Елдердің жақындасуы жақсылыққа жетелейді
Жақында Вьетнамның астанасы Ханойда Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері Ассоциациясына (АСЕАН) мүше елдер және осы ұйымның серіктес мемлекеттері басшыларының саммиттері өтті. Басты әңгіме 2015 жылға қарай АСЕАН қауымдастығын құруды аяқтау жайында болды. Бұл ұйымның (АСЕАН – ағылшынша атауы, сол қалыптасқан атауды қолдануды жөн көрдік) құрылымы да, оның жұмыс істеуінде де айтарлықтай ерекшелік бар. Ең алдымен, АСЕАН-ға он ел кіреді, олар – Таиланд, Малайзия, Индонезия, Филиппин, Бруней, Сингапур, Мьянма, Лаос, Вьетнам және Камбоджа. Сөйтсе де оларды серіктес мемлекеттерден бөліп қарауға болмайтындай. Ұйымның саммитіне олар жүйелі түрде қатысып отырады, түрлі мәселелерді талқылауға, шешім қабылдауға белсенді араласады. Бұл елдер: АҚШ, Қытай, Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея, Үндістан, Австралия және Жаңа Зеландия.
Ұйымның жарғысы бойынша оған мүше елдер кезектесіп төрағалық етеді. Қазіргі төраға – Вьетнам, келесі жылы ол Индонезияға ауысады. Ұйымның барлық шаралары сол төрағалық ететін елде өтеді. Атап айтарлық бір жәйт – бұл елдердің арасындағы интеграция барған сайын дамып келеді және ол алдағы уақытта күшейе түспек. Қазіргі белсенді жүргізіліп жатқан шараларға орай енді бес жылдан кейін сол елдердің біртұтас саяси, экономикалық және мәдени қауымдастығы құрылмақ.
Осы қауымдастықты құруды жүзеге асыру мақсатындағы кешенді жоспарда 700-дей жоба мен шара қарастырылған. Оларды жүзеге асыруға ұйым мүшелері ғана емес, серіктес мемлекеттер де белсене қатысады.
Әдетте үш күнге созылатын саммиттің жұмысында да ерекшелік көп. Ең алдымен АСЕАН-ға мүше елдердің өз саммиті өтіп, онда ұйымның өзекті мәселелер талқыланса, одан кейін оған қатарласа өткізілетін кеңестерде қабылданатын шешімдердің де маңызы зор. Сол кеңестерге АСЕАН мүшелері толық қатысып, бір позицияны ұстанады. “10+3” пішінмен АСЕАН және Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея саммиті, “10+6” пішінмен АСЕАН және Шығыс Азия елдері (Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Австралия және Жаңа Зеландия) саммиті, сондай-ақ “10+1” пішінмен АСЕАН-ға мүше елдер серіктес мемлекеттердің әрқайсымен жеке-жеке кездесу өткізіп, ортақ мүдде тауып жатады.
Айталық, Қытай делегациясымен болған кездесуде АСЕАН елдері өздерінің экономикалық дамуына жаңа арна ашылғанын аңғарды. ҚХР үкіметінің басшысы Вэнь Цзябао алдағы бес жылда АСЕАН-ға мүше елдердің әрқайсымен сауда-экономикалық аймақ ашуды көздейтінін айтқанда, келіссөзге қатысушылар оны қызу қолдады. Соның арқасында Ассоциация мен Қытай арасындағы тауар айналысы 500 миллиард долларға жетеді екен. Бұл қазіргіден екі еседей көп.
АСЕАН-ға мүше елдер негізінен сыртқа бағытталған тұтыну тауарларын өндіреді және оларға оны өткізетін кеңістік керек. Осы ретте Ресей мықты серіктестікке айнала алады. АСЕАН және Ресей саммитінде бұл шаруаның бүге-шігесі нақтыланды.
Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірқатарында екі ғасыр түйісінде үлкен экономикалық өрлеу болғаны да белгілі. “Азия жолбарыстары” жұртты таңқалдырған. Сөйтсе де, аймақта әлі де биікке көтеріле алмай жатқандар бар. Осынау ала-құлалықты жоюға аймақтағы елдердің ынтымақтастығы, экономикалық кірігуі көмектеседі деген пікір басым. Оған мысалдар да бар. АСЕАН-ға кейінірек кірген Вьетнам, Лаос, Камбоджа және Мьянма экономикасында айтарлықтай оң өзгеріс аңғарылады.
