Жер бетінде адамдар әр түрлі тағдырмен, әр түрлі жазмышпен, әр түрлі жағдаймен әр түрлі өмір сүреді. Алайда, барлық адамзат қауымын біріктіретін үлкен қоғамда олардың бәрі бірдей, тең құқылы. Тағдыр тауқыметін жеңіп, қоғам дамуымен тығыз байланыста жүрген, ел мақтанышына айналған танымал азаматтарды танытатын уақыт келді. Мұны “Бауыржан” қайырымдылық қоры және “Мейірім” жеке қоры “ҚазРосГаз” компаниясының қолдауымен жүзеге асыра бастады. Мәдениет, спорт, білім және қоғамдық қызметте жетістіктерге жетіп жүрген дарынды мүгедек жандар үшін “САМҒАУ” сыйлығының тағайындалуы соның дәлелі. Ендеше, еліміздің ертеңін ойлап жүрген жандардың қатарынан табылғыңыз келсе немесе мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үздік мекеме атанғыңыз келсе, өтініш беруге асығыңыздар!
“Самғау” қандай сыйлық дегенге келсек, қоғамның мәдени өміріне белсене қатысып, алға қойған мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етіп, мәдениет, спорт, білім, тағы басқа салаларда жетістікке жеткен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сыйлық;
“Самғау” ешқандай да кедергілер мен шектеулі мүмкіншіліктеріне қарамастан, сұлулық әлемін жасап, руханиятымыздың дамуына үлес қосып, адами жан дүниені жаңартып жүрген мыңдаған адамдардың ерліктерін бағалайтын сыйлық;
“Самғау” мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша қанат беріп, өмір кемесінде еркін, өзгелермен тең дәрежеде жүзулеріне себеп болар арнайы сыйлық.
Ендеше, “Бауыржан” қайырымдылық қоры және “Мейірім” жеке қоры осы аталмыш марапатқа лайық жандарды іздеуді бастағанын хабардар етеді. Сыйлықтың негізгі мақсаты мүгедектерді әлеуметтік бейімдеу мен сауықтыру үрдісін дамытуға үлес қосу және оларды керек затымен қамтамасыз етудегі құқықтарын қорғау, қалыптастыру болып табылады. Ал міндеттеріне келер болсақ, әлеуметтік бейімдеу, мүгедектер интеграциясына оңалту мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарды өнердің барлық салаларына араластыру, әлі ашылмай жүрген талант иелерін анықтау, мүгедек жандардың шеберлігін жетілдіру мен қатысушылардың еркіндігі мен еңбексүйгіштігін арттыру, мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық дамуындағы қордаланып қалған мәселелерді жан-жақты зерттеп, мемлекеттік, қоғамдық мекемелерді және коммерциялық ұйымдарды қатыстыра отырып мүмкіндігі шектеулі жандарға материалдық және рухани қолдау жасау, т.б. болып табылады.
Бұл атаулы сыйлыққа қоғамдық өмірге белсене араласып, алға қойған мақсатқа жету жолында жетістіктерге жетіп жүрген І, ІІ, ІІІ топтағы жеке тұлғалар және ұжымдар қатыса алады.
Өтініштерді ұйымдастырушылар алқасы осы жылғы 10 қазаннан 25 қарашаға дейін қабылдап, арнайы құрылған қоғамдық кеңеске тапсырады. Қоғамдық кеңес таңдалынып алынған номинанттардың ішінен жасырын дауыс беру арқылы сыйлықтың лауреаттарын анықтайды. Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 3 желтоқсан күні қоғам қайраткерлері, танымал мемлекет қызметкерлері қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін болады.
“Егемен-ақпарат”.