Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ыстық-суықты, тәтті мен ащыны қатар татып, қызық пен қиындықты бөліскен достың орны бөлек. Бала шақтан тай-құлындай тебісіп бірге өскен, жігітшілік дәуреннің қызығын бірге көрген жолдастардың барлығымен бірдей ел ағасы жасына қатар жете бермейсің. Кейбірімен жас күніңде жолың екіге айырылса, кейбірінен ересек шақта қол үзіп қаласың. Сондықтан ел ағасы жасына жеткенше жұбың жазылмаған ежелгі достың болуы да тағдырдың үлкен сыйы.
Осындай қадірлі қанаттасымның бірі Бірлес Бимақанов. Ол екеуміз сонау 1962 жылы танысып, бірден тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Бірлес біз тұратын Солтүстік Қазақстан облысындағы Николаевка селосына Алқаағаштан келді. Сол жылдардан бері екеуміз мектеп қабырғасында бірге оқыдық. Замандасым халқымыздың сегіз қырлы, бір сырлы азаматы дейтіндей-ақ жігіт. Қазақы қара домбырасын күйлеп алып, әуелете ән салғанда ризалыққа бөлейді. Спорттың түр-түрінен де хабары бар. Ауылымыздың волейбол командасын құрып, аудандық, облыстық сайыстардан жеңімпаз болған біз 1966 жылы республикалық жарысқа Алматыға да қатар барып едік.
1969 жылы Бірлес жоғары білім алу мақсатымен Алатау аясына аттанды. Ауыл шаруашылығын өркендетуге өз үлесін қосуды армандайтын ол осы сала мамандарын даярлайтын оқу орнына түсті. Менің де үкілеген үмітім ақталып, Ташкенттегі әскери училище табалдырығын аттадым. Ал екінші курста оқып жүргенімде Алматыда әскери училище ашылып, біз оқуымызды сонда жалғастырдық. Сөйтіп, аз уақытқа жұбымыз жазылғанымен, астанамызда қайта табыстық. Сол студент шақта біздің балалық таныстығымыздың буыны қатайып, сенімді жолдастыққа айналды.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Торғай облысына жолдама алған досыммен біраз жыл араласа алмай кетіп едік, бірақ сәті түсіп, хабар алысып, таныстық жібін қайта жалғадық. Енді отбасымызбен араласатын болдық. Солтүстік Қазақстан өңіріне оралғаннан кейін Бірлес ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқарды, кәсіби-техникалық училище басқарды. Қай қызметте болса да, жолдасымның өзіне артылған сенімді абыроймен атқарып, адал еңбек ететініне куә болдым.
Мұның бәрін неге айтып отырмын?! Әрине, ғұмыр берсе, ағалық жасқа бәрі де келеді ғой. Бірақ Бірлестің адамгершілігінің биіктігі, жанашырлығы мен достыққа адалдығы кейінгі жастарға үлгі-өнеге болар деген ниетпен әңгімелеп отырмын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дейді халқымыз. Досым туралы сөз еткенде оның қазақи рухы, салт-дәстүрге, ұлттық тәрбиеге адалдығы алдымен тілге оралады. Адамгершілігі мол азамат айналасындағыларға нұр-шапағатымен қарайды. Бір жылдары денсаулығы сыр беріп жүрсе де, туыстары мен достарына деген ықыласын аямады. Оның қырық жыл отасқан жан жары Ұлжанмен сыйластығы, сүйікті қыздары мен немерелеріне берген ұлағатты тәрбиесі көңіліңді шуаққа бөлейді. Жақсы әкенің тәрбиелі қыздарына жар болған күйеу балалар да мақтауға тұрарлық. Мысалы, Әлімжан деген баламыз Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, белгілі спортшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жан-жақты еңбегімен өңірдің дамуына өз үлесін қосып жүрген азамат.
Бірлес досым қазір Петропавлдағы бұрынғы кәсіби-техникалық училище, бүгінгі колледждің директоры. Марқұм әкесі Мәнап секілді педагогтық қызметке оралды. Солтүстік Қазақстан өңірінде көптеген отандастарымыз секілді тәуелсіз елдің дамуына өз әлінше үлесін қосып келеді. Немерелерінің өнегелі атасы, достарының сенімді серігі, елінің қадірлі азаматы.
Қымбатты достың мерейтойы алдында осылай деп сыр шертіп, денсаулығы мықты, ғұмыры ұзақ болсын деп тілеймін.
Абай ТАСБОЛАТОВ, республикалық Ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант.