Әнұран авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын
Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 75 толуы салтанатпен аталып өтті
СОРҒА БАСЫЛҒАН ІЗ. Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық таланты жастайынан кеңінен танылған. Оның туған жерге арналған өлеңдерінен қоңыр мұң сезіледі. Атасы Нәжімеден қарттың тәрбиесін көп көргеннен, бәлкім, әңгімесін көп тыңдағаннан болар, бала күнінен терең ойға беріледі екен. Өйткені, әкесі Сабыр екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, майдан даласынан оралмай қалған. Сол Сабыр соғысқа аттанарда Нәжімеден қарт ауыл шетіндегі сорға баласының табан ізін бастырып, үстіне қара қазан төңкеріп қойыпты. Сабыр баласына: “Сені сағынғанда ізіңді көріп, мауқымды басармын. Өзіңді көргендей болармын, балам”, депті даланың данагөй қариясы. Әкесінің сорға басылған табан ізін бала Жұмекен атасына еріп келіп, талай көрген болар-ау. Бәлкім, әкесінің майдан шебіне түсерден бұрын сағынышты жазған өлеңдерін Жұмекен де оқыған, қоңыр мұңға толы сыршыл жүрегіне мықтап тоқыған шығар. Бізге жеткен әңгімелерге қарағанда, Нәжімеден қария сол ізге күн сайын келіп, қазанды көтеріп, баласының ізіне ұзақ қарап отырады екен. Жұмекеннің артынан ерген қарындасының бірі Сәбила: “Бала кезімде әкемнің қалың дәптерге жазып, атама жолдаған өлеңдерін оқып отырушы едік. Әкем алты ай әскери дайындықта жүргенде ауылға сағынышын өлеңмен жазатын болған ғой. Майданға түскеннен кейін хат-хабар келмеген. Әкемнің сол өлең дәптерін жоғалтып алдық. Жұмекеннің өлең жазуына әкемнің әсері болды-ау деймін. Ол тіпті бала болып ойнамаушы еді. Үнемі қолынан домбырасын тастамай, баяу тартылатын күйлерді шертетін. Үнемі терең ойға батып жүретін. Сол кезде не ойлайтынын қайдан білейік, мүмкін, Жұмекеннің жүрек түкпірінде поэзияның алғашқы шумақтары жазылған болар”, дейді. Сәбила апай әкесінің біраз өлеңін жатқа біледі екен. Бірнешеуін оқып берді.
Мектеп бітіргенге дейін ауылдан алысқа аттап шықпаған Жұмекенді атасы қатты жақсы көргені айдан анық. Соғысқа кеткен Сабыр баласының көзі, тұяғы саналған Жұмекенді бертінде әскерге шақырғанда Нәжімеден қария аудан орталығына шығарып салмаққа барыпты. Әскерге шақырылушылар әне-міне аттанады деген сәтте Нәжімеден қария құлап қалыпты. Сірә, өз жанынан да артық көретін Жұмекен немересін ата жүрегі әскерге жіберуге қимаған болуы керек. “Атамыздың көңіліне қараған болуы керек, әскери комиссариаттың жауапты қызметкерлері сол сәт Жұмекенді әскерге барудан босатып, ауылға жіберіпті. Өйткені, Нәжімеден атамыздың жүрегі баласы Сабырды соғысқа шығарып салып, оралмағасын әбден зәрезап болып қалған ғой. Жұмекен ағамыз әскерге аттанарда ата жүрегінің шиыршық атқандай бұлқынуы содан болар деймін. Немеремді әскерге алмаңдар деп айта алмайды. Бірақ жібергісі келмейді. Сол кездің адамдары Нәжімеден атамыздың жан қиналысын түсіне білген-ау”, дейді Жұмекеннің немере бауыры Қибатолла Қайырмеденов.
