Жұлдызды күн құтты болсын, ағайын!
Әр нәрсе өзінің ретімен болады ғой. Биылғы жыл барыс жылы еді. Барыс болғанда да ақ барыс жылы. Ал ақ барыс жылы алпыс жылда бір ғана айналып келеді.
Міне, ақ барыс жылы халқына ағынан жарылды. Осы кезге дейін ала алмай, армандап жүрген асуына шығып, жете алмай жүрген абыройына қолы жетті.
Жоқ, бізді көп күттірді деп айта алмаймыз, жете алмай қиналдық деп те айта алмаймыз. Біз тез жеттік бұған, жаңа тарихымыздың бар болғаны он тоғыз жыл толар қарсаңында ие болдық, оңай емес, дегенмен, жылдам алдық бұл шыңды.
Жер жүзінде қаншама мемлекеттер бар. Олардың көбі жол біздікі, біз өткізейік, беріңдер кезекті бізге деп айта алатын ілгеріден келе жатқан мемлекеттер. Бірақ солардың бәрі бізге құрмет көрсетіп, Қазақ еліне жол берді. Осылай қазақ мемлекетіне жол ашылды, сөйтіп, қазақ халқының жұлдызы жанды жарқырап маңдайынан.
Әрине, бұл өзінен өзі оп-оңай бола салған жоқ. Мұндай нәрсе көк пен жердің екеуінде бірдей, бір-біріне сәйкес, бірге қимыл жасап, көп әрекет етуінің арқасында ғана болуы мүмкін еді.
Міне, осы ұлы жұмысты атқаруға еліміздің ішінде және сыртында қысқа уақыт ішінде қыруар осындай істер істеліп, сан алуан жұмыс атқарылды. Әділеттігін айту керек, жақсының жақсылығын айт нұры тасысын деген, осы Саммиттің бізде өтуі Президентіміздің ерекше қайсарлығының арқасы. Күндіз-түні бір тынбай, бар күш-жігерін жұмсап, өзі сарылып соңында жүрді осы істің. Көнбегенді көндірді, келмегенді келтірді, тыңдамағанды тыңдатты, ақыр айналып барлығы да мойындап, қабылдауға, қолдауға мәжбүр болды.
Тарихты, әрине, халық жасайды. Бірақ өмірді тұрып қалған орнынан жылжыту, қозғау әр уақытта жеке адамның ісі. Ыстамбұлдағы соңғы Саммиттен бері он бір жыл өтіпті. Неге ұзақ уақыт мұндай жиын болмаған? Қажеттілігі болмады ма, ЕҚЫҰ аумағындағы бейбітшілік өмір ойдағыдай ма? Жоқ. Әлемде дүние тез өзгеріп келеді. Бірақ аса назар аударарлық, шиеленісіп тұрған қауіпті жағдайлар баршылық. Онда неге жиі-жиі кездесіп соларды реттеп отырмады? Әрине, мұның себептері бар және олар әртүрлі. Ірі-ірі мемлекеттер болса оларға өткен кезеңде мұндай жиын өткізіп, әңгіме жасау аса ыңғайлы бола қойған жоқ.
Шын мәнінде Хельсинки ұлы бастама жасап, шынайы бейбітшілікке жол ашып еді. Соның шешімдеріне байланысты «қырғи-қабақ» соғысты тоқтатуға мүмкіншілік туды. Бірақ ол соғыс тоқтатылғанмен, «тату» бейбітшілікке айнала алмады. Ол тек анда-санда ызғарлы суығы да болып тұратын «салқын» бейбітшілікке айналды. Жер-жерде қарулы қақтығыстар болып, біраз елде олар әлі жалғасуда. Жақсы шешімдер қабылданғанмен, оларды әр ел өздері қадағалап орындауы тиіс еді. Ал сырттан бағдарлап, ретке келтіріп отыратын күш, буындар жасалмаған болып шықты.
