23 Қараша, 2010

52-ші және одан кейінгі жылдар

756 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін
Замана запыраны _____________ ... Карлагтың орталығы Долинкадан ұзап шыққаны бүгін. Қалың тұман жол­дан адастырды. Амалсыз ескі қорған­дардың біріне арқасын беріп тыныс алуды жөн деп тапты. – Шіркін дүние-ай, өтеріңді біл­меп­пін... – Дариғаның дауысы оқыс шы­ғып кетті. – Жарқыраған Алтын Жұлдыз қайда? “Дариғалап” жүгірген ел қайда?.. Дариға ол күнді ұмытпайды. 1947 жы­лы “Қызыл жұлдыздың” бастығы Мұқа­метқали Нұрбаев бастаған жеті адам Со­циа­листік Еңбек Ері атанды. Бұл туралы Мұқаметқали Нұрбаев 1949 жылы “Қа­зақ­тың біріккен мемлекет баспасы­нан” жа­рық көрген “Еңбек – ер атанды­рады” деген кітабында мынандай дерек кел­тіреді: “1947 жылы қант қызылша­сынан мол өнім алғаны үшін колхоздың 7 ада­мы зор абыройға ие болып, Социа­листік Еңбек Ері атағын алып, 5 адамы Ленин ор­дені­мен, 14 адамы Еңбек Қызыл Ту ор­дені­мен, 15 адамы “Еңбектегі ерлігі үшін” жә­не “Еңбекте үздік шыққаны үшін” медальдарымен наградталды” делінген. Бұл марапаттау соғыстан кейін еңсесі түсіп, әбден қалжыраған қызылжұлдыз­дықтар үшін өңірдегі үлкен оқиға болды. Өзімен бірге Сындыбала Оңғарбаева же­ңе­шесі де Еңбек Ері атанды. Келесі жыл­дың басында Жамбылдағы темір жол клу­бында Қазақстанның сол кездегі басшысы Жұма­бай Шаяхметовтің өзі келіп, Алтын Жұл­дыз­ды тапсырғанын қа­лай ұмытады? Бір гектар қант қызыл­шасының алқа­бынан 1000 центнерден өнім жинау шын мәнінде үлкен табыс еді. Ал, келесі жылы Дариға 800 центнер­ден тәтті түбір жина­ды. Мұндай өнім алу шынында да көп еңбекті талап ететін. Өсіп келе жат­қан әрбір тәтті түбірді қол­мен бір емес, бірне­ше рет аялау ең­бек­тің еңбегі. Жеке­леген­нен кейін өнбей қалған түбірдің орнына өзгесін қолмен егу, оны күн сайын бап­тап, суару оңай болмады. Қызылша өсіп, өнгеннен кейін олардың арасында біз сұғар бос орынның болмауы ғажап емес пе? Мұндайда тәтті түбір жанына қарай емес, төмен не жоғары қарай өскенін көргенде Дариға таңдай қаққан. Бірте-бірте тәжірибесі толысып, тәтті түбірдің сырына қаныға түскен. Соның нәтиже­сінде келесі жылы да мол өнім алып, тағы да омырауына Ленин орденін тақты. Кішкентай ғана ауылда омы­рауында Алтын Жұлдыздары жар­қыраған Сынды­бала Оңғарбаеваны, Қа­нымқыз Тортаева­ны, Мәрзия Ибра­ги­мо­ваны, Керімбай Мырзақұловты, Айтжан Бөген­баевты және өзін көргенде елдің көзі той­майтын. Мұның бәрі кол­хоз басшысы Мұ­қамет­қали Нұрбаевтың іскерлігінің нә­тижесі екеніне қуанатын. Оларды алыстан іздеп келетін жазушылар мен жорналшылар кө­бейді. Тіпті 1952 жылы одақтық “Ого­нек” журналы Дари­ғаның суретін сыртқы мұқабасына басты. – Шіркін, дәурен-ай! Дариғаның дауы­­сы тағы да оқыс шығып кетті. Өз дауысынан өзі шошығандай, бойын тік­теп, жан-жағына қарады. – Шіркін, дү­ние-ай, өтеріңді білмедім бе? Қандай күй­ге түсірдің? Өзгенің ала жібін аттап па едім? Жазығым – бел жазбай еңбек еткенім бе? Ол осылай деп бар дауысымен айқай салды да үнсіз қалды. Жүрегі езілді, аузына қара су толды. Жан-жағын тұмшалап тұрған тұманның буалдыры жүзіне жас тамшыларындай қонақтаған. Бетін сүртпеді, қимылсыз отыра беріп, көзін жұмды да, ойға ерік беруге ұмтыл­ды. Бірақ, көз алдына балалық шағы емес, құрып қалғыр абақты елестеді. ...1952 жылдың соңғы күндерінің бірінде колхоздың бастығы Мұқаметқали Нұр­баев қамалды. Ел іші дүр ете қалды. “Не дейсің, колхоздың көрсеткіштерінің бәрі өтірік екен. Бұл басы ғана, әлі талай­лар ұсталады”, деген сөздер күннен-күнге өршелене түсті. Осы жамандықты қозды­рып жүргендер сол ауылдың аза­мат­тары еді. Олар ешнәрседен аянып қалған жоқ, арызды қарша боратты. Тексеруге келген уәкілдерді қонақ етіп, алдарына арақ, шын­тақтарына жастық қойып, иіліп төсек, жайылып жастық бо­лып жатқан­дары­нан ауыл адамдары түгел хабардар еді. “Жақ­сыға сөз батады” демек­ші, бұл жағдай қызылшашының жанын жегідей жеді. Көп ұзамай