Ойға алған істің орындалғанына не жетсін. Көптен айтылып, жазылып, ел талқысына түсіп, қажетті саяси және де басқа шаралардың жүргізілуінің нәтижесі ретіне, міне, бүгін Астанада елу алты елдің басшылары жиналып бас қосып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті өтпек (Одан ары Ұйым деп атаймыз). Ұйымның ең алғашқы Хельсинкиде 1975 жылы өткен мәжілісі көз алдымда. Бұл кездерде халықаралық саяси мәселелермен шұғылданып жүрген біздерге Хельсинки қаласында саяси бағыттары әр түрлі ғана емес, бір-біріне қарама-қайшы 35 елдің басшыларының бір үстелдің басында отырып, ортақ әңгіме көтерулері мүмкін емес секілді көрінетін. Себебі, бұл кезде әлемдік саясатта ымырасыз “қырғи-қабақ соғыс” жүріп жатқан еді.
Хельсинки мәжілісінің мүмкін болуына шешуші фактор болған сол кездегі Кеңес мемлекетінің саяси басшысы Леонид Брежневтің ерен еңбегі деуге болады. Ол “қырғи-қабақ соғыс” жағдайында өзінің ең басты саяси оппоненттерімен адамзаттың тағдыры үшін ортақ келісімге келуге ниет білдіргені, әрине, саяси көрегендік. Мұндай мәмілелік саяси шешімге Кеңес өкіметінің бұрынғы басшысы Никита Хрущевтің баруы екіталай еді, себебі, ол “қырғи-қабақ соғыстың” жанама авторларының бірі болатын. Ол капитализм мен социализм арасындағы қайшылықтың отын маздатқан авантюрист екені әйгілі болған. Кеңес өкіметінің жаңа басшысы Леонид Брежнев болса, әлемдегі “қырғи-қабақ соғыстың” күнінің өтіп бара жатқанын сезген саясаткер ретінде, Еуропадағы қауіпсіздіктің іргетасын қалаушысының бірі болып тарихта қалды. Біз, сол кезде, әлемде жаңа саясаттың өмірге келгенін айқын сезіндік. Ендігі жерде осы макросаясатты Кеңес империясының ішкі саясатында трансформациялануына назар аудара бастадық. Анығында, осындай жолда ізденіске түстік. Біз кеңес империясының ішкі саясатының идеологиясының өзгеретініне сене бастадық. Бұл ізденістің мәнісі Қазақ КСР-інің өзіне тән мәдени кеңістігінің өріс алатындығында деп түсіндік. Бұл кезде әрине саяси тәуелсіздік туралы сана болған жоқ, мәселе мәдениеттің тәуелсіз өрісінде ғана еді.
Басты тақырыбымызға қайта оралсақ, бүгінгі өткелі отырған Ұйым саммитінің іргетасы туралы айтқанда, көз алдымызға “мызғымас берік” социалистік лагерьдің ыдырап, әлемде жаңа саяси архитектура орнаған кезде еліміздің Астанасында өткелі отырған Ұйым Саммитіне қатысты екі символдық ұғымға арнайы тоқталмақпын. Бірі, Қазақ елінде елу алты елдің басшылары кездесіп өткелі отырған саммитті ұйымдастырушы қазіргі заманның көреген саясаткері, тәуелсіз еліміздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы және қазіргі заманда нақты айтсақ, тәуелсіздік жылдарында орнығып, әлемнің саяси картасына енген жаңа қала Астана туралы болмақ. Себебі, ендігі жерде Хельсинки сияқты Ұйымның келесі кезеңдерде өтетін саммиттеріне тарихи, саяси шолу жасаушылар Астана Саммитіне, оның әлемдік саясаттағы алатын орнына соқпай өте алмайды.