Басқа кіші немесе шағын мемлекеттер сол үлкен мемлекеттерге алаңдап, алға шыға алмай, әліптің артын күтумен болды.
Мұндай жағдай созыла берсе тіпті Хельсинкиде қабылданған маңызды құжаттар ұмытылып, күші әлсірей берер еді. Бұл, әрине, бейбітшілікті күшейтіп емес, қайта әлсіретіп, түбі қиын жағдайларға алып келуі мүмкін еді.
Міне, осының бәрін талдап, байқау арқылы Қазақстанның Президенті күтпеген жерден топ жарып, Ұйым елдерінің кезекті Саммитін біздің елімізде, Астанада өткізу туралы батыл ұсыныс жасады. Бұл, әрине, әлем үшін тыңнан туылған жаңалық еді. Несі бар, жаңа ғана қатарға қайта іліккен, ешкіммен дау-таласы, арыз, айтыс-керісі жоқ, бейбітшілікке берік бағыт ұстап келе жатқан, аумағы жөнінен жер жүзіндегі мемлекеттер арасында тоғызыншы орын алатын, орта мемлекеттермен қатар саны бар өскелең, шұғыл дамып, көтеріліп келе жатқан мемлекет. Алғыр да жігерлі, тәрбиелі, тәжірибелі басшысы бар осындай елде Саммитті өткізуге әбден болады деп шешті бәрі.
Оның үстіне Қазақстан осыған дейінгі кезеңде бірнеше сынақтардан өтіп, өзінің мұндай үлкен де биік деңгейдегі жауапты шараларды өткізуге мүмкіншілігі зор екенін көрсете білді.
Мысалы, біздің елдің талаптануымен 2003 жылдың 2-3 маусымында Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының Трансазиялық форумы болып өтті.
Ал 2008 жылдың 28 маусымы мен 3 шілдесі аралығында соның жалғасы ретінде ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының жыл сайын өтетін сессиясының кезекті 17-сессиясы тағы да біздің елімізде, бұл жолы Астана қаласында өтті.
Бұл шаралардың барлығы да қатысқан делегациялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары тарапынан өте жоғары деген баға алды.
Осы жұмыстардың кезінде алғашқы Трансазиялық форумда болған бір жағдай әлі менің есімнен кетпейді. Барлық елдерде қалыптасқан әдетпен біз де жұмыстың соңғы күні меймандарды елімізді аралатып, таныстыруға тиіс едік. Соған меймандарды Тау-түргенге алып барып, түскі асты сол жерде беруді ұйғардық. Автобустарға әдейі бірге отырып, жол-жөнекей еліміз, жеріміз туралы әңгіме айтып, сұрақтарына жауап беріп отырдық. Байқаймын, сол жерге жеткенше меймандар оң жағында қалмай қатар келе жатқан Алатауымызға қараумен болды. Содан бір кезде олардың ішінен бір ханым: «Мына Алматының қасында тұрған сұлу тау қанша жерге дейін барады?» – деп сұрады. Мен: «Бұл сұлу таулар біздің Қазақстанның оңтүстік шекарасымен бойлап, шығысынан басталып, батысына дейін 3 мың километрдей жерге созылады», – дедім. «Ойпырмай, – деді жаңағы кісі, не деген бақытты халықсыздар, үнемі осындай сұлу таудың қасында өмір сүретін».
Жиі-жиі сыртқа шығып тұрмағаннан кейін біздің адамдарымыз кейде біле бермейді ғой, біз қандай табиғаты тамаша жерде тұрып жатқанымызды. Адам өзінде бар нәрсені байқамайды да, үнемі тек жоқ нәрселерін ойланып, соларды іздеумен болады. Біздің барымызды өзіміз емес, басқа адамдар тез байқап, солар алдымен әңгіме ететіні сондықтан.
