Тәуелсіздік күні қарсаңында «ҚазТрансГаз» АҚ «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» магистральді газ құбыры құрылысының жобасын жүзеге асыру мақсатында бірлескен кәсіпорын құрылған еді. Жаңа бірлескен кәсіпорынның бастағалы тұрған жұмысына әріптес болуға қытайлық «TransAsiaGazPipelineCoLtd» ынта білдіріпті. Осылайша екі жақ «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» газ құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшы шарттарын және жарғысын бекітіп, оған қол қойды.
Жаңа газ құбыры республикамыздың оңтүстік өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп жоспарлануда. 2009 жылғы ел Үкіметі қаулысымен «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» магистральді газ құбырының құрылысы Инвестициялық стратегиялық жобалар тізіміне және Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына енгізілген ірі әрі маңызды жобалардың бірі болып табылады. Газ құбыры еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жеткізіп берудің сенімділігін арттыру мақсатымен салынып отыр. Оған қоса, оңтүстікке еліміздің батысында орналасқан газ кен орындарында шығарылатын қазақстандық көгілдір отын жеткізілетін болады. «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» жобасы Қазақстан және Қытай үкіметтері арасында қол қойылған келісім шеңберінде жүзеге асырылуда. Аталмыш келісім «Қазақстан-Қытай» газ құбыры құрылысы мен қолданысқа енгізілуіне де байланысты.
Газ құбырын салу барысында 26 тарам құрылысы жоспарлануда. Олар арқылы жол жиегінде орналасқан құбырға жағалай қоныстанған елді мекендерге көгілдір отын жеткізілетін болды. Құрылыс кезеңінде түрлі саладағы 3500 маман жұмысқа кірісетін болса, кейін 2013 жылы алғашқы бөлігі қолданысқа берілген кезде 500 тұрақты жұмыс орны құрылмақшы.
Газ құбырының құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңі 2011-2012 жылдарға есептелген. Онда ұзындығы 1164 шақырымды құрайтын «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» учаскесінің құрылысы мен Ақтөбе облысындағы Бозой елді мекені аймағында компрессорлық станса салу қарастырылған. Екінші кезеңде газ құбырының Қызылорда облысына қарайтын Қараөзек ауылы төңірегінде компрессорлық станса және 311 шақырым құбыр салынады. «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» бағытын тұтастай алсақ, жаңа газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, және Оңтүстік Қазақстан облыстары аумақтарының үстімен өтеді. Ал құбырдың жалпы ұзындығы 1475 шақырымды құрайды.
«Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» газ құбыры еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етпек. Оның бірден-бір жолы Қазақстанның батыс өңірлеріндегі газ кен орындарынан көгілдір отын жеткізу арқылы оңтүстіктегі аймақтар сұраныстарын толық және тұрақты түрде қамтамасыз ету. Біз бұл үдеден шығамыз. Оның үстіне биылғы жаз айында еліміздің Парламенті ратификациялаған Үкіметаралық келісімге сәйкес құрылған бірлескен кәсіпорынның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталғандығын ескере отырып кедендік жеңілдіктер мен алымдардан, ұжымдық кіріс салығы, сондай-ақ мүлік салығынан босатылады, деп атап өтті бұл жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың газ жобалары жөніндегі басқарушы директоры Болат Назаров. Ал қытайлық әріптес, «TransAsiaGazPipelineCoLtd» президенті Сунь Бо өз жағынан «жобаның табысты жүзеге асырылуына қажетті барлық ынта мен күш жігерлерін жұмсауға дайын екендігін» атап өтті. Келісімге қатысушылар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарын газбен қамтамасыз ету үшін салынатын жаңа газ құбырын қолданыстағы «Бұқара газды аймақ-Ташкент-Бішкек-Алматы» және «Қазақстан-Қытай» газ құбырының бірінші учаскесіне жалғайтындығын сендіреді.
Жобаның қаржыландыруы туралы бірер сөз. Әрине, мұндай әлеуметтік салаға бағыттталған кез келген ірі жобаның қаржылық қолдауы мықты болуы шарт екендігі айтпаса да түсінікті. Жоба 1 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі жарғылық капитал есебінен қаржыландырылатын болды. Бұл жарғылық капитал Қазақстан мен Қытайдың тең үлестік негізде салған 500 млн. доллар қаржысымен құрылған. Сондай-ақ, 2,5 млрд. доллар көлемде заемдық қаржыландыру тағы бар. Жалпы құны 3 млрд. долларға жуықтайтын газ құбыры құрылысының қаншалықты маңызды екендігін бөлініп отырған сома арқылы да байқауға болады. «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» газ құбырының» жарғылық капиталының қазақстандық бөлігі республикалық бюджеттен қалыптасатын болды. Елбасы тапсырмасына сәйкес келесі жылдың алғашқы жартыжылдығының соңына дейін газ құбыры құрылысының басталуы үшін дайындық жұмыстары толықтай аяқталмақ.
«ҚазТрансГаз» АҚ-тың бас директоры Серік Сұлтанғалидың айтуынша, «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» газ құбырын салудағы Елбасы қойған негізгі мақсат тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу еді. Осыған орай алдымен 3,5 мыңдай маман-жұмыскер тартылып, кейін тұрақты жұмыс орындары ашылады деген бас директор газ құбырының 2 кезеңмен салынатындығын, оның қазіргі күні қалай жоспарланып отырғандығынан хабардар етті.
«ҚазТрансГаз» АҚ және қытайлық кәсіпорын «TransAsiaGazPipelineCoLtd» арасында құрылған жаңа бірлескен кәсіпорын осылайша қазақстандық тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталып отырғандығын жоғарыда айтып өттік. Шындығында да, көгілдір отын арқылы еліміздің оңтүстік өңірлерін энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етсек, бұл республиканың осы саланы жетілдіріп, сондай-ақ белгілі нәтижеге жеткендігі болып табылады. Бір жағынан жергілікті тұрғындарға отандық газ жеткізілуі қуанышты жаңалық болса, екінші жағынан газ құбыры салынып біткеннен кейін ашылатын жаңа жұмыс орындары да игілікті іс.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.