Бұл жерде көпшілік назарына баса айтарым, Ұйымның Хельсинкиде өткен кеңесінде басты мәселе капиталистік және социалистік екі лагерьдің жанталаса қарулануына тежеу, адамзат баласын ядролық қырғын, алапат соғыстан сақтап қалу болатын. Осы мақсатта екі жүйенің басшылары ортақ шешімдерге келген еді. Олар Хельсинкидің Қорытынды актісінде қабылданды (“Хельсинки декалогы” деп аталған). Осы құжатта он қағида (принцип) қабылданған. Олар: 1. Егемендік теңдік, егемендікке тән құқықты сыйлау. 2. Күш қолданбау немесе қауіп төндірмеу. 3. Шекараның бұзылмауы. 4. Мемлекеттің территориялық тұтастығы. 5. Дауларды бейбіт жолмен шешу. 6. Мемлекеттің ішкі ісіне араласпау. 7. Еркін ойлау, ар-ождан, діни сенім құқықтарын қоса алғанда, негізгі адам құқықтарын сақтау. 8. Теңқұқылық және халықтардың өз тағдырына ие болуы. 9. Мемлекеттер арасындағы қатынас. 10. Халықаралық құқық бойынша міндеттерді адал орындау.
Осы жиынның 35 жыл өткен соң, Тәуелсіз Қазақстанның Астанасында өтіп отырғанының символдық мағынасы бар. Оның мәнісі Кеңес империясы ыдырағанда Қазақстанның үлесіне дүниедегі төртінші дәрежелі қуатты ядролық қарудың арсеналы тиді. Алайда, осы қаруға ие болған Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемді таңғалдырған тарихи шешімге барды. Ол өз еркімен бұл ядролдық қарудан бас тартты. Мұны көптеген бізбен көршілес елдер, оның ішінде мұсылман елдері теріс шешім деп мінез көрсетті. Президентке әр түрлі ықпалдар жасауға әрекеттенді. Бірақ бұл істе тастүйін болған еліміздің саяси басшысы өз шешімінен қайтпады. Сөйтіп, әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш Президент болып тарихта қалды.
Ұйымның басты мақсаты әуел баста ядролық қаруды шектеу болса, сол істің нақтылы шешімін тапқан ел Қазақстанда Ұйымның Саммитінің өтуі табиғи жағдай. Адамзат тарихын мұқият зерделеп отырған адамдар осындай таңғажайып оқиғалардың куәсі болмақ. Біздің ұрпақ адамзат тарихын жазылған кітаптардан ғана емес, өз көзімен көріп, сол тарихи оқиғалардың көзі тірі куәгерлері болып келеміз. Бұл – біздің ұрпақтың тарихи миссиясы. Кейде ойлаймын, Жаратушымыз біздің ұрпаққа неліктен соншама үйіп-төгіп әлемдік теңдесі жоқ оқиғаларды қысқа ғұмырымызға сыйғызған? Ғасырларға жететін тарих беттерін өзіміздің санаулы ғұмырымызда басымыздан кешіп келеміз. Әлде, бұл бізге Жаратушымыздың берген тарихи сыны ма екен? Олай болса, осы сыннан қалай өтіп келеміз? Ойланатын мәселе.
Күн астында көлеңкесіз іс болмайды. Күн астындағының көлемі зор болған сайын оның көлеңкесі де мол болады. Сонда біз көлеңкеде ғана өмір сүрмекпіз бе? Жоқ, күн астына қасқайып тұрмаймыз ба? Таңдау адамның өз еркінде. Біреулер күн астында жүреді, біреулер көлеңке іздейді. Бірақ, мәселе сонда ұрпақтар алдындағы жауапкершілік ортақ. Осы мәселе тұрғысынан қарасақ, Астанада өткелі отырған саммит ел санасына серпіліс туғызып, жаңа жауапкершілікке бастайтын оқиға болмақ. Жауапкершілік бүкіл қазақстандықтарға ортақ сезім. Саммит жұмысына бәріміз бір кісідей жауапты болуымыз табиғи жағдай.