Ұмытпасам, 1998 жылдың күзі болу керек, Сауд Арабиясынан сол елдің шурасының төрағасы доктор Джувейри бастаған үлкен делегация келді біздің елге. Біз меймандарымызды шын жүректен қарсы алып, жақсылап аралаттық елімізді. Өзім қастарында болып, Медеуге, Шымбұлаққа апардым. Өтініштері бойынша таудан аққан, сарқырап, көбіктеніп ағып жатқан өзеннің қасына тоқтаттым. Олар біраз жақсылап демалып, «Жаннат! Жаннат!» деп беті-қолдарын шайып жатты суға. Сонда Джувейри мырза маған ойланып тұрып: «Сіздердің ілгерідегі ата-бабаларыңыз нағыз батыр халық болған-ау деймін», – деді. Неге олай деп ойлайсыз дегенімде: «Өйткені, жердің ішіндегі сұлтанын қалдырған екен сіздерге», – деді. Әрине, бұл нағыз шындық. Айта берсе мұндай әңгіме өте көп.
Міне, демек, жағдайды қай жағынан алса да, тарихи да, табиғи да, саяси да, жер шалғайы да, қаржы жағы да, барлық жағынан да біз дайын едік бұл шаруаға.
Қанша дегенмен, басқа ірі жиындармен салыстырғанда Саммиттің жөні бөлек қой, әрине. Бұған қойылатын талап та басқа, деңгейі де басқа, жөні де басқа. Біз сол деңгейлердің барлығына көтеріле білдік, сол талаптарға сай екенімізді көрсете алдық. Әлемдегі ең күштілер деп табылатын мемлекеттердің ешқайсысынан кем емес екенімізді, олармен тең екенімізді дәлелдедік. Күннен күнге бойын жазып, жарқырап келе жатқан бас қаламыз ендігі жерде бұрынғы саммиттер өткен санаулы ғана әлем қалаларының қатарына еніп, аты алтын әріппен жазылды. Бұдан былай оның аты бейбітшілік деген ұғыммен қосыла жиі-жиі, ауыздан тасталмай аталатын болды.
Осы кезеңде бар халық өзінің биік кемелге жеткенін білдіріп, бір басшының қасына жұмылып, бір тілек қана тіледі. Ол тілек «әлем алдында абыройға жеткізе гөр, Жаратқан» деген тілек еді. Міне, сол тілегімізге жеттік. Шыққанда жай белеске емес, шыңға шықтық. Осындай шыңдар емес пе еді арманымыз. Бірін алдық. Арманың орындалды, қазақ. Енді сені ешкім кемсіте алмас, көңіліңе тие алмас.
Бұл ұлы жеңіс болды. Мұнымен барлығымыз бір-бірімізді құттықтайық. Күйінерде бірге күйініп келген едік, енді сүйінгенде бірге сүйінейік. Өзімізді өзіміз етектен тартпайық. Қанша сыншыл болсақ та, бұл сынайтын жер емес, бұл қуанатын жер. Бір адамның ерекше істеген еңбегін ерекше атап өтсе ешқандай оның артықшылығы болмас, өйткені, бұл қол жеткен жеңіс бір адамның ғана жеңісі емес, бүкіл халықтың жеңісі емес пе? Бұл біздің жұлдызды күніміз ғой. Ал жұлдыз бүкіл халыққа бірдей жарқырап көрінбей ме? Бұл жұмыстың пайдасын бір адам емес, бүкіл халық көрмей ме? Бұл жұмыстың жақсылығы осы ұрпаққа ғана емес, одан асып, келесі ұрпақтарға да жетпей ме?
