Тарих толқынында
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болатын. Бірде біздің үйде хатым-құран оқылып, ата-баба әруақтарына арнап құдайы тамақ берілді. Жиналғандардың ең жасы менің әкем мен ағасы Ілес еді. Сексен төрт жастағы Нұрмат, сексеннің сеңгірінен асқан Еркебай, Тайырбай, Рахымбай, Әбен қариялар бар. Қожақан қарияның орны ерекше – бұл кісі құран-хафиз. Ел арасында азан шақырып қойған атына бірде “ишан”, бірде “қари” деген сөздерді қосып айтатын. Отырғандар сыртын түрлі-түсті маталармен қаптаған көне құран кітаптарын алдарына жайып қойып оқыса, ол кісі өзіне кезек жеткенде сол тұстан іліп алып кетіп, қасиетті кітаптың кез-келген жерінен көзін жұмып отырып, еш жаңылмай жатқа айтатын. Көзін ашса бейнебір шатасып кететіндей мүлгиді, бір қалыпты сабырлы мақаммен, әдемі әуезбен оқыған кәләм-шәріптің сырлы сүре аяттарын, жұрт ұйып тыңдайтын. Ол кісі оның үстіне исі қазаққа әйгілі Майлықожа ақынның жиені болатын. Нағашысының өлеңдерін, айтыстарын жатқа айтады. Өзі де ақындығы бар, сөздің қадірін біледі. Жай әңгімесінің өзін көркем сөздермен әдемі көмкеріп, шебер бастайтын. Ол кісінің орны – жас шамасының үлкендігіне әрі ақыл-парасаттылығына қарай әрқашан төрдің қақ ортасы болатын. Сол жолы ақсақал әңгімесін былайша бастады:
“Боза ішіп, таңертеңнен судай тастың,
Суға әкеп сүңгіткенде көзіңді аштың.
Байғұс-ау, жылан емес, кесіртке емес,
Құйрығын айдаһардың қайдан бастың?!
– Осындағы “айдаһар” деп отырғаны кім, білесіңдер ме?” – деді жағалай көз тастап. Ешкім тіс жара қоймады.
– Білмесеңдер, біліп алыңдар, естеріңде жүрсін. Мына осы Мәулен, Молла Жаппарқұл, Сман, Стамқұл болыстардың туған нағашы атасы, атақты биі – Молда Қошық датқа.
Бұл оқиға былай болған. Сарыағаштағы Жылысуда тұратын біреу Демарық деген жерден бозаға тойып алып, жұмыстан келе жатқан Молда Қошық датқаға тіл тигізіпті. Берісі бүкіл Түркістан өлкесі, әрісі сонау Сыр өңіріне аты белгілі, абыройы асып тұрған датқа үндемей өтіп кетіп, ауылынан төрт-бес жігіт жіберіп, әлгінің қол-аяғын байлап, Демарықтың суына сүңгітіп-сүңгітіп есін жиған соң, судың ортасындағы шығырықтың ұстынына байлатып тастапты. Ара түспек болған туыстары өздері бата алмай, араға Майлықожа ақынды салыпты. Ол датқаға барып кешірім сұрап, айыпкерді осы бір ауыз өлеңімен босатып алған екен.
Осы басқосудағы Қожақан қарияның мысалға келтірген бір ауыз өлеңіндегі “жылан емес, кесіртке емес, айдаһар” кім болғанын, қандай еңбек сіңіргенін, неге “айдаһар” деп аталғанын ұғынуға тырысып, іздестіре түстік. Содан алдымен әдебиет зерттеуші, ғалым Әсілхан Оспанұлы жинап бастырған Майлықожа ақынның 1972 жылы “Жазушы” баспасынан шыққан “Нақыл” атты өлеңдер жинағынан әлгі оқиғаға байланысты өлең шумағын таптық. Кейіннен Молда Қошық датқаның өзі туралы аса құнды мәліметтерді ташкенттік қаламгер-зерттеуші, ақын Мекембай Омаровтың еңбектерінен, басқа да жазба деректерден кездестірдік.
