Уәлихан – 175
Шоқанды шетел қалай танып-білуде? Ғалымның жоғалған қолжазбалары туралы ой
Көзқарастар көкжиегі
Бұрынғы ұғымға жаңа көзқарас деген осы, қазіргі тәуелсіз ой-санамызбен қарасақ, Ш.Уәлихановтың еңбектерінен талай тыңға түрен түсіргендейміз. Соның бірі Шоқанның достары есептелген кейбір орыс интеллигенция өкілдерінің идеялық ұстанымдары қазақ ғалымының қоғамдық көзқарастарына сәйкес келе бермейтіндігі.
Әдебиетте Ф.М.Достоевский қазақ ғалымының ең жақын достарының бірі ретінде суреттеледі. Ал, енді орыс жазушысының отыз томдық шығармалар жинағын парақтаған кезде жоғарыдағы тұжырымның дәйектілігі күмән тудырады. Ф.М.Достоевский – патшалық Ресейдің шығыс халықтарын жаулап алуының және оларға үстемдік жүргізуінің “заңдылығы” туралы шабыттана жазған адамдардың бірі. Ол Ресейдің Азиядағы “өркениеттік миссиясы”, “Константинопольдің православие дінінің орталығы болуы”, “ақ патшаның есімі хандар мен әмірлерден жоғары тұруы керектігі”, “орыс қылышының жеңілместігі туралы пікірдің Үндістанға дейін орнығуы” жөнінде, Орта Азия тұрғындарын қырғынға ұшыратқан М.Г.Черняев пен И.Н.Скобелевтің “ерліктерін” аса бір мақтанышпен, сүйсіне әңгімелейді.
Орыс жазушысының өзін сөйлетіп көрейік: “Православие и славянство. Константинополь как столица России немыслим, а Константинополь как столица православия – должен. Православие и Россия – как старший элемент его” (Достоевский Ф.М. Полное собрание сочинений в тридцати томах. Т.24. Ленинград, 1982. С. 216).
“Черняев возродил все славянское дело – вот что он сделал... он – гений” (Там же. С.280).
“С победой Скобелева пронесется гул по всей Азии, до самых отдаленных народов ее: “Вот дескать, и еще один свирепый и гордый правоверный народ белому царю поклонился. И пусть пронесется гул. Пусть в этих миллионах народов, до самой Индии, даже в Индии, пожалуй, растет убеждение в непобедимости белого царя и в несокрушимости меча его” (Там же. Ленинград, 1984. Т.27. С.32).
“Наш взгляд на Азию. Азия и вся Азиатская Россия, это тоже засохший корень, который надо не то что освежить, а совсем воскресить, совсем пересоздать” (Там же .С.145).
“Пусть приучаются к мысли, что мусульманский Восток и Азия принадлежат Белому царю” (Там же).
Ф.М.Достоевскийдің қатыгездік пен жаулап алушылықты дәріптеген бұл сөздері 1876, 1881 жылдары жазылған. Алайда Ш.Уәлиханов орыс жазушысының көзқарасын өзінің көзі тірісінде-ақ түсіне бастаған. А.Н.Майковқа жолдаған хатында: “Өз арамызда айтқанда, мен олардың біресе славяншылдыққа, біресе шексіз батысшылдыққа қарай бұрған халықшылдық ұстанымын түсіне бермеймін... Менімше осылардың біреуін: батыс үлгісі бойынша түпкілікті өзгерістерді, әлде ескілікті, тіпті, бұрынғы дін жолын тұтынуды қалап алу керек”, дейді (Уәлиханов Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. Бесінші том. 148-б.).
Зерттеушілер Шоқан Д.М.Достоевский шығарып тұрған “Время” (1861-1863) және “Эпоха” (1864) журналдарының Н.Г.Чернышевскийдің “Современник” журналына қарсы бағытталған идеялық ұстанымын сынға алды деп жазып, бұл жерде де қазақ ғалымын орыс революционер-демократтарына қарай бейімдейді. Шындығына келгенде Шоқан нәсілшілдікке негізделген славяншылдықты қабылдай алмайтындығын, “халықшылдық” теорияларының да олқылықтарын айтып отыр.
Жалпы Ш.Уәлихановтың қоғамдық көзқарастарын сипаттауға ұмтылған ғалымдарымыз ол отарлық жүйені емес, оның жеке өкілдерін сынға алды, патша өкіметінің Орта Азияның жаулап алуы барысындағы қатыгездіктеріне ғана қарсылық білдірді, “осыған қарамастан” (кейбір зерттеушілердің сүйікті сөз қолданысы) Ресейді шын ниетімен сүйді” деумен шектеліп келеді. Тарихи фактілерге жүгінбей, “осыған қарамастан” деп қарама-қарсы қорытынды жасау софистикалық ойлау машығынан туындайды. Ал Шоқанның “Ресейге адалдығы”, “қазақ халқының болашағы да онымен бірге болуға байланысты” деген өз сөздеріне сілтеме жасау жоғарыда айтылған жәйттерге қайшы келеді. Бұл секілді тұжырымдар қазақ ғалымының қызмет ерекшеліктеріне, шығармалары мен хаттарының астарын түсінбеушілікке байланысты секілді.
