25 Қараша, 2010

Тынысы ашылған театр

1175 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Л.Н.Толстой: “Өнер дегеніміз – адамның бойындағы қабілеттің ең биік көрінісі”, дейді. Шын мәнінде, кез келген адам қабілетті. Ол өнердің қандай да бір түріне бейім болуы мүмкін. Театр біздің “адамдық қалпымызды” тәрбиелейді, өз қабілетімізді тануға, жандүниемізді зерттеуге ұмтылдырады. Театр – тарих. Театр тарихы – ұлт тарихы. Елімізде қазақ театрларымен бірге орыс, неміс, ұйғыр, кәріс, өзбек театрлары да жұмыс ат­қарады. Әлемде жалғыз кәсіби Ұй­ғыр театры бар. Ол – Ал­матының орталығында орна­ласқан Қ.Қожа­мияров атындағы Ұйғыр музыка­лық драма театры. 1934 жылы шы­мылдығын ашқан бұл өнер ордасы жаңа 77-ші маусымын бастады. Өнердің бір мұраты – өзгені қайталамау болса керек. Сон­дық­тан болар, шығармашылық адам­дары қашанда жаңалыққа, жаңа­шыл­дыққа құмар. Ең бас­тысы, дәстүршілдік пен жаңа­шыл­дықтың арасында нәзік бай­ланыс болуы тиіс. Жаңашылдық дәстүршілдікті дамытудың негі­зінде туындайды. Ескі мен жаңа­ның күресі бірін-бірі жоққа шы­ғарудан емес, бірін-бірі іздеуден басталса керек. Театрды қалыптастырып, дамытқан өнер қайраткерлерінің еңбегін ештеңемен салыстыруға болмайды. Ұйғыр театры дегенде тілге ең бірінші КСРО халық әртісі Құдыс Қожамияровтың есімінің оралуы заңды да. Сөз етіп отырған өнер ордасының қалыптасуына мәдениет қайраткерлері: Әзірбайжан Мәмбетов, Бәйтен Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Әубәкір Исмаилов, Әубәкір Рахимов, Виктор Дьяков, Сергей Башоян, Рубен Андриасян, Мен-Ден-Ук, сазгерлер: Дмитрий Мацуцин, Борис Ерзакович, Александр Поливанов, Иванов – Соколь­ский және Халима Насирова, Сәбира Май­қанова, Хадиша Бөкеева сынды театр тарландары үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, Икрам Мәсимов, Шахида Шаймар­данова, Исмаилжан Исаев, Низам­дун және Сәңәт Кебировтар, Һ. Сетеков өздерінің төл туындылары арқылы театрдың репертуарын байытып, дамытты. Сәбит Мұқанов: “12 мұқам – ұйғыр халқының “а” дан бастап, “я” әрпіне дейінгі барлық ән-музыка байлығын көрсететін энциклопедия”, – деп жылы пікір білдірген мұқамдардың Ұйғыр театрының сах­насында алар орны да ерекше. Себебі, театр – драма, ән, би жанрлары біріккен синтезді өнер. Бекзат өнер. Біздің шығармашылық ұжым фестиваль, басқа да мәдени шаралар негізінде Ресей, Германия, Америка, Англия, Түркия, Мысыр, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Венгрия, Пәкстан, Португалия, Финландия, Швейцария, Румыния, Болгария секілді елдерде өнер көрсетті. Көрермен драма труппасынан басқа халықаралық және республикалық фестивальдерде топ жарып жүр­ген “Нава”, “Сада”, “Яшлиқ” ансамбльдерімен қа­тар “Рухсарә” биі ансамблінің өнерін тамашалайды. “Театр киім ілгіштен басталады”, деген тәмсіл бар. Әрине, бұл пікірде көрермен мәдениеті туралы астарлы ой жатыр. Театрдың ғимараты да көрерменнің көңіл-күйіне әсер ететіні анық. Әнебір жылдары көрші мемлекетке іссапармен барған қазақ журналистері қабырғасы жарылып, сарғайған театрды көріп, өз еліміздегі театр ғимараттарының еңселі де, сәулеттілігіне қуанғандарын жарыса жазған болатын. Театр 2002 жылы күрделі жөндеуден өтті. Жаңарған өнер ордасының ашылу салтанатына Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев қатысып, тек Ұйғыр театрының ғана емес, Қазақстанда өмір сүріп жатқан барша ұлттардың өнеріне жоғары бағасын беріп, театр ұжымдарын ең алдымен бейбітшілік, халықаралық келісімді сақтау жолында қызмет етуге шақырды. Театр – тірі организм. Ол жақсы пьесамен тыныс алады. Қолынан іс келетін басшымен бірге көркейеді. Театрды ұзақ жыл басқарған Мұрат Ахмадиев Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланғаннан кейін, бұл қызметке Мәдениет министрлігі талантты сазгер Әділ Жамбақиевты тағайындады. Әрине, жаңа басшымызға алғашында күмәнмен қарадық. “Жас жігіт үлкен ұжымды басқарып кете ала ма, жоқ па?” деген көкейде сауал туды. Жасыратыны жоқ: “Жамбақиев театрдың не екенін білмейді, біз оның директор болуына қарсымыз”, деп үстінен шағым хат жазуды ұйымдастырғандар да болды. Бірақ көпшілік: “Бұл жігіттің