* * *
1990 жылы 21 қарашада Парижде Ұйымның кезекті мәжілісі өтіп, онда Париж Хартиясы қабылданды. Бұл Хартияда “қырғи-қабақ соғыс” аяқталды, енді мемлекеттер арасында бір-бірімен қарым-қатынас және бір-бірін құрметтеу мүмкін болды делінген. Әрине, Париж Хартиясы сол кездегі Еуропа елдері арасындағы шын мәнінде қалыптасып келе жатқан Жаңа Қоғамдық Келісімнің айғағы еді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Францияға сапарында Парижде осы Хартияның жиырма жылдық мәжілісіне қатысып, онда сөз сөйлеп, мынандай мәселеге баса көңіл аударды: “Париж Хартиясының қабылдануы жарты ғасырға жуық уақыт бойы Батыс пен Шығыс блоктарының текетірескен дәуірі – “қырғи-қабақ соғыс” кезеңінің аяқталғанын паш етті. Хартия Еуропаның қауіпсіздік саясатындағы жаңа кезеңді ашып берді. Ол халықаралық қатынастарда нағыз әріптестік, ынтымақтастық және өзара көмек рухын қалыптастыруды сапалық өзгерістерге жеткізді. Бұл құжатта Еуропаның ХХІ ғасырдағы болашағының тұжырымдамасы айқындалды. Сенім, демократия, құқық және адам бостандығы, тұрақтылық пен қауіпсіздік, міне, Хартия қол қойған барлық мемлекеттер мойындаған басты құндылықтар осылар. Сол кезеңде қабылданған басқа да құжаттармен қатар, Париж Хартиясы тап бүгінгі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрылуына ықпал жасады. Ол Ұйымның шешуші құрылымдары мен институттарының құрылуының және іс-әрекеттері құқықтық базасының бір бөлігі болды”, дей келе Ұйымның үш өлшеміне тоқталды. Олар, әскери-саяси бағыттағы “Корфу үдерісі”, экономикалық-экологиялық мәселелер және гуманитарлық өлшем.
Әрине, Париж Хартиясы “қырғи-қабақ соғысқа” нүкте қойылды деп шешім қабылдағанымен, социалистік лагерь өмір сүруін әлі де тоқтатпаған болатын. Бірақ, 1990-жылдары социалистік лагерьдің негізгі отаны – Кеңестер Одағында түбегейлі экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық және мәдени қозғалыстар жүріп жатты. Ендігі жерде ескіше өмір сүруге болмайды деген саяси ұрандар да жазушылардың, кинорежиссерлердің, журналистердің ауыздарынан шығып елге таралды. Дәл осындай үрдістер Қазақстанда да орын алғаны бәрімізге мәлім. Еліміздегі рухани мәдениет өкілдері либералдық, демократиялық үрдісте белсенділік танытты. Халқымыздың зиялы қауымы кеңес замандарындағы жойылған рухани құндылықтарды, аттары аталмаған тарихи тұлғаларды жаңғыртып, жаңару ісін қолға алды. Бір сөзбен айтқанда, жаңаша ойлау деген түсінік өрісінде ескілікпен, яғни тоталитарлық қоғамның идеологиялық құндылықтарынан арылу үрдісі басталды. Мұндай істер Еуропадағы социалистік елдер: Польшада, Венгрияда, ГДР-да, Чехословакияда, Югославияда тым қарқынды жүрді. Бұл елдердегі мәдени үрдістер өрісі, қарқыны жаңа саяси шешімдер жасауды, мемлекеттік реформаны қажет етті. Осындай айтулы өзгерістер Еуропаның капиталистік деп аталатын елдеріне өз әсерлерін тигізбей қойған жоқ. 1990-жылдары Еуропа елдерінде (саяси құрылымына қарамастан) ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің, саясаткерлердің, жазушылардың, журналистердің бір-біріне барып келу қарым-қатынастары әбден орнықты. Осындай қуатты мәдени үрдістердің нәтижесінде “қырғи-қабақ соғыс” саясаты қажетсіз іске айналды. Сондықтан, Париж Хартиясының “қырғи-қабақ соғысқа” осы жолы нүкте қойылды дегені тарихи шындық болатын.