Қоқан билігі тұсындағы қазақ халқының өмірін баян еткен қаламгер Момбек Әбдәкімұлының “Естемес би” атты романындағы Молда Қошық датқаның жанқиярлық ерлігін, асқан көрегендігін, қайсар қайраткерлігін, аса талантты әскербасылығын, жан-жақты дарындылығын “Егемен Қазақстан” газетінің 2009 жылғы 9 қаңтарында жариялаған “Естемес би” атты мақаласында академик Серік Қирабаев ерекше атағанына зер салдық.
Мұның бәрі Молда Қошық датқаның беймәлім тұлғасын тани түсудегі алғашқы ізденістер еді. Бұл есім әр жерде аталып жүргенімен, осы күнге дейін жалпақ жұртқа, қалың қауымға әлі жете белгілі бола қоймаған болатын. Жоғарыда аталған романнан датқа туралы, қазақ халқының Қоқан хандығы билігі тұсындағы өмірінен орын алған біраз деректерге, Ферғана, Қоқан мұрағаттарынан алынған мұраларға қанықтық. Мұрағат сөрелерінде шаң басып көміліп жатқан, осы күнге дейін көмескі болып келген басқа да бізге таныс ғазиз есімдердің тағдыр-талайы, өмір өткелдері туралы мәліметтерді білдік.
Рас, жоғарыда айтылған мақалада әйгілі әдебиетші ғалым, академик ағамыз айтқандай: “Қоқан хандығының билігі – оңтүстік қазақтарының отаршылдықта көрген қиянатының ең бір сорақы беттері. Адамды кісілік қасиеттерінен айыратын, азаматтың жазықсыз қанын төгетін, әйелдерге деген зорлықтың неше түрлі айуандық түрлерін қолданған, қолындағысын тартып алып, жалпы жұртты зар еңіреткен жендет тәртіп орнатқан бұл хандықтың сыры тарихтан белгілі”. Шығармада автор Естемес бидің бейнесін роман өзегі етіп ала отырып, сол тәртіптің кескін-кейпін, оған қызмет еткен билік иелерінің ешбір моральға сыймайтын жантүршігерлік жауыздықтарын, сол билікке қарсы тұрған ел бастаған көсемдер мен қол бастаған батырларды, дау бастаған би-шешендерді әсерлі суреттеген. Романның соңына дейін бас кейіпкермен қатар аталып отыратын сом тұлға – Молда Қошық датқаның көркем бейнесі де тартымды шыққан.
Молда Қошықтың азан шақырып қойған аты – Қожық. Әкесінің аты – Байтоқ болған. Ол жас кезінде діни білімді Ташкенттегі “Көкалташ” медресесінен алады. Одан кейін Бұқарадағы жетіжылдық “Мір-Араб” медресесін тәмамдайды. Бала кезінен асқан зейінді, алғыр, сөзі мірдің оғындай өткір әрі шешен болып жетіледі. Ол жөнінде ел арасында, халық аузында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, айтылып келе жатқан терең мағыналы үлгі етер өнегелі оқиғалар көп. Соның бірі – оның қалайша “Қошық” атанып кетуі жайлы ел аузындағы әңгіме. Мұның тарихы былайша сабақталады.
Медресені бітіргенде әр шәкірт емтихан тапсырып, алған білімдерін дәлелдеу үшін Құран-кәрім сүрелерін жатқа айтып, қатысып отырған тыңдарман жұрттың, қазылар алқасының назарына ұсынады. Кезек келгенде Қожық қасиетті “Ясин” сүресін өте бір әуезді үнмен, ерекше мақаммен созып, асықпай дауыстап оқи бастайды. Медресе ішін баураған әсем әуен, сыршыл сезімге толы сүре аяттары тыңдаушылардың, шәкірттердің, ұстаздардың, ата-аналардың тұла бойын шымырлатып, ерекше күйге бөлейді. Олар Құран-кәрімнің осыншама таңғажайып әуенге, жан тебірентер әсем сазға айналғанына тәнті болады. Қасиетті де қастерлі сүре мақамы тыңдаушыларының бірін терең ойға батырса, енді біреуінің жан жүрегін тербеп, ерекше ләззатқа бөлейді, келесісінің көзіне еріксіз жас ұялатады. Хазіреттің өзі де жас талап шәкірт Қожық баланың сыршыл да әуезді үніне бойы балқып кеткендей кейіпте отырады.