Ш.Уәлихановтың 1864 жылы көктемде Орта Азияны жаулап алуға шыққан орыс әскерінен кетіп қалуы М.Черняевке ғана көрсетілген қарсылық емес, орыс әскерлерінің Орта Азияға бет алып, жол бойында жергілікті тұрғындарға жасаған зорлық-зомбылықтарынан әбден түңілген адамның ісі еді және ол Шоқан наразылығының шегі іспеттес сипат алды.
Қазақстанның оңтүстік өңірін жаулап алу кезінде Петербордағы соғыс министріне жазған құпия хатында патша генералы Черняев Байзақ, Сапақ, Шоқай датқаларға сипаттама бере келіп, “бұл кісілердің арасындағы Батырбек датқа – мен үшін өте құпия тұлға.... Бірінші кездесуімізде әңгімеге ротмистр Ш.Уәлиханов қатысқан болатын. Екінші кездесуімізге ротмистр қатысқан жоқ, ол маған ренжіп экспедициядан кетіп қалған, естуімше, оған Батырбек датқаның тікелей қатысы бар, себебі екеуі оңаша кездескен, ротмистрді жат діндегілерге көмектесіп жүрсің деп кінәлаған, өз халқыңа қарсы соғысып жүрсің деп айыптаған көрінеді”, деп хабарлайды (“Егемен Қазақстан”. 2010, 28 мамыр).
Батырбек датқа – ел жұртына сыйлы, беделді кісі болған секілді. Оның үйінде Шоқанның болашақ қайынатасы Тезек төре бірнеше рет қонақта болған. Осыған қарағанда датқа Шоқанның көптен көлбіреп, маза бермей жүрген “бітеу жарасының” аузын алғанға ұқсайды.
Ресей сонау XVІ ғасырдан бастап өзге ұлт өкілдерін өз мүддесіне орай жұмыс жасата білді, бірақ оларды құрметтей де марапаттай да отырып, өз бақылауында ұстады. Олардың Ресей тағына адалдығы қай кезеңде де бірінші орында тұрады. Шоқан Уәлиханов та бұл ережеден тыс тұрмады. Қайта оның қайда болғаны, кімдермен не туралы әңгімелескені, түсінік-пайымы тиісті орындарға агентуралық жолдармен жетіп жатады. Түркістан жорығынан кейін Шоқан тиісті орындардың “қара тізіміне” алынады.
Шоқанның өз әкесі Шыңғыс та, қайынатасы Тезек сұлтан да патша үкіметі үшін сенімділер қатарына алынбайды. 1865 жылы Шыңғыс сұлтанға саяси айып тағылып, оған “полковник Шыңғыс Уәлихановтың үкіметке қарсы қылмыстық пікірлері жөнінде” деп аталған іс қозғалады (ГАОО. Ф. 3. Оп. 13. Д. 9).
Патша өкіметі қазақ даласында отарлық үстемдікті орнатуда хан, сұлтандар мен қожа, молдаларға арқа сүйейді. Мүмкін, осы себептен де Шоқан оларды сын тезіне салып, қоғам дамуына кедергі күш ретінде шенейді.
Осыдан барып әдебиетте Шоқанды “орысшыл”, “атеист” деп кінәлауға жол беріледі.
Шоқанның бұл бағыттағы тұжырымдарын ой елегінен өткізгенде оның хан, сұлтандарды отарлық тәртіпке тірек болып отырған, өз халқының мұң-мұқтажынан гөрі қарабастарының қамын көбірек ойлаған, қоғамның дамуына енді оң ықпал ете алмайтын, саяси сахнадан кеткен, болашағы жоқ топ ретінде әшкерелейді. Қазақ ақсүйектерінің көп жағдайда орыс бодандығына өз еріктерімен бас сұғып, соған қара халықты көндіруге де тырысқаны Шоқанға құпия емес еді.
Ислам діні жөніндегі пікірлеріне келетін болсақ, Шоқан Г.Потанинге “мен өз халқыма қызмет еткім келеді, ол үшін мұсылман болуым керек” деп ашық айтады. “Мұсылмандық Шығыстың бәрінде азаматтық құрылымның негізі – Құран; әдет-ғұрып, заң мен қоғамдық және халықаралық қатынастардың барлығы соның негізінде атқарылады”, – деп мойындайды “Алтышар немесе Қытай провинциясы Нан-Лудың... жағдайы туралы” еңбегінде (Көп томдық шығармалар жинағы. Үшінші том. 161-б.).
