Бұдан біршама жыл бұрын Астана қалалық ішкі саясат департаментінің ұйымдастыруымен Арқа төріндегі ортағасырлық Бұзоқ қаласының орнына тарихшылар мен археологтар жиналды. Оған Қазақстанның түпкір-түпкірінен және алыс-жақын шет елдерден арнайы зерттеуші-археологтар келді. Олардың ішінде АҚШ-тан Пэри Туртелот, Клаурия Чан, Өзбекстаннан Рүстем Сүлейменов, Түркістаннан С.Жолдасбаев және басқалар болды. Бұл ғалымдар “Мәдени мұра” бағдарламасы шеңберінде жұмыс істеп келе жатқан Есіл археологиялық экспедициясының атқарып жатқан зерттеу жұмыстарымен танысты. Мұндағы мақсат – елорданың төл тарихын тереңдеп зерттеу болып отыр. Аталмыш жұмыстар болашақта ежелгі дала нысандарын консервациялау мен мұражайландыру проблемаларын қарастыратын ғылыми-зерттеу орталығын құруға жол ашады. Зерттеулердің нәтижесінде Бұзоқ қорығынан XІІІ-XV ғасырларда Сарыарқа төрінде мекен еткен тайпалардың өзіндік мәдениеті мен діни көзқарастарын нақтылайтын құнды қазба деректер табылды.
Бұзоқ қаласы X-XІІ ғасырларда Русь пен Византияға апаратын далалық Жібек жолының бойында орналасқан. Қыпшақ хандығының резиденциясы, діни орталығы болған бұл қала Астана тарихының тамыры сонау тереңде жатқанына толығымен дәлел бола алады. Осы жайында Халықаралық қыпшақтану институтының директоры, академик Болат Көмеков: “Ұлы дала төрінде жайғасқан бұрынғы көшпелі халықтардың тіршілігі тек мал шаруашылығына байланысты болған. Бірте-бірте жан-жақты ғылыми зерттеулер қанатын жайған соң көшпелі өркениет туралы пісіп жетілген ой-пікірлер айтылды да. Сонымен қатар, көне және ортағасырлық көшпелі халықтардың мал шаруашылығынан қалалық мәдениетке дейінгі бірнеше мәдени шаруашылық типтері болғаны айқындалды. Ал Бұзоқтың төменгі хронология шеңбері ІX-X ғасырларда басталса, онда біздің Астанамыздың мың жылдық тарихы бар деп кесіп айтуға әбден болады”, – деген еді.
Атақты академик Кемел Ақышевтың ұйымдастыруымен құрылған Есіл археологиялық экспедициясы Бұзоқ қалашығын 1997 жылдан бері зерттеп келеді. Жыл сайынғы жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары өз жемісін беруде. Алғашқы жылдарда көптеген мазарлар қазылды, тарихи ескерткіштер сарапталды.
Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығы сонда, ол Астананың төл тарихы Бұзоқтан бастау алатынын дәлелдей түседі. Бүгінгі көптеген деректерде Астананың түп тарихы XVІІІ ғасырдан басталады делінеді. Алайда, шын мәнінде елорданың бұдан мың жыл бұрынғы Бұзоқ қалашығының орнында салынғаны сол тұжырымға өзгеріс енгізеді. Бұзоқ орта ғасырда қыпшақ ханының тікелей қарамағында болды. Ол кезде оңтүстіктен келетін Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын хандық өзі тікелей бақылауында алғандығын тарихи қазбалар растайды.
“Бұзоқ” деген атау боз түсті жылқы, боз түсті оқ деген мағынаға саяды. Негізінде Бұзоқ деген өзеннің аты болған, яғни бұзып-жаратын оқ деп түсінуге де болады. Ертедегі терминологияға келетін болсақ, Бұзоқ деген сөз оғыз-түрік терминологиясында солтүстікте орналасқан мазарлар дегенді білдіреді. Демек, Есіл археологиялық экспедициясының алда әлі атқарар жұмысы өте көп.
Әмірхан ӘЛМАҒАНБЕТОВ.
Қызылорда облысы.