Шамасы, нәсілі өзбек болуы керек, ұстаз шәкіртінің “Қожық” деген есімін “Қошық” деп өзгертіп айтыпты. Міне, сол күннен бастап Қожық бала “Молда Қошық” аталып кетеді. Ұстаздың риза болғаны сонша, “батаны сен жаса” – депті. Ол осы сәт: “Я Алла! Тилауатүл құран, салауатүл иман” , – деп алақан жайып: Оқыған дұға қабыл боп, Алламызға жеткейсің. Дұғамнан келген бар сауап, Мұхаммедке нұр сепкейсің. Алланы бір деп таныған, Тәңірге дара табынған, Барша мұсылманға дарысын. Алақан жайған қауымға, Нұры жаусын иемнің. Молда Қошық атанып, Еріп кетті сүйегім. Осы ат маған бақ болсын, Қарсы шапқандар жоқ болсын. Мұсылман даңқы дүрілдеп, Естіген халқым шат болсын. Уа, тәңірім жаратқан, Батамды осы қабыл ет, Хазіретім әркез жастарға, Ілім шырағын жағып өт. Екі дүниемізді абат ет, Жүрегімізді жалын ет. Аллаға басты иейік, Халықты әркез сүйейік. Қызмет етейік ел үшін, Жолымызды жарық ет. Әумин, Аллаһу әкбар!”
Шәкірт баланың берген осы батасының өзінен болашақ қайсар қайраткердің, саңлақ сардардың, беделді бидің, шашасына шаң жұқтырмайтын дүлділ шешеннің қарым-қабілетін, талант-тағылымын, биік ақыл-парасатын танимыз. Оның сөз қадірін өз қадіріндей бағалап, суырыпсалма ақындық өнерге де мән бергенін байқаймыз. Мұны Молда Қошықтың бұрынғы Түркістан уәлаятындағы игі ниетті жақсы-жайсаңдармен, туған елінің тұтқасын ұстаған тарихи тұлғалармен ара қатынасы жақсы, сыйластығы жоғары, абырой-беделі биік болғанынан да көреміз. Айталық, Майлықожа ақын әйгілі датқа өмірден озғаннан кейін шығарған “Қараның өтті хандары” атты өлеңінде:
Молда Қошық датқа еді,
Шанышқылдың бастығы.
Қырық сан барақ Тәшкеннің,
Жау болып келмей шамасы.
Атын айтса қазақтың
Айбынушы еді қаласы,
Молда Қошық өтіпті,
Бұл дүниеден кетіпті,
Абақтыда деп есіттім,
Бар қайратты баласы, – деп оны қарадан шыққан хан ретінде аса жоғары бағалайды.
Тегінде, “датқа” сөзі парсы тіліндегі тілек, әділдік иесі деген ұғымнан шыққан. Бұл Бұқара, Қоқан хандықтары кезеңінде хандық тарапынан биік лауазым, жоғары атақ ретінде берілген. Ол хандық билік тұсында төртінші дәрежелі лауазым еді. Билерден, аға сұлтандардан жоғары тек хан әміріне бағынышты басшы қызмет адамы болып есептелді. Кей кезеңдерде “датқа” лауазымы ру басыларына, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді, ислам шариғатын жақсы білетін би-шешендерге, ел арасындағы абыройлы басшы адамдарға да берілетін болған. Онда олар елдің ішінен хан атына келіп түскен өтініш-тілектерді, арыз-шағымдарды қабылдап, оған ханның берген жауабын жұртшылыққа жеткізіп отырған. Бұқара хандығы тұсында датқа сөзі әскербасы, хакім мағынасында қолданылған екен. Бұл лауазым ел арасындағы қайраткер адамдарға Бұқара шейхулисламының пәтуасымен беріліп отырған.