Дегенмен Ш.Уәлихановтың ислам діні жөніндегі көзқарасы әлі де зерттей, зерделей тусуді қажет етеді.
Исатай мен Махамбет, одан кейін өз туысы Кенесары бастаған қарулы көтерілістің жеңілісінен кейін өзінше ой түйіндеп, қазақ қоғамына эволюциялық дамудан басқа жолдың жоқтығын түсінген Шоқан өмірінің соңғы кезеңінде өз сенімдерінің дағдарысқа ұшырағанын сезінгендей әсер қалдырады. Н.М.Ядринцев оның Түркістан жорығынан әбден қалжырап қайтқан кезін былай деп еске алады: “Өркениет пен мәдениеттің талғампаз әрі байқампаз Ш.Уәлиханов үшін ауыр да өткір тұстары болды... Бұл дарынды тұлғаның өзге өмірді, өркениетті көріп, білім алып, ақыры осының бәрінен безініп келген тағдырының бір көрінісі. Бұл безінуде өзге елдің мәдениетіне сенбеу, қауіптену, өзін сақтап қалу деген ниет жатыр. Дәл осы сезімнің жетегімен Ш. Уәлиханов туған жеріне оралса керек... Шоқан өзінің еліне, жеріне адал, халқын сүйетін азамат болып қала берді. Оның арманы халқын сақтай отырып, оны еуропалық біліммен сабақтастыру еді” (Сонда. Бірінші том. 83-84 бб.). Түркістан майданынан “Шоқан орыс өркениетінен түңілген күйде оралды” дейді келесі жолы (Сонда. Бесінші том. 284-б.).
Н.М.Ядринцевтің бұл естелігіндегі “өзге елдің мәдениетіне сенбеу, қауіптену, өзін сақтап қалу” деген сөздерін Ресей билігінің қазаққа жақсылық әкелуінен торығу, өз халқының болашағына алаңдау деп түсінген жөн. Шоқан өз елінің ауыр жағдайы ұлттық теңсіздікке байланысты екендігін ашып айтты. Оған дәлел – 1864 жылғы 14 желтоқсанда Г.А.Колпаковскийге жазған хаты, ондағы: “Қырғыз ретінде азап шегіп жүрген өз жерлестеріме қатысты бір-екі ауыз сөз айтпай тұра алмаймын”, деуі (Сонда. Бесінші том. 166-б.).
Қоғам дамуына тұсау болып отырған жағдайларды анықтағанымен, Ш. Уәлиханов “азаттық” пен “өзін-өзі билеу” жолына жетелей алатын қозғаушы күштерді тап басып айта алмады. Осыдан кейін ол: “Сколько бы ты не вел истину вперед, но в туманную эпоху нельзя, оказывается не заблудиться”, – деп өмір жолын қорытындылайды.
Шоқанға осы үшін кінә қоюға да болмайды, себебі ондай күштер тарих сахнасына шыға да, қазақ қоғамының өзі әлі қалың ұйқыдан ояна да қоймаған. “Оян қазақ!” деп жар салатын күн алда еді.
Шоқанның қоғамдық өмірден шеттелуіне, одан “безінуі” мен “түңіліске” патша шенеуніктері тарапынан көрсетілген сенімсіздік, өсек-аяңдар мен жан күйзелісі себепші болады. Оның астарында Ш. Уәлихановтың өз халқының шығу тегін қазбалау, этностық аумағы мен жер-су аттарының түп-төркінін анықтау, “еркіндік” пен “теңдік” туралы идеялары жатты.
Патша өкіметі болса қазақтар мен басқа халықтарға өзіне ғана тиімді тарихты ұсынып, олардың мәңгүрттеніп, мәңгілік орыс бодандығында қалуын тіледі.
“Тұманды дәуірде” өмір сүріп, өз халқының алдында “болу не болмау” мәселесінің тұрғанын бүкіл болмысымен, жан-дүниесімен ұғынған Ш. Уәлиханов сол себепті ұрпақтары үшін жарық жұлдыз болып қала береді.
Пікірлер тоғысында
Шоқан Уәлиханов шет елдерде өзінің көзі тірісінде-ақ белгілі болды. 1862 жылы Адольф Эрман мен А. Петерманның “Мұрағатында” Шоқанның “Орыс Географиялық қоғамының жазбаларында” басылған “Жоңғария очерктері” мен “Алтышардың сипаттамасы” деген еңбектері неміс тілінде жарық көрді (Аrchіv Ermans. Berlіn, 1862. Bd. XXІ ). А. Петерман, қазақ ғалымы қайтыс болғаннан кейін, неміс баспасөзінде қазанама жариялайды.