қызмет тізгінін қолына алғаны жаңа ғана, сондықтан қолынан іс келмейтінін қайдан білеміз? Байқап көрейік те”, деген ұйғарымға келді. Әділ Жамбақиевтің бұл лауазымды қызметті ат­қарып келе жатқанына таяуда үш жыл толды. Әл­бетте, шығармашылық ұжымды (өнер адамының өзі­не тән мінезі болады емес пе!) басқару кез келген бас­шыға оңай емес. Дегенмен, Әділ парасатты­лығы­мен, ұйым­дастырушылық қабілетімен, елгезектігімен ұжыммен тез тіл табысып кетті. Ол – ішкі мә­де­ниеті қалыптас­қан азамат екен. “Мирас моншақ”, “Афри­калық кү­йеу жігіт” атты спек­такль­дерге жаз­ған музыкасын кәсіби ма­мандар жоғары бағалады. Театрымыздың бұрынғы басшылары Ик­рам Ма­симов пен Мұрат Ахма­диев те кәсіби музы­кант­тар еді. Ә.Жамбақиев театр­дағы алғашқы жұмысын театры­мыздың үлкен мә­селесін шешуден бастады. Себебі, мұнда жылу мәсе­лесінде қиыншылық бола­тын. Әртістеріміз бірінен кейін бірі жиі ауырып қала берген соң тіпті спектакль мен концерттерді тоқ­татуға мәжбүр болған кезіміз де бар. Басшымыз қар­жы тауып, осы мәселені шешкенде қуанбаған актер аз. Сондай-ақ театр репертуарына баса көңіл ауда­рып, жылына төрт жаңа қойылым сахналау керек деп шешті. Кейбір актерлердің рөлсіз жүргенін де назар­дан тыс қалдырмады. Қазір әрбір әртіс сомдаған об­раз­дарына қарай қосымша еңбекақы төленеді. Бұл, әрине, шығармашылық адамдарына шабыт берді. Бұрын театр репертуарында 10-13 спектакль жүрсе, бүгінде жаңа спектакльдердің саны 20-дан асады. Кейінгі жылдары театр репертуарын Ә.Таразидың “Махамбет” (реж.С.Асылханов), И.Сапарбайдың “Сыған серенадасы” (М.Ізімов) У.Гаджибековтің “Аршын мал алан” (Я.Шәмиев), Ә.Оразбековтің “Бір түп алма” (реж.Ә.Ескендіров), И.Зайниевтің “Нәрес­те” (реж.М.Ізімов), Н.Махмудованың “Құдалар” (реж.Ә.Ескендіров) сияқты қазақ, өзбек, татар драмаларымен қатар өзіміздің ұлттық пьесаларымыз: М.Кәбиров, И.Жәлилов, Қ.Абдрасуловтың “Ипар­хан” (реж.М.Ізімов), М.Әбдурахманов пен М.Ізімов­тың “Аманнисахан” (реж.М.Ізімов), І.Гүлиевтің “Ми­рас моншақ” (реж.М.Ізімов), Ә.Ахметовтің “Афри­калық күйеу жігіт” (Ә.Ескендіров), Ә.Һаширов пен К.Абдрасуловтың “Идиқут” (реж.Я.Шәмиев) пьесалары байытты. “Анархан”, “Аманнисахан” сияқ­ты кесек музыкалық драмаларымыз арнайы ша­қы­рылған симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен сахналанды. Жақын арада белгілі себептерге байланысты жабылып қалған симфониялық оркестр қайта жаңғыртылады деген үмітіміз бар. Және үмітіміздің алдамасына сенгіміз келеді. Тағы бір айта кетерлігі, театр директоры спек­такль үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға қосымша спектакльді сапалы қою үшін қаржы көздерін іздестіріп, бұл мәселенің де жолын тапты. Мысалы, “Идиқут” секілді күрделі пьесаны сахналау үшін 4,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл спек­такльге ресейлік балетмейстер Әлишер Хасанов шақырылды. Нәтижесінде ағымдағы жылы Алматыда өткен Орта Азия театрларының ІV халықаралық театр фестивалінде “Идиқут” “Ең үздік спектакль” номинациясын жеңіп алды. Театр репертуарының салмағының артуына үстіміздегі жылы бізге көркемдік жетекші болып тағайындалған көрнекті театртанушы Ахметжан Қадыров бар күшін салуда. Екі басшы театрды биікке көтеру мақсатында белгілі драматургтерге пьеса жазуға тапсырыс беріп, белгілі режиссерлерді спектакль қоюға шақырып жатыр. Театртанушылар режиссура мәселесі туралы ай­тып та, жазып та жүр. Біздіңше, кейбір режиссер­лердің өзін-өзі қайталауының бір себебі: әріптес­терімен тәжірибе алмасуының жоқтығында сияқты. Тәжірибе алмасу –ой-өрісті кеңейтіп, тың идеялар іздеуге жетелейді. Театр режиссерлері: Мұхит Ізімов пен Әзиз Ескендіров Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында болып, мамандармен тәжірибе алмасып қайтты. Өнерде өз қолтаңбасын қалыптастырған М.Ізімов – облыстық қазақ театрларында бірнеше спектакльдер сахналап жүрген талантты режиссер. Қ.Қожамияров атындағы Ұйғыр комедиялық драма театры – ұлтымыздың көзінің қарашығы. Спектакльдері кәсіби мамандардың жоғары баға­лауына ие болған театр. Гүлбахар НАСИРОВА, Қ.Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі. Алматы.