Мынау келіпті, анау келіпті деп адам санап, әңгіменің арқауын басқа жаққа қарай сүйрей берудің қажеті жоқ. Керек болса шақырған тойыңа қасыңда отырған көрші емес, өз ағайын-туысқандарың да түгел келе алмайды әртүрлі себептермен. Қатысуға тиісті елдердің бәрі келді ме? Келді. Қиын да болса қорытынды келісімге қол жетті ме? Жетті. Құжат қабылданды ма? Қабылданды. Саммит жақсы өтті ме? Жақсы өтті. Барлық сөйлеушілер де осылай деп жоғары баға берді. Бұдан артық не керек бізге? Біз өз керек абыройымызды жинап алдық өзімізге. Ал бір жеке адамдар келе алмаса, ол Қазақстанның кінәсі емес, өздерінің жеке басының кінәсі. Келе алмаған басшылар өздерінің халқына оның себебін айтатын да шығар. Өйткені, оларды осындай жерлерде сол халықтың атынан қатысып, еліңде болып жатқан жақсы істер болса оларды айтып, паш етіп, қателіктері болса, оны да айт деп сайлаған жоқ па? Әрине, кейбір елдің басшыларына әлемнің алдында, әсіресе, өзіңнен бұрынғы басқа адамдардың әртүрлі қателіктері үшін қыспаққа түсіп тұру өте ауыр жағдай. Америкадан, мысалы, ол елдің Мемлекеттік хатшысы, біздің елге жақсы танымал Хиллари Клинтон келді. Танымал болатыны, бұл кісі өзінің жұбайы президент кезінде бірінші леди дәрежесінде келгені бар еді.
Біздің халқымызда ілгері замандардан ел арасындағы қатынастарда жұмбақ сыры бар сыйлар беріп, сынап көретін әдеттері болатын. Мысалы, Парсы патшасы Дарийге Сақ патшалары салт ретінде бір құс, бір тышқан, бір құрбақа және бес садақтың оғын жіберген екен. Парсы жағы мұның жауабын таба алмай қиналған екен, кейінірек оның жауабын өмір өзі беріпті.
Сол бұрынғы келісінде Хиллари ханымға біздің қарсы алып жүрген азаматтарымыз қазақтың бір жақсы қамшысын сыйға тартқан. Ол біздің БАҚ беттерінде де әжептеуір әңгіме болған. Ол кісінің өзі де, осында намысқа тиетін жағымсыз бір сыр бар ма деп, бұл не мағынамен берілген сый маған деп сұраған екен. Біздің адамдардың оған не деп жауап бергенін мен білмеймін, бірақ өмір міне содан бергі уақытта өз жауабын түсінікті етіп өзі берді. Қазақтың киелі қамшысы ол кісіге билікке жол ашып, алдымен сенатор болды, содан соң Президент бола жаздап, ақыры Мемлекеттік хатшы болды. Мен мұны айтқанда, ол кісінің өз жеке басының ақылына, қабілеттілігіне, біліміне, басқа да жақсы қасиеттеріне еш күмән келтірмеймін. Бірақ сонда да болса өмірде ешбір нәрсенің босқа болмайтынын елдің есіне сала кетейін дегенім.
Хиллари ханым ұзақ, батыл және жақсы сөйледі. Тіпті Америкаға бейім әдет бойынша басқаларға кеңес беру, ақыл беру жөнінде, егер Барак Обама келгенде де әдеп сақтап бара алмайтын жерге барып қайтты. Өз елінде бір қылтанақтай да мін бар екен деп ешкім ойлауға да негіз жоқ дегендей сенім айтпаса да айтқандай білініп тұрды. Дегенмен, ханым бір жерде: «Менің жұбайымның басшылығы кезіндегі саясат Американың қазіргі басшылығы жағынан толық қолдау табады», – деп кетті. Мұнымен нені білдіргісі келді? Екеуінің ортасында кім бар, ол бір-ақ адам емес пе? Мұны енді ойды шебер жеткізе білетін өнерге жатқызуға болатын дүние десе де болар.
