10 Желтоқсан, 2010

Ұстаз

542 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ғұлама ректор Төлеген Тәжі­ба­евпен: «тек журфакта ғана оқи­мын!» деп өзім арпалысып жү­ріп түскен журналистика бөлі­мі­нің 1948 жылғы меңгерушісі Қай­ыр­жан Нұрғожаұлы Бекхожин ек­ен. Ақи­қа­тында ол қазақ журна­лис­те­­рінің кеңестік кезеңдегі тәрбиешісі еді. Ол менің Тауман Салық­бай­ұлы Амандосовтан да бұрынғы ұс­тазым! Оқуға түскен 1948 жыл­дан бастап санасам, ол дүниеден өткен 1979 жылға дейінгі аралық­та 32 жылдық ғұмырымды бірге өткіздім деуіме әбден болады. Мен оның 1954-1956 жылдарда тұң­ғыш аспиранты да болдым. Ас­пирантураны бітірген 1956 жыл­дан бастап, 1979 жылдың сәуір айының аяғына дейін онымен бірге қазақ журналистикасы тарихы ка­федрасының ассисенттігінен про­фессоры дәрежесіне дейін көтеріл­ген ұстаз болдым. Тіпті біраз жыл құдайы көрші де болдық. Дәм- тұзымыз жарасты. Аяқ-таба­ғы­мыз араласты. Жұп жазбай ойда да, тойда да бірге жүрдік. Жақын болғанымыз сондай, мінез, жү­ріс-тұрыс жағынан Қайрекеңнің айна-қатесіз «көшірмесіне» ай­нал­­дым. Әсіресе, ұстаздықта! Әсіресе, шәкірттерден емтихан алуда. Мәселен, Қайрекең өзі дәріс оқитын қазақ журналис­ти­ка­сы тарихы пәнінен өзі ұстаздық еткен 32 жыл аралығында алды­нан өт­кен шәкірттерінің бірде –біріне ешқашан да «үштік» баға қойып көрмеген ұстаз. Қаншама жылдар­дан ­бері­ мен де солай жасап келем. Есіме қазір түсіп отыр. Менің шәкірттерден емтихан алуда Қай­рекеңнің көшірмесіне айналуы­м­ның тарихы былай болды. 1956 жылы аспирантураның соңғы кур­сында оқып жүргенімде бір күні ғылыми жетекшім өзіне шақырып алды да: – Әбілфайыз, мен бір айға Мәскеу, Петерборға ғылыми іс-сапарға кетіп барам. Қазақ бас­па­сөзі тарихынан оқитын дәрісімді енді сен оқисың. Ол жайында факультет деканы Маманов, ректор Дарханбаев жолдастармен келісілді. Соған дайындал. Емти­хан­ды да өзің аласың, – деді. – Қайыржан аға-ау, оған менің шамам келмейді ғой! Дайын­ды­ғым да жоқ. Сондықтан дәріс оқу­ды басқа бір білікті ұстазға тап­сы­рыңыз! ОлләҺи, олай етуге ме­нің дайындығым жетпейді! – деп мен азар да безер болып едім, жұм­сақ адам сияқты көрінетін ұс­тазым тиісті жерінде қатал да екен. Мен әлгіндей дегенде, оның ше­гір көзі шақырайып кетті. Тең­біл ақсары өңі алабұртып, бурыл шашы тіпті тікірейіп кетіпті. – Неге дайындығың болмай­ды? Аспирантурада екі жылдан бері қой бағып жүрмісің?! Қазақ кеңес баспасөз тарихын зерттеп жүрген жоқпысың! Мен қазір дә­рі­сімді сол кезеңге дейін жеткіздім! Сен дәрісті өзің зерттеп жүр­ген сол кезеңнен бастайсың, біл­дің бе?! – деп дүрсе қоя берді. Бірақ, одан әрі ол тез жұм­сар­ды. Әдепкі, Қайрекең қалпына түс­ті. Енді ол әңгімені мүлде бас­қа жайдан бастады. – Әбілфайыз, сен білемісің, бүр­кіт балапанын ұшуға қалай бау­­литынын? – Жоқ, білмеймін! – Білмесең, айтайын. Бүркіт ұшу­ға үйрету үшін, балапаны өс­іп, қанаттары әбден қатайды-ау деген кезде, оны мықтап бүріп ұстап, аспан зеңгіріне көтеріледі. Сосын ана бүркіт енді балапанды бо­са­туға болады-ау деген биіктікте оны төмен тастап жібереді. Ба­ла­панға да жан керек. Құлап жа­зым болмас үшін, өзі қанатын қа­ғып, жанталасады. Бірақ, бүркіт ана оны жанай ұшып, балапа­ны­ның маңында болады. Қанатын қа­ға