Дари­ғаны Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Ал­матыға шақырды. Сол жылдары Жоғарғы Кеңес төралқасының мүшесі болатын. Дариға қандай әңгіме қозғаларын алдын ала сезген. Сондықтан ас­танаға келерде бұрынғыдай Алтын Жұл­дызы мен ордендерін жарқыратып тақпа­ды, орамалына орап, қалтасына сала салды. Көп әңгіме болған жоқ. – Сен партияны, Отаныңды, ел-жұртыңды алдапсың. Сенің ағаң Кәдір Жексенбиев фашистердің тұтқынында болған. Ал, сен оны жасырғансың. Сон­дықтан да Жоғарғы Кеңестің төралқа мүше­­лігінен шығаруға және атақ-даң­қыңның бәрінен айыруға, награда­ларыңды алуға шешім қабылдайды, – деп қақшаңдап қалған әйел, Дариғадан куәліктерін және Алтын Жұлдызы мен үш Ленин орденін тапсыруды талап етті. Дариға Жантоқова Жоғарғы Кеңестен есеңгіреп шықты. Қызыл шырайлы жүзі ақ қағаздай бозарды. Ешкіммен сөйлесіп, пікірлеспей-ақ ауылға тартты. Таңға жуық үйіне келді. Анасы Науатбала еңі­реп қар­сы алды. Ертеңіне партия коми­тетінің хат­шысы келіп, партбилетін алды. Атақты қы­зылшашы абыройдың бәрінен бір-ақ күнде жұрдай болып, бүк түсіп жатып алды. Сол жылдың бірінші шілдесі күні Жам­­былда елді елең еткізер үлкен сот бол­ды. Судьялар Алматыдан келді. Ең ал­ғашқы сәтте “Өтірік мәлімет берген­сің­дер” деген кінә тағылған еді, аяғы быж-тыж болды. Бір колхоздың жеті ада­мы бір күн­де сотталып кете барды. Оның екеуі - Со­циалистік Еңбек Ері болатын. Бірі – кол­хоз бастығы Нұрбаев - жиырма бес жылға, екіншісі – атақты қызыл­шашы Дариға Жантоқова он бес жылға кесілді. Тіпті таққан айыбы да қызық. Алғаш тақ­қан кінәсі өзгертіліп, артынша “інісінің фа­шис­тердің тұтқынында бол­ғанын жасыр­ғаны үшін” дегенді қосты. Егер осы­лай болғанның өзінде осынша мер­зім­ге соттауға бола ма? Дариға осыған таң... Тамыздың тамылжыған күнінде Да­риғаға қуанышты хабар да жетті. Он бес жылға жазықсыз сотталған Дариға Кар­лаг­та үш жыл қараңғы күндерін өткі­зіп, бостан­дыққа шықты. Па, шіркін, Бостан­дық! Ер­кіндік! Дүниеде еркіндік­тен артық не бар?! Елге жеткенше асықты. Шу, Луговой стансаларынан бастап жүзі таныс кісі­лерді жолықтырып, қуанышын бөлісті. “Аман-есен келгенің құтты болсын!” – деген бір ауыз сөз үшін өзегін жұлып беруге дайын тұрды. Әулиеатаға жақындаған сайын жүрегі пойыздың доңғалақтарының соғысындай дүрсілдеді. Ол күнгідей мамыражай күнді өмі­рінде көрмеген шығар. Пойыздан түсі­сімен біраз уақыт айналаға қарап тұрып қалды. Вокзалдың ғимаратына асыққан елдің жетегінде бұл да есікке жақындай бер­ді. Вокзалға кіре берісте Дариға Күләш Бай­сейітовамен бетпе-бет ке­ліп қалғаны. Күміс көмей әншімен талай рет Жоғарғы Ке­ңес­тің сессия­ларын­да жолығып, әбден ете­не таныс болған. Тіпті Сталиннің туға­нына 70 жыл толғанда Мәскеуге бірге бар­ған. Әншінің дауысы сыңғыр ете қалды. – Дариғамысың? Айналайын, аман-есенсің бе? Бір жамандыққа ұшырады деп еді, одан құтылдың ба? Халқыңнан оқ­шауланба, ол – тіреуің. “Ондай-ондай ханның қызында да болады” демекші, өмірде не болмайды дейсің. Әлі шығар тауың биік болып, көрер жақсылығың бауыр­ларыңа жұғысты болады. Елге өкпе­леме. Адалдың аты арып, тоны тозбайды айналайын, – деп, бұлбұл әнші Күләш бастырмалата жөнелгенде Дари­ғаның өзі қысылып, үлкен кісіге иіліп, жол бере бер­­ді. Қысылса да қымтырыла барып, бұл­­бұл әншінің ақ жүзінен сүйді. Жақсы сөзіне рақметін айтты. Көңілін білдіріп, әділін айтқан әншінің жүзіне өзінің жанарынан ытқып шыққан жастың та­мып кеткенін де байқамай қалды. Күләш әнші сіңлісінің маңдайынан сүйіп, мой­нын­дағы ақ орамалын иығына жауып тұрып; – Айналайын, торығып, қамығып келе жатқанда жолың ақ болсын, деп орамалымды сыйладым, – деген Күләш тағы да Дариғаның маңдайынан сүйді. Осы бір қас-қағымдай болған оқиға оның есінде де, көз алдында да мәңгі қала­тындығын да білді. Алабұртқан көңілін баса алмай бір орнында тұрды да қалды. – О...