Қазақ қауымы арасынан датқа лауазымына ие болған: Байзақ, Шойбек, Момынбек, Қасымбек, Әкімқұл төре, Құдайберген, Батырбек, Қожабек, Шоқай, Сапақ, Қоныс, Мұсабек, Тұрлыбек, Бекмұрат, т.б қандастарымыздың есімдері тарихтан белгілі.
Кейбір мұрағат деректеріне, жоғарыда аталған роман мәліметтеріне қарағанда, Молда Қошық 18 жасында – ХІХ ғасырдың 1814 жылы – Қоқан хандығы тарапынан Түркістан өлкесіне датқа қызметіне бекітіледі. Бұл ханның жай ғана өкілі емес, биік мансап иесі болатын. Датқаның ұлан-байтақ елі, қолында жеке мөрі билігі болды.
Романда Молда Қошық “Ақ сәлделі, оқалы шапанды, ұзын бойлы, басқалардан оқшау көрінеді... Түсінігі мол, кең жүректі кісі... жұрт тыныш, ел аман, бейбіт заман болса екен деп түн ұйқысын бөліп жүрген адам...” деп суреттеледі. Ол ұзақ уақыт осы қызметінде болып, елін, жерін жат жұрттықтардың езгісінен құтқару, қарамағындағы халықтың азаматтық құқын, намысын, ар-ожданын қорғау жолында жан аямай еңбек сіңірді. Соның бірін ол Петербург сапарында жүзеге асырды. Ол былай болған.
1864 жылы “Жаңа низамнан” кейін Ресей империясы өзінің төңірегіндегі шағын елдерді, олардың кең-байтақ жерлерін қарамағына алып, халқын өзіне тәуелді етуді көздейді. Осы бағытта елді басқарудың жаңа жүйесін енгізу үшін әртүрлі саяси-әлеуметтік реформалар жүргізе бастайды. Қазақ жерін, Орталық Азияны қол астына қарату бағытында түрлі айла-әрекеттерге барып, әскери жорықтар жасау арқылы империялық мақсатын орындап отырады. Соған орай, қазақ жері де төрт генерал-губернаторлыққа бөлініп, оларды орыс патшасының әскери генералдары басқаратын болды. Түркістан әскери округінің генерал-губернаторлығы 1867 жылы қоңыр күзде құрылды. Аумағы Жетісу мен Сырдария аралығындағы ұлан-ғайыр аймақты алып жатты. Сырдария аймағы, Түркістан, Шымкент, Қожакент, Перовск, Әулиеата, Қазалы, Ташкент, тағы басқа уәләяттарды қамтиды.
ІІ Александр патша Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы етіп өзінің жақын досы генерал-лейтенант К.П. фон Кауфманды тағайындайды. Бұл кезде бүкіл Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары, Түркістан аймағы толқып тұрған шақ болатын. Оның үстіне Қоқан хандығының әртүрлі алым-салымдары, ұшыр-зекеттері, сан алуан саяси-әлеуметтік қысымы қазақ жұртын әбден жүйкелеткен болатын. Бұл, әсіресе, Құдияр хан билік құрған тұста (1844-1858, 1862-1863 және 1865-1875 жылдары) одан әрі өрши түсті. Сонау Памир тауларынан бастап, Іле өзенінің кең алқабына дейінгі ұшан-теңіз аймақты, орасан зор аумақты мекен еткен қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік халықтарының тұрмыс-тіршілігіне қатты әсер етіп, күйзеліске ұшыратты. Құдияр хан алым-салықтардың түрін де көбейтті. Түндік, зекет, үйлену, түтін, әскери салық сынды түрлерін ойлап тауып, оны халықтан зорлап жинай бастайды. Екінші жағынан, жергілікті елді Ресей империясының отаршылдары да қыспаққа алады. Олар қазақ даласындағы тұрғылықты халықтың қоныстанған жерлеріне қорғандар, бекіністер салып, оларды шұрайлы жерлерден ығыстырып отырды. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев “Сұраншы батыр” дастанында:
Елдің басын доп қылып,
Айналдырды ойынға.
Сап түзесіп солдаты,
Сартылдатып арбасы,
Серейіскен зеңбірек,
Бетке ұстаған айбаты,
Патша кірді қойынға.
Тезек төре жол беріп,
Қарғы тақты мойынға.
Қоқанды құртқан Құдияр,
Оратөбе тәжігін
Көкпар етіп тойында.
Патшаға қарсы тұратын,
Қуаты жоқ бойында,
Қырғызды қанға батырған,
Әркімге бір сатылған,
Орман хан бар қолында:
Қазақты барып талайық,
Патшадан бұрын алайық,
Деген мақсат ойында, – деп екі жақты езгіде қалған елдің ауыр халін дәл бейнелейді.
Ал осы кезде солтүстіктегі көрші де қарап қалмады. Қазақ жерінің әр тұсынан бұтарлап, шабуылдап, бірте-бірте басып ала бастады. Мұны да ұлы ақын аталған дастанында:
Оралдан өрлеп Алтайға,
Алуға патша ынтықты.
Садақ тартқан қазаққа,
Түтіндетті мылтықты.
Ертісті өтіп оралтып,
Жетісуға қол сұқты...
Бірнеше күн өткенде,
Колпаков пен Черняев,
Жетісуға жеткенде,
Құдияр хан қағынды,
Тағы қанды сағынды,
“Алатын орыс, қазақсың,
Аламын деді бәріңді!” – деп сол кездің қиян-кескі жағдайынан хабардар етеді.
Қоқан хандығының билігі тұсында көршілес қырғыз, өзбек, тәжік халықтарының басынан да тап осындай ауыр жағдай өтіп жатты. Мұны Қырғызстанның халық ақыны Сооранбай Жусуевтің Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлық алған “Құрманжан датқа” атты жыр-романынан байқаймыз. Онда “Алай ханшасы” атанған Құрманжан датқа:
Алдияр хан, елді естіңіз жабыққан,
Қурайға да салық салып жатырсыз,
Қурап бітті бүт-бұқара салықтан.
Барлығынан күшті қару ел болар,
Ел толқыса тау қопарар сел болар,
Тасты дағы, тақты дағы ағызған, –
дейді Қоқан ханы Құдиярдың қабылдауында болғанда.
Жыр-роман орыс отаршылдарының әскери қимыл-әрекеттерін, жаулап алу жорықтарын да қамтыған:
Қора құрғап, күн жылынып, жаз келді,
Қоқан жаққа жақсы хабар аз келді.
Көкті билеп ақ падиша көшіріп,
Жер жайлатып, көп жіберіп әскерді.
Өзбек пенен қазақтарды сорлатып,
Өз билігін, өз тәртібін орнатып,
Басып алды Шымкент пенен Тәшкенді.
Зеңбірекпен адамдарды дүрліккен,
Көбі қашып, көбі сұлап сүрліккен.
Атыспенен неше күндер басталып,
Неше жолы атыспенен күн біткен, – деп Бұқара әмірлігі, Қоқан хандығы, Ресей патшалығы тарапынан көрген зәбір-жапаны, тар жол, тайғақ кешудегі ел өмірін, Орталық Азия және Қазақ еліне келген ортақ нәубетті көрсетеді.
Бұл кезеңде Ташкент төңірегінде жергілікті халықтың наразылығы әр жерден біліне бастайды.