алмай, құлап бара жатса, ба­ла­панын арқасымен көтеріп демейді. Мұндай «ұшуға үйрету дә­рі­сін» қыран аналар әлде неше рет жа­сайды. Сөйтіп, олар ұрпағын ұшу­ға үйретіп шығарады. Білдің бе!? – Білдім!.. – Ендеше, сол! Ал, біз адам­быз! Өйте алмаймыз. Бірақ, бүр­кітше баулуымыз – қиындыққа салу, өз бетімен жұмыс жасауына мүмкіндік беру. Ал, сонымен, ке­ңес қазақ баспасөзі хақында біраз дерек бар ғой, өзіңде? – Бар. Өлкелік, губерниялық қазақ газеттері хақында. – «Қызыл Қазақстан» жур­на­лы жайында ше? – Бар. «Темірқазық», «Сана», «Таң», «Абай» журналдары жө­нінде де. – Міне, көрдің бе? «Дайын­дығым жоқ» дейсің! Бұдан артық не дайындық керек! Менен Фе­ти­совтың мына бір «Зарождение казахской публицистики» деген кі­табын ал. Дәрісіңде бұл кітапты да пайдалан. Бір айтайын дегенім: дәріс оқуға дайындық барысында, бір жағынан кеңес қазақ баспасөзі тарихының оқулық бағдарла­ма­сын да даярлай жүрші... Бізде ұлттық баспасөзіміздің тарихы жай­ында әлі не оқулық, не әдіс­те­мелік, не оқу бағдарламасы жоқ. Бұл орайда екеуміз соныдан жол салып, бәрін өзіміз жасайтын шы­ғармыз. Ол жайлы іссапардан оралған соң ақылдасармыз. Сонымен, мен журналистика бөлімі қазақ бөлімшесінің 3 курс шәкірттеріне дәріс оқи бастадым. Маусым айы басында олардан Қай­рекең жасаған билеттерді жай­ып, емтихан алдым. Ол кезде аталған пәннен, Қай­рекең айтқандай, оқулық та, оқу бағдарламасы да жоқ еді. Емтихан тапсырған кезде шәкірт­те­рім­ді қи­на­ған жай осы болды. Өйт­кені, олар­дың қолында пайдаланар бағ­дар­лама болмады. Ал, қа­зақ журна­листикасы тарихы да ұл­ан-ғайыр деректі пән: қай газет, қай журнал, қашан шыққан? Қай­да шыққан? Кім шығарған? Кө­терген мәселелері, про­блемалары, жазған тақы­рып­та­ры. Қатысқан авторлары кімдер еді? — Журналистика тарихы деген осы сұрақ­тардың жиынтығы ғой. Пән­нің бағдарламасы болса, онда бәрі көр­сетілген болар еді. Ал, ондай бағ­дарлама жоқтықтан емтихан тап­сы­рушы біраз шәкірт әлгіндей сұ­рақ­тарға жауап бере алмай, әбден қиналды. Ондай кезде мен өзімше «жомартсып» стипендиядан қағыл­масын деп, жаным аш­ып (ол кезде «үштік» алғандарға да стипендия тағайындала беретін) «малтыған­дар­ды» «үштік­пен» жөнелткенмін. Іссапардан оралған Қайыржан аға тағы мені өзіне шақырды. Іш­імнен «аспирантыңыз бізге дұрыс дәріс бере алмады» деп шә­кірт­тер шағымданған ғой деп ой­лап, тай­сақтасам да амалсыздан оның қа­былдауына келдім. Ол кабинетінде бірдеңе жазып отыр екен. – Ә, Әбілфайыз, сенбісің? — деп мені көргеннен орнынан ұшып тұрып, қолымды алды. – Кешір. Ішке кіргеніңді аң­да­май қалыппын ғой. Қалай? Аман­бы­сың? Рахмет! Дәрісті жақсы оқ­ыпсың. Курста болдым. Шә­кірт­тер риза өзіңе. Бәрі мақтап жатыр... енді, қазақ баспасөзі тарихының кеңестік кезеңінің оқу бағдар­ла­ма­сын өзің жаса. Менің жүгімді же­ңіл­дет. Келесі оқу жылынан ол ке­зеңнен дәріс оқуды тіке өзіңе тап­сырам, – деді жайдары пішінде. Қайыржан Нұрғожаұлының ау­­зынан әлгі мадақ сөздерді естігенде, үстімнен ауыр жүк түскендей болды. – Жүгіңізді жеңілдетуге де, оқулық бағдарлама жасауға да әзірмін, Қайраға, – дедім мен. – Е, ол жайында есіме дұрыс салдың ғой! Алдымен оқу бағ­дар­ламасын жасап, келесі жылдан бас­пасөз тарихының кеңестік ке­зе­ңінен дәріс