о, Дариғаш, келіп қалдың ба? – деген “Қызыл жұлдыз” колхозының бас­тығы Ғалымжан Ақатаев өзін құшақ­тай алды. – Алдыңнан Күләш апаң шы­ғып қарсы алғанын мен жақсы ырым­ға балап тұрмын. Мен оған анық сенемін! Дариғаның көңілі босады. Жүрегі діріл қағады. Алдынан шығып, арса­лаңдап құшақтағандардың бірін көрсе, бірін көрмеді, көз жасына ерік берді. Ауылға келген күнгі қуаныш ерекше болды. Сәмиғасын көтерген Қоңыры мен анасы Науатбала малын сойып, барын дастарқанға төкті. Қуаныш дастарқанын “Құтты болсын!” айта келген ауылдас­тары шашқан шашу толықтырды. Дари­ғаның түрмеден босанып келуін бүкіл ауыл тойлап, құттықтады. Келмей үнсіз қал­ғандары – өзінің үстінен арыз жаз­ған­дар ғана еді. Тіпті аудан, облыс бас­шы­ларынан да қуанышты сөздер жетіп жат­ты. Дастарқан басында қапаста қал­тыра­ған Дариға жарық күннің шуағына малы­нып, жарқырай түсті. Тіпті Садық Кәрім­баевтың “Тракторшы қарындас” әнін сызылтып тұрып айтты. Басылған көңілі ашылып, көргенін де, білгенін де айтпас­тан, елдің амандығын сұраумен болды. Ең алдымен Мұқаметқали Нұр­баевтың ха­барын сұрады. Білетіндер оның абақты­дағы өтеу мерзімінің қыс­қарғанын, аман­дық болса жалған жала­мен күйгендер елге аман-есен оралатын­дығын айтып жатты... Күміс қанат алып ұшақ аспанға кө­тері­­лісімен Сібірді бетке алды. Талай ұшақ­­тарға мінген, бірақ тап осы жол­ғыдай абыржуы болмаған. Бұрын арнау­лы ресми жиындарға өзгенің айтуымен, жетегімен жүрсе, бұл жолы өз еркімен, жүрек қалауымен Сібірге, Сібір емес-ау Қиыр Шығысқа – Камчаткаға жол тартып барады. Жолдың мақсаты өзі бауырына бас­қан Әлімхан әскери борышын өтеп жат­қан Ты­нық мұхит флотының сарбаздары­мен кездесу. Бала көңілдің гүлі, көздің нұры емес пе, алыс деп шалқаймады, ұл­дың беделі үшін жолға шыққан. Ша­қыру­ды алғанда алғаш таңқалған. Қазақ әйелін қан­дай мақсатпен кездесуге ша­қырып отыр. “Апырай-а, бізді де өзге­лердің қа­тарына қосқаны ма? Сол айна­ладан бір орыстың табылмағаны ма?” – деген де ой келген. Ұшақ көк аспанды тіліп, самғап келеді. Сол самғаумен бірге Дариға да ой құшағына ене берді... ...Карлагтан келісімен Дариға иығына қайтадан кетпенін салып, қызылша алқабына келді. Сындыбала Оңғарбаева жеңе­шесі мен Қанымқыз Тортаева, Мәр­зия Ибрагимова, тағы басқалар оны қуа­на қарсы алды. Мұқаметқали абақты­да болғанымен оның әркімге бір гектардан қызылша алқабын бөліп беру тәжірибесі жойылмапты. Алғашқы жылы өзгеге көмекші болғанымен келесі жылы оны звено жетекшісі етіп қайта тағайындады. Құрбылары мен шаруашылық басшы­лары өзіне көңіл бөлген сайын қуанышы толысып бара жатқандай сезінді. Тілеу болмай, тіреу болмайтындығын сезінген Дариға құрбылары мен ауылдастарының ақ тілегіне іштей дән риза еді. Өзінің ақ, ал жағылған күйе күні ертең-ақ кететінін ол іштей сезді. Әйтсе де өзіне деген аяу­шылықты ұнатпайтын, әрқашан еңбегі­мен, көңілдегі сөзін ірікпей айтатын қасиетімен ел құрметіне бөленген Дариға көпке дейін құрбыларының ақ көңілін аяушылық деп ұққаны анық. Бірте-бірте жазылатын жарадай көңілдегі көп кірбің ұмыт бола бастағандай. “Еңбек бәрін ұмыттырады” деген рас екен. 1958 жылы ол әр гектардан 850 цент­нерден тәтті түбір жинады. Осылайша қырық жетінші, сегізінші, тоғызыншы жылдардағы табыс кездейсоқ әрі жалған емес екенін тағы да дәлелдеді. Бұл табы­сын келесі жылы да жалғастырды. Сол жы­­лы ойла­маған жерден ауылға Қазақ­стан коммунистік партиясының бі­рін­ші хатшысы Н.И.Беляев кел­ді. Аудан, облыс басшылары республика басшысына Дари­ға­ның қызылша алқабын көр­сету­ге ше­шім қабылдапты. Ал­қапқа дейін тез­детіп жол са­лын­ды. Түске жақын басшы­лар мін­ген машиналар көздей тізіліп келді. Аттың басындай болып өс­кен қызыл­шаны көргенде Беляев таңданысын жасы­ра алмады. – Мұндай қызылшаны өсір­ген кім? – деген ол омы­рау­ларында Алтын Жұлдыздары жарқырап тұрған қызылшашы келіншектерге қарады. Сынды­бала Оңғарбаева саңқ ете қалды. – Дариға Жантоқова! – деп, шеткерек тұрған Дариғаны алға итермеледі. Қараторы жүз­ді, тал­дырмаш денелі Сын­ды­баланың бойында өзі ғана сез­ген діріл пай­­да болды. Неге