Сол тұстағы мұндай ашық көтерілістің бірін үлкен шаһар – Ташкенде Молда Қошық ұйымдастырады. Ол Ташкент бегі Қанағатшах пен Құдиярдан кейін болған Қоқан ханы Мәлләбектің жауыздық іс-әрекеттеріне, қарапайым халыққа жасаған зорлық-зомбылықтарына қарсы екі мыңдай қала тұрғыны мен жеті жүздей қаруланған сарбаздарын көтеріп, ашық шайқасқа шықты. Нәтижесінде, қаланың он екі (Бесағаш, Қаймас, Жолбарыс, Қоқан, Қашқар, Ләбзак, Қарасарай, Сағдат, Шағатай, Көкше, Самарқан, Қамалар) қақпасын қоршауға алып, Қанағатшахты он күн тұтқында ұстайды. Сөйтіп, оған құран ұстатып, жазықсызды жазаламауға, кінәсіздерді айыптамауға Алла атымен ант еткізіп, елдің талабын орындатады. Бұл жайында жоғарыда аталған “Естемес би” романының “Тәшкенде Молда Қошық көтеріліс бастады” деген бесінші тарауында егжей-тегжейлі баяндалған. Мұнда Молда Қошықтың Бұқарада жеті жылдық “Мір-Араб” медресесін бітіргені, оның дін іліміне өте жетік адам болғаны, орыс тілін еркін меңгергені, екі жыл Құдияр ханның тұсында Ресейде елші болғаны, Ташкент көтерілісінен кейін хан әскерінің бас қолбасшысы, қала даруғасы қызметін атқарғаны айтылады.
Ташкент атырабындағы халықтың мұндай көтерілістерінің, наразылық-толқуларының жиі-жиі шығуы Ресей патшасын да алаңдата бастайды. Мұны орыстың императоры өзінің Түркістан өлкесіндегі сенімді өкілдерінен, олардың мәлімдеме жазбаларынан біліп отырады. Мәселен, Шоқан Уәлиханов “Ресейдің Хиуамен қарым-қатынасы” атты жазбасында: “Хиуа (хандығы) ашық жауласудан қауіптенетін секілді. Ол қоқандықтардың бізге қарсы күресуге шақырған барлық ұсыныстарына жалтара жауап беріпті. Бізге өздерінің келіспеушіліктерін ашық білдіртпей, Хиуа бұрынғыдан да құпия түрде нұқсан келтіруге тырысып, біздің даламызға жансыздар мен зекет жинаушыларын жіберуді жалғастырып келеді. Сол арқылы орыстарға қарсы жеңіл ойлы қазақтардың ашық жаулық өшпенділіктерін қоздыруда. Кенесарының, Есет Көтібаровтың, Асауовтың және басқа қазақ бүлікшілерінің ашық көтерілісіне көмек көрсетуге уәде беріп, олардың бүліншілік-бұзақылық ойларына қолдау көрсетуде. Оған қоса, олардың өкілдері 1853 және 1854 жылдары екі рет Түркияға барып, солардың қолдауына ие болған сияқты” (Ш.Уәлиханов, Алматы, 1985, 4-том), – деп жазды.
Түркістан аймағын уыстан шығармау мақсатында патшалық Ресей аса сақтықпен, білгірлікпен отарлау жоспарларын жасап, айла-тәсілдерін түрлендіріп отырған. Бұл жөнінде ІІ Александр патша көп ойланып, көп толғанып, Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К.П.фон Кауфманмен ақылдаса келе, аймақтың атақты адамдарын, даңқты датқаларды сол кездегі Ресей астанасы Петербургке шақыруды, сөйтіп, оларға сый-құрмет көрсетуді жөн санайды. Солар арқылы толқып тұрған елдің тыныштығын қамтамасыз етуді ойластырады. Осы ресми шақыртуға жеті адам лайықты деп табылады. Олар: Молда Қошық датқа, Момбек датқа, Әкімқұл төре, Құдайберген датқа, Қоныс датқа, өзбектің Марқа қазиы, қырғыздың Бәйтік датқа сынды түркі ұлысының игі жақсылары мен жайсаңдары еді.
