінде болмаса, іссапарда жүрсе, қайран уақыт одан әрі созыла түспей ме?
Содан соң оларға қолды бір сілтедік те тұп-тура Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің өзіне келмейміз бе? Қысқа әзірлік мәселелерімен айналысатын облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов те іссапарда болып шықты. Бас маман Артур Баяхатовты тауып алдық. Оның да уақыты тым тығыз көрінді. Кең отырып пікірлесуге ыңғай танытпады. Әйтеуір оның қолымызға 2010-2011 жылдарға арналған жылыту маусымының барысы туралы анықтаманы ұстатқанына риза болдық.
Бұл анықтамаға жиналған деректерге сүйенсек, өңірде атқарылған қысқа әзірліктің барысында ешқандай мін жоқ. Облыстағы өндірістік және әлеуметтік нысандарды қысқы маусымға әзірлеу ісі барлық талаптарға сай атқарылған. Оларға сұйық және қатты отын сатып алу үшін тиісті қаражаттар бөлінген. Қысқы жылыту маусымына облыстағы барлық әлеуметтік нысандар мен Орал және Ақсай қалаларында орталықтандырылған жылу энергиясы көздері арқылы жылытылатын 1272 үй әзірленген.
Бүгінгі күні жылу, су құбырлары мен сарқынды суды ағызатын жерасты құбырлар жүйесі және электр желілерін жөндеу мен ауыстыру жұмыстары жүз пайыз атқарылған. Сондай-ақ Орал қаласын негізгі жылу көздерімен қамтитын “ЖайықЖылуҚуат” АҚ қысқа әзірлікке қатысты барлық іс-шараларын ойдағыдай орындап шыққан. “ОралСуАрнасы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны да осындай асқақ тұғырда тұр.
Бүгінгі күні облыста және Орал қаласында барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жылыту жүйесіне қосылған. Міне, облыс әкімдігінен алынған ақпараттар мен деректер осылай дейді. Осылайша қағаз бетінде қатып тұрған қысқа әзірлік барысы іс жүзінде де солай болса игі. Бұған күмән келтіру ниетінен аулақпыз. Әйтсе де тығыз тапсырманы орындау кезінде қыс қамы жөнінде талдау жасап бере алатын бір де бір адамның, бір де бір маманның табылмағаны, оның меншікті тілшіге кездеспегені өкінішті-ақ. Көктемде жұмыртқаны жарып шыққан балапанды күзде санайтыны секілді, жаз бен күзде атқарылған қысқы әзірліктің нәтижесі негізінен көктемде жария болмақ. Әйтеуір бұған дейін батысқазақстандық коммуналдық шаруашылық иелерінің жер шұқып қалғанын көрмеппіз де, естімеппіз де. Лайым да солай бола бергей.
Батыс Қазақстаннан – Темір ҚҰСАЙЫН.
* * *
КӨМІР ТҮСІРІЛГЕН, МАЗУТ ЖЕТКІЛІКТІ
Оңтүстік Қазақстан облысында Арқадағыдай ат құлағы көрінбейтін боран, қасқыр ішіктен өтіп, сүйекті шағатын аяз болмайды. Қысы қоянның құйрығындай шолақ. Әйтсе де осының өзі шулыған етіп жатады.
Халықта “Қыс шанаңды жаз сайла” деген қанатты сөз бар. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов шіліңгір шілдеден бері өткізіп келе жатқан қысқа дайындық жиындарына қатысқандағы ұққанымыз, 1307 білім беру мекемелері, 891 денсаулық сақтау мекемелері, 2675 көп қабатты тұрғын үйлер жылу беру маусымына 100 пайыз дайын. Облыстағы 25 жылу қазандығы толық жөндеуден өткен.
Жылда Шымкент, Кентау және Түркістан қалаларында жылу мәселесіне байланысты ащы айқайлар шығатын еді. Біз энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Серік Ибадуллаевқа жолығып, осы мәселелерге анықтама беруін сұрадық.
– Бюджеттік мекемелер қатты және сұйық отынмен толық қамтамасыз етілген. Оңтүстік Қазақстан облысына квотамен 50,0 мың тонна мазут бөлінген,–дейді ол. – Кестеге сәйкес 38,0 мың тоннасы “3-Энергоорталық” АҚ-қа және 3,0 мың тоннасы “Кентауэнерго” ЖШС-ге бөлінген, ал 9,0 мың тонна мазут “Шнос-Юг” операторының резервінде сақталады.