осын­дай ке­йіп­ке түсті, ол түсін­беді. Кім біл­сін, мүмкін есімі “халық жау­лары­мен” бірге ата­латын Дари­ғаның атын атағаны үшін өзін айыпты санады ма, әлде келінінің бақыты дәл осы сәтте қайта ашы­латынын сезді ме екен? Әділдікті сүйетін, тура жолдан таймайтын қасиеті оның бар болмысын билеп алғанын Сындыбала сол сәтте түсіне қойған жоқ. Республика басшысы “ол кім?” дегендей жан-жағына қара­ды. Әлден соң өзіне қарай бір адым жа­қындаған дөңгелек жүзді, ақ­құ­баша, келісті келін­шекті көргенде: – Ой, ой... Молодец! Бұл кі­сі­ні биыл мі­ндетті түрде наградаға ұсыныңдар, – деп, облыс бас­шысы Махмұт Сапар­ғалиев пен облыстық атқару комитетінің төр­ағасы Асанбай Асқаровқа қа­ра­ды. Осы сәтті тиімді пайдалан­ғысы келген Дариға: – Менің де Алтын Жұлдызым, үш Ленин орденім болған. Алып қойды, – деді өзін еркін ұстап. – Кім алып қойған? Неге алып қоя­ды? – деген Беляев қолында ұстап тұрған қызылшаны жерге тастай салып, облыс, аудан басшыларына қарады. Алдымен жағдайды облыс басшысы, одан кейін аупартком хатшысы айтты. Бұл кезде олар жиналған халықтан сырт­тап кеткен болатын. Мәселенің мәнісіне түсінгендей болған Н.И. Беляев кері бұ­ры­лып, жүзін жиналып тұрғандарға бұрып: – Тарихта талай ақтаңдақтар болған. Жеке басқа табынушының салдары бұл. Партия онымен аяусыз күресуде, күресе береді де. Қазір жағдай тіпті басқаша. Сіз қамықпаңыз, мен бұл іспен жеке өзім ай­на­лысам. Дегенмен де, біз де кішкентай адамбыз. Орталық комитетке шығамыз, жағдайды түсіндіреміз. Ал, еңбектеріңізге сәттілік тілеймін. Жиын-терін біткен соң талайларыңыздың кеуделеріңіз жарқырай түсетін болады, – дейді. Сол күні Дариғаны құттықтағандар өте көп болды. Кешке Сындыбала Оң­ғар­баеваның үйінде жайылған дастарқанға келген республика, облыс, аудан басшы­ларының бір сәт әңгімелерінің арқауы да Дариғаның жағдайы болды. Дариғаның басылған көңілі көтеріліп, жүзі жарқырап, құрбыларымен ашық-жарқын әңгімелесті. Осы оқиға туралы қазақтың біртуар аза­маты Асанбай Ас­қаров “Тағдыр” кіта­бында былайша еске алады: “Біздің облысқа Қа­зақстан Ком­пар­тиясының сол кездегі бі­рін­ші хатшы­сы Н.И.Беляев келді... Дариға Жан­­т­о­қова­­мен де дидар­ласты. Ол ... Со­циа­­лис­тік Еңбек Ері екен­дігі... кейбір түсі­­ніс­­пестіктен қосақ ара­сында кетіп, ажы­­рап қалғандығы тілге тиек болған-ды. Әсіресе М.Сапарғалиев төндіре, құлағына құя жеткізіп еді... Беляев қайрат көрсете кө­­мектесіп, шын­дық қайта салтанат құрды”. Көңіл шіркін, көтеріңкі сәтті тез сезеді ғой. Дариға ол күндері ақ ұлпадай қалықтап жүргендей күй кешті. Радиоға құлақ түріп, облыстан, ауданнан келген өкілдерді жағалап, жақсылық хабарды тағат­сыздана күтті. Бірақ бір нәрсе ойы­нан кетпеді. Ол – еңбек қана тауға шы­ғаратынын терең сезінді. Егер Қазақ­стан басшысына көр­сетуге лайық қызыл­ша өсірмесе, ол алқапқа келіп өзімен тілдес­пес еді. Сол жылы әр гектардан ол тағы да жоғары өнім алды. Күз болды. Құс қайта бастады. Адам құс қайтқанда да, келгенде де жақсы хабар күте­тін болса, Дариға қайтқан құс қана­тының суылымен туған жерінде, өскен елін­де жақсылық ха­бар қалдырып кете­тіндей күй кешті. Сон­дай күндердің бірінде аудандық соттан хабар жетті: “Алматыға, орталық комитет­ке Дариға Жантоқова­ның бүкіл құжат­тарын сұратып алды, ақталатын болды”. Артынша партия коми­тетінің хатшысы келіп: “Парт­билеті­ңізді қайтып алу тура­лы арызыңызды жазыңыз”, – деді. Көп ұзамай Дариғаны Алматыға орталық ко­ми­тетке шақырды. Партиялық бақылау комиссиясы көп тергемей, терлетпей-ақ, қайта кешірім сұрап, партбилетін қай­тарып берді. Енді Дариға үлкен қуаныш­тың алыс емес екенін сезді. Соған қара­мастан, сол күнді тағы тағатсыздана күтті. Ақыры асыға күткен күн де келіп жетті. Ақпан айындағы Алматы ақ ұлпа қармен қарсы алды. Бауыры Қоңыр екеуі ұлпа қарды басып, орталық комитетке қарай беттеді. Тәшеновтің көмекшісі Әмреев бұларды жылы қабылдады. – Қазір мен Тәшенов жолдасқа айтайын. Ол кісі