Бұл мәселенің тағы бір ескеретін жағы бар. Ол – адамзат тарихындағы ХХ ғасырдың бет-пердесі. ХХ ғасыр жаһандық қырғын-соғыстармен, революциялармен, төңкерістермен, бүлікшілдікпен басталды. Ғасыр басынан басталған жаһандық соғыс дүние жүзінің барлық елдерін қамтып, 1950-жылдары ғана аяқталды. Солай бола тұра капитализм идеологтарының ойлап тапқан (Уинстон Черчилльдің 1946 жылғы Фултондағы сөзі) “қырғи-қабақ соғысы” басталып кетті. “Қырғи-қабақ соғыс” мылтықсыз майдан болғанымен, адамзат баласына қауіп төндіріп, оны жар жағасына тақап қойды. “Қырғи-қабақ соғыс” кезінде әсіресе АҚШ пен КСРО әлемде теңдесі жоқ сутегілік қару-жарақтарға қолдары жетіп, бүкіл адамзат тағдырын ядролық соғыспен біржола шешіп тастайтын жағдайға жетті. Осы аса қауіпті жағдайды жанымен сезген Еуропаның көрнекті ғалымдары Альберт Эйнштейн, Бертран Рассел, т.б. ғалымдар әлемге жаңаша ойлау принциптерін ұсына бастады. Бұл мәдени үрдіс Батыс Еуропадағы қалыптасқан жаңа либералдарға әсер етті. 1960 жылдары Еуропаның капиталистік елдерінде жаппай студенттік қозғалыстар орын алды. Оның рухани көсемдерінің бірі Герберт Маркузе болды. Бұлардың наразылықтары тегін кетпей 70-80 жылдары билік басына келгендердің көзқарастарына шешуші әсер етті. Мысалы, Германияның социал-демократиялық партиясының төрағасы Вилли Бранд болған кезде, осы қозғалыс өкілдері партия қатарына еніп, оны радикалдандыру жұмысымен айналысқаны шындық. Осы бағыттағы саяси істердің нәтижесінде Вилли Бранд 1971 жылы Нобель сыйлығының лауреаты болды. Сөйтіп, Еуропаның саяси элитасының ішінде “қырғи-қабақ соғысты” жүргізудің қажеттілігі жоқтығы аңғарыла бастады. Себебі, ХХ ғасыр адамзат баласына адам айтқысыз мол қасірет әкелді. Ол Еуропада кеңінен өріс алған экзистенциалистік философиялық ілімнің әдебиет пен өнер саласында кеңінен өріс алуына мүмкіндік жасады. Экзистенциализмнің көрнекті өкілі француз Альбер Камю Нобель сыйлығының лауреаты болды. Ізгілік философиясы, дүниетанымы жағындағы Еуропа ойшылдары, мысалы, Альберт Швейцер (ол да Нобель сыйлығының лауреаты), т.б. гуманистер ХХ ғасырдың адамзат тарихындағы орны, сол ғасыр ішіндегі Еуропаның тарихи орны деген мәселелерге баса көңіл аударды. Ендігі жерде ғасыр басынан басталған жаһандық катаклизмдерді қайталаудың еш қажеті жоқтығы анықталды. Соның нәтижесінде Париж Хартиясы еуропалық қоғамдық санадағы, саясаттағы, мәдени үдерістегі позитивтік жағдайларды анықтап берді.
Бұл мәселеге және де қосарым, Қытай жабық қоғамнан ашық қоғамға өтті. Сөйтіп, экономикалық жағынан әлсіз Қытай әлемдік деңгейдегі қуатты елге айнала бастады. Дэн Сяопин ұстанған саясатында нарықтық жағдайларды жетілдіре отыра социалистік құндылықтардан бас тартқан жоқ. Қытай тәжірибесі әлемнің саясатшыларының алдына дилемма қойды. Капитализм мен социализмнің тәжірибеде бір елде қатар өмір сүруі туралы теориялық даярлық жоқ болатын, бірақ Қытай нарықтық қатынастарды жетілдіре отыра өзге елдермен бейбіт қарым-қатынас жасауды мейлінше өрістете түсті. Бұл да “қырғи-қабақ соғысқа” қарсы жүргізілген саясат болатын. Сөйтіп, адамзат баласы бейбіт өмір сүру тәртібіне көшуді шындап қолға ала бастады. Ендігі жерде жаңа түсінік, жаңаша ой, жаңаша әлемдік архитектура қажет болды. Осыны анық түсінген Париж Хартиясын дүниеге әкелушілер болашаққа үмітпен қарау саясатын жария етті.