1865 жылы қазақ ғалымының еңбектерінен үзінділер Джон мен Роберт Митчельдердің ағылшын тіліне аудармасымен Лондонда жарияланды (The Russіans іn Central Asіa… L., 1865). Жинақтың кіріспесінде “мұнда енген Орталық Азияға саяхаттар туралы есептердің ішінде капитан Ш. Уәлихановтың Жоңғария мен Шығыс Түркістан туралы хабарлары аса маңызды орын алады”, деп көрсетіледі.
Кітап ағылшын жұртшылығына үлкен қызығушылық тудырып, баспасөз беттерінде (“Saturday Revіew”, “Bombay Tіmes”) бірнеше пікір білдіріледі. Журналистер “Қашғарияда мінген атыңды асырау қиын. Ал, иығыңдағы басыңды аман сақтап қалу одан да қиынырақ”, – деп қазақ ғалымының қауіпті сапары туралы жарыса жазады.
Ағылшындарға ілесе француз баспасөздерінде де Шоқан туралы жазыла бастайды. Публицист Эмиль Жонво, Шоқанның Орыс Географиялық Қоғамындағы баяндамасын еске ала отырып, “орыс офицері Уәлихановтың еңбектері арқасында біздер тарихқа және қытай Татариясындағы саяси жағдайды түсінуге қажетті де, аса құнды мәліметтер алып отырмыз”, – деп көрсетеді (Revue des deux Mondes. T. 67. №2. P. 968-998)
Шоқан Уәлихановтың еңбектері Ч. Марвиннің, Г.Роулинсонның, Карл Андренің ғылыми ізденістерінде пайдаланылады, Э. Реклюдің Қашғария мен Шығыс Түркістан туралы туындыларына көп көмегін тигізеді (Реклю Э. Земля и люди. Всеобщая география. Восточная Азия. СПб, 1885. С. 85).
Шоқан есімін 1865 жылы жарық көрген Ф. Тренчтің “Орыс-Үнді мәселелері”, 1885 жылғы Г. Лансделлдің “Орыс Орта Азиясы және Мерв, Хиуа, Бұхара, Құлжа”, 1889 жылғы Д’де Реннің “Орта Азия”, Шарль Эжен де Уйфальвидің және басқа да батыс авторларының еңбектерінен ұшырастырамыз.
Француз ғалымы И.А.Кастанье де Шоқан еңбектеріне аса қызығушылық танытады (Древности Киргизской степи и Оренбургского края. Оренбург, 1911).
Кеңес заманында, географиялық зерттеулерінің ағылшын ғалымы Дж. Бейкердің еңбегінде пайдаланылғанымен, батыс әдебиетінде Шоқанның есімі біраз ұмытылып барып, тек оның “Бес томдық шығармалар жинағы” жарық көре бастағаннан кейін ғана “Ортаазиялық шолу” атты (Лондон) журналда қазақ ғалымының өмірі мен ғылыми мұрасы, Қашғария мен Ыстықкөлге саяхаты туралы мақала басылды. Мақала мынадай жолдармен аяқталады: “Шығыс Түркістан мен Орта Азияны зерттеуші ретінде Уәлихановтың жетістіктерін дүниежүзі ғалымдары мойындады және оның еңбектері көптеген тілдерде басылып шықты... Уәлиханов өз халқының патриоты болды. Сол кезде ол Ресеймен қарым-қатынасты жоғары бағалады, дамыған орыс мәдениетінің қазақ халқына оң әсері болатындығына үміт артты”.
Ш.Уәлиханов шығармаларымен тереңірек танысқан “Ортаазиялық шолу” журналы редакциясының қорытындысы канадалық профессор Р. Пирстің “Орыс Орта Азиясы. Отарлық саясатты зерттеу” (1960) деген кітабында айтылған “Шоқан Уәлиханов бастаған қазақтардың шағын тобы білім алғаннан соң, көпшіліктен, ана тілі мен мәдениетінен қол үзе бастады” деген пікірінің негізсіздігін көрсетеді. Шоқанның өз халқының озық ойлы перзенті болғандығы туралы мұнан бұрынырақ жеткілікті уәж айтылған.
Корнелл университетінің (АҚШ) профессоры Э.Бэконның пікірі бойынша, Ш.Уәлиханов – Батыс идеяларын орыс әдебиеті арқылы меңгерген, түптеп келгенде, орыс пен қазақ әлемінің арасында көпір бола білген тұлға (Bacon E. Central Asіans under Russіan rule. A study іn culture change. New York. 1965).