Петербургке барған алғашқы күні датқаларға императордың өзі қонақасы беріп, құрмет көрсетеді. Одан кейінгі күндері патша мен оның айналасындағыларға дәм беру салты басталып, бірінші күні әулиеаталық Құдайберген датқа дастарқан жаяды. Астан кейін императорға сый-сияпат жасалады. Ақ патшаға қонағасы беру, сый-құрмет көрсету рәсімі жеті күнге созылады. Соңғы жетінші күнді Молда Қошық датқа алады. Бұл қорытындылаушы күн еді. Оның үстіне, әйгілі датқа Ресейде елші қызметін атқарған, орыс тіліне де жетік екен. Молда Қошық өзінің беретін қонақасына патшаның жұбайымен келуіне өтініш жасайды. Патша ағзам келісімін береді. Салтанатты дастарқан басында Молда Қошық ақ патшаға қарата арнау сөз сөйлеп, елдің жайын баян етеді.
Патша кеңсесінің қызметкерлері Молда Қошыққа зерлі шапан жабады.
Петербургке барған бұл сапар туралы Майлықожа “Датқалардың Петірбор барғаны” атты толғау-өлең жазып, ерекше мән беріп:
Датқасы шанышқылының Молда Қошық,
Қайтпаған ерегісте тәні шошып.
Жақсысын әр шаһардың аты шыққан,
Үкіммен жолдас қылды оған қосып, – деп даңқты датқаның батырлығын еске алады. Патшаға айтқан ел жайлы ұсыныс-тілектер ақын шығармасында төмендегіше көрініс табады:
Ақ патша “тілегіңді берем” деді,
“Антына мұсылманның сенем” деді.
“Достасып қарым-қатыс жасап тұрсақ,
Әлімше жәрдемдесіп көрем” деді.
Мал-басың, әдет-ғұрпың өздеріңде,
Көрсетсем мен бір зиян, өлем, деді
Соны айтып орнынан ұшып тұрып,
Қошықтың қолын қысып сәлем берді, – деп патшаның көрсеткен құрметін тілге тиек етеді.
Майлықожа ақынның өмірі мен шығармашылығын мұқият зерттеген әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлы да өз еңбегінде: “Орта Азия ел-жұртының сөзін ұстай барған бұл адамдардың патша сарайындағы қабылдауда елдің елдігін көрсететін халықтық салт-дәстүрлердің, шаруашылық қалыптың, ұстанған дінінің қысым көрмеуі турасындағы тілек-талаптарын қысылмай-қымтырылмай айта білген Молда Қошық халық қамын ойлаған жұрт жоқшысы санатында көріне алғаны ақынды айрықша сүйсіндіргені аңғарылады”, – деген тұжырымды пікір айтады. Бұл рас сөз. Орынды ой.
Датқалардың осы сапарынан соң, орыс әскерилері “Ташкент арыстаны” атап кеткен қанқұйлы генерал М.Г.Черняевті ақ патша қайта шақырып алып, орнына өзінің жиені, орыс әскерінің бас штабы жанындағы әскери-ғылыми комитет мүшесі, генерал-лейтенант Д.И.Романовскийді жібереді. Ал М.Г.Черняев патшаға қарсы оппозициялық қозғалыстарға қосылып, кейіннен Белоруссияда белгісіз жағдайда қайтыс болады.
