“Қазақстан спорт одағы” заңды тұлғалар бірлестігі мен “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде спорт және туризмді дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері әңгіме арқауына айналды. Оған облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, спорттық федерациялар мен бірлестіктердің, жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырыста спорт саласындағы көптеген өзекті мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды.
Дөңгелек үстелге қатысушыларға Алматы мен Астана қалаларында өткізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы ұсынылды. Сауалдаманың қорытындысы бойынша республикамыздағы тұрғындардың 8,9 пайызы ғана спортпен әрдайым шұғылданады екен. Қалаларға қарағанда ауылдық жерлерде спорт кешендерін салу кенже қалуда. Аудандық спорт және туризм бөлімдеріне коммерциялық құрылым, мемлекеттік органдар және спорттық қоғамдардың өкілдерінен тұратын комиссия құрып, оған білім беру мекемелерінің, аулалық клубтардың, спорт алаңдарының спорттық құрал-жабдықпен қамтылуын, олардың саны мен сапасын анықтап отыруды тапсыру ұсынылды.
Мұндай дөңгелек үстелдер бұған дейін Көкшетау, Қостанай, Өскемен, Петропавл, Қарағанды, Павлодар, Тараз, Шымкент, Орал қалаларында өткізілген екен.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.