Профессор С.А.Зеньковский (АҚШ) Ш.Уәлихановтың дүниетанымына кеңірек сипаттама береді. Басқа ғалымдар секілді, ол да Шоқанды “батысшылдар” (“westernіses”) қатарына жатқызады. Өзінің “Ресейдегі түрікшілдік және ислам” деген еңбегінде Ш. Уәлиханов дүниетанымының өзегін америкалық автор қазақ ғалымы айтып кеткен “өз бетінше даму, өзін-өзі басқару, сот ісін өзінің жүргізуі” деген сөздері құрайды, бұл принциптер қазақтардың игілікті дамуына апарар қуатты тетік болып табылады деп жазады. “Өмірден ерте кетсе де, – деп көрсетеді С.Зеньковский, – Ш.Уәлихановтың философиялық дүниетанымы мен еңбектері қазақ зиялыларының отаршылдыққа қарсы көзқарастарының қалыптасуына игі әсер етті, оның оқу-ағарту ісінің маңыздылығына, теңдік пен әділеттілікке сенімін сан ұрпақ ту етіп ұстады” (Zenkovsky S. Pan-Turkіsm and Іslam іn Russіа. Cambrіdge, 1960).
Америкалық ғалым Томас Виннер қазақ интеллигенциясы өкілдерінің көзқарастарына тоқтала келіп, Шоқанның орыс әдебиеті мен философиясы ғана емес, ағылшын жазушылары, тарихшылары мен философтарының туындыларымен танысқандығын айтады. “Шоқанды Ч.Диккенстің, ағылшын саяхатшыларының еңбектері баурап алды. Ағылшын әдебиетіне құмартқаны соншалық, ол ағылшын тілін үйренуге кірісті. Ағылшын әдебиетіне қызығушылығын Уәлихановтың шамандық туралы этнографиялық еңбектерінен байқауға болады”, дейді.
Орта Азияны көптен зерттеп келе жатқан америкалық профессор Э.Олуорд Ш. Уәлихановты “қазақ даласындағы жадиттер қозғалысының пионері” деп атайды (Central Asіa. А Century of Russіan rule. By Ed. Allworth. N.Y., London, 1967. PP. 349-396).
Ч.У.Хостлер дәстүрлі түрік-монғол қоғамын “модернизм” мен “вестернизм” негізінде реформалауға ұмтылған оның кейбір жетекшілері еуропалық өркениеттің өкілдері ретіндегі орыстармен қарым-қатынас жасауға ұмтылды, оның айқын мысалын Шоқан Уәлихановтың қызметінен көруге болады, ол орыс либерализмі мен батыс мәдениетіне табынды; алайда әскери қызметтен босағаннан кейін оның көзқарастарында “түріктік патриотизм (ұлтшылдық) айқын белгі берді”, бұл оның дүниетанымында орын алған өзгерістерге байланысты еді, туған халқының азапты жағдайы мен қазақтарға қарсы бағытталған орыс саясатының ауыр салдарын өз көзімен көрген Ш.Уәлиханов “орысшылдық мұраттарынан” арыла бастады деп есептейді (Hostler Ch. W. Turkіsm and the Sovіets. The Turks of the World and theіr polіtіcal Objectіves. London, N.Y.,1957).
Колгейт университетінің (АҚШ) профессоры М.Б.Олкотт “Қазақтар” деген еңбегінде “орысшылдық дүниетанымы”, “атеистігі”, “қазақ шаруашылығында болып жатқан өзгерістерге бейжай қараушылығы” секілді “кінәларды” үйіп-төккенмен, ол да Ш.Уәлихановтың қазақ зиялыларының саяси тұғырнамасының қалыптасуына оң ықпал жасағанын жоққа шығара алмайды. Ш. Уәлихановты – “ұлы қазақ этнографы” деп қана есептеуі (Olcott M.B.The Kazakhs. Stanford, 1987. Р. 19). М.Олкоттың қазақ ғалымының шығармашылық мұрасын толық игермегендігін білдіреді.
Оған қарағанда Эмори университетінің (АҚШ) профессоры К.Маккензидің Ш. Уәлиханов туралы еңбектері ғылыми талдауының тереңдігімен және объективтілігімен көзге түседі. 1989 жылы ғалымның “Ортаазиялық шолу” (“Central Asіan Survey”) журналында Шоқанның өмірі мен қызметіне арналған мақаласы жарық көреді. Америкалық ғалым Ш.Уәлихановтың шығармашылығына ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанда орын алған қуатты процестердің көрінісі ретінде қарау керек деп санайды. Олардың қатарына ол екі түрлі – көшпелі және отырықшы-өмір салтының әсерін, түрлі дәстүрлерге негізделген екі мәдениет аралығындағы қайшылықты, яғни мұсылман-түркі-ортазиялық мәдениеттің еуропалық-христиандық-славяндық мәдениетпен бәсекелестігін, империялық басқыншылыққа мойынсұнған ұлттық интеллигенцияның пайда болуын жатқызады.