* * *
Ұйымның үшінші отырысы Хельсинкиде 1992 жылы 9-10 шілдеде өтті. Менің ойымша, нағыз Жаңа Заман мәселесі осы Хельсинки ІІ-де бас көтерді. Бұл кезде әлемнің саяси картасы мүлде өзгерген болатын, алып империя КСРО-ның орнына 15 тәуелсіз мемлекет орнады. Олар Ресей, Белоруссия, Украина, Қазақстан, Қырғызстан, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Армения, Молдова, Литва, Латвия, Эстония. Бұрынғы Югославияның орнына Сербия, Черногория, Хорватия, Словения, Босния және Герцеговина, Косово өмірге келді. Екі Германия бірігіп, Герман Федеративтік Республикасы болды, Чехословакия Чехия және Словакия болып бөлініп, дербес мемлекет атанды. Ендігі жерде Ұйым немен шұғылдануы керек деген әңгіме ашық айтылмаса да негізгі әңгіме арқауы болды. Ұйымның әуел баста Хельсинки І-де болған мәжілісінде АҚШ пен КСРО-ның жанталаса қарулануын тоқтату мәселесі болатын. Бұл іс толық шешілмесе де біршама жетістіктерге жетті. Ендігі жерде Варшава шарты әскери, саяси блок ретінде таратылды, ал НАТО болса өмір сүруін тоқтатпады. Осы кезден бастап Ұйым жаңа тақырыптар іздей бастады. Олар адам құқы, этностық азшылық, дін, т.б. мәселелер. Әрине, бұл мәселелер өте маңызды, бірақ олардың бәрі дерлік ұлттық заңнамаларда әр елдің дәстүріне, қоғамдағы пікірлерге қатысты қарастырылып, жүргізілетін іс-шаралар.
Алайда, осындай жағдайда Ұйымның кейбір өкілдері қосарланған стандарт мәселесімен айналысып кеткенін айтпасқа болмайды. Ол туралы осы жылғы 29-30 маусымда Астанада өткен Ұйымның төзімділік пен кемсітпеушілік жөніндегі конференциясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: “Біз гуманитарлық мазмұндағы өткір мәселелермен бетпе-бет келгенде, салиқалылықпен болашақ туралы ойлануымыз керек. Ұйымның қызметінде гуманитарлық мәселелер өте маңызды және оларды бір тақырыптың төңірегінде ғана шектеуге болмайды деп санаймыз. Түрлі аймақтардағы толеранттылықтың оң тәжірибелерін зерттеп және оны таратуда қосарланған стандарттарсыз жалпыға ортақ ыңғайлыларын жасауға жұмылуымыз керек деп санаймын. Бүгінгі күні Ұйымның далалық миссияларының іс-әрекетіне ыждаһатты тексерістер жасайтын уақыт келді деп санаймыз”.
Ұйым жұмысындағы қосарланған стандарт туралы 2006 жылдың 5 желтоқсанында Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров тұңғыш рет егер Ұйым өзінің саясатын адам құқын сақтау мониторингінен әскери-саяси және экономикалық мәселелерге қарай бағыттамаса, Ресейдің бұл Ұйымнан шығу мүмкіндігі барын жария етті. 2007 жылы 26 қарашада Ресей, Қазақстан, Белоруссия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан Ұйымның қарарының шешіміне демократиялық институттар мен адам құқы туралы жұмыстарына белгілі дәрежеде шектеу қою туралы ұсыныс жасады, бірақ 30 қарашада Ұйым бұл ұсынысты қабылдамады. 2007 жылдың 16 қарашасында Ұйым Ресейде өткен Парламенттік сайлауға Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының байқаушыларын жібермеді. Бұл бюро 2008 жылғы 7 қаңтарда Ресейдегі президенттік сайлауға да байқаушыларын қатыстырмады. Бұл мәселелердің астарында қосарланған стандарттың салқыны жатты. Сондықтан Ұйымның өзінің мақсат-міндеттерін анықтау үдерістерінде көпшіліктің талқысына салатын мәселелері баршылық, әрине. Ұйым өзінің негізгі мақсатын жоғарыда Елбасы атап көрсеткен үш өрісте жүргізіп, әсіресе экономика мен экологияға және “Корфу үдерісіндегі” көтерілген мәселелерге басымдықтар берсе дұрыс болар еді. Олай дейтініміз, демократиялық жағдайлар мен адам құқығы туралы тәуелсіз елдерде әлемдік заңнамалық контексте, халықаралық қабылданған декларацияларға, келісімдерге негізделіп жасалған ұлттық заңнамалар жеткілікті. Қазақстан туралы айтатын болсақ, біздің Парламентте қабылданып жатқан адам құқығына қатысты заңнамалық мәселелердің халықаралық заңнамалық құқықтық нормаларына қайшы еместігін сарапшылар нақтылы дәлелдермен айтуда, демек, Ұйым халықаралық демократиялық және адам құқығына қатысты мәселелерді бақылау мақсатында жүргізген саясатында әрбір елдің ішкі мәселесіне қатысты жайларды ескерулері керек. Жоғарыда келтірілген Хельсинки І-де қабылданған он қағиданың бірі – елдің ішкі істеріне араласпау болатын. Сірә, осындай мәселелер Астана Саммитінде де әңгіме арқауы болары қажеттілік демекпін.