Жұмекен бірден әдеби ортаға топ ете түскен жоқ. Әрине, ұлттық университеттен білім алуға ұмтылды. Алайда, алғашқы жылы оқу түсе алмауына өз қолымен жазылған шығармаға төгілген сияның кесірі тиген. Жұмекентанушы, ғалым Қадір Жүсіптің айтуынша, оқуға түсе алмағанына налып, арық жанында отырған Жұмекенді Ғұбайдолла деген қазақ офицері үйіне ертіп апарған екен. Кейін Қарағанды шахтасына жолдама алуына осы Ғұбайдолла есімді офицер мұрындық болған. Қарағанды шахтасында жұмыс істеп жүргенде Жұмекен көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, күй тартады. Оның домбыраны шебер шерткенін көрген облыс басшыларының бірі консерваторияға түсуіне кеңес беріпті. Кейін өзі қалаған оқуға түсіп, содан соң ғана әдеби ортаға таныла бастайды. Оның жүрегі елім деп соқты. Оны ақынның шығармаларынан анық аңғару қиын емес. Қазақ ақын-жазушыларының абызы Әбділда Тәжібаев Жұмекеннің болмысына былайша баға берген: “Жұмекен – сөз жоқ, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ақындық жаратылысы, өзіндік бейнесі бар, көп ойлап, көп оқитын, көп ізденетін ақын.”
“ДАЛА ДЕГЕН ДОКТОРҒА КӨРІНЕЙІН”. Шындығын айтқанда, Жұмекен жаратылысынан жұмбақ ой кешкен тәрізді. Мұны қарындасы Сәбиланың “Жұмекен үнемі ой үстінде жүретін” дегені де растайтындай. Тіпті Жұмекенді ақын ағалары да жұмбақ ақынға балаған. Әрине, поэзиясына байланысты. Мәселен, қазақтың ақиық-қыран ақыны Мұқағали Мақатаевтың мына бір пікіріне назар аударылып көрелік. “Жұмекен – жұмбақ ақын. Тамырын терең салған, ойға бай, тілге сараң суреткер. Ақындарға тән шалқу, тебіреніс-толғаныстың өзі де құпия, жасырын. Оқушысының қолына тереңде жатқан ойының бір ұшын ұстатады да, арғы жағын өзің тап дегендей жайлап шығарып салады”, депті кезінде Алатаудың ақбас шыңындай тұлғалы ақын. Бұл – таланттың талантты тануы. Жұмекен өлеңдерінде мұң да басымдау. Бірақ, көңіл жабырқатардай емес, керісінше, жүрек қылын шертетін сағынышты да тәтті мұң. Әсіресе, туған жерін, өскен ортасын, қоңыр домбырасымен күй шертуге жалықпай үйретіп, термелетіп отыратын Нәжімеден атасын, етегіне сүрініп-қабынып жүретін асыл әжесін, жолына әлсін-әлсін қарағыштаған аяулы анасын сағынған сәттерінде ақынның жыр-жүрегіне қоңыр мұң көбірек ұялағандай. Сол себептен шығар, “Қоңыр дәптерге” сырын айтып, ақтарылады. Жұмекен жүрегіне қонақтаған қоңыр мұң “Қоңыр түс” деген өлеңінде де айқын байқалады.
Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
Көзін сулап қалып еді қамығып.
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп,
Қоңырқай ой маза берер емес түк.
Қоңырайып жатыр алда жол әлі,
Кеудем кейде қоңыр жырға толады.
Қазақ қоңыр әнмен бесік тербетіп,
Өргізіпті-ау, қоңыр-қоңыр баланы.
Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...
Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім,
Қоңыр күзде қоңыр шаруа күйбеңмен,
Қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда,
Шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде,
Қоңырайып отырамын үстелге.