Жалпы, АСЕАН елдері бір-бірімен шиеленісті қаламайды. Ұйымның жарғысында бір-бірінің ішкі ісіне араласпау көзделген. Бұл да жөн шығар. Әйтпесе Таиланд пен Мьянмадағы оқиғаларға көрші елдер араласқан жағдайда ондағы саяси шиеленіс тіпті ушығып кетуі әбден мүмкін-ау дейсің.
Үндістанның әлемдегі орны бөлек
АҚШ президенті Барак Обама жақында Үндістанға ресми сапары кезінде осынау алып елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болуы жөніндегі ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді.
Онда тұрған не бар екен? Мұндай ұсыныс бұрын да талай айтылған, ұсыныс оның жүзеге асқаны емес қой деуге де болар. Ең бастысы – ұсынысты АҚШ президенті жасап отыр, ал бұған дейін бұл ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің санын көбейту жөніндегі реформаға қарсы болып келген.
Неге АҚШ-тың айтқаны болады, басқа көпшілік ұйғарса, жетпей ме, деген де сұрақ бірден туындайды. Жұрттың АҚШ-қа құлақ асатын жайы бар. Бұл ел осынау халықаралық бас ұйымның бас қаржылық демеушісі, барлық жарнаның үштен біріне жуығын АҚШ береді. Әрине, ол БҰҰ-ны мен асырап отырмын, сондықтан менің айтқанымды істеңдер деп талап қоймайды, сөйтсе де жұрт оның пікірін жерге тастамайды.
Бұрын Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің санын көбейтуге қарсы болып келсе, енді ондай ұсынысты АҚШ-тың өзі айтып отырған соң, Үндістандай елдің оған өтуі шешімін табатындай мәселе көрінеді. Басқалар тарапынан қарсылық болмай ма дегенде, Үндістандай ұлы елдің әлемдегі орны ерекшелігін алға тосуға болады. Басқалар да оны жоққа шығармасы белгілі.
Енді жұрт ерекше асық болатын Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелігіне келсек, ол Ұлттар Лигасы (қазіргі БҰҰ) құрылған кезде белгіленген және өзгермей келеді. Тұрақты мүшелер қатарына сонда АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция кірді. Мұндай құрылым екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесін аңғартады. Бұл елдердің барлығы да сол соғысқа белсенді қатысқан, кейбірі одан қатты теперіш көрген.
Бұл елдерге айрықша жауапкершілік жүктеліп, құқық та берілді. Олардың бірі қарсы болса (вето құқығы), бүкіл әлем елдеріне (БҰҰ-ға мүше) заң саналатын қарар қабылданбай қалады. Бұл жауапкершілік пен құқыққа қоса, сол елді әлемдегі айрықша беделге ие етеді. Вето құқын пайдалана отырып, бір елдер БҰҰ-ның жұрт күткен шешімдерді қабылдатпай тастаған кезі де болған. Айталық, 2003 жылы Ресейдің ветосына байланысты Иракқа қарсы қатал қарар қабылданбай қалып, оның соңы ұзаққа созылған соғысқа айналды.
Қарап тұрсаң, сол тұрақты мүшелер құрамында Еуропадан үш ел бар екен де, әлемнің кейбір өңірінен өкіл жоқ. Сондықтан да БҰҰ-ның бұған дейін тұрақты өкілі болып, талай тарихи шешім қабылдауға қатысып, еңбегі сіңген дегендей елдердің бірін шығарып тастап, орнына басқаны алып жату ыңғайсыз көрінетіндіктен де, реформа дегенде тұрақты мүшелерді жаңа елдермен толықтыру жолы қалады. Сонда ойға алдымен оралатын ел – Үндістан. Халқы миллиардтан асады. Бай дәстүрі бар, қуатты ел. Обаманың пікірінше, ол дамушы емес, дамыған елдер қатарына қосылады. Әлемдегі халықтың алтыдан бірі тұратын елдің халықаралық ұйымның басында тұруында хақы бар.
Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше болуға Германия мен Жапония сияқты қуатты елдермен қатар, Оңтүстік Америкадағы алып ел Бразилия да үміткер. Тұрақты мүшелер саны көбейіп жатса, көп болып, ойласып істеген шаруада ағат кету азаяды. Кейбіреулердің бір шешімге келу қиындайды деген қаупі негізсіз. Парасатқа жүгінген жерде дауға орын жоқ.
Мамадияр ЖАҚЫП.