оқуды өзіңе алдын ала тапсырып қояйын деп едім. Сосын, шәкірттерге қойған «үш­тік» бағаң хақында айтпақ едім. – Сонда «үштік» алғандар сізге шағымданды ма? – Жоқ, олар олай жасаған жоқ. Қайта: аспирантыңыз өзіңіздей «жо­март» екен деп мадақтады. Ай­тайын дегенім, жалпы шәкірт­терге баға қою жөнінде. Шәкіртке қойылған баға – жалпы оның бо­лашақ адамдығына берілетін ба­ға. Жалпы, ұстаз қойған баға шә­кіртке: «Сен болашақта сондай бол дегенді аңдатады». Сондық­тан, мен ұстаз болғалы ешбір шә­кіртіме «үштік» баға қойып көрген адам емеспін! Өйткені, ем­тиханда бүгін білмегенін шәкірттің күні ертең азамат болғанда білетініне сенем. Жалпы шәкіртке сеніммен қарап, оны өзіңмен тең азамат санау керек! Оның ар-намысына ти­мей ретті жерінде көтермелей білу керек! Ұстаздың басты бір міндеті осы! ...Өзің жайлы шә­кірт­терден жақсы дәріс бергеніңді естіп: «қа­та­рымызға тағы бір жақсы ұстаз қосылатын болды ғой!» – деп қуа­нып, өзіңе осы «құпиям­ды» айтпақ үшін де шақырып ед­ім қарағым. Осы жағын да ойлан­ғайсың!... – деп сыр ақтарған еді ұстазым. Оның бұл сөзі жадымда жат­та­лып қалғаны сондай, мен де шә­кіртте­рім­нің еңбегін Қай­ре­ке­ңе ұқ­сап «үштіксіз» бағалап келем... Қайыржан Нұрғожаұлы қой ау­зынан шөп алмайтын, қақ-соқ­пен жұмысы жоқ, тірі пенденің ала жібін аттамайтын, қысқасы, біреуге болмасын демейтін, жа­уы­на да жақсылық жасауға дай­ын, жылпосты да, жағымпаз, қу­ды да, алдампаз алаяқты да пенде ғой деп санайтын аса қарапайым, аса кішіпейіл, аса кісілікті адам еді. Төзімді, үстінен түйе басып өтіп жатса да ыңқ етпейтін, жер шай­қалып, дүние астан-кестен бо­лып жатса да қозғалмайтын, өс­ек-аяңмен ісі жоқ, аса салиқалы кісі болатын. Және аса аңғал, айт­қанға көнгіш те, сенгіш еді. Мұндай мінезді, мұндай қа­сиет­ті жанды кім жек көреді? Сон­дықтан, оны тұтас факультет, тіпті университет ұжымы аса қастер­лейтін, сыйлайтын. Оны әсіресе, Тауман Салықбайұлы ер­ек­ше жақ­сы көретін. Және оны: «Шал!»  деп атап, оған қатты еркелеп, құр­дасындай қалжыңдасатын. Міне, Қайыржан Бекхожин – осындай әулие адам еді. Менің нақ осы пайымдауымды Алматы­дағы Әл-Фараби атындағы Қазақ­тың ұлттық университетінде 1946-1979 жылдар аралығында жур­налистік білім алған ұл-қыз­дардың қай-қайсысы да теріске шығармаса керек! Өйткені, Қайрекең өз кезінде Ақаң мен Жақаңдар сияқты қазақ журналистикасы өссе екен, өр­кен­десе екен деген арманмен күн кешіп, сол арманмен жанын жомарт еткен жандардың бірі бо­ла­тын. Ол сол жан жомарттығымен әулие ұстазға айналған адам еді. О, тоталитарлық заманның қа­тал уақыты! Сондай әулие ұстаз­ды да қыспаққа алғанын қайтер­сің! 1948-1952 жылдар аралы­ғын­да Қайрекең де журналис­тика­мыз­дың «кішкентай ұлтшылы» – «Бекма­ха­новтың құйыршығы» атан­ды. Қу­далау көрді. Оның сондағы жазығы – «Түркістан уәләяты», «Дала уә­ләяты» газеттеріне зерттеу жүргіз­гені еді. Бірақ, ол қандай қысымға да сыр бермей, төзіп бақты. Маң­дай терін төгіп жазған ғылыми ең­бегінің уақтылы бағаланбауына да қанша жыл сыр білдірмей шыдады. Сондай жаны пәк ұстазы­мыз­дың бүгінде туғанына 100 жыл то­лып отыр. Соны еске ала оты­рып, ұстазымызға жанының жән­нат­та бола беруін тілейміз! Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, профессор.