Құрметті прокуратура органдарының қызметкерлері мен ардагерлері!
Мемлекет басшысының сындарлы сыртқы саясатының нәтижесінде Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі және Астана қаласында осы Ұйымның Саммитінің өткізілуі – еліміздің халықаралық аренадағы биік беделінің айқын белгісі. Елдегі конституциялық тәртіп пен заңдылықты сақтауда, мемлекеттің қарқынды дамуын қамтамасыз етуде елеулі жетістіктерге қол жеткізуде сіздердің сіңірген еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз мол. Сіздерді кәсіби мерекеміз – Қазақстан Республикасының прокуратура қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Азаматтардың бостандығы мен әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін сақтау жолында атқарып жүрген ерен еңбектеріңізде толайым табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін! Әрқайсыңызға мықты денсаулық, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!Қ.МӘМИ, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры.
Елбасының асқақ беделінің арқасында еліміз әлемге танылып, халықаралық қауымдастықтың төрінен орын алды. Сол төрден әлемге төрелік айтудың бір көрінісі ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мен оның он бір жылдан кейінгі Астана Саммитін ойдағыдай өткізу болды. Мұндай жағдайда әр адам құқының талапқа сай қорғалуы мен бостандығының сақталуы осы жарқын істеріміздің жасампаздығы үшін өте қажет. Ал бұл тұрғыдан алғанда, азаматтардың өтініштерін қарау, сондай-ақ Конституцияда бекітілген құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Прокуратураның құқық қорғау міндеті «Прокуратура туралы» заңның 7-бабында көрсетілген. Оған сәйкес прокуратура органдары заңдарда белгіленген тәртіп пен заң бұзушылық жөніндегі арыздарды қарап, адамның және азаматтың, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуын жойып, құқықты қалпына келтіру шараларын қолданады. Бұл орайда Бас Прокурор Қайрат Мәми «Мемлекеттік билік органдарының жүйесінде прокуратураның орны әрдайым ерекше. Жоғары қадағалау жасауға конституциялық өкілдігі бар бұл салаға Отанымыздың игілігі үшін қызмет ету, заңдылықты сақтау, мемлекет пен қоғам мүддесін қорғау міндеттелген. Ел Президенті бекіткен Құқықтық саясат тұжырымдамасында прокуратура органдары құқық қорғау жүйесінің түпқазығы деп айқындалған. Осыған байланысты бұл бағдарламалық құжатта прокуратураның қадағалау және үйлестірушілік қызметтерінің тиімділігін арттыру, оның іс жүргізу негіздерін жетілдіру, сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік-экономикалық саладағы құқықтарын қамтамасыз ету жөнінде қосымша міндеттер қойылған. Белгіленген міндеттерді жүзеге асыру прокуратураның құқық қорғаушылық әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік береді», – дейді. Бас Прокурор, жоғарыда айтылғандай, арыздарын арқалаған азаматтарды үнемі жеке қабылдауға баса мән береді. Өйткені, әділдікке қол жеткізе алмай жүрген көптеген жанның жанайқайы осы жеке қабылдауда ашық сөз болады. Әрбір адамның шағымы бойынша Бас Прокурор прокуратураның жауапты қызметкерлеріне арызданушылардың дәйектерін мұқият зерделеуді, заңдылықтың сақталмағаны анықталған жағдайда бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды, кінәлі адамдарды заңмен белгіленген жауапкершілікке тартуды тапсырады. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ өзге конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету прокуратура органдары қадағалау қызметінің негізгі басымдығы болып табылады. Осы мақсаттарда, Бас прокуратура білім беру ұйымдарының ғимараттарын жөндеу жұмыстарына оқытушыларды және мектептің басқа да қызметкерлерін тарту кезіндегі еңбек заңдарын қолдану барысына талдау жүргізді. Кейбір мектеп әкімшіліктерінің мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын бюджет қаражаты немесе ақылы негізде көрсетілген қызмет көрсетуден түскен кіріс есебінен қамтамасыз ету туралы заң нормаларын бұзып отырғандары анықталды. Бұған қоса Бас прокуратура азаматардың конституциялық құқықтарын қорғау саласындағы жұмысты жалғастыра отырып, жүйке аурулары стационарларының қызметіне тексеру жүргізді. Осы тексеру қорытындысы бойынша 7 000-нан астам науқастың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеп соққан көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Ал кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда прокуратура органдары үнемі алғы шептен көрініп келеді. Отбасы қамқорынан айырылған баланың мемлекет тарапынан ерекше қорғалуына және көмек алуына құқығы бар, ол қорғаншы және қамқоршы органдарына жүктелген. Алайда, осы қорғаншы және қамқоршы органдарына жүргізілген прокурорлық тексерулер көрсеткендей, олардың қызметінде заң талаптарының сақталмауына әлі де жол беріліп отырғандығы жиі байқалды. Кезінде билік қолдарында тұрғанда жасарын жасап, асарын асап, із жасыру үшін шетел асып кеткендер төбе көрсетіп жатыр. Бұл орайда қылмысқа қарсы күрес саласында заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауда, жасалған қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуде, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда Бас прокуратураның рөлі үстем шықты. Соның арқасында үстіміздегі жылдың 11 айы ішінде ғана Қазақстанға 24 адам экстрадицияланды. Олардың 9-ын Украина, Грузия, Түркия, Испания және Швеция сияқты Еуропа мемлекеттері берді. Бас Прокурор қылмысқа қарсы күрес саласында халықаралық ынтымақтастықты, өзара достық байланысты одан әрі дамыту барысында түрлі шет елдің құқық қорғау ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Үстіміздегі жылы Қытайдың Сямэнь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің бас прокурорларының 8-ші отырысы болып өтті. Оған Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстанның бас прокурорлары, сондай-ақ ШЫҰ жанындағы қадағалаушы мемлекеттердің бас прокурорларының өкілдері қатысты. Онда ынтымақтастықты одан әрі нығайту, терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге, трансұлттық экономикалық қылмысқа, есірткі заттарының заңсыз айналымына, адам саудасына, заңсыз көші-қон және қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күрес бойынша жүргізіліп отырған жұмыстардың тиімділігін арттыру талқыланды. Ал Гаага қаласында (Нидерланд) өткен Прокурорлардың халықаралық ассоциясының (ПХА) жыл сайынғы 15-ші конференцияда шекарадан заңсыз өтудің өзекті мәселелері талқыланды. Бас прокуратура прокурорлар ұйымы – ПХА-ның 1999 жылдан бері мүшесі болып табылады. Азаматтардың еңбек құқықтарын сақтау мәселелері прокуратура органдарының тұрақты бақылауында тұр. Бұл орайда тек ағымдағы жылы 685 мың азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды. Көптеген адамдардың 8 миллиард теңгеден астам жалақылары және 260 миллион теңге зейнетақысы өндіріп берілді. Прокуратураның тек бір саласының жұмысы нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 38 миллиард теңге қайтарылды. Елбасы «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында прокуратура органдарының құқық қорғау қызметіне қатысты үйлестіруші функциясын күшейтуге, прокурорға қылмыстық қудалаудың заңдылығын, оның ішінде қылмыстық істің қозғалуын қадағалау жөніндегі қосымша міндеттер жүктеу арқылы оның сотқа дейінгі іс жүргізудегі рөлі мен жауапкершілігін арттыруды тапсырған болатын. Бас прокуратура құқық қорғау органдарын реформалау, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бағытында Конституция талаптарынан, Елбасы жолдауларынан туындаған міндеттерге орай үнемі жаңашылдық танытып келеді. Александр ТАСБОЛАТОВ.Басты міндетіміз
Заңды сақтай білсең, заңсыздыққа жол берілмейді. Оның айқын мысалын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Айталық, қылмыстық іс бойынша сот қаулыларының заңдылығын тексеру біз үшін басты міндеттердің бірі болып табылады. Үстіміздегі жылдың өткен 11 айы ішінде біздің прокуратура тарапынан жергілікті соттың 16 заңсыз үкіміне наразылық білдіріліп, соның бәрі облыстық сот тарапынан қолдау тапты. Соның біреуін ғана тілге тиек ететін болсақ, Р.