жаңа ғана сізді сұрап еді, – деген көмекші Жоғарғы Кеңестің Төр­а­ға­сының кеңсесіне кіріп кетті. Артынша Жұмабек Тәшенов шықты. – Дариға, келіп қалдың ба? Қуа­нышың қайырлы болсын. Жарлыққа қол қойылды. Жұлдызың да, үш Ленин орденің де қайтарылады. Жүр, бірінші хатшыға барайық, – деді Жұмекең. Масаты кілем төселген үлкен бөлмеге Дариға имене кірді. Беляев орнынан тұрып, Дариғаның қолын алды. – Айтып едім ғой, әділдік жеңеді деп. Партия ешкімді де орынсыз жазғыр­майды. Қателігін түзеуді де ар санамайды. Міне, Жұлдызың, – деген ол Дариғаға Алтын Жұлдыз бен үш Ленин орденін қолына ұстатты. – Енді бұл наградаларды Жоғарғы Кеңестің Төрағасының өзі тағып береді, – деп Жұмабек Тәшеновке қарады. Жо­ғарғы Кеңестің Төрағасы тершіген маң­дайын орамалмен сүртіп, жалт-жұлт еткен наградаларды тақты. Дариғаның жүрегі аттай тулады. – Мен бұл күнімді бақытты сәт­терімнің біріне балаймын. Әділдік үшін күресіп, жеңіске жетуден, өзіңе емес, өзгеге көмегің тигеннен артық қуанышты сәт болмас, – деп Дариға алысты меңзеді. Ж.Тәшенов Дариғаны қызмет бөлмесіне бастап келді. – Міне, арманыңа жеттің, айна­лайын, қарындасым. Сен Алтын Жұлдыз­ды бір емес, екі рет алдың, – деді. Дариға көңіліне келген сөзді іркіп қала алмады. – Аға, енді Мұқаметқали Нұрбаев ақталса, ол да Алтын Жұлдызын қайта омы­рауына тақса, біздің ауылдың қуа­нышы шексіз болар еді, – деп бір сәт үнсіз қалып, сөзін қайта жалғастырды. – Алдымен абақтыдан шықса... – Сәті түссе, ол күнді де көрерсің, – Тәшенов Дариға да бір жылы шуақпен қарасады. Өкінішке қарай, оның сәті түспеді. Мұқаметқали түрмеден мерзімінен бұрын шыққанымен партбилетін де, Алтын Жұлдызын да алып үлгермеді. Абақтыда жабысқан аурудан елге келгеннен кейін көп ұзамай ол қайтыс болды. Бір қуа­ныштысы, елінің алдында адал азаматтың аты да, ісі де өшкен жоқ. Мұқаңның есімін ілтипатпен еске алатын ұрпақ бар. Әрине, алтын жұлдызы қайтып жатса, қазақ үшін абырой болар еді. Басына түскен ауыр күндері көрген түстей артта қалып, көңілі көтеріліп, елге қуанышты оралған Дариға келе жұмысқа бұрынғыдан да белсене араласты. Облыс­қа депутат болды. Жиналыстарда төрде отыратын болды. Қоңыры “Қызыл Жұл­дыз” ұжымшары бастығының орын­басары­лығына көтерілді. Бастықтар да бірі­нен соң бірі ауысып жатты. Қалиев­тен кейін бұрын бастық болған Бұрал­қиев келді. Қанша қуанышты күндер көп болғанымен бұрынғыдай ертеңгі күнге деген сенім әуелемеді. Алтын Жұлдызды омырауына таққаннан кейін көп ұзамай еңбек демалысына шықты. Өмір болған соң өкініш болады екен. Сол бір сергелдеңге толы күндердің өт­кеніне көп уақыт өтсе де, Дариға өз ба­сы­на түскен ауыртпалықты ұмыта алмай­ды. Қазір де сондай күйде. Дүниеден Ста­­лин, Хрущев сияқты артында топа­лаңы көп қайраткерлер өткенімен жүйе сақта­лып қалды. Қит етсе партияның билеті­мен қорқытатын күндер туды. Орынсыз мадақтау, әсірелеу көбейді. Бәрі орталық­тың күшімен шешіліп жатты. Енді, міне, сондай көңілдің жабырқау күндерінің бірінде Қоңырдың төртінші баласы үйленіп, той жасалды. Құдай оңынан салып сонау Камчаткада әскери борышын өтеп жүрген Әлмахан тойға келді. Кір басқан көңілдің кірі кете бастағандай әсер самал болып есті. Бұл тойдың тағы бір есте қалғаны – Әлмахан азаматтық парызын өтеп жүрген әскери бөлім Дариғаны арнайы Камчаткаға келуге шақырыпты. Жолбасшы етіп, милицияда еңбек ететін Рысбегін жанына алып “Камчатка қайдасың?” деп көк аспанда самғайтыны сол тұс қой. Ақ орамал тартқан, қазақтың ақсары жүзді Дариғасы сол жолы жүзі бал-бұл жанып, көңілі шарықтап тұрды. Қол шапалақтау ұзаққа созылды. Жиын со­ңын­да Социалистік Еңбек Ері, үш Ленин орденді қазақ әйелін флоттың құрметті матросы етіп қабылдаған. ... Кеңес өкіметінің құлауына көрінді ме, партияның бас хатшылары бірінен соң бірі о дүниеге аттанып жатты. “Енді не болады?” деп тұрған сәтте Гор­бачев­пен бірге “қайта құру” деген дәуір келді. Көп сөйлеудің кө­ке­сі енді басталды. “Қай­­та құру” кеңес өкі­метін