* * *
Астана Саммитіне дайындық кездерінде ТМД және еліміздегі сарапшылар Қазақстанның Ұйымды нығайтудағы, оның беделін өсірудегі мынандай істерін баса айтуда. Бірінші – Қазақстан Ұйымға төрағалығы кезінде оның жұмысына жаңа Еуразиялық өлшемді ұсынды. Еуразиялық өлшем туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Euronews” телеарнасының тілшісі Константино де Мигельге берген сұхбатында “Мен “Еуразиялық” анықтамасын кездейсоқ қолданып отырған жоқпын, өйткені, бүгінде еуропалық немесе азиялық қауіпсіздік туралы бөле-жара айтуға болмайды. Қазіргі заманғы қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді қаперге алатын болсақ, Ұйымға қатысушы бірқатар елдердің аумағы Азияда орналасқан, ал Қазақстан төрағалығы еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік туралы әңгіме қозғап жүр”, деді. Бұл мәселе Астана Саммитінде жан-жақты талқыланады деген ойдамын.
Екіншіден – Қазақстан Ұйымға төрағалығы кезінде бір жылдың ішінде Ұйымның барлық істеріне белсенді түрде атсалысып, ерекше белсенділік көрсетті. Ұйымның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев барлық қауіп-қатерлі, гуманитарлық көмекті қажет етіп отырған аймақтарға барып, кешенді келіссөздер жүргізіп қайтқаны жұртшылыққа мәлім.
Үшінші – Қазақстан Ұйымға төрағалығы кезінде бұрын айтылып, бірақ кейінгі жылдары консервацияға түсіп қалған аймақтармен белсенді түрде жұмыс атқарды. Ол Таулы Қарабақ мәселесі, бұл Армения мен Әзірбайжан арасындағы келіспеушілік, ол Молдавиядағы, Ауғанстандағы, Косоводағы мәселе. Атам заманнан белгілі философия бар. Ол – қауіптің алдын ала білу, сол үшін амалдар жасау. Менің есіме 1988 жылғы 28 наурыздағы сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Андрей Громыконың қол қойған қаулысы түсіп отыр. Бұл қаулыда Таулы Қарабақ автономиялық облысында орын алған этностық қақтығыстар туралы сол кездегі он үш одақтас республика алаңдаушылық білдірген еді. Бірақ сол шешім өзінің нақтылы күшіне еніп, жағдай дұрысталмады. Келер қауіптің алдын алу амал шаралары толық жасалмады, әрине оның объективті және субъективті себептері болды. Әйтсе де қауіп сақталып қалды. Кейін келе Таулы Қарабақ аймағында қантөгіс орын алды. Көп адам құрбан болды. Бүгінде бұл – Әзірбайжан мен Армения арасындағы ең басты даулы мәселе. Таулы Қарабақ оқиғасына қатысты ең ауыры Армения және Әзірбайжан елдерінде “этностық тазалау” шаралары жүргізілді.
Төртіншіден, Қазақстанның ерекше атқарайын деп отырған қызметі – ол Ыстамбұл саммитінен кейін ұйымдастыруы мүмкін болмай кеткен саммитті Астанада шақыру. Бұл – Қазақстанның Ұйым тарихындағы сапалық жұмысы, әрі Ұйымның тарихында қалатын қызметі.
