Бәсекеге қабілеттілік кепілі
Халықаралық қоғамдастық жыл сайын қараша айының екінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сапа күнін атап өтеді. Сапа – кез келген мемлекеттің немесе кәсіпорынның табыс көзінің кілті. Сапа мәселесі біздің еліміздің де экономикалық саясатының темірқазығына айналып келеді. 2006 жылдың қарашасынан бергі уақытта елімізде Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығын беру дәстүрге айналды. Дүниежүзілік сапа күні қарсаңында отандық тауарлар мен қызмет сапасын арттыру, олардың халықаралық рыноктағы бәсекелестікке қабілеттілігін көтеру мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар мен міндеттер хақында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Ғабит МҰХАМБЕТОВТІ әңгімеге тарттық.
– Ғабит Мұхамбетұлы, Техникалық реттеу және метрология комитеттің негізгі міндеті өнімдердің сапасына мемлекеттік бақылау жасау және ішкі рыноктағы тауарлар мен қызмет түрлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Осы келелі міндеттерді жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан кешенді шаралар туралы айтып өтсеңіз?
– Соңғы жылдары елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның қабылдануына, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастаған Кеден одағы шеңберінде бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыруға және БСҰ-ға кіру үшін жасалып жатқан дайындық мәселелеріне байланысты техникалық реттеу және сапа шараларына бірінші кезекті басымдық беріліп отыр. Мемлекет басшысы Үкімет пен тиісті органдардың алдына еліміздің ішкі рыногындағы тауарлар мен қызмет түрлерінің халықаралық стандарттарға сәйкес қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық тауарлардың сыртқы рыноктардағы бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру мәселелеріне байланысты ауқымды да нақты міндеттер жүктеді. Бұл көкейкесті міндеттерді жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлардың барлығы жасалуда. Тиісті заңдар қабылданып, техникалық реттеу және сапаны жетілдірудің нақты құқықтық кеңістігі қалыптастырылды.
Мемлекет тарапынан жасалған жағдайлар мен көрсетіліп жатқан қолдаулар дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйеніп, жүзеге асырылуда. Кеден одағы шеңберіндегі және БСҰ-ға кіру мақсатындағы келіссөздер барысында Еуроодақтың және басқа да беделді халықаралық ұйымдардың сарапшылары мен мамандары Қазақстан үшін жаңа техникалық реттеу тетіктерін қалыптастырып, елімізде орын алған мүмкіндіктерге байланысты түбірімен жаңарған құжаттар дайындауға белсене қатысты. Халықаралық деңгейдегі сарапшылар бұл бағытта Үкімет тарапынан қабылданған шешімдерге жоғары баға берді. Осы орайда елімізде техникалық реттеу мәселесі бойынша халықаралық стандарттар өлшемдерінің жоспардағы 105 құжатының 88-і қабылданды. Бұл құжаттардың барлығы тауарлар, қызмет түрлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бизнес субъектілеріне анық та нақты талаптар қояды.
– Елімізде қабылданған мемлекеттік стандарттардың дүние жүзінде қолданылатын халықаралық стандарттармен үйлесімдігі қандай дәрежеде?
– Бүгінгі таңды Үкімет отандық кәсіпорындардың халықаралық стандарттарға көшуіне барынша терең мән беріп отыр. Қазақстандық кәсіпорындардың халықаралық стандарттарға көшу шаралары мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Қазіргі күні елімізде қабылданған үш мыңға жуық мемлекеттік техникалық стандарттардың 67 пайызы халықаралық стандарттар нормасымен сәйкестендірілген. 2010-2014 жылдарға арналған техникалық реттеу саласын дамыту жөніндегі салалық бағдарлама шеңберінде мемлекеттік стандарттар нормаларын халықаралық стандарттар мен үйлесімдігін жыл сайын 2 пайызға өсіріп отыру туралы жоғары міндет белгіленген.
Бұл – аса ауқымды міндет. Оны жүзеге асыру барысында өскелең талаптарға жауап беретін жаңа зерттеу лабораторияларын ашып, бүгінгі заманның қуатты зерттеу базасын қалыптастыру қажет. Өндірісті әртараптандыру шараларымен қатар, менеджмент жүйесі стандарттарын өндіріске енгізу керек. Қазір бұл жүйе еліміздің 3 мыңнан астам кәсіпорындарында жұмыс істей бастады. Дегенмен, бұл әлі шек қойылған меже емес. Менеджмент жүйесі стандарттарын кеңінен дамыту жұмыстары жалғасуда.
– Еліміз қазір Кеден одағы аясында өмір сүріп жатыр. Осыған байланысты ішкі рынокты қорғау мақсатында қандай техникалық реттеу механизмдері бар?
– Бірыңғай кедендік кеңістікті қалыптастыру Кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы кеден шекарасын жоюға негізделген. Осыған байланысты шекаралық бақылаудан басқа барлық мемлекеттік бақылау түрлері одақтың кедендік шекарасына жылжытылған. Үш мемлекет арасында құрылып отырған Кеден одағының моделі БСҰ-ның ережелеріне және Еуроодақтың тәртіптеріне сәйкес келеді. Еуропа одағы тәжірибесінде ойдағыдай жүзеге асырылған интеграциялық бірігу бұл ретте шынайы үлгі бола алады. Кеден одағын құру бастауында тұрған Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткеніндей, бұл интеграциялық құрылым 2015 жылға таман үш мемлекеттің ІЖӨ-сі көлемін 15 пайызға дейін өсіруге ықпал жасайды. Тек темір жол тарифтерін теңестіру жөніндегі келісімнің өзі біздің елдеріміздің арасындағы жүк айналымын 30 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді.
Міне, осындай жағдайда техникалық реттеу мәселесі барған сайын бір ұғымдағы ұлттық ауқымнан шығып кетті. Қазір дамыған шетелдерде техникалық реттеу тәжірибесі “тәуелсіз заң шығару” ережелерінен біртіндеп ауытқып барады. Бұл ретте техникалық реттеу тәртібі тауарлар мен қызмет түрлерінің еркін қозғалысын қамтамасыз ететін халықаралық принциптерге негізделеді. Алдын-ала белгіленген міндеттерге сәйкес Кеден одағындағы техникалық реттеу жүйесі кеден кеңістігіндегі қозғалатын тауарлардың және өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған. Бұл жүйені қалыптастырудың негізіне Еуразиялық экономикалық қауымдастық мүшелері 2008 жылдың 25 қаңтарында қол қойған техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы саясатты үйлестіру жөніндегі келісім алынған.
Кеден одағы ЕурАзЭҚ шеңберінде құрылғандықтан Кеден одағы аумағындағы өнімдердің қауіпсіздігі ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттері бойынша реттеледі. Оның талаптарын орындау жөніндегі негізгі база халықаралық және мемлекетаралық стандарттар болып табылады. Қазіргі кезде өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерінің бірқатар жобалары белгіленіп, жүзеге асыруда.
– Кеден одағы шеңберінде өнімдерді сертификаттаудан өткізу мәселесі қалай жүзеге асырылады?
– Кеден одағы шеңберінде бірыңғай техникалық регламенттердің қабылдануы өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, одаққа мүше мемлекеттер арасындағы техникалық кедергілерді жоюға, сонымен бірге кеден кеңістігін үшінші бір елден келетін жасанды қауіпті тауарлардан қорғау шараларын қалыптастыру үшін бірыңғай құқықтық кеңістік құруға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың шілде айынан бастап кедендік тіркелуден өткен кезде арнайы сертификаттары болуға тиіс өнімдердің бірыңғай кестесі жасалынды. Сапасы арнайы сертификаттармен расталатын өнімдердің тізімі Қазақстанда, Ресейде және Беларусь Республикасында бірыңғай бағалау талаптары мен методикасына сәйкестендірілген өнімдер мен тауарлар кіргізілген. Мұндай өнімдер Кеден одағының бірыңғай формадағы сертификаттарымен расталатын болады.
– Жақында мәлім болғанындай, Қазақстан халықаралық ІLAC ұйымына мүше болып қабылданды. Осы ұйымның мәні мен маңызы туралы және оған мүше болудың пайдасы туралы не айтар едіңіз?
– Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен еліміздің 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық дамуының стратегиялық бағдарламасы қабылданды. Осы стратегиялық бағдарлама аясында Үкімет қаулысымен 2008 жылғы 27 тамызда елімізде аккредиттеудің бірыңғай органы – Ұлттық аккредиттеу орталығы құрылды. Оның алдына қазақстандық зерттеу хаттамалары мен сертификаттарының халықаралық дәрежеде мойындалуын қамтамасыз ету және 2010 жылы ІLAC-қа толық дәрежесінде мүше болу міндеттері қойылған болатын.
ІLAC бұл халықаралық дамыған мемлекеттердің клубы болып табылады. Осы ұйымға мүше мемлекеттердің сапа жөніндегі сертификаттары мен зерттеу хаттамалары барлығына бірдей болып есептеледі. Мәселен, Қазақстан лабораторияларында жүргізілген зерттеу хаттамалары қайта тексерулерден өткізілмей-ақ осы ұйымға мүше мемлекеттер аумағында таныла береді. Қазақстанда бүгінде өнімдерді техникалық реттеуден және сертификаттаудан өткізетін 800 жеке меншік лабораториялар, 200-ге жуық техникалық мемлекеттік орталықтар жұмыс істейді. Бұл зерттеу орталықтары өскелең талаптарға сай техникалық жабдықтармен және жоғары сапалы мамандармен қамтамасыз етілген. Бұл орталықтарда тауарлардың барлық түрлері 882 позиция бойынша сертификаттаудан өткізіледі. Біздің лабораторияларымыздың зерттеу хаттамалары халықаралық деңгейде мойындалады.
Біз ІLAC ұйымына мүше болғанға дейін өнімдері экспортқа бағытталған отандық тауар өндірушілер сыртқы рыноктарда көп кедергілерге тап болатын. Сондықтан халықаралық бұл беделді ұйымға мүше болуымыз көптеген стратегиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Енді біз 2012 жылға таман Аккредиттеу жөніндегі халықаралық форумға мүшелікке кіруге дайындалып жатырмыз. Бұл шара біз үшін тауарларымыздың сапасының барлық халықаралық рынокта мойындалуына мүмкіндік бермек.
ІLAC негізінен БСҰ-ның жарғылық ұйымдарының бірінен саналады. Бұл ұйымға мүше болып кіруіміз болашақта БСҰ-ға өтуімізге игі алғышарттар жасамақ. Бүгінде біз осы ұйым негізінде еліміздегі барлық мемлекеттік стандарттарды халықаралық стандарттарға сәйкестендірудеміз.
Бұл беделді халықаралық ұйымға мүшелікке өтер кезде біз тұңғыш Президентіміздің халықаралық дәрежедегі жоғары беделін барынша сезіндік. Әрбір шаралар бойынша жүргізілген келісімдер аясында біз халықаралық сарапшылардың Елбасымызға деген құрметі мен сенімін көрдік. Бұл өз кезегінде біздің жұмысымыздың да сәтті жүргізілуінің кепілі болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.