13 Қараша, 2010

Өрісті өңір, келісті өмір

693 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Баспасөз-2011 Жуықта баспасөзге жазылу барысын байқау үшін Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында болып қайттық. Алдымен атбасын тірегеніміз Зайсан ауданы болды. Зайсандағы жайсаң іс Еліміздің шығыстағы қақпасы атанған аудан халқының тұрмыс-тіршілігі жақсы. Аудан Қытаймен арадағы “Майқапшағай” халық­аралық кеден жолының бойында орналасқандықтан, мұнда сауда саласы жақсы дамып келеді. Зайсан қаласында жаңадан бірнеше үлкен-үлкен сауда дүкендері, қонақ үйлер, кафе-ресторандар ашылып, жұмыс істеп тұр. Онымен қоса осыдан бірнеше жыл бұрын Кендірлік көмір кені ашылған болатын. Қазір осы кеніштен алынған көмір Зайсан ауданының өзіне жетіп артылады. Жалпы, ел тәуелсіздігінің жақ­сы жетістіктері мен жарқын бо­ла­шағын осы ауданның бет-бей­не­сінен айқын аңғардық. Мұнда кө­мір­мен қоса мұнай мен газдың, халық коңыр көмір деп атайтын сланецтің үлкен қоры табылған. Алдағы екі-үш жылдың барысында осының барлығы өндіріле бастамақ. Ауданды осының алдында Қатонқарағай ауданында табысты жұмыс істеп, көзге түскен Зайсан­ның өз түлегі Серік Зайнулдин бас­қарып отыр. Серік Зинабекұлының мұнда әкім қызметіне тағайын­дал­ғанына көп өте қоймапты. Бірақ со­ған қарамастан, үлкен шаруалар­ды қолға алып жатқандығы бірден сезіледі. Үкіметпен, облыс басшы­лы­­ғымен ақылдаса отырып, аудан­ның қарқынды даму бағыттарын айқындап, Елбасының саясатын жергілікті жерде жүзеге асыру үшін құлшына еңбек етіп жатқандығы әр­бір істен айқын аңғарылып тұрды. – Жуықта ғана ауданымызда облыс басшысы Бердібек Сапар­баев болып, ауданның тыныс-тіршілігімен жете танысып, алдағы атқарылатын үлкен шаруаларды жобалап кетті. Жалпы ауданымызға Елбасының, Үкіметтің, облыс бас­шы­лығының көмегі үлкен болып отыр. Өткен қыстағы тасқынға ұрынып, көп зардап шеккен Тас­бас­тау ауылы қысқа мерзімнің іш­ін­де осындай көмектің нәтижесінде қайтадан салынды, – деді бізбен әңгімесінде аудан әкімі. Ауданның біраз ауылдарында, мектептерінде болып, баспасөзге жазылу жағдайымен таныстық. Солардың бірі Кеңсай ауылындағы орта мектепте 210 шәкірт білім алуда екен. Оларға 30 мұғалім сабақ береді. 20 мұғалім “Егемен Қазақ­стан” газетіне, 20 мұғалім облыс­тық “Дидар” газетіне, сондай-ақ ұстаздардың барлығы түгелге жуық аудандық “Достық” газетіне жа­зы­лыпты. Мектеп директоры Ринат Та­уасаров баспасөзге жазылуда ау­дан басшылығы тарапынан өзде­рі­не көмек-қолдаудың бар екендігін, осы іске мөлшерлі қаржы бөліне­тіндігін айта кетті. Осында өткен кездесуде сөз ал­ған Кеңсай ауылының әкімі Жет­пісбай Абдрахманов, орыс тілі пә­нінің мұғалімі Бауыржан Шабалов және басқалар Елбасының саяса­тын халыққа жеткізудегі “Егемен Қазақстан” газетінің рөлін ерекше атап көрсетті. “Әлемге әйгілі” деген айдармен берілетін танымдық ма­қа­лаларды және елдің тұрмыс-тір­шілігінен хабардар ететін эконо­ми­калық тақырыптағы мақалаларды, спорт жаңалықтарын сүйсіне оқи­тындықтарын жеткізді. Мұнан кейін Қарабұлақ ауы­лын­дағы Абай атындағы орта мек­тепте болдық. Мектеп директоры, аудандағы білім беру ісін ұйым­дас­тырудағы белді мамандардың бірі Гүлнәр Ахтанова бастаған мұғалім­дер ұжымы мектепті дамыту мәсе­лесінде көп істер тындыруда. – Аудан басшылығы мектеп мә­селесіне үлкен көңіл бөледі. Был­­тырғы жылы “Жол картасы­ның” аясында мектебімізге 2,9 мил­лион теңге қаражат бөлініп, оған мектеп едені мен терезелерін ау­­ыс­тырдық. Күрделі жөндеу жұ­мыс­тарын жүргіздік. Қазірдің өз­ін­де қажетті көмірдің жартысын тү­сіріп алдық. Қосалқы шаруашылық жұмыс істеп тұр. Онда өндірілген түрлі азық-түлік өнімдері мектеп оқушыларына ыстық тамақ беруге жұмсалады. Осы іске биыл мемле­кет тарапынан да едәуір қаржы бөлінді, биыл 204 оқушы осы қар­жыға, тағы 30 оқушы мектептің өз есебінен ыстық тамақпен қамты­латын болды, – деді мектеп дирек­торы. Осындағы кездесу барысында сөз алған ауылдағы өнер ұйытқысы Бағдолда Тұрғанбаев, мектеп мұ­ға­лімдері Гүлжанат Молдашева, Ай­бек Бақытұлы және басқалар “Еге­мен Қазақстан” газеті туралы өз­де­рінің жағымды пікірлерін білдіріп, оған белсене жазылатындықтарын айтты. Осындай басқосуларда аудан әкімінің орынбасары Қазыбек Биқадамов, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрбек Бейсенов бізбен бірге болып, ұстаздар алдында ау­данда жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы, Елбасының денсаулық сақтау мен білім беру салаларын­дағы жүргізіліп жатқан саясаты туралы, оның жергілікті жерде ор­ын­далу барысы туралы айтып, әр­бір кездесудің өзін үгіт-насихаттық мағынада өте тиімді пайдаланып отырды. Ауданнан көрген тағы бір өне­гелі ісіміз ауданмен бірге жасасып келе жатқан жергілікті басылым “Достық” газетінің 80 жылдығы­ның лайықты түрде аталып өтілуі болды. Осы оқиғаға орай аудан бас­шылығының және оқыр­мандар­дың қатысуымен аудандық мәде­ни­ет үйінде салтанатты шара ұйым­дас­тырылып, онда осы газетте және оның қасындағы баспаханада ұзақ жылдар қызмет атқарған еңбек ар­дагерлері лайықты марапаттарға ие болды. Қасым аға еліне келді Биылғы қоңыр күз Кенді Алтай жұртшылығына жайлы тиіп тұр. Ауа-райының жайма-шуақ мінез танытуы ауыл шаруашылығы ең­бек­керлерінің оң жамбасынан кел­гендей. Облыс бойынша астық, жем-шөптің мол қоры жасалды. Ұлан ауданы үстіміздегі жылдың то­ғыз айында 8 миллиард 486 мил­ли­он теңгенің жалпы өнімін шы­ғар­ды. Аудандағы 1160 ауыл шаруа­шы­лығы құрылымдары да ет, сүт өндіруде тамаша көрсеткіштерге қол жеткізді. 43860 тонна астық ор­ып, картоп, көкөніс жинау жөнін­дегі тапсырмаларын да асыра ор­ын­даған ұландықтар қазір қыс мау­сымына әзірленуде. Осы деректер жайлы цифрларды көлденең тарт­қан Ұлан ауданының әкімі Жомарт Хайдарұлы Мұратов аудан активі мен тұрғындардың қазақ баспа­сө­зі­нің қарашаңырағы “Егемен Қа­зақ­стан”, облыстық “Дидар” және аудандық “Ұлан таңы” газеттеріне белсенділікпен жазылып жатқаны жайлы айта кетті. Биыл ауданда жаңадан бес жүз­ге тарта жұмыс орны ашылған. Әсіресе, мал тұқымын асылдан­ды­руда мұнда көп істер тындырылып жатыр. Аудандық ауыл шаруашы­лығы, ветеринария бөлімінің бас­тығы Амангелді Серғазин мынадай деректерді келтірді. Қазіргі таңда ауданда 21 асыл тұқымды шаруа­шы­лық бар көрінеді. Тек биыл ас­ыл тұқымды шаруашылық деген ат­­қа бес құрылым ие болыпты. Қа­зақ­тың қызыл қасқа, асыл тұқымды “Жебе” жылқысының саны алты мың­ға таяпты. Сонымен бірге, омар­та ша­руашылығы да дамып келеді. – Күні кеше аудандық мәсли­хат­тың кезекті сессиясы өтті. Онда мем­лекеттік тіл мәртебесін артты­руға байланысты бірқатар маңызды мәселелер талқыға салынды, – дейді аудан әкімі Жомарт Хайдар­ұлы. – Жерлесіміз, даңқты парти­зан жазушы Қасым Қайсеновтің есімі Ұлан ауданының орталығы Мо­лодежное кентіне берілді. Сөй­тіп, Батыр ағамыз арамызға орал­ған­дай әсердеміз. Өскемендегі Қа­сым ағаның бюстін Таврия ауы­лына көшіріп, бұрынғы жерінен үл­кен ескерткіш ашсақ жөн болар де­генді айтады жерлестері. Таврия­ның Октябрь көшесіне Қасым ағаның, ал Советская көшесіне Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың есімі берілді. Аудан әкімі, жас та іскер басшы Жомарт Хайдарұлының тоз-тозы шығып, берекесі кете бастаған ша­ғын ауылдарды назарына алып, оларға көмек беріп жатқанынан хабардармыз. Бозымбай, Манат, басқа да ауылдарда жұмыс орын­дарын ашып жатыр. Шағын және орта кәсіпкерлік те алға жылжып келеді. Мергүл Құсайынова – Абла­кет­ка ауылдық округінің әкімі. Ау­ыл­дық округте өткізілген жиында ау­ыл әкімі округ бойынша тұрғын­дар­дың газетке қызу жазылып жат­қанын айта кетті. Газеттің байырғы оқырманы, беделді азамат Ерқайрат Сейітқамзин газетте алдағы уақытта ауыл адамдары, спорт жайлы жиі­рек жазылса деген тілек білдірді. Ал Бозамбай ауылдық округінің әкімі Айдар Сембаев келер жылға 65 отбасының “Егеменге” жазылып қойғаны жайлы деректер келтірді. Спорт шебері, кезінде самбо күре­сінен облыс құрамасының мүшесі болған Айдар ініміз ұлттық ойын­дар жайлы және Алматы мен Ас­танада өтетін Азиададан толымды мақалалар берілуі жайында өтінді. Ұлан ауданындағы оқырмандармен кездесу ойдағыдай өтіп, талай са­уал­дарға жауап қайтарылды. Келер жыл­ға ұландықтар “Егемен Қазақ­станның” 500 данасын жаз­ды­рып алмақ. Бұл өткен жылға қа­ра­ғанда жүз данаға артық. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.