Бесіншіден, Ұйымның Астана Саммиті арқылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ елін әлем жұртшылығына айқара ашып отыр. Бұл – кезіндегі Дэн Сяопиннің “Бір ел – екі жүйе” деп Қытайды әлемге ашқаны сияқты тарихи оқиға.
Алтыншыдан, Астана Саммиті Қазақ елінің әлемдік өркениет үрдісіне еніп, нарықтық қатынастардың кең өріс алуына жасалып отырған аса маңызды саяси алғышарт, оны отандық бизнес өкілдері тиімді және тиісті дәрежеде пайдаланады деген ойдамын.
Жетіншіден, Астана Саммиті отандық, қоғамдық, гуманитарлық білім салаларына өріс ашып, тың ұғымдар қалыптастыруда. Қазіргі заманның жаңаша ойлау қағидалары негізінде жаңа философия қалыптаспақ. Бұл жаңа философия Астана Саммитінен кейін толығып, тың көзқарастар жүйесін түзбек. Оларды ой-санамызға салып, жаңа адамдық өлшемдер негізінде дінге, өркениетке, мәдениетке, саясатқа, т.б. мәселелерге қатысты тың зерттеулер жасалмақ. Бұл жерде менің ерекше назар аударып айтпағым, Президент Назарбаевтың Астана қаласында өткен Ұйымның жоғары деңгейдегі төзімділік пен кемсітпеушілік жөніндегі конференциясында сөйлеген сөзіндегі ұсынған жаңа ұғымдары туралы. Бұл жерде мен көпшілік назарына толеранттылық деген ұғымның мағынасына қысқаша тоқталмақпын. Толеранттылық деген ұғымды тек қана төзімділік деп түсіну біржақты пікір. Ертеректе толеранттылықты биологияда, медицинада және саясатта тек төзімділік немесе амал іздеушілік деген мағынада қолданып келген. Қазіргі заманның жаңа саясатында Елбасы бұл ұғымның мән-мағынасын мейлінше толықтырды. Осы конференцияда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы былай деді: “Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның Ұйымға төрағалығының басты бағыты – толеранттылықпен қатар сенім, дәстүр және транспаренттікке негізделген”. Бұл жерде толеранттылықты сенім арқылы анықтап отыр. Төзімділік болғанда елдердің арасындағы қарым-қатынаста, саяси топтардың арасындағы қарым-қатынаста, саяси тұлғалардың арасындағы қарым-қатынаста төзімділік болу үшін міндетті түрде сенім керек. Сенім болмаған жерде толеранттылық қажетті нәтиже бермейді. Сенім – аса қуатты капитал. Сенім болмаған жерде қалайша толеранттылық болмақ. Міне, осы мәселені Президент теориялық мәнісінде және саяси үрдісте нақтылы қойып отыр. Сонымен бірге, Елбасы Ұйым жұмысында дәстүр дегенді енгізіп отыр. Бұл – бұрын Ұйым жұмысында болмаған ұғым. Бірақ дәстүрді ол транспаренттік, яғни ашықтық арқылы түсіну қажеттігін ұсынған.
Президент толеранттылықтың қазақстандық үлгісі туралы айта келе, оның мынадай жақтарын ашып көрсетті. “Біріншіден, біздің үлгінің өзегіне қазақ халқының сан ғасырлық тарихында қалыптасқан төзімділік, шыдамдылық, қонақжайлылық, өзге халықтарға, мәдениеттер мен діндерге құрмет сияқты қасиеттері алынды. Екіншіден, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанда төзімділік саяси мәдениеттің нормасы ғана емес, жалпы мемлекеттік саясаттың өзекті қағидасы болды. Ұйым кеңістігінде Қазақстанда тұңғыш рет айрықша қоғамдық институт құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталатын бұл институт қазір түрлі этностық топтар мен діни конфессиялардың мүдделерін тоғыстыратын табысты үнқатысу алаңына айналды. Үшіншіден, төзімділіктің қазақстандық саясаты алғашқы кезден-ақ ішкі өлшемдермен қатар, сыртқы өлшемдерді де ескеріп отырды. Осындай жағдайлардың арқасында Қазақстанның төзімділік мәселесі жөніндегі саясаты айнымайтын бірізді, болжамды және де “қосарланған стандарттан” ада. Сондықтан да Ұйымның көптеген елдері Қазақстанның “қиын түйінді кикілжіңдерді” шешуде араағайын болуын қалайды. Төртіншіден, Қазақстан өркениеттер арқылы үнқатысулардың белсенді жақтаушысына айналып отыр”. Біздің еліміз толеранттылықтың ерекше үлгісін көрсетуде, оның дәлелі біз Батыспен де және Мұсылман әлемімен де саяси-мәдени байланыстамыз. Биылғы жылғы Ұйымға төрағалық қызметінен кейін, Қазақстан 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Сонымен бірге, біздің ел Өркениеттер альянсы достары тобының мүшесі. Мұның бәрі Қазақ елінің шын мәніндегі ашық қоғам ретіндегі саяси-мәдени, өркениеттік бет-пердесінің айқын көрінісі.
* * *
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың қазан айындағы Францияға сапарында осы елдің Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің ғимаратында өткен Париж Хартиясының 20 жылдығы мен Қазақстанның Ұйымға төрағалығына байланысты конференцияға қатысып сөз сөйледі. Бұл айтулы жиынды – Париж Хартиясының 20 жылдығына арналған салтанатты мәжілісті Францияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Бернар Кушнер кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде Қазақстан басшысының бұл жиынға қатысып отырғанын мәртебелі іс деп атай келе, Париж Хартиясының 20 жылдық тарихына, соған қатысты Еуропадағы және әлемдегі айтулы оқиғаларға шолу жасап өтті. Ол Берлин дуалының құлап, біртұтас Германия мемлекетінің қалыптасуына осы Париж Хартиясының игі әсері болғанын атап көрсетті. Алайда кейінгі 20 жылда Ұйымның атқаратын істері, шешетін өзекті мәселелері жеткілікті. Ол Молдавиядағы жағдайлар, Армения мен Әзірбайжан арасындағы мәселелер, бірақ олар Астана Саммитінде өз шешімін табады деп сенім білдірді. Бұл жиында Францияның бұрынғы президенті Валери Жискар д’ Эстен, Германияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ханс-Дитрих Геншер, Францияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ролан Дюма Астана Саммитіне үмітпен қарайтындықтарын жасырмай айтты. Бұл саяси тұлғалар кезінде Париж Хартиясының өмірге келуіне және оның маңызды мәселелерінің саяси тәжірибеге айналуына белсенді қызмет еткен саясаткерлер болатын.
Осы жағдайларды еске ала отырып, келешек туралы бір сәт ойлансақ, 2030 жылы Астана Саммитінің 20 жылдығына арналған халықаралық дәрежеде конференция, не мәжіліс өтері хақ. Бұл салтанатты мәжілісте айтылар сөздер жеткілікті болмақ. Бүгінгі шешімі табылмаған Ванкуверден Владивостокқа дейінгі алып кеңістіктегі ондаған елдердің саяси жағдайларының қандай векторлармен өрбитінін, бір сөзбен айтып сәуегейлік жасау қиын. Бірақ, бір мәселе анық, ол осы Астана Саммитінде айтылатын, талқыланатын және тиісті шешімдер қабылданатын өзекті мәселелердің позитивтік бағытта өріс алары шындық. Астана Саммитінің 20 жылдық мәжілісінде, сол заманның әңгімелерімен бірге, екі символдық тақырыптың болары анық. Оның бірінші тақырыбы әлемді шарпыған қаржы дағдарысы заманында Ұйымға мүше 56 мемлекеттің басшыларын жинап саммит өткізуді ұйымдастырған Қазақ елінің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи ерлігі, ең ерекше еңбегі болса, екінші тақырып Астана Саммиті, яғни осы жас қаланың тарихи мәртебесі және әлемдік саясаттағы орны туралы болмақ.
Иншалла, соған Қазақ елі басы бүтін, елі көркем, құт-берекелі болып жетсін деген тілегіміз бар.
Ғарифолла ЕСІМ, сенатор, академик.