2010 жылы “Жол картасы” аясында Шымкент қаласындағы “Оңтүстік аймағы” жылу жүйесін жақсартуға 1,4 шақырым магистралдық жылу жүйесін үлкен диаметрге ауыстыруға республикалық бюджеттен 176,4 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда 1,4 шақырымы аяқталды. Магистралдық жылу жүйелерін орау жұмыстары және мемлекеттік қабылдауға тапсыру жұмыстары 31 қазанда толығымен аяқталды. Игерілген қаржы 168,8 млн. теңге.
2010 жылы облыстық бюджеттен Түркістан қаласындағы №1 және №2 шағын аудандарындағы көп қабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесі және сағатына 40 Гкал қазандығының құрылысын аяқталуына, пайдалануға беру және жылу энергиясына тарифті бекітуге 235,0 млн. теңге бөлінген. Игерілген қаржы 222,5 млн. теңге. Мемлекеттік қабылдауға тапсыру жұмыстары 31 қазанда толығымен аяқталды.
Кентау қаласындағы ЖЭО-5 стансасына 2010-2011 жылғы жылу маусымына отын қажеттілігі туралы айтар болсақ, 87 мың тонна қатты отын, 3 мың тонна мазут керек.
Облыстық бюджеттің кезекті нақтылауында 200,2 млн.теңге 174,7 млн. теңге көмірге және 25,5 млн. теңге мазутқа бөлініп, қазіргі таңда қатты отын бойынша жеңімпаз “Баянды Құрылыс” ЖШС мердігер болып анықталды. Қазан айының 30 жұлдызына дейін 20 мың тонна тасымалдауға міндеттелді. Ал қалғаны қараша айына жоспарланып отыр, мазут кестеге сәйкес қазан, қараша, желтоқсан айларына тасымалдануы қаралуда.
Басқарма бастығының сөз саптауына қарағанда, облыс қыстан қысылмай шығады.
Оңтүстік Қазақстаннан — Бақтияр ТАЙЖАН
* * *
ӨТКЕННЕН ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҒАРА ОТЫРЫП...
Өткен қыс ұлылар еліне де үлкен сын болды. Қазан айында басталған қыс қаһары мамыр айына дейін созылды. Сарышұнақ аяз қысып тұрған шақта қалың жауған қар ауыл-ауыл арасындағы жолды басып қалып, жағдайды қиындатып жіберді. Оның үстіне, жығылғанға жұдырық дегендей, көктемгі тасқын қыстақтардағы қайсыбір үйлерді шайып кетті. Аудан орталығы Қарауылда 15 үйдің қабырғасы жарылып, қора-қопсы құлап қалды.
Биыл өткен қыстың сынағынан қорытынды шығара отырып, алдағы қысқа мүмкіндігінше мұқият әзірлендік, дейді аудан әкімі Ержан Сүлейменов. Әзірге дейін аудан бойынша 136 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл былтырғы жылғыдан біршама артық. Оның үстіне шөп дайындау жұмысы одан әрі жүргізілуде. Қысқасы, биылғы күздің қолайлы мүмкіндігін мейлінше пайдаланып қалуға тырысудамыз.
Әкімнің айтуынша, малшы қауымы жайлаудан оралып, қыстақтарға орнығып үлгеріпті. Олар енді отын-суларын қамдап жатқан көрінеді. Қораларда қи ойып алынған. Оның сыртында малшы қауымын көмірмен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін табуда. Малға қажетті жем де тасымалданып жатыр.
Жоғарыда өткен қыста ауыл-ауыл арасында жол болмай қалғанын айттық. Биыл жол аршитын қажетті техникаларды қамдау мәселесі де өз шешімін тапқан секілді. Шындығында қамданған қапы қалмайды демекші, ерте бастан ойластырылған шаралар өз нәтижесін беретіндігі сөзсіз.
Былтырғы қиындықтарға қарамастан, ауданның әлеуметтік даму мәселелері жөнінен республикалық деңгейде жоғарыдан көрінуі және қуантады. Сол себептен де Абай елінің алдағы қыстан қысылмай шығатынына сенімі мол.
Шығыс Қазақстаннан — Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.