Қазақ поэзиясына тән қоңыр мұңмен осылай сырласқан ақын өзге де түстердің астарын ашуға ұмтылған. Жұмекентанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Қадір Жүсіп “Асылы, түстер сыры ақынды қатты қызықтырады. Оның поэтикалық қиялы жеті түстің әрбіреуінен ғажап құпиялар ашқан. Бұл кез келген адамның ойына орала бермейтін нәрсе. Ақын қиялына еріп, ойлап қарасақ, түстердің өзінде де біз білмейтін мәндер көп. Ақын топшылауынша, қара түсте контрастылық мағына бар, сұр түс –жағымпаздықтың белгісіндей, көк түсте қарама-қарсылық сезіледі, ақынға ең ұнамды түстер: қызыл, қоңыр, ақ, сары түстер. “Қоңыр түс” деген шағын өлеңінде “қоңыр” деген сөз 21 рет қайталанады. Бәрі де эпитеттің қызметін атқарып, оқырманға эстетикалық ләззат береді. Бір сөз қанша қайталанса да, өлең көркемділігіне нұқсан келіп тұрған жоқ. Осы “қоңыр” деген сөз шығармаға ұлттық нәр, нақышты өрнек беретін тәрізді” дейді. Ақынның жеті түстің әрқайсысына “мінездеме” берген өлеңдері енген кітабы жайында “Жеті бояудың” авторы қазақ поэзиясында бұрын-соңды өткен алуан ақындардың қай-қайсысына да ұқсамайды”, – дейді қазақ поэзиясының ерекше бір құбылысы Қадыр Мырза-Әлі.
Жұмекеннің аңсары – дала. Табиғат сырларын, құбылыстарын суреттей отырып, далаға деген сағынышын өрнектейді. Оның табиғат жайлы өлеңдерін оқысаңыз, табиғаттың тылсымын өзіңіз қалт жібермей, бақылап тұрғандай әсерге бөленесіз. Туған жердің қаншалықты ыстық боларын өлең жолдарын оқығанда түсінесіз. Даланың жұпар ауасы дертіне шипа боларын “Дала деген докторға көрінейін, Профессор емдесін шұбат деген” деп бейнелейді. Осы бір екі жолда қазақтың ұлттық сусыны – шұбаттың бойға қуат беретін дәруменін бейнелі түрде әсерлеп жеткізудегі шеберлігі тәнті етеді. Жалпы ақынның қай шығармасын оқысаңыз да, шым-шымдап жүрегіңе тараған өлең қуаты терең сырларға батырады. Ұлттық өнерді дәріптеудің үлгісін “Күй кітабынан” табуға болады. “Ұлым, саған айтам” жинағында баласына “Жақсы болсаң, Еліңді, Мақтайды жұрт ұқтың ба?” деп үлкен міндет артады. Бір адамның мінез-құлқы, алған тәрбиесіне қарап-ақ жұрт оның елі туралы пікір қалыптастыратынын астарлап жеткізеді. “Қатал болдым жүз рет, Өскенде елің, Маңдайыңнан сипасын бір рет деп” бейнелеуінің астарында бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарауды, осалдық танытпауды ұғындырып тұр емес пе?
Жұмекеннің поэзияда өнікті еңбектенгеніне жылына бір кітаптан шығарғаны дәлел. Мәселен, оның бірнеше өлеңі алғаш рет 1959 жылы жас ақындардың “Жас қанат” жинағына енеді. Өзінің бірінші кітабы – “Балаусасы” 1961 жылы жарыққа шығады. Міне, осыдан кейін жыл аралатып бір кітап шығарып отырған. “Сыбызғы сыры” (1962), “Өз көзіммен” (1963), “Жарық пен жылу” (1964), “Жоқ, ұмытуға болмайды” (1965), “Күй кітабы” (1967), “Мезгіл әуендері” (1968), “Қызғалдақ жайлы баллада” (1969), “Ұлым, саған айтам” (1970), “Мен туған күн” (1972) кітаптары оқырманынан жақсы баға алды. Жұмекен тек өлең жазумен шектелген жоқ. 70-жылдардың басында орамды ой, бейнелі сөз тіркестерімен соғыстан кейінгі ауыл тіршілігін сомдаған сүйекті дүниелер – “Ақ шағыл”, “Кішкентай”, “Даңқ пен дақпырт” романдары мен “Бетпе-бет”, “Домбыра мен көсеу” повестерін жазды. Осы шығармаларымен жаңа қырынан танылған Жұмекен поэзияға қайта оралып, “Жеті бояу”, “Шуақ”, “Ашық аспан”, “Қыран қия”, “Менің Қазақстаным” жыр кітаптарымен оқырманын және бір тәнті етті. Бір таңданарлығы, Жұмекеннің поэзиялықта, прозалық та жинақтары араға жыл аралатып шығып тұрған. Бұл енді Жұмекеннің жұмбақ талантының жемісі екені даусыз.