құртты. Бұ­рын ай­тар сөзін айта алмай жүр­гендердің еркін көсі­луіне жол ашылды. Дари­ға өзі абақ­тысында үш жыл отырған Кар­лагтың бет бейнесі әш­кере бола бас­та­ды. Пар­тия өзі­нің көсемдерін көсеумен ұрып, бұрыш­қа тықты. Сөйте тұрып, соңғы күшін жинап, ел ардақтыларына күйе жағып, түрмелерге тыға бастады. Дариға ол күн­дерді еске алғанда бойы мұздап, тағы да отыз же­тінші, елуінші жылдар­дың кеса­паты келіп қал­ды ма деп қо­рықты. Сон­дай күндердің бірін­де “Асанбай Асқаров қа­мауға алы­нып­ты” деген сөз дүңк ете қалсын. Ойламаған жерден Жылқыбай Арал­баевтан шақыру алған Дариға айтқан уа­қытында, кел деген жеріне жеткен. Төрде кезінде ел билеген ағалар. Жүздері ала­бұр­тып әлденеге таласып жатқандай. – Міне,сендер жүрексінсеңдер Дари­ха келді. Ендігі істі Да­рихаш бітіреді, – деп Жылқыбай нығыр­лай сөйледі. – Сен кешегі “Еңбек туын” оқыдың ба? Оқы­масаң, оқы, – деп, Дариғаның қолына газетті ұстата салды. – Мәселе былай, біз ел-жұрт екенімізді біл­діруіміз керек. Енді ха­лықтың еркін тыныс­тауын тоқтату мүм­кін емес. Асанбайдай ары­сы­мыз жа­зық­сыз абақ­тыда жат­қанда біздің үнсіз жат­қаны­мызға жол бол­сын. Асе­кеңді құт­қару комитетін құ­рып, Біш­кекте бола­тын сотына қатысып, Қыр­ғызстан­ның мем­лекет басшы­ларына ба­рып, оны түр­меден шы­ғару­ды та­лап етуіміз керек. Біз сол үшін жи­налып отыр­мыз. Дари­ха, біз­ді Сындыбала апа екеуіңіз бастап бара­с­ыздар. Ай­тар мәселе, сөздің түйі­ні осы. Жылқыбай әңгіме­сін шорт үзді. Әл­де­кімдер сөйлегісі келіп еді, ол оған мән бер­ме­ді. Өзі бөлменің ішінде ары-бері жүр. – Солай Дари­ха.(Жылқыбай Арал­баев Дариғаны төлқұ­жатында жазылуы бо­йынша осы­лай атаған­ды ұната­тын). Ертең таңертең­мен жол­ға шы­­­ға­мыз. Со­ған ша­­қыр­­дық, барамысың? – деді де, атақ­ты қы­зыл­шашы­ның жүзіне бағ­дарлай қарады. – Жылқыбай-ау, о не дегенің. Мұн­дай­да ел­­ді­гімізді танытпасақ біздің кім бол­ғанымыз. Жазықсыз жапа шегудің ауыр­лығын көргенбіз. Карлагтың “төрін­де” жүр­­генде көрде жүрген­дей болғанбыз. Онда менің ақталуыма облыс басшылары күш салып еді. Бұл жолы әділет жо­лына ардагерлер шы­ғып­­­ты, дұрыс-ақ, – деді. Төрде отырғандар: “Жықаң дұрыс айтады!” десті. Сонымен, бұрын Жамбыл және Жезқазған облыстық партия ұйым­дары­ның идеология жөніндегі хатшысы болып жиырма алты жылдан аса еңбек еткен, атпал азамат, өзінің мүддесінен ел намы­сын жоғары қоя білетін Жылқыбай Арал­баев бастаған жамбылдық ардагерлер өздері өмірбақи мүшелері болып, оның абыройы мен беделін асқақтатуға күш салғандар партияның іс-әрекетіне саналы түрде қарсы шықты. Асанбай Асқаровты құтқару комитетін құрды. Жамбыл жері дүркіреп, ел басқосқан жерде әңгіме ар­қауы сол комитеттің іс-әрекеті болды. Осы­­ның қақ ортасында Дариға Жан­тоқо­ва жүрді. Ертеректе аталарымыз: “Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы” дейді екен. Ал, Асанбай Асқаров – арын дү­ниеге баламаған азамат. Ол үшін отқа да түсуге болатындығын Дари­ға жақсы білді. Сол күндердің оқиғалары туралы Дариға апа былай дейді. – Пендешілік-ай, Асанбайды абақты­дан шығарып алуға жанын салған Жыл­қы­байды кейбіреулер кейін Асқаровқа жақындатпады. Талтүсте адасатындарға не деуге болады! Ешқашанда “мен істе­дім” деп айтпайтын Жықаң сонда да үн­сіз қалды. Ешкімге өкпесін айтпады. Оның осы ісі мың кісіге олжа салды емес пе?! Қойшы, бұл өзекті өртер басқа әңгіме... Сонымен Жықаң—командир, біз солдаттай қимылдадық. “Ертең дайын тұрыңдар! Таңғы алтыда Бішкекке қарай шығып кетеміз” – дейді. Біз – Сын­дыбала жеңешем, Мәрзия Ибрагимова және мен дайын тұрамыз, – сол бір естен кетпес оқиға туралы әңгімесін бас­тағанда қайта-қайта күрсіне беретін. Мен ел ар­дақ­таған асыл жанның өзінің де абақтыда азапты күндерді басынан өткіз­генін есіне алып тұр ғой деп ойлай­тын едім. Оның үстіне өз өміріне оң ық­пал еткен Асан­байдай ағасының тағды­рына сол кезде ерекше алаңдағанын да түсін­дім. – Со­ны­мен не керек, Асекеңді