Басқасы басқа, әсіресе, Түркістан айналасындағы құтты мекендер мен оның жанындағы Иқан жерінің отарлануы, отаршылдармен болған қанды шайқастар “мың өліп, мың тірілген” халқымыздың қаһармандық тарихына өшпестей әріптермен жазылып, ұмытылмастай орын алған деуге болады. Бұл жайт қазіргі интернет жүйесіне де енгізілген. Онда Иқандағы кескілескен қырғын соғыстан бастап, 1864 жылы шілдеде М.Г.Черняев әскерлерінің Шымкентке, Ташкентке жорығы басқыншылардың Ташкенттегі Қаймас (Қатаған), Қамалар қақпалары жанынан қамалдар, мұнаралар, бекіністер салғаны, сол көрсеткен ерліктері үшін генерал Черняев “Ташкентті алғаны үшін” деген жазуы бар гауһар қылышпен, ал, отаршылдар жансыздарының басшысы В.Р.Серов полковник шеніне жоғарылатылғаны айтылады. Осы отаршылдардың жорықтарынан кейін Оңтүстік өңірлердегі, Жетісу жеріндегі елді мекендердің, қазақ ауылдарының атаулары өзгеріп, Черняевка, Фронтовое, Михайловка, Ильиновка, Самсоновка, Кременевка, Александровка, тағы басқа атаулармен аталып, қазір ол атаулар өзгертілу үстінде. Сөйтіп, отаршыл ұлықтар мен жер аударылған мұжықтар ата-тектерінің аттарын әрбір елді мекендерге қойып есте қалдырып жатты. Бұл атауларды иемденген жерлердің қай-қайсысы да жай сортаң, құнарсыз мекендер емес, керісінше, сулы, нулы, орман-тоғайлы, табиғаты көркем, шұрайлы жерлер, тамаша ата-қоныстар еді.
“Шалқып жатқан елім-ай..” атты өлеңінде мұны Майлықожа ақын:
Тоқпағым мен Піспегім,
Өңімдей болды түстегім,
Орыс шықты тауыңа,
Қиын болды түспегің.
Әулие ата, Талас-ай,
Үстінде жатқан алаш-ай,
Орыста қалды қор болып,
Мұсылманның баласы-ай.
Сулы мен Билі көлім-ай,
Жуалы, Шақпақ белім-ай,
Орыста қалды-ау қор болып,
Шалқып жатқан елім-ай! – деп аһ ұрмайтын ба еді.
Бұл деректер – көне тарих көзі. Елдің, жердің өткенін, тарихын білемін деген зерделі жандарға таптырмас мол мұра, баға жетпес асыл қазына.
Тарихи мәліметтерге, ел арасындағы әдебиет мұраларына, интернет деректеріне сүйенсек, Қоқан билігі, патшалық Ресей дәуірі тұсындағы халқымыздың тағдырында тілін, дінін, елін, жерін, оның тұтастығын сақтап, дербес жұрт, жеке ұлт болып қалыптасуында Молда Қошық секілді арыстардың орны орасан зор. Бұл өткенімізді қадірлеп, тарихымызды қастерлеудің белгісі, елдігіміздің көрінісі болмақ.
Халқымыздың азаттық жолындағы осынау азапты жылдар елдің бейбіт өмірін, жұрттың тыныштығын, ұлан-байтақ жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін шыбын жанын пида еткен, үстем күш пен жоғары лауазым иелерімен сөз таластырып, өз елінің талап-тілегін тайсалмай бетке айтқан көсемдер жайлы деректер Өзбекстанның мемлекеттік мұрағатында молынан болуы керек. Олармен түбі бір, түбірі ортақ, туыстас, тағдырлас халықпыз. Бұл іске олардың қол ұшын беретініне сеніміміз кәміл. Мәселе – зерделеу зерттеушіде, елжанды ізденушіде.
Қорыта айтқанда, жалынды күрескер, қайсар қайраткер, саңлақ саясаткер, дарабоз дарын иесі Молда Қошық датқа өзі өмір сүрген заманының ержүрек тұлғасы, халқының шынайы жанашыры, қайраты қайтпас қамқоры ретінде тұғырынан таймай өмірден озыпты. Біздің мақсатымыз, көне тарих беттеріндегі датқа өміріне байланысты жайттарды айта отырып, қазақ даласындағы сол дәуірдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени жағдайлардың сырын таныту, алты алаштың әйгілі азаматының ел тарихындағы алатын орнын бағамдап, бүгінгі жас толқынға ғибрат ету деп білеміз.
Бақтияр СМАНОВ, Алматы.