Соңғы екі Саммиттің ортасында жай адамға аса түсініксіз неше түрлі жағдайлар болып өтті. Соғыс жоқ дейміз, бірақ әр жерде үлкен-үлкен қақтығыстар жүріп жатты. Менің түсінігімше, соғыстың өзінің табиғаты да, тәртібі де өзгерген сияқты.
Ешкім ешкімге соғыс жарияламайды, бірақ қарулы қақтығыс тоқтамайды, нүктелік «соққы» деген термин пайда болды, ол бірақ кейде үлкен кеңістіктерге де айналып кете береді. Соғыс жарияланбағаннан кейін, соғыс аяқталмайды да екен, ол көп жылдарға сөйтіп созыла береді. Бұрын күшті мемлекеттер жеңіп, әлсіздер оны мойындап, құжаттарға қол қойылушы еді. Қазір ондай тәртіп жоқ. Күшті мемлекеттер алдында баса-көктеп кіріп келгенімен, кейін соғыс ұзақ жылдарға созылып, соңы ит тартысқа айналып, аяғында олар өз аяқтарын әрең алып шығатын болып жатыр. Ешкімді алдына қойған мақсатына жеткізбейтін мұндай соғыстар, өзін-өзі ақтамайтын қыруар адам және қаржы шығындары ендігі жерде мұндай әрекеттерді тіпті ешқандай пайдасы жоқ бос әурешілікке айналдырып бара жатыр.
Солай болғандықтан адам баласы бірте-бірте келешекте мұндай бассыздықтардан бас тартып, халықаралық келіспеушілікті шешудің басқа бейбіт жолдарын іздеуге мәжбүр болатын сияқты. Осындай себептермен Саммит сияқты жиындардың үздік-үздік өтіп отыруын өмірдің өзі талап ете бастаған сияқты.
Бұрын өзі осы Саммитті бізде өткенге дейін онша терең ойлап зерделемеген екенбіз. Оның мақсаты тек бәлен ел жиылып, бір шешімге келіп, жалпыға ортақ құжат қабылдау ғана деп ойлаушы едік. Ол олай емес екен. Бұл жиынның терең, келешегі зор, басқа да мағынасы бар екен. Бұл бір жағы бүкіл әлемдік, өте жауапты, биік мінбе екен. Әр ел басшысы өзінің және өз елінің не ойлайтынын, не істер істеп жатқанын, бейбітшілікті сақтау үшін не істеу керек деген пікірлерін бүкіл әлемнің алдында айтады екен. Оны ел саралап, несі дұрыс, несі бұрыс, несі шын, несі өтірік, несі қулық, несі сұмдық, бәрін көріп, естіп отырады екен. Бұл өзі халықтардың алдында ғана емес, бүкіл әлемнің алдында, әлемнің иесінің алдында да беріп тұрған есебі іспеттес дүние екен. Шіркін, соны біліп, ел басшылары таза да әділ сөйлесе екен, өздерінің жіберген қателерін мойындап, зәбір шеккен елдерден кешірім сұрап жатса, бұл қандай тамаша көрініс болар еді, сөйтіп, жер жүзінде қандай тамаша тәртіп орнар еді.
Жоқ емес, осындай үлгі бар да ғой жерде. Мәселен, Жапонияны алайық. Олардың да бір кезде айналасына қызығушылық танытып, шабуыл жасап, жерін кеңейтуге ойы болғаны рас. Бірақ, оған жолы болмай, жеңіліс тапты. Міне, сол ел бұл қатесін түгел мойындап, кешірім сұрады және ендігі жерде біреумен ұрысу, соғысу деген ұғымдардан біржолата бас тартты. Осы елдің Императоры мұндаға дейін бұрын қақтығыс болған әр елге барып, мол қаражат апарып беріп, кешірім сұрап жүрді. Ол кісіні осындай іс жаса деп ешкім мәжбүрлеген жоқ. Ол кісінің өзі «болар іс болды, не қыламын кішірейтіп басымды иіп» деген пендешілікке бармады. Ол сезімді жеңіп, ұлылыққа көтеріле білді. Міне, содан кейін ол елдің жолы ашылды. Жерінде қазба байлығы жоқ, 20 пайызы ғана шаруашылықпен айналысуға жарайтын жері бар 100 миллионнан аса халық, бүгінгі күні әлем халықтарының алдында. Тамағы тоқ, киімі көк, өмір сүретін орта жасы 84 жас екен. Бұдан артық қандай өмірді армандауға болады.
Әлемдегі бар мемлекеттердің саны да көп емес қой, бар болғаны 200-ге жетер-жетпес. Бір қарасаң қиын да емес тіршілік сияқты. Бірақ қиын. Бар қиындығы пендешіліктерін жеңе алмайды, бар қиындығы кеудесін төмен түсіріп, кешірім сұрай алмайды.
Біреудің қазанына қарай берген адамның қарны өмірі тоймайды. Неге осыны түсінбеске? Барлық байлық қанағаттан ғана бас алмай ма? Неге осыны түсінбеске? Адам түсіне алмайтын қиын дүние ме осы?
Міне, Қазақ елі өзіне осыншама мемлекет басшыларын өмірге әрі қарай қандай жаңалықтар, не өзгерістер енгізу керек, қалай бейбітшілік орнату керек деген мәселелер жөнінде ақылдасуға, әңгімелесуге шақырды. Осындай әңгіме басталды да. Осы жұмысты ауыр да болса бөлек мойнына алып, абыроймен атқарды. Еліміздің бұл еңбегін әлем мойындады, әлем мақтап, әлем ризашылығын білдірді.
Сол берілген әділ бағаға, айтылған ризашылық пен жылы лебіздерге біз де қосылайық: Жаса, Еліміз! Жаса, Елбасымыз!
Дұрыстап өткен Саммиттен кейін арқамыз босап, ойымызға келгені демалыс емес, күшіміз толып, жаңа бір жұмыстарға құлшынып кіріскіміз келетін сияқты. Бұл қалай? Ауыр жұмыстан кейін адам демалғысы келмеуші ме еді? Жоқ, ол солай. Біз жаңа сапаға жеттік, жаңа сатыда тұрмыз. Біз бұрын шықпаған жаңа шыңның үстіне шықтық. Ол біздің шыққан жаңа биігіміз. Адам биікке шыққан сайын алыстағыны көреді. Бұрынғы алыстағы дүниелер енді бізге көрініп, жақындай түсті. Ол деген сөз, бұл соңғы шың емес, бірінші шың, бұдан кейін де көптеген шыңдар болады әлі халқымыздың қолы жететін. Бұйырса, оларды да алармыз абыроймен.
Ол үшін бізге не керек, бәрі бар ма бізде, кемістігіміз жоқ па шаужайдан ұстайтын! Бар. Бәрі де бар. Кемшіліктер де жоқ емес. Осының бәрінен сүрінбей, шашылмай, қиналмай өту үшін біздің әрбір азаматымыз дайын болу керек бұл шаруаға. Біздің әр азаматымыз өзінше таза, тәртіпті болу керек, мейірлі, кең- пейілді болу керек, көре алмаушылықты, пендешілікті жеңу керек, кішіпейілді, кешірімді болу керек, бауырмашыл, ізетті, мәдениетті болу керек. Міне, осыншама қазынаға ұмтылып, ие болу адам баласы үшін ешқандай қаражатты қажет етпейді. Есесіне әркімді көкке көтеріп, бай, бақытты етеді. Міне, біздің мына бір қолымыз жеткен ұлы жеңісіміз бізге осы жолға жөн сілтейді.
Мен де сіздерге осы бағытқа сәт сапар тілеп, арман-тілектеріңіз орындалып, шексіз бақытқа ие болуды тілеймін.
Жұлдызды күн құтты болсын, ағайын!
Өмірбек БАЙГЕЛДИ.