ҚАРАШАДА ҚАЗДАР ҚАЙТҚАНДА... Жұмекен ақын қараша айында Құрманғазы ауданындағы Қошалақ деп аталатын топырақта дүниеге келген. Әлі де ортада жүргенде биылғы 28 қарашада 75-ке толар еді. Тағдырға не шара, 21 жасында “Менің Қазақстанымның”, бүгінде еліміздің Әнұранына айналған айшықты өлеңнің алғашқы нұсқасын жазған ақын қарашада дүниеден озған. Жұмекендей ақынның қарашада, қаздар қайтқанда дүниеге келіп, туған күнінен 6 күн бұрын дүниеден озуы сәйкестік пе, әлде тағдырдың жазуы ма екен? Қалай дегенде де, Жұмекен артына мол мұра қалдырған талантты қаламгер. Оның таланты әр кезеңде орынды бағасын алған. Ал биыл оның “Менің Қазақстаным” өлеңдер мен дастандар жинағына әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. Бұған әркім әрқалай пікір айтады. Кім қалай айтса да, бұл – Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығына берілген лайықты баға. “Жұмекеннің шығармашылығына Мемлекеттік сыйлықтың берілгенін өзім қуана қабылдадым. Өйткені, мен Жұмекен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалыммын. Кейде әлі де кеш емес-ау деп ойлаушы едім. Сол қуанышты хабарды естіген бойда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа Атырау жұртшылығы атынан алғысымды білдірген жеделхатымды жолдадым”, дейді жұмекентанушы ғалым Қадір Жүсіп.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнұран авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің 75 жылдығы Атырауда кеңінен аталып өтілуде. Өтілуде дейтін себебіміз, мерейтой аясындағы мәдени-әдеби шаралар бір айға созылады. Әуелі, 26 қазанда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығына арналған көрме өтті. Одан кейін М. Өтемісов атындағы драма театрында “Байтақ Отан, бақытты аймақ, кең мекен, Сені осынау жырларыммен тербетем”, деп Жұмекен ақынның өзі жырлағандай, оның мерейтойына арналған театрландырылған қойылым көрсетілді.
Мерейтойлық шараның ең бастысы Жұмекен ауылында және Ганюшкин ауылында өтуімен ерекшеленді. Екі ауыл да Жұмекеннің кіндік қаны тамған Құрманғазы ауданында орналасқан. Алғашқысы – Еңбекші ауылдық округінің, соңғысы – Құрманғазы ауданының орталығы. Сонау бір жылдары, яғни, 15 жыл бұрын Жұмекеннің туған жері – Қошалақта ескерткіш тақта орнатылғанын білуші едік. Енді сондай ескерткіш ақынның аты берілген Жұмекен ауылында да бой көтерді. Мұны аудан жұртшылығы өтініш етіпті. Аудан әкімі Аманжан Тәкешовтің айтуынша, ескерткішті орнатуға ауданның іскер азаматтары қолғабыс жасапты. Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бақыт Иманғалиевтің айтуына қарағанда, алдағы жылдарда Жұмекенге арналған шаралар республикалық ауқымда өткізілмек.
Жұмекен ауылындағы ескерткіштің ашылуын жұртшылықтың асыға күткені байқалды. “Бұл – жұртшылықтың Жұмекен аруағына тағзым ететін қасиетті орнына айналмақ. Бұрын Қошалақтың қашықтығына байланысты халық бара алмаушы еді”, – дейді аудан әкімі Аманжан Тәкешов. Жұмекен ескерткішінің жанынан арнайы саябақ та ашылды сол күні. Бұл саябаққа аудан басшылары көктемде 75 жас тал шыбығын егіпті. Қазір сол тал шыбықтары бой түзеп, едәуір тіктеліп қалыпты. Айналасы темір қоршаумен қоршалып, алдына “Жұмекен атындағы саябақ” деген атау жазылыпты. Саябақтың лентасын облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бақыт Иманғалиев пен аудан әкімі Аманжан Тәкешов қиып, жұмекентанушы ғалым Қ. Жүсіп ақынның ақындық, ардагер Теміртас Елеусінов азаматтық қырларынан сыр тарқатты.