Біш­кекке алып кетті деген соң біз де Қыр­ғызстан­ның астанасына жеттік. Ол күні: “Ас­қаров әлі келген жоқ, келсе де жо­лық­тыра алмай­мыз”, – деген соң ауылға қайттық. Екі-үш күннен кейін қайыра бардық. Бұл күні де Асекеңе жолыға алмадық. Есесіне ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовпен кездесіп, мән-жайды түсіндіріп, көмектесуін өтін­дік. Сабырлы кісі екен. Біз тұлғамыз тура­лы әңгіме­леген сайын: “Апырай-а, елін сүйген, елі сүйген азамат екен ғой!” – дей берді. Оның үстіне Жылқыбай аза­мат­тың азаматтығын айтқанда біздің өзі­міз көзімізге жас алдық. Шыңғыс: “Қол­дан кел­ген барлық көмегімді көрсетемін, тиісті адамдармен бүгін сөйлесемін. Сот­та­лғанның өзінде рақымшылық жасауға ықпал жасаймын. Туғандар, жасымаңыз­дар!” – деп шығарып салды. Көңіліміз көтеріліп, ауылға қайттық. Сол бір күн­дері Асанбай Асқаровты құтқару коми­теті­нің ықпалымен жүрген Жылқыбай Аралбаев, Арыстан Өтеулин, Жапар Түйе­беков, Нұрғали Торғаев, Сындыбала Оң­ғар­баева, Мәрзия Ибрагимова, тағы да басқалар халық ұлына деген ыстық ықы­лас­тарын көрсетті. Біраз кісілерді ұмы­тып қалыппын, ол үшін жасы тоқ­санға жақындап қалған мені айыпқа бұйырмас. Сонымен бірге, “Біз Асекең­нің бауыры боламыз, досы едік” деген­дердің бұғып қалғандары да болды. Дариға Жексенбіқызы әңгімесін жалғастыра алмай біраз үнсіз отырып қалды. Әлден соң, маған тіктей қарап: – Бұл қалай-а? Қызғаншақтық, көре ал­мау­шылық, жағымпаздық, өсекшілдік іс б­асында отырған азаматтар арасында болмауы керек емес пе? Сен бұған не дейсің? – Өмір ғой, апа. Өмірде не болмай­ды. – Иә, өмір. Бірақ, мен жаман қасиет басшылар арасында болмаса деп айтып тұрмын ғой. Басшылардың арасында ондайлар болмаса, Қазақстаным бүгінгі­ден де асқақтап, ел үшін еміреніп еңбек етіп жүрген Елбасым Назарбаевтың ар­маны тез орындалар еді. Жүрек құрғыр тербеліп кеткен соң айтып жатқаным ғой. Содан не керек, Аралбаевтан бұйрық кел­ген соң Мәрзия екеуміз Алтын Жұл­дызымызды тағып, өзгелермен бірге тағы да Бішкекке жол тарттық. Бұл жолы Сын­дыбала жеңешем бара алмай қалды. Жанымызда теледидарға түсіретін жігіттер де бар. Бірақ олар жасырын түсірмесе, рұқсат жоқ екенін білетінбіз. Ал мен болсам: “Маған не істейді” деп жасауыл­дарын итере тура Асекеңе барып, торда отырғандардың бәрінің қолын алып: “Ақталасыңдар, аман болыңдар!” деп дауыстаудан танғаным жоқ. Соттың да биліктің қолшоқпарына айналғанын білсек те, “ел-жұрттан қаймығар, сот­- тамас” деген тілегіміз орындалмай, Ас­қаровты 13 жылға айдады да жіберді. Дел-салмыз. Бір-бірімізге қарай алмай, жер шұқылап, көшеде отырып қалдық. – Қамықпаңдар, Президент Ақаевқа бару керек. Қазір одан басқа жол қалма­ды. Сол ғана рақымшылық жасай алады, одан кейінгісін тағы да көріп алармыз, – деген Жылқыбайдың сөзі еңсемізді көтер­ді. Сол жерде бәріміздің атымыздан өті­ніш жазылды. Алайда, ол күні Прези­дентке кіре алмадық. Есесіне келесі күні таңертең қабылдайтын болды. – О... тәйкелерім келді, – деп өзі алдымыздан шығып, төрге оздырды. Алдымен Жықаң, одан кейін қалған ағалар сөйлеп берді. Тіпті, қазақ халқына жасалып отырған орталықтың қысас­тығын да айтып жіберді. Мен сол кезде әлі де құйрығы кесілген кесірткенің қау­қары бар, жан бермеу үшін аласұрып жат­қандардың атына сын айтқан азамат­тардың батылдығына таңғалдым. Ақаев мырс етіп күліп жіберді де: – Жақсы айттыңыздар. Мен бәрін түсініп отырмын. Ол кісімен дәмдес, тұздас болмасам да, асыл екеніне көз жеткіздіңіздер. Көмегімді аямаймын, – деп шығарып салды. Елпектеп қалған жақсы азамат екен, уәдесінде тұрады деген сеніммен ауылға қайттық. Бұдан кейін артынша Алматыға жол тартуға тура келді. Ақсақалдар: “Ал­маты­ға Горбачев келеді екен, ыңғайын тауып жо­лығу керек, Асекеңнің жағ­дайын айта­сыз­дар” деген соң тағы жолға шықтық. Асе­кеңнің туысы Энгельс деген азамат қарсы алды. Алдымен жолымыз Диме­кең­нің (Қонаев) үйіне түсті. Соның ал­дын­да ғана өмірлік жары Зухра жеңгеміз