К.Маккензи Ш.Уәлихановты тарихшы ғана емес, “тамаша ойшыл” ретінде суреттейді. Ол үшін Шоқанның өз халқын жан-тәнімен сүйгені, орыстың да, батыстың да мәдениетіне құрметпен қарағаны-аксиомалық шындық.
Жалпы батыс әлемінде Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасын зерттеуге қызығушылық 1989 жылдан бастап күрт өседі. Оған академик Р.Б.Сүлейменовтің сол жылдың 2-5 ақпанында Лос-Анджелес қаласында (АҚШ) өткен халықаралық симпозиумде “Шоқан Уәлиханов – ХІХ ғасырдағы Орталық Азияның көшпелі халықтары тарихын зерттеуші” деген мазмұнды баяндамасының септігі тиген секілді (Вестник АН Каз ССР. 1989. № 6. С.15-22).
Француз тарихшысы Г.Имар қазақтардың этностық дамуы Ш.Уәлихановтан бастап еуропалық (либералдық, “прогресшілдік”, зайырлық) құндылықтар мен мұраттарды қабылдау арқасында орын алды деп түйіндейді (Іmart G. G. Kіrghіzіa-Kazakhstan: A Hіnge or a Fault-lіne? // Problems of Communіsm. Washіngton, 1990. Vol. XXXІX. №5. P. 4).
Ш. Уәлихановтың шығармашылық мұрасын зерттеу Америка Құрама Штаттарында қазақ интеллигенциясының қалыптасуына, оның дүниетанымына орай сабақтастырыла жүргізілуде. 1989 жылы Стивэн Саболдың философия докторы ғылыми дәрежесін алу үшін “Оян қазақ!: Орыстардың Орта Азияны отарлауы және қазақ ұлттық интеллигенциясының пайда болуы (1868-1920)” деген тақырыпта Джорджтаун мемлекеттік университетінде диссертация қорғауы шоқантанудағы осы концептуальдық бағыттың көрінісі болды.
Солтүстік Каролина университетінің профессоры С.Сабол кейін (2003 ж.) докторлық диссертациясы негізінде “Орыс отаршылдығы және қазақ ұлттық сана-сезімі” деген монография жариялады. Ол Шоқан Уәлихановқа өмірінің соңғы кезеңінде “кәсіби түңіліс” тән болды, бірақ қазақ ғалымы, ақыл-ойы өткір күйінде, қоғамдағы әлеуметтік мәселелер төңірегінде өз пікірін айтудан таймады дейді (Sabol S. Russіan Colonіzatіon and Kazakh natіonal conscіousness, 1868-1920. Unіv. of North Carolіne, 2003. P. 57).
Батыс ғалымдары (Кермит Маккензи, Майкл Фютрел және т.б.) көбіне Шоқан Уәлиханов орыс мәдениетін де, қазақ мәдениетін де қатты сынға алып, олардың екеуінің де артта қалғандығына, бұл екі қоғамның да парақорлығына көзі жетті деген пікірге тоқтайды. Олардың ойынша Шоқан: “Өз халқын қараңғылық пен мешеуліктен тек зайырлы батыс мәдениеті мен білімі ғана алып шыға алады .... Орыс мәдениетінің көптеген жақтарын қабылдағанымен, оларға еуропалық өркениет туындысы ретінде қараған”. Дегенмен олар батыс мәдениеті Шоқанға өз халқын прогрес жолына бағыттауға, дәстүрлі мәдениетін еуропалық біліммен ұштастыру үшін керек болғандығын мойындайды (McKenzіe K. Chokan Valіkhanov: Kazakh prіncellіng and scolar // Central Аsіan Survey. 1989. № 8. Р.18; Futrell M. Dіscovery and Іslam (and Chokan Valіkhanov) // Slavіc and East European Revіew. 1979. Vol. 57. Рp. 16-31).
К.Маккензи Ш.Уәлиханов орыстардың қазақтарды көшпелі де надан халық ретіне есептеген түсінігін өзгертті, бірақ қанша талантты болғанымен, жалғыз зиялының іс-әрекеті ХХ ғасырда ғана анық жүзеге аса бастаған қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің қалыптасу процесіне аса көп ықпал жасай алмады деп есептейді.
2000 жылы Висконсин университетінде Дениз Болгамыш “Революцияға дейінгі кезеңде қазақ интеллектуалдық элитасының пайда болуы және дамуы” деген тақырыпта философия докторы дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 2001 жылы К.Аллездің “Г.Н.Потанин және қазақ интеллигенциясы” деген мақаласы жарық көрді (Cahіers d’Etudes sur la Mйdіterranйe orіentale et le monde turco-іranіenne. 2002. №4). Вирджиния Мартин “Дала заңы және әдет-ғұрыптары: Орта жүз қазақтары және Ресей отаршылығы” деген мақала жариялады.