Бұл күні ауыл клубы да ерекше безендірілген екен. Оның сахнасына төрт айтыскер ақын – Серік Қойшығұлов пен Мүтиғолла Ғанидың, Жәнібек Садыров пен Шалқарбай Ізбасаровтың жұбы сахна төрінде Жұмекен рухына сөз сайыстырды. Ал аудан орталығы – Ганюшкин ауылындағы мәдениет үйінде “Жыр дүлділі, күй күмбірі – Жұмекен” атты жас ақындар мүшәйрасында бір топ жас ақындар сахнаға шықты. Мүшәйраға қатысқан 14 ақын алдымен Жұмекенге арнаған бір өлеңі мен еркін тақырыптағы және бір өлеңін оқыды. Әр жас таланттың аяқ алысы да, шабысы да әрқилы. Дегенмен, ақын Қойшығұл Жылқышиев бастаған қазылар тобы жас ақындардың ешқайсысын бірінші айналымнан кейін топтан шығарған жоқ. Бәрін де екінші айналым – Жұмекеннің өмірімен, шығармашылығымен байланысты тақырыптық өлең шығару додасына жіберді.
Бір ерекшелігі, мүшәйраға қатысқан ақындардың барлығы жастар екендігіне қарамастан, ешқайсысы да жүлдесіз болған жоқ. Жүлделі орындарға ілінбегендері ынталандыру сыйлығына ие болса, мүшәйраның 150 мың теңгелік бас жүлдесі Жұмекен топырағынан нәр алған жас талант Бақытгүл Бабашқа берілді. Ал бірінші жүлде – 100 мың теңге Артур Яһудаға, 75 мың теңге байрағы бар екінші жүлде Қарлығаш Темірғалиға бұйырды. Елу мың теңгеден тағайындалған үшінші жүлдені қос өрен Асантемір Қаршығаұлы мен Шопан Шыңғыс иеленді.
Ақындар мүшәйрасы кезінде күйшілер де сахна төрінде қоңыр домбырамен күмбірлете күй төкті. Республикаға танымал күйшілер Құттыгерей Дүйсеев, Қадыржан Түсіпқалиев, Байболат Ғилажев, Жанұзақ Исабаев және Азамат Сатыбалдиев Жұмекен Нәжімеденов жақсы көріп шерткен күйлерді орындады. Жұмекеннің өзі Құрманғазы, Тәттімбет, Дина және басқа да қазақ композиторларының баяу орындалатын күйлерін тартқан екен.
– Жұмекен шығармашылығын кеңінен насихаттайтын шаралар мұнымен шектелмейді, – деді газет тілшісіне облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бақыт Иманғалиев. – Мұндай шаралар қарашаның аяғына дейін жалғасып, мектеп оқушылары арасында көркемсөз оқушылар сайысы өтеді. Сонымен өңір орталығында Жұмекен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу ойда бар. Алдағы жылдары Жұмекен атындағы ақындардың республикалық мүшәйрасын өткізуді ойластырмақпыз.
Міне, осылайша, әр жыл сайын қарашада Жұмекен рухына арналған мәдени шаралар жалғасын таппақ. Иә, қарашада қаздар қайтқанда...
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы,
Құрманғазы ауданы.
Суреттерде: Жұмекен ауылында ақын ағаға орнатылған ескерткіштің алдында қарындасы Сәбила балаларымен және немере бауыры Қибатолла (сол жақта); Жұмекен атындағы ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері Бақытгүл Бабаш; шараға қатысушылардың бір тобы.