Қожанова деген азаматша алаяқтық жолмен бірнеше мекемеден 32 миллион теңге мөлшерінде қаржы қымқырған. Ал №2 қалалық соты болса заңды белінен баса отырып, оның жазасын өтеу мерзімін заңсыз кейінге шегерген. Семей қалалық прокуратурасының араласуымен заңсыз үкімнің күші жойлып, қылмыскер лайықты жазасын алды. Жоғарыда айтқандай, прокуратураның тағы бір басты міндеттерінің бірі адамдардың конституциялық құқығын қорғау болып табылады. Өткен 11 айда біздің араласуымызбен полиция бөлімшелері заңсыз ұстаған бес адам босатылып, оған кінәлі лауазымды тұлғаларға тәртіптік шара қозғалды. Мұның сыртында осы мерзім ішінде тағы да қалалық прокуратураның араласуымен 40 қылмыстық іс қайта қозғалды. Сөйтіп, арзан бедел үшін полиция тарапынан жауып тасталған заңсыздықтарға тосқауыл қойылды. Қазірде сол 40 істің бесеуі сотқа жіберілсе, қалғандарына тергеу амалдары жүргізілуде. Заңдылықты сақтау – біздің басты міндетіміз. Ал заңдылық сақталған жерде әділет салтанат құрады. Тәртіпке бағынған адам құл емес деген Бәукеңнің, Бауыржан атамыздың ұлағатты сөзі заң қызметкеріне де, басқамызға да үлгі-өнеге болуы тиіс. Айдос ЖАРЫЛҒАСИН, Семей қалалық прокуратурасының бөлім бастығы, бірінші сыныпты заңгер. Семей.Еңбек қауіпсіздігі – өзекті мәселе
Аймағымызда ірі өндіріс орындары шоғырлануына байланысты облыс прокуратурасы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамдар өмірін қорғауға арналған заңдардың, Президент Жарлықтарының орындалуына және өзге нормативтік құқықтық актілердің бұлжытпай қолданылуына қадағалау жүргізуді басым бағыттардың бірі санайды. Соның ішінде тосын оқиғалар ұшырасып қалып тұратын тау-кен және көмір кәсіпорындарында кез келген заң бұзушылықты анықтау мен жою үшін тексерістер жиі өткізіледі. Ағымдағы жылы уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандарын тарта отырып, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Central Asia Cement», «Гефест» компаниясы тәрізді ірі өндірістік буындардың тиісті заңнамаларды қалай сақтайтындығы бірнеше рет тексерілді. Өткен он айда аталған және басқа да кәсіпорындарда 277 жазатайым оқиғаның орын алып, одан 296 адам зардап шегуі, ауыр жарақаттанғандардың 51-і қайтыс болуы еңбек қауіпсіздігі мәселесіне жергілікті прокуратура органдарының ерекше назарын аудартып отыр. Мәліметтер бойынша өндірістік жарақаттанудың басым бөлігі «Арселор Миттал Теміртау» АҚ пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға тиеді. Тексерістер барысында еңбек және еңбек қауіпсіздігі туралы заңнамаларды бұзу, жұмыскерлердің штаттық саны сәйкес келмеу, нормативтік мерзімі өтіп кеткен, тозығы жеткен құрал-жабдықтарды пайдалану, жұмыс орындарында және технологиялық үдерісте қауіптің алдын алуға бағытталған шаралар қолданбау, жазатайым оқиғаларды жасыру, өндірістік жарақаттардың деңгейі жөнінде медициналық қорытындыларды бұрмалау, еңбеккерлердің конституциялық және еңбек құқықтарын бұзу деректері анықталды. Қадағалау және тексеріс қорытындылары облыстың құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде қаралып, азаматтардың еңбек ету жағдайына байланысты заңнамалардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар тиімділігі мен пәрменділігін күшейтуге ықпал ететін іс-шаралар белгіленді. Өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау туралы заңнамаға тау-кен-техникалық инспекторлары өткізетін тексерістерді тіркеу және өткізу тәртібін жеңілдету, өндірістің нақты учаскелерінде қажет жұмысшылардың санын есептеу нормативтерін, сондай-ақ қолдану мерзімі өтіп кеткен құрал-жабдықтарды айырбастау мәселелерін реттейтін нормативтік актілер қабылдауға бағытталған өзгерістер енгізу керектігі уақыт талабы болып табылады. Бұл ұсыныстар Бас прокуратураға жолданды. Ержан ТАСТАНБЕКОВ, Қарағанды облысы прокуратурасының Әлеуметтік-экономикалық салада заңдылық сақталуын қадағалау басқармасының аға прокуроры.Заңдылықтың бұзылмауын қадағалаймыз
Прокуратурадағы қызметте, әсіресе, әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бойынша бірқатар оң жетістіктерге қол жеткізуіме әріптестерімнің үлесі зор болғанын айтқым келеді. Мысалы, Р.Кенжебаеваның және басқа да жұмысшылардың ұжымдық арыздарына сәйкес, “AB Group” ЖШС-на тексеру жүргізу кезінде серіктестіктің 4 айлық еңбекақы үшін 250 жұмысшыға 69,8 млн. теңге берешегі бары анықталды. Осыған байланысты уәкілетті органға заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіліп, борыштың жойылуына ықпал етілді. Ал жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, осы факті бойынша қалалық прокуратура биылғы 27 қыркүйекте аталған мекеменің басшылығына қатысты ҚР ҚК-нің 148-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Аталған арыз иелері Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жолдаған алғыс хатында облыс прокуроры Б.