Журналист жолда жүргенде
Майы тамған МАИ Қызылорда жаққа қатынайтын автобустамыз. Кейде көп жолаушы мінетін кәдуілгі көгілдірлеу көлігіңізбен жүрген де жақсы. Алуан-алуан адамдарды көресіз. Түрлі-түрлі мінездерді байқайсыз. Айнала-төңірек анық аңғарылады. Әнекиіңіз, желтоқсаныңыздың өзінде өріктердің қызылжалқын жапырақтары жүрегіңізді лүпілдетеді. Қарабарқын егістіктердің жиектеріндегі қысқы көгіңіз көктемді елестетеді. Қазандағыдай мизам қалықтайды. Жанымызға жайғасқан Құдайберген деген кісіңіз Түркістан төңірегінде тұрады. Бұрыннан таныспыз. Көп оқитынын, газеттерге аянбай жазылатынын, талай басылымды алдырып үңілетінін білеміз. Табиғатқа сүйсініп біраз отырған соң әңгіме тақырыбы МАИ жаққа ауысқан. «Мен МАИ-ларыңызға жүдә қапамын, – дейді Құдекең. – Осы автобуспен облыс орталығына оқта-текте барып қайтамын. Бірде Алматыдан әдейі шақырған мейманымды пойыздан күтіп алып, автобуста бірге келе жатқам. Өзі өте-мөте биязы, зиялы, нәзік жанды адамтұғын. Ордабасы тауының тарихи маңызын әңгімелеп, тебіреніске түскенбіз. Анау қыратта МАИ тоқтатты. Жүріс-тұрысы жүдә қиын. Талтайып, шалқайып, шіренгенінің өзінен-ақ қасымдағы қонақтан қысылдым. Жаңағы МАИ жұп-жуан мойнын бұра алмай, жонын күдірейтіп, таяғын «тербейді». Автобустың жүргізушісі қағаз-құжаттарын қобырата уыстап, қалбалақтап қасына жетті. МАИ-дың өкілі бедірейген күйі. Кенет қонағым басын шайқады. Мен терлеп кеттім. Сіз қалай ойлайсыз? МАИ қызметкерлері ең мәдениетті, ең кішіпейіл, ең ізетті, көргенде көз сүйсінетін, көңіл марқаятын адамдар болуы керек емес пе? Мына ұлан даланың ұлы жолымен бүгінде нешетүрлі меймандар жүрмей ме? Түркістандайын түркі дүниесінің текті төріне, Қожа Ахмет Ясауи сынды ұлы ұстазымыздың, шырын шайырымыздың кесенесіне бара жатқан ізгі ниетті үлкен-кішілер, саяхатқа шыққан студенттер мен оқушылар автобус-автобус боп өтіп жатыр ғой. Солардың бәрі МАИ-да істейтін, ісіп-кепкендей, құлқындарын ақша тескендей, шақшия ақиятындардың түр-тұрпатынан шошымай ма?» «МАИ-ларыңыздың бәрі бірдей сіз суреттегендей сықпытта емес шығар? – дейміз біз. – Небір ұнамдылары бар сияқты ғой». «Жалпы МАИ-да мәдени деңгей төмен. Пейіл-пиғылдарын бір ғана түйткіл буған соң бәрі дерлік бір сұрыпта сияқты сезіледі. Ал, түптеп түсінсе, олар тәрбиеші болуға тиіс. Жолда жүретін МАИ-лар ұлттың келбетін, жұрттың сапасын танытар тұлғалар емес пе? МАИ дегеніңізде «мемлекеттік» деген сөз бар ғой! Мемлекетіңіздің мәдениеті ең әуелім осылардан көрінбей ме?!» – деп қызынды Құдекең. Бой берер түрі жоқ. Ойпырай десеңізші, осы кезде жапырағы толық түспеген топ ағаштың тасасынан жуан қара жұлқына шықты. МАИ қызметкері. Алдымыздағы жеңіл мәшинеге арнайы таяғын анайы түрде жұлқи сілтеп, сілки сермеп, зілдене зыр айналдырды. Автобусты қоса тоқтатты. Таяқпен сес көрсетіп, сұс танытудың түрлі-түрлі тәсілдері болатын секілді. Өйтіп өкіреңдей өжеңдегенше, сабап тастағаны жеңілдеу соғатын сияқты. МАИ-ыңыз айылын жияр емес. Езуінде өзіне ұқсас ұзын да жуан сигарет. Түтінді будақ-будақ шығарып, талтаң-талтаң етеді. Топ ағаштың тасасына