03 Қараша, 2010

Енді планшеттік компьютерлер қолданысқа енгізіледі

425 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі кезекті Үкімет отырысы болып өтті. Онда еліміздің ішкі рыногында соңғы уақытта қалыптасып отырған азық-түлік бағасының өсуі және қысқы жылыту маусымының басталуы туралы мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мә­селе бойынша баяндама жасаған Бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы Мәжит Есенбаевтың ай­туынша, үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап ішкі ры­ноктағы азық-түлік бағасының өсу үрдісі байқалады. Биылғы ауа райының қолай­сыз­дығына байланысты көптеген елдерде егін шығымы төмен болды. Со­ған сәйкес әлемдік рынокта әлеуметтік маңызы бар азық-тү­лік түрлерінің бағасы күрт өсіп отыр. Ел Үкіметі осыған бай­ланысты елімізде нан және нан өнімдері бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар тиімді ша­раларды жүзеге асырып келеді. Агенттік жетекшісінің мәлім­деуін­ше, Үкімет қолданған осы игі шаралар өзінің жемісін беріп отыр. Қазір еліміздің барлық өңірлерінде дерлік нан және нан өнімдерінің бағасы тұрақтанды. Үстіміздегі жылдың 1 қараша­сын­дағы дерек бойынша, 12,9 мил­лион тонна астық бастырылған. Өт­кен жылдан қалған астық қорын қосқанда қолдағы бар астық елі­міз­дің ішкі сұранысын және алдын-ала белгіленген 7-8 миллион тонна экспорттық әлеуетті қамтамасыз етуге толық жетеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министр­лі­гі­нің жауапты хатшысы Евгений Аман мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір еліміздің құс шаруашы­лы­ғын­да өте күрделі жағдай қалыптасып отыр. Соңғы уақытта құс еті мен жұмыртқа бағасының күрт өсуі байқалады. Бұрын құс фабрика­ла­ры қажетті жемазықты арзан бағаға сатып алатын. Биылғы жылы бидай бағасының 2-3 есе өсіп кетуінен құс фабрикалары қажетті жемазық қорын қалыптастыра алмай отыр. Оның үстіне елімізде мал азығы үшін қолданылатын астық қоры жоқтың қасы. Өзінің жеке егістік шаруашылығы жоқ бірқатар құс өсіретін шаруашылықтар жемазық қоры үшін 3-класты бидай сатып алуға мәжбүр. Рыноктағы оның бағасы өте жоғары. Осыған бай­ла­нысты құс фабрикалары өнімдерін қымбаттатуға мәжбүр болып отыр. Тіпті жағдай осылай бола беретін болса, елімізде құс санының азай­ып кету қаупі де бар. Бұл орайда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігіне қалыптасқан жағ­дайдан шығудың тиімді шараларын белгілеуге бір апта уақыт берді. Біз қолда бар аналық құсты пышаққа жыға алмаймыз, құс шаруашылы­ғын құтқарудың барлық шұғыл да тиімді жолдарын қарастыруымыз керек. Сол үшін кешенді шаралар белгілеңіздер. Еліміздің құс шаруа­шылығына қолдау көрсету арқылы біз оның өнімдерінің бағасын да тұрақтандыратын боламыз, деді Үкімет басшысы. Қазіргі күнге дейін майлы да­қыл­дар егістігінің 88 пайызы жи­налып біткен. 732 мың тонна майлы дақылдар, 43 мың тонна қара­құмық жиналған. Бұл еліміздің ішкі рыногын қанағаттандыруға толық жетеді. Қазірдің өзінде отан­дық өңдеу өнеркәсібіне биылғы орақтың майлы дақылдары мен қара құмығы келіп түсті. “ҚазАгро” АҚ төрағасы Асылжан Мамыт­бе­ковтің мәлімдеуінше, еліміздің қо­рына 2010 жылдың жаңа астығын сатып алу мәселесі де толық шешімін тапқан. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин Оңтүстік Қазақстан облысынан басқа еліміздің барлық өңірлерінде жылыту маусымының басталғанын атап өтті. Оңтүстік Қазақстан облы­сында ауаның температурасы жо­ғары болуына байланысты жы­лы­ту маусымын бастау мерзімі кейінге қалдырылып отыр. 28 қа­занға дейін қуаты 100 Гкал/сағат жылу беретін 4015 бу қазаны толық дайындық сапына қойылған. 736 шақырым жылу жүйесі, 1840 шақы­рым су құбыры, 46372 шақырым электр тарату желісі күрделі жөн­деуден өткізілген. Еліміз бойынша 5039 әлеуметтік нысан қыс маусы­мы­на дайындалған. Биыл көп қа­батты тұрғын үй секторын жылыту маусымына дайындау мақсатында кешенді шаралар жүзеге асы­рыл­ған. Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев биылғы жылы еліміз бойынша отындық мазутқа деген сұраныс толық көлемінде қанағат­тан­дырылатындығын айтты. Қа­зір­ге дейін облыстардың сұраны­сы бой­ынша 396 мың тонна мазут тиіс­ті жерлерге бөлінген. Бүгінгі таңда экспорттық бағаны ескерсек, рыноктағы мазуттың әрбір тоннасы 45 мың теңге болып отыр. Біз ішкі рынокқа оның тоннасын 32 мың теңгеден босатып отырмыз, деді Сауат Мыңбаев. Үстіміздегі жылдың 1 қараша­сы­на дейін еліміздің электр стан­са­ларындағы 3 энергоблок, 41 бу қазаны және 30 турбина күрделі жөндеуден өткен. 31755 электр же­лі­сі жөнделген. Осы мәселе бой­ынша баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев қазір еліміздің электр стансаларында 3,6 мил­лион тонна көмір, 120 мың тонна мазут қоры жасалғандығын атап көрсетті. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық мектептерінде және мем­лекеттік органдарында планшеттік компьютерлер қолданысқа енгізі­ле­тін болады. Бұл туралы Үкімет оты­рысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев мәлім­деді. Қазір мектеп оқушыларына арналған осындай планшеттік компьютерлер шығару жөнінде отандық өндіріс субъектілерімен келісім жасалуда. Жақын арада біз компьютер сатып алатын барлық мемлекеттік органның өкілдерін жинап, планшеттік компьютерлерді өндіріске енгізу мәселесін талқы­лай­тын боламыз, деді Асқар Жұмағалиев. Бүгінгі таңда ақпараттық техно­логияның дамуы белгілі бір бағытқа қарай ойысқан, яғни таяу мерзімде шығарылатын компьютерлер іле­гін­де қатты дискілер болмайды. Егер қатты дискілер болмайтын бол­са, онда ақпарат белгілі бір орталықта жинақталуы керек. Яғни ақпарат ағымы data-орталықтарда жинақталады. Бұл ІТ-шілер тілінде “бұлт” деп аталады, деді Премьер-Министр Кәрім Мәсімов. Одан әрі Үкімет басшысы Байланыс және ақпарат министрлігіне осындай орталық қалыптастыруды тапсыр­ды. Бұл орайда ең тиімді өңір – Павлодар облысы, себебі мұнда электр қуатының көздері жақын. Сондықтан осы өңірде жақсы және бәсекелестікке қабілетті “бұлт” орталығы құрылысын салу керек, деді Үкімет басшысы. Үкімет отырысын қорытын­ды­лай келіп, Кәрім Мәсімов елімізде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты қабылданған меморан­думдарды барынша тиімді жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен бірге тиісті министрліктер мен өңір әкім­дері отырыста қаралған мәсе­ле­лер бойынша қабылданған ше­шімдердің орындалуын тұрақты назарда ұстаулары қажет. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.