Осылардың бәрінде де Шоқан туралы лебіздер баршылық.
Батыс елдерінде Шоқан Уәлиханов туралы жарық көрген еңбектердің ішінде америкалық ғалым Пети Роттиердің 2005 жылы Висконсин университетінде (АҚШ) философия докторы ғылыми дәрежесін алу үшін “Қазақ ұлтының қалыптасуы: ұлттық интеллигенцияның орыс империясы үстемдігіне бейімделуі жөніндегі ізденістер” деген тақырыпта дайындаған диссертациясы отандық тарихшылардың назарын аударуды қажет етеді.
Әсіресе, Роттиер Шоқанның өз халқының тарихын зерттеуде қандай мақсаттарды алдына қойғанын, оның қазақ қоғамын жайлаған озбырлық пен өктемдікті әшкерелеуге қызмет істеуі тиіс болғанын нақтылы мысалдармен дәлелдейді. Шоқан Уәлиханов қазақ зиялыларының бірінші буынымен бірге жерлестерінің ұлттық бірегейлігінің негізін қалады, өз халқының “өзге” екендігін және қоғамды реформалау арқылы білімді қазақ халқын қалыптастырудың қажеттілігін алға қойды дейді (Rottіer P. Creatіng the Kazakh natіon. The іntellіgentsіa’s quest for acceptance іn the Russіan empіre, 1905-1920. Unіv. of Wіsconsіn, 2005. P. 197). Автордың мұнан ары қарайғы ойлары мынаған саяды: Ш. Уәлиханов тарихты қазақ қоғамының артта қалу себебі дамудың монғолдық жолына түсуіне байланысты екендігін дәлелдеу үшін пайдаланды; қазақ интеллигенциясы бірінші ұрпағының өзгерістердің қажеттілігі жөніндегі іс-әрекеттері қазақтардың лингвистикалық, мәдени, әлеуметтік және тарихи атрибуттарын айқындай түсті; бұл жағдай өз кезегінде тарихы, тілі және жазба әдебиеті бар дара ұлт туралы идеяны туғызды (Іbіd. P. 198).
П. Роттиер Ш. Уәлихановтың және басқа да зиялылардың қазақ қоғамын реформалау қажеттігі туралы қызметі ұлттық қалыптасудың негізін қалады деген тұжырым жасайды. Қазақ ғалымының өмірі мен дүниетанымын зерттеуге диссертациясының жиырма шақты бетін арнаған америкалық автор қазақ интеллигенциясы өз халқы мен атамекенін сақтап қалу үшін жүргізген күресінде Ш.Уәлихановтың еңбектеріне арқа сүйеді деген пікірге акцент жасайды. Және бұл ойларын қазақ ғалымының еңбектеріне нақтылы талдау жасай отырып негіздейді.
Қорыта айтқанда, шетел ғалымдары да Шоқан Уәлихановты өз халқының азаттықты аңсаған ата-бабаларының дәстүрлерін адамзаттық құндылықтарымен ұштастыра отырып, әділетті де бақуатты өмір сүруін армандаған ойшыл және ғұлама ғалым ретінде таниды.
Жоғалған қолжазбалар қайда?
Еліміздің егемендік алып, өз дамуында жаңа тарихи кезеңге аяқ басуына байланысты рухани қазыналарымызды түгендеп, ой елегінен өткізу – бүгінгі ұрпақ алдында тұрған аса маңызды міндет. Елімізде Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы бойынша қыруар жұмыстар атқарылғаны мәлім. Шоқантану саласында да кейбір қадамдар жасалды. Бірақ Шоқан Уәлихановтың дүниетанымына, өмірі мен шығармашылық мұрасына байланысты “жұмбақтың” кілтіне қол жеткіздік дей алмаймыз.
Ең алдымен өзекті істер қатарында Ш. Уәлихановтың ғылыми мұрасын түгендеу күн тәртібінде тұр. Шоқан қайтыс болғаннан кейін Н.М.Ядринцев (1865 ж.) “Уәлиханов қолжазбаларының қайда екені және бар-жоғы беймәлім” деген болатын (Көп томдық шығармалар жинағы. Бесінші том. 272-б.). Оның бір себебі сол кезде Шоқанның ғылыми және әдеби мұрасын жинап алып кетуге Тезек сұлтанның ауылына келген К.К.Гутковский көп нәрсеге кезіге алмайды. Шоқан қолжазбалары мен хаттарын, басқа да соңында қалған құжаттарды осының алдында Петербордан арнайы келген Ғазы Уәлиханов алып кетеді. Бірақ Ғазының оларды қайда жібергені белгісіз. Тіпті, К.К.Гутковскийдің қолындағы Шоқанның қағаздары Орыс Географиялық Қоғамына түгел тапсырылмайды. Оның үйінде сақталып келген материалдарды қызы 1920 жылы Ғылым Академиясының мұрағатына тапсырғанға ұқсайды. Ш.Уәлихановтың кейбір еңбектерінің жасырын қалуына Ресей барлау органдары да, жандармерия да мүдделілік танытқан.