тығыламын деп, қыстың өзінде қатты ыстықтаған ба, маңдайынан тер, желкесінен май таматындай. Жеңіл мәшиненің жүргізушісін тасадағы темір көлігіне қарата әкетіп барады. Автобус шопыры да артынан ілесті. «Көрдіңіз бе?! Күйіп кетем-ау, күйіп кетем ғой осындайда! Түсем! Үйретем МАИ-ға мәдениетті!» – дейді Құдайберген. «Сабыр-сабыр, Құдеке», – дейміз біз. «Қу дүние» дүкені Шалғайырақтағы Шұбар ауылына жолымыз түскен. Қазақтың белгілі ақыны, ақжарылқап азамат, оншақты жыр кітабын шығарған Камардин Бектұрсынұлының кіндік кескен, туып-өскен, ғұмыр кешкен сүйікті мекені осы. Марқұм осында табан аудармай тұрып, кәсіптік-техникалық мектепте көп жылдар бойы жемісті жұмыс істеп, ұстаздық етіп еді. Ол кісінің көзі тіріде училищеде бірер мәрте болғанбыз. Міне, Камардин көкеміздің үй-жайлары артта қалып барады. Күрсіндік. Күбірлеп бетімізді сипадық. Келесі бір айт күндері келерміз-ау. Дейміз ішімізден. «Сіздер білесіздер ме? – деп күлді жанымыздағы жігіт. – Камардин ағаларыңыздың дүкен ашу хикаясы керемет қызық болған». «Жоқ, білмейміз. Естімеген екенбіз», – дейміз. «Ойбай, онда тыңдаңыздар. Елдің біразы кафелер, дүкендер, тағысын-тағы нәрселер аша бастаған жылдар еді ғой ол. Бектұрсынұлы Камардин ағай шағын ғана дүкен ашпаққа бекінеді. Анау-мынауларын жайбағыстаймын деп біраз шаршайды. Дүкеннің атын қоярда қатты ойланады. Алғашқыда «Абырой» деген атқа тоқтаған екен. Солай тіркетіп, алты мың теңгедей ақшасын төлейді. Тіркетіп, жазып қойып, тағы толғанады. «Әй, осы дүкен бізге абырой әпере ме, әлде қасықтап жинаған, қаламмен нығайтқан абыройдан айырып жүре ме? Қой, «Абыройды» өзгертейік, барлық жаңа тірлік тәуекелден басталады емес пе? «Тәуекел» деп атаймыз». Деп шешеді. Тағы да тіркетеді. Алты мың теңгесін төлейді. Жаздырады. Сонсоң және уайымға түседі. «Осы «Тәуекелім» қалай болар екен? Оңай ат емес. Қай жарға апарып соқтырады тәуекелім? Қой, мұны да өзгертем. Айналып келгенде, бәрі қу дүниенің қамы. «Қу дүние» деп атаған жөн шығар». Дегенге тоқтайды. Тағы да тіркетеді. Төлейді... Әңгімеші жігіт осыны айтып, рахаттана күлді. Бектұрсынұлының «Бірбеткей» деген атағы бартұғын. Алған бетінен қайтпайтын. Бала-шағасы, әсіресе, әзіліне де, зіліне де әбден үйренген зайыбы ләм-мимсіз көнеді. Әнекиіңіз, анау тұрған сол «Қу дүние» дүкені. Тоңқалаңдаған таксилер Қызылорда облысының Шиелі ауданында жүрміз. Темір жол стансасына бұрылар жерде, жолдың жиегінде ақ «Жигули» аударылыпты. Қорқып кеткенбіз. Абырой болғанда, адамдардың бәрі аман екен. Балалы әйел бір шетте шүкіршілік айтып отыр. Құшақтаған сәбиін қайта-қайта бауырына қысады. Қол-аяғын сипалайды. Сау екеніне көзі жетіп, кірпіктерінен жас сырғанайды. Қалған жолаушылар-дағы түс көргендей күйде. Ақ «Жигулидің» жүргізушісі кешірім сұрап, мәшинені ары да айналады, бері де айналады. Темір көлік, әрине, қатты бүлінген. Адамдарды Алла сақтаған. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ауылдардың бәрінде таксишілер көп-ақ. Ауылдағылар алдымен азын-аулақ ақша жинайды. Жедел түрде жеңіл мәшине сатып алады. Арзан бағамен, әрине. Ескі мәшиненің тізгінін ұстау үшін тездетіп жүргізуші куәлігін де таба қояды. Қалай? Қандай жолмен? Ол жағы және түсінікті. Осылайша мәшинені әзер жүргізетін, жаңа-жаңа үйренген жастар да, жасамыстар да таксиші болып шыға келеді. Баяғы «Москвичтер», «Жигулилер», «Аудилер», «Маздалар», «Опельдер», «Гольфтер»... Қызылорда облысында ғана емес, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында да осындай. Барлық аудандардың ауылдарында тізіліп тұрар таксилерді байқайсыз. Ондап. Жиырмалап. Отыздап... Мәшинелердің басым көпшілігі ескі. Жүргізушілерінің басым бөлігінің тәжірибесі аз. «Жұмыс жоқ. Ең жеңілдеу саналар, табысы тезірек қалтаға түсер кәсіп болған соң...» деседі. Таксишілеріңіз. Міне, жүргізушілер жолаушыларға таласулы. Әне, тоңқалаңдаған таксилер жолға шықты. Алла сақтасыншы. Адамдарды. Сегіз сағаттағы сексен «дабай» Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы жездеміздің үйіне жиірек баратынбыз. Көріп қайтқымыз келіп тұратын. Тараз жаққа жол түссе, қайырылуға тырысатын ек. Қуана-қуана қарсы алатын. Құрақ ұшып, қой соятын. Атын ерттеп беріп, тоғайға серуендеп қайт дейтін. Бүгінде біраз өзгерген. Өйтпейді. Бұрынғыдай емес. Сонда да оқта-текте барамыз ғой. Міне, тағы бұрылдық. Сағынып. «Дабай-дабай, келіңдер, – деді жездеміз. – Маладес, біраздан бері көрінбей кетіп еңдер». Әпкемізге қарап, желкесін қасыды: «Дабай-дабай, өрістен қара тоқтыны алдырайық». «Жоқ. Рахмет. Асығыспыз», – дедік. «Дабай, онда бір-екі тауық сойып, жылдам булап жіберіңдер», – деді келініне қарап. «Балалардың бәрі жұмыста. Мақсары орып жатыр», – деді бізге бұрылып. Үш-төрт сағаттың ішінде шамамен қырық рет «дабай» деді. Жездеміз. Санап отырдық. «Дабай-дабай, алыңдар», – дейді тауықтың буланған етін рахаттана қарбытып отырып. Қайтарда: «Ал, дабай, жақсы. Дабай, жиі-жиі кеп тұрыңдар», – деді жездеміз. «Дабай, аман боңдар, – дейді көршісі. – Маладес, ұмытпай келгендеріңе». «Дабай, көке, кеп тұрыңыздар», – дейді мақсары жақтан сусын әкетпекке соққан жиен ініміз. Тек әпкеміз ғана «дабай» демеді, әйтеуір. «Айналайын» – деді ол кісі. – Айналайындар...» Жол-жөнекей екі-үш үйге кіргенбіз. «Құтты босын» айтуға. Құрдастарға. Кластастарға. Бәрі де: «Дабай-дабай» деседі. Бірталайы: «Маладес!» деседі. «Дабай» мен «маладессіз» сөйлемейді-ау, сөйлемейді. Сол сапарымызда ше, сегіз сағаттың ішінде сексен «дабай» санағанбыз. «Маладес» те аз емес. Осы қазақ «дабай» мен «маладестен» арыла алмас па екен?! Бәлкім, біздің тіл төңірегіндегі ғұлама ғалымдарымыз бен майталман мамандарымыз, жауһар жазушыларымыз бен ақиық ақындарымыз «дабайыңыз» бен «маладесіңізді» алмастырар әсерлі сөздер ойлап табар. Мүмкін, мемлекеттік тіліміз шын мәртебесіне, шынайы тұғырына сонда көтерілер. Осыған бәріміз, біріміз қалмай, барша қазақ атсалыссақ қайтеді? «Айналайындай» айрықша сөзі бар қазақ «дабай» мен «маладеске» балама таппайды дегенге сенгің келмейді. Дабай, ойланайықшы. Күләнда Шүкіршілік. Той көп. Дүйсенбіден жексенбіге дейін. Тойханалар босамайды. Тағы да тойдамыз. Алыстағы Жаскешу ауылы. Төрт тойхана бар. Сол төрт