дүниеден өткен. Көңіл айту біздің пары­зы­мыз. Сондықтан алдымен Димекеңе ба­рып сәлем беріп, жеңгемізге көңіл айттық. – Атқарып жатқан істеріңді естіп қуанып жатырмын, – деп Сындыбала жеңешем екеумізді ортаға алып, диванға жайғасты. Біраз әңгімелестік. Жұмы­сымыз туралы хабардар еттік. Сөйтіп, отыр­ғанда бір ұзын бойлы қара жігіт кіріп келді. – Бұл жігіт ұзақ жылдар бойы менің көмекшім болған Дүйсетай Бекежанов деген азамат. Мұны да соттады ғой. Ха­лық қартаймайды, ешнәрсе ұмыт бол­май­ды. Бәрін ұрпақ өз орнына қояды, – деп, бұрынғы көмекшісіне бізді таныс­тырды. – Қазір “Горбачев сағат он бірде келеді” деп қалың жұртшылық Ленин ескерткішінің маңында тұр, – деді ол. Біз асығыс орнымыздан тұрдық. Әңгімені ұзақ созбай-ақ қояйық, әрең дегенде Сындыбала жеңешем екеуміз Горбачевке жақындадық. Бізді көрген Нұрсұлтан: “Сізге, мына кісілер алыстан келді”, – деді. Біз Горбачевтің қолын алдық. Ол бізге рахмет айтты. Бар әңгіме осымен бітті.Ол жерде біз мән-жайды айта алма­дық, оның жөні де жоқ еді. Республика белсенділерінің жиналысы болса, сонда Асанбай Асқаров туралы айтармыз деп бекініп келгенбіз. Бірақ, ондай жиналыс болмай, Бас хатшы Алматыда көп аял­дамай кетіп қалды. Қазір ойлап қара­сам, оған сөзімізді шығын етіп, жалынба­ғанымыз да дұрыс болған. Сонымен не керек, көп ұзамай Асе­кең еркіндікке шықты. Асыл ағаның ақталуына бізден өзге де ел азаматтары, ардақты ақын-жазушылар аз үлес қосқан жоқ. Ол туралы мен таратып айтпасам да білесің. Оны да зерделеп жазатын шығар­сыңдар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үлкен ықпал жасады деген сөз бар. Асы­лының мұңын елі сүйген азамат жоқтап жатса оған қалайша риза болмайсың! Ұзақ үнсіздік орнады. Мен де жаңа ғана апамның өзі құйып берген қоңыр шайды сораптап ішіп, диктофонның түймесін басып тоқтаттым. – Е...Алла, жаратқаныңа шүкір! – деген оқыс шыққан дауысқа селк ете қал­дым. Дариға апа төрде ілулі тұрған өзінің 1952 жылы “Огонек” жорналының мұқа­басына басылған суретіне қарап тұр екен. Аққұба жүзінде қызылы көбейіп, иегін көтере қарап қалыпты. Жанары су­лан­ған. – Е...Алла, көрсеткеніңе, шүкір! –деді та­ғы да. Бұл жолы дауысы пәс шықты. Жа­сы сексен сегізден асса да әжімі аз, нұр­лы жүзді апаның тебіреністе екенін сездім. Құзы да, қиясы да, шыңы да аз бол­маған Дариға Жантоқованың өмірін елі­міздің соңғы сексен жыл тарихынан бөліп алу мүмкін емес. Ол қанша қиын­дық көр­се де, сонау отты жылдардан оралмаған солдат жесірі болса да өзін бақытты жан санайды. Ме­нің ойыма Дариға апаның бұдан бірнеше жыл бұрын: “Биік таудың басы болмасақ та, баурайындағы туған жердің тасы болуға ұмтылдық” деген сөзі оралды. Алғаш өзі туралы жазатынымды айтқанда: “Кәрінің сөзі – дәрі” десең, айтатын әңгіме көп” дегені де есімде. Әлден соң орнынан тұрмақ болып ұмтылды да сылқ етіп қайта орнына отыра кеткен. Жүзіне күлкі үйірілген. – Мына креслоға жабысып отыр­ғанымды ұмытып кетіппін ғой. Кейде осы­дан екі жыл бұрын жамбасым сынған­дықтан жүре алмай қалғанымды ұмытып кетіп, анда-санда осылайша алға ұмты­латыным бар. Сынған сүйекті орнына келтірмек болғандарға дәрігерлер қарсы болды. “Операцияны жүрегіңіз көтере алмайды” – деді. Қайтейін енді, ермегім – теледидар мен газет. Еліміздің қанат жайып, дамып келе жатқанына қуанамын. Бәрінен де Шәмшінің “Менің Қазақ­станым” әнінің гимнге айнал­ғанына ерек­ше қуандым. Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың халқының жандүниесін дөп басқанына ризамын. Қазақтың бақы­тына Құдай бере салған алтын ұл ғой. Талай қолын алып, ба­тамды берген күндерімді еске алғанда, бойымды бақыт кернейді. Сталиннен бастап, барлық ком­партияның көсем­дерімен жүздестім ғой. Бірақ, тәуел­сіз Қа­зақ­станның басшы­сымен жүздесу, қолын қысу мен үшін орны бөлек бақыт! Тоқсан екі жасар Дариға апаның жүзі де, дала да нұрға малынған. Нұрлы күндеріңіз көп болсын, кейуа­на! Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, журналист.