Ш.Уәлиханов еңбектерін жинастыру оның алғашқы жинағын бастырып шығару кезінде де үлкен қиыншылықтарға ұшырасады.
Н.И.Веселовский 1903 жылғы 2 сәуірде А.А.Достоевскийге жолдаған хатында: “Аса қадірлі Александр Андреевич! Уәлихановтың шығармаларын бастыру ісі аяқталып келеді, соңғы екі мақала басылды, бірақ солармен бірге дау-дамай туып отыр. Олардың түпнұсқасы Петр Петрович Семеновтың қолында, мен оларды көрген жоқпын, ал П.П. сұраған кезде оларды таба алмады”, дейді (Сонда. 222-б.).
Ш.Уәлихановтың біраз еңбектерінің түпнұсқалары Г.Н.Потанинде де болыпты.
Жалпы алғанда Шоқан еңбектерін жинастыруда Н.И.Веселовскийдің, Г.Н.Потанин, П.П.Семенов, С.Я.Капустин, Н.М.Ядринцев, К.К.Гутковский, Н.С.Курочкин, т.б. таныстарының мұрағаттардағы жеке қорлары және шығармалары парақталып, сараптамадан өткізілуі тиіс.
Шоқанның біраз еңбектері досы Д.И.Романовскийдің (1838-1881) мұрағатында сақталған. Тіпті, кейбір еңбектері Романовскийдің атымен жарияланғандығы жөнінде болжам бар. Ол 1862-1865 жылдары “Русский инвалид” газетінің редакторы болып жұмыс істеген. Бір хатында Шоқан осы газеттің алғашқы нөмірлерінде менің мақалам жарияланды дейді (Сонда. 151-б.).
Шоқан қолжазбаларын жинастыруда оның қолтаңбасын басшылыққа алу да, алмау да керек. Бұл альтернативті жағдайдың соңғысы науқастанып жүрген шағында Шоқан кейбір (“Қырдағы мұсылмандық туралы”, “Сот реформасы жайлы жазба”, т.б.) еңбектерін ауызша айтып тұрып басқа адамға жаздырған секілді.
Қазақ ғалымының еңбектеріне мәтіндік талдау жүргізу барысында оның қолтаңбасына ерекше назар аударылуы қажет. Себебі оның қолжазбаларына империя идеологтары мен христиан миссионерлері өз мүдделеріне орай “түзетулер” енгізіп, басқа ой-пікірлерді қосып жіберуі әбден мүмкін.
Барлаушылық қызметіне байланысты, не болмаса патша өкіметінің саясатына тым кереғар ой-пікірлері бар мақалаларын Шоқан анонимді жариялаған деген болжам да зерттеудің бір бағытын құрағаны жөн.
Қазақ ғалымы Қашғардан “Тазкирян Сұлтан Сутуқ Боғра хан”, “Тазкирян Тұғлук Темір хан”, “Тазкирян Ходжаған”, “Абумүслим Маурузи” және басқа да сирек кездесетін қолжазбалар алып қайтады. Бұлар да Ш.Уәлихановтың шығармашылық мұрасына енуі керек.
Кезінде Шоқан Орыс Географиялық Қоғамында бірнеше лекциялар оқыған, олардың мәтіндері “Русский инвалид” және т.б. газеттерде жарияланған көрінеді. 1861-1865 жылдары Сібір мен Қазақ даласындағы оқиғалар жөнінде жазылған мақалалар арасынан Шоқан қаламына қатысты туындылар басқа басылымдардан да табылып қалар.
Шоқан Уәлихановтың еңбектері мен оған қатысты материалдар сақталған ҚРОММ, Ресей Мемлекеттік Әскери-тарихи мұрағаты, Ресей Федерециясы Мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясы Әскери-теңіз флоты мұрағаты, Сыртқы істер министрлігінің мұрағаты, Омбы облысы мемлекеттік мұрағаты, Орыс Географиялық Қоғамының мұрағаты, Әдебиет және өнер Орталық мемлекеттік мұрағатының, Ресей Мемлекеттік шетел әдебиеті, Ресей Федерациясы Ғылым Академиясы, Томск Мемлекеттік университеті кітапханаларының қорлары қайтадан зерттеуші сүзгісінен өткізілгені жөн.
Осындай ғылыми, археографиялық ізденістер нәтижесінде Ш.Уәлихановтың түпнұсқа шығармалары жинағының қайта жарық көруі халқымыздың рухани өміріндегі елеулі оқиға болар еді.
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Алматы.