тойханаңыздың бірі – «Ұмсынай анада» отырыппыз. Жамағайынның тойы. Келін түсірген. Кешігіп басталды. Екі жарым сағаттай. Қанша айтсаңыз да, қанша жазсаңыз да, қазекем өстеді. Деп, күлеміз. Күрсінеміз. Асаба тым жаттандылау. Әлденеше жүздеген мәрте естіген әңгімесымақтарды қайталайды. Зорлап күлдірмек болады. Той мүлде қызықсызданып, көңілсізденіп барады. Кетіп қалсаңыз, менсінбеді дейді. Өкпелейді. Отызшақты адамнан топ-топ тізбелеп, сөзге шақырады. Асаба. Нағашылар. Қылауы түспеген құдалар. Жаңалау құдалар. Ескілеу құдалар. Жезделер мен әпкелер. Бажалар мен бөлелер. Дейді. Отызшақты адамнан ең кемі жеті-сегізі сөйлейді. «Не айтам...» деп бастайды. Ұзаққа кетеді. Бірін-бірі қайталайды. Тыңдап жатқан жұрт жоқ. Ара-арасында қиқаң-сиқаң би. Кей-кей тұста әсерсіз ән. Оларға селт етер жан табылмас. Енді-енді кетпекке бел байлағанбыз. Өкпелемес дегенбіз. Кенет ортаға бір келіншек шықты. Асабаның қолынан микрофонды сұрап алды. Даусы да өзгеше, әсерлі екен. «Мына тойдың барысы маған онша ұнамай тұр! – деді. – Немене, бәріңіз біртүрлі боп отырсыздар. Тымырайып. Тымпиып. Бір-біріңізді сынап. Алысырақ отырғандарды мінеп. Өсек айтып. Тойға келген соң шын көңілмен, ашық-жарқын пейілмен, текті тілекпен келмейсіздер ме? Анау бір шетте, қарапайым ғана күйде, ойланып отырған ағамыз той туралы талай мәрте жазып жүр емес пе? «Егемен Қазақстан» газетінде екі жылдай бұрын мәселе көтеріп еді ғой. Ортамызда сол кісі отырғанда, мына тойды тап осылай өткізгеніміз жараса ма? Аға! Мына тойда сізбен бірге болғанымды мақтан ететінімді естісін мына жұрт. Әдейі өзім шығып тұрмын. Сіз мені танымайсыз, аға. Мен «Егемен Қазақстанның» тұрақты оқырманымын. Газетіме және үн-түнсіз отырған сізге арнап ән айтып беремін...» Деді. Емін-еркін. Емен-жарқын. Келіншектің аты Күләнда екен. «Әннің де естісі бар, есері бар...» Ай, айналайын Абай-ай. Күләнданың әнін төрт жүзге тарта адам ұйып тыңдады. Халық әні. Сағыныш та бар. Мұң да тұнып тұр. Ду қол шапалақталды. «Жұп болсын!» «Жұп болсын!» Деседі жұрт. Екінші ән әуеледі. Ғажап. Күләнданың қос әнінен кейін тойыңыздың табиғаты түлеп сала берді. «Ағай, сізді биге шақырамын, – деді Күләнда сіздің тілшіңізге, микрофон арқылы. – «Егемен Қазақстанның» қатардағы оқырманымен билеңізші, аға!» Биледік. Күләнда тойға келген баршаның сүйіктісіне айналды. Жаңа құдалар жағынан да «Егеменнің» оқырмандары табылды. Шардара даласынан, Сыр бойынан екен. Жаңа құдалар. «Тойдың екінші жартысы ерекше боп кетті ғой», – дескендер көбейген. Күләнда әннің де, бидің де, текті тілектердің де бастаушысы боп жүрді. Өкінішке қарай, атын ғана біліп, жөн-жосығын, қайдан келгенін, нендей мамандықтың иесі екендігін де сұрамаппыз. Той көп. Шүкіршілік. Күнде дерлік. Тойханалар босамайды. Тойлар қызықсыздау боп бара жатса, құлаққа Күләнданың жарасымды әні мен жадыраңқы үні келеді қазір. Мархабат БАЙҒҰТ.Оқырман ойы: Игі істің дәнекері
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35
«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20
ТМД-дағы өзара сенім мен ынтымақтастық
Саясат • Бүгін, 09:15