Сматлаевтың атына өз ризашылығын білдірді. Кейде аудандарға барып, жергілікті атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерінің заңдылығына тәжірибелік көмек көрсетуге тура келеді. Мәселен, Индер ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 14 желтоқсандағы “Индер ауданы білім беру бөлімінің мемлекеттік қызмет көрсету стандартын бекіту туралы” қаулысы аудандық әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуден өтпегені анықталды. Аудандық прокуратурамен наразылық енгізіліп, қаралу нәтижесінде оның күші жойылып, аудан әкімінің міндетін атқарушы А.Балахметов сот қаулысымен ӘҚБтК-нің 353-бабының 2-бөлігімен 10 айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көші-қон заңнамаларының қолданылуын қадағалау кезінде “Пундж Ллойд Қазақстан” компаниясына тексеру жүргізілді. Мекеме тарапынан ерекше шарттардың орындалмауы анықталып, 70 шетелдік азаматқа қатысты берілген рұқсаттарын кері қайтару туралы облыс әкімдігінің шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру комиссиясына ұсыныс енгізілді. Нәтижесінде 70 шетел азаматына қатысты рұқсаттар кері қайтарылып, олар Қазақстан аумағынан шығарылды. Ал “Кис-Орион” ЖШС-да еңбек заңнамасының сақталуына тексеру жүргізу барысында 2009 жылғы 13 тамызда мекеменің маманы Б.Қаражанованың жұмыстан заңсыз босатылғаны анықталды. Осы заңсыздыққа байланысты наразылық енгізіліп, жұмыс беруші бұйрығының күші жойылды. Жұмысшының конституциялық құқығы қорғалды. Сондай-ақ, жұмыс беруші және кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Нұржан ЖАҢГЕРЕЕВ, Атырау облысы прокурорының көмекшісі.Жас маманға қойылар талап ерекше
Ата Заңның қағидаларын жүзеге асыруда, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде, мемлекет мүддесін қорғауда прокурорлық қадағалау пәрменділігінің арта түскенін бәріміз де жақсы сезініп отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы ел азаматтарының құқығын әділ де шынайы қорғаудың жолдарын белгілеп, іске жаңа серпін берді. Заңдылықтың сақталуын қадағалайтын басты органға қойылатын талап жоғары. Прокуратура қызметкерлерінің құқық қорғау саласында жүргізіліп жатқан реформалардың ойдағыдай атқарылуына бір кісідей жұмыла кірісуі жауапкершілікті терең түсінгендерін айғақтаса керек. Бас прокуратура тарапынан кадрларға қойылатын талап ерекше, барынша қатаң болғандықтан босаңсуға әсте жол жоқ. Өмірлік тәжірибеден бір байқағаным, өз мамандығын жан-тәнімен сүймеген, жүрегімен қаламаған адамнан жақсы маман шықпайды. Жыл өткен сайын Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы өз кәсібінің қыр-сырына төселген, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра алатын жас кадрлармен толығып келеді. Жоғары оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын енді бастаған маманға өз кәсібін меңгеріп кету оңай емес. Біз оларды мамандығының қыр-сырына төселдірудің түрлі әдіс-амалдарын қарастырып отырамыз. Басқармаларда тәжірибеден өтеді. Тәлімгерлер бекітіліп, ақыл-кеңестерін алады. Семинарларға қатысады, есептері тыңдалады. Түрлі тапсырмалар беріледі. Бас прокуратура жанында жұмыс істейтін кәсіби біліктілікті арттыру институтына, Рудный қаласындағы аймақтық базалық орталыққа оқуларға жіберіледі. Бір сөзбен айтқанда, Бас прокуратура шешімімен құрылған аттестациялық комиссия алдына жеткенше бір жыл бойы алуан сынақтан өтеді. Оның бәрі жіті қадағаланып отырылады. Білім деңгейімен қатар психологиялық ойлау қабілеті де сарапқа түседі. Әрине, жас мамандарды тәрбиелеп-қанаттандыруда қатып-семіп қалған қағидалар жоқ. Тәжірибенің жүре, үйрене келе қалыптасатыны түсінікті. Дегенмен де, көп болып ойласатын мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі заңгер мамандарын дайындаудың көңіл көншітпейтіні. Мұндай сын пікірлерді жиі естиміз. Меніңше, жауыннан кейін саңырауқұлақтай қаптап кеткен жеке меншік оқу орындарын қысқартып, керісінше, сапа мәселесіне баса назар аудару қажет секілді. Соған тиісті орындар тарапынан бақылауды күшейте түскен абзал болар еді. Бәлкім, мемлекеттік жоғары оқу орындарын бітірген мамандарға артықшылық жасау керек шығар. Қалай десек те, бір амалын қарастырудың мезгілі пісіп жеткені анық. Қазиқан РАҚЫШЕВ, Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі.