Бөкенбай Мамаұлы туралы деректер
Бүл әңгіме Жоңғар империясының басқыншылығына қарсы халық азаттық күресінде қол бастап қайрат танытқан, сөйтіп ел қорғаған ерлердің бірі – Бөкенбай батыр Мамаұлы жайлы болмақ.
Ол Орта жүздің ашамайлы керейі, сибан-керей болып, үш атаға бөлінгенде күнгене болады. Сегіз серінің шежіресінде келтірілген деректерге сүйенер болсақ, Бөкенбай қазіргі Ресейге қарасты Омбы облысының Марьянов ауданы аумағында 1713 жылы дүниеге келген. Яғни қазіргі мөлшерлеуде Омбы қаласынан Ертістің төменгі ағысына қарай шамамен 200 шақырым жер болса керек.
Бөкенбайдың әкесі Мама да ат жалын тартып мінер жасқа жеткен шағында-ақ бес қаруы беліне сай ел қорғаған ержүрек батырлардың бірі болғаны тарихтан белгілі. Ол 1723 жылы болған ауыр шайқаста қатты жараланып, кейінгі шайқастарға қатыса алмайды. Мама батырдың жараланғанға дейін талай-талай ерліктер жасаған батыр екендігі Қожаберген жырау мен оның інісі Дәстемнің жырларында жан-жақты айтылады.
.....Сибан ата баласы Мама батыр,
Қалмақты отырғызған мұзға тақыр,
Қолды бастап, кәпірді қойша қырып,
Тіккен ол талай жерге жасыл шатыр, –дейді Қожаберген жырау өз жырларында сүйікті шәкіртінің ерлік істерін дәріптеп.
Бөкенбай міне, осы Мама батырдың ұлы. Елді сыртқы басқыншылардан қорғау барысындағы ерліктеріне риза болған Асқап Шора оған «түкті сардар» деп ат қояды. Шамасы түсі де суық, жүректі болғанға ұқсайды. Ел аузында сақталған әңгімелерге қарағанда, сол кезден қалған шежірелерде де батырдың жас шамасы Нұрымбет керей Құрман батыр Кенжебайұлымен құрдас, төс қағысқан дос, үзеңгілес жолдас болыпты. Бөкенбай Мамаұлының ерлікке толы өмір жолынан хабардар шежіреші қарттар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы болған жылы ол он жастағы бала еді деген деректерді айтады.
Он жеті-он сегіз жасынан бастап сыртқы жауларға қарсы бағытталған азаттық соғыстарына белсене қатысып, үлкен жорық жолынан өткен Бөкенбай Мамаұлы жүзбасы, кейін мыңбасы, қалың қолға сардар деген әскери атақтарға ие болады. Керей қолының бір бөлігін басқарып, беделді әскербасы танылады.
Белгілі ақын Салғара Жанкісіұлы өзінің «Мама батыр ұлы – Бөкенбай» атты тарихи толғауында:
...Ашамайлы керейдің,
Сибан атты елінде
Болыпты зор қасиет
Күнгене деген бегінде,
Аруақ орнап, құт қонған,
Тараған содан көбіне,
Жырламақ болдым бір ерін,
Тартқаннан соң тегіне,
Күнгене бектің өзінен
Талай жақсы тараған,
Мама деген батырдың,
Аузына қауым қараған,
Сол Маманың бір ұлы –
Бөкенбай деген ер екен
Қаһарын төккен кәпірге
Мұсылманда шері екен, – деп жырлайды.
Ал Сегіз сері шежіресінде де, «Маманың ұлы – Бөкенбай» атты қиссасында, толғауында да Сибан керей Бөкенбайдың Алтай тауын жаудан тазартуда үлкен ерлік көрсеткенін, содан ол қосын қондырған таудың бір жотасы «Бөкенбай тауы», «Бөкенбай асуы» аталатынын айтады. (Бұл Бөкенбайға орай атаулар қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қарасты жер).
Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Бөкенбай Мамаұлының сол кезеңдерде болған соғыстардың барлығына қатысқандығын аңғарамыз. Белгілі бір кезеңде Ресей мен шығыстағы Жоңғар империясының арасы күрт нашарлайды. Ұтымды сәтті қалт жібермеуді ойлаған Әбілмәмбет хан мен оның бас уәзірі Абылай сұлтан, ордабасы қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлы үшеуі халықты жорыққа жұмылдырады. Керей, уақ рулары соғысқа белсене қатысады. 1745 жылдың басында (Ресей қалмақтармен жер мәселесі жөнінде келісе алмай оқ-дәрі беруді тоқтатқан тұста) Қожаберген жырау мен Асқап шора бастаған (құрамында атығай, қарауыл жігіттері, Шалабай естектерінің жасағы, Сібір татарлары бар) керей, уақ қолы Шортанды аймағынан басталатын атақоныстарын қайтарып алуға жандарын сала кіріседі. Балта Керей Байсымақ, Аббас Керей Қожаберген, Нұрымбет Керей Құрман батырлармен тізе қосып соғысқан. Сол ұрыстарда Бөкенбай батыр жасағы жауға күйрете соққы береді.
Сөз орайы келгенде мына бір жайды ескере кетуіміз керек. Бүгінгі кейбір жазушылар, тарихшылар қалмақтар қазақпен ғана соғысты деген пікірді айтып жүр. Шындығында, қалмақтар Сібір жұртшылығын, Шалабай башқұрттарын да шапқыншылыққа ұшыратып, жер-суын тартып алған. Сібір аймағы жылдар бойы қолдан қолға көшіп, ол жердегі оңғұт, сағай, боржіген тайпалары мүжіліп, бордай тозады. Ал қарабаш, құралаш, сұңқар тайпалары Орал тауына қарай ығысып, көше қашады. Барабы, Барын, Ескеп тайпалары Қазақ хандығына қарай ауа көшіп, Орта жүздің жерін паналайды.
Сібір жұртшылығы мен Шалабай башқұрттары Жоңғар шапқыншылықтары кезінде Ресей боданында болғаны тарихтан белгілі. Әйтсе де жоңғар қалмақтары оларды зеңбірекпен атқылап, қырғынға ұшыратып жатқанда Ресей ара түсіп тоқтау салмапты. Неге? Оларға діні бөлек мұсылман жұртшылығы емес, жері ғана керек болады.
Міне, осы фактілерден-ақ қазақ халқының тегі, діні бір мұсылман бауырларының басына күн туғанда далаға тастамай, туысқандығын сөзімен ғана емес, ісімен де дәлелдеп отырғанын біліп, еріксіз тәнті боласың. Бөкенбай батыр өзінің Қосымқожа сияқты ғұлама ұстазынан мұсылмандықты бойына сіңіріп өскен ғой, сондықтан да өзге мұсылман халықтарға қорған болуға мүдделі.
Сөйтіп, араларында қандастық, туысқандық қарым-қатынас берік қалыптасқан керей-уақтың, атығай-қарауылдың, Шалабай естектерінің, Сібір тайпаларының әскерлерінен біріккен мұсылмандар жасағы Асқап Шора Қарабасұлының басшылығымен жоңғар қалмақтарының басқыншыларына қарсы күресті одан әрі жалғастырып, ақыр соңында Шалабай естектерімен Сібір тайпаларының атақонысының көп бөлігін қайтарып алады.
Сібір жасағының қолбасшысы, құралаш тайпасынан шыққан Жәдігер (Ядигер) батыр Тармақкөл үшін болған шайқаста қаза табады. Осы оқиғадан соң, сол елдің игі жақсыларының өтінуімен Есет Қожабергенұлы (1688-1772 ж.ж.) әскербасы болып сайланыпты.
Есет басқарған мұсылмандар жасағының Сібірдің барабы руының жерін тазартып, қазіргі Новосібір қаласы мен ауданы қоныстаған жер Торайғырға жетеді. Осы жорықта да Бөкенбай басқарған керей әскерлері қалмақтарды күйрете жеңіп, қалғандарын түре қуып тастайды.
Осынау шайқаста мұсылмандар жасағынан біраз сарбаз қаза табады. Шейіт болғандардың бірі керейдің қазаққа танымал игі жақсысы Ескене Ниязұлы екен. Сол кездің өзінде жасы алпыстан асқан ол мергендер тобын басқарыпты. Қолма-қол ұрыста қатты жараланып, қызыл қанға боялған оны көп өліктің ішінен Бөкенбай танып қалып, батырдың Сандық, Боздақ, Малтабар есімді үш ұлына көрсетеді. Сандық әкесінің беліндегі қанжарын суырып алып, сабындағы жазуын көргеннен кейін ғана әкесінің қаза тапқанына көз жеткізіпті. Балалары Ескенені арулап жуғызып, сол арадағы Сүйіндік арғын қорымына жерлейді. Бөкенбай батырдың басшылығымен басына бейіт тұрғызады.
Жоңғар қалмақтарының басқыншыларын Томға дейін қуып барған Асқап Шора басқаратын қазақ-естек әскерлері жауға тұралата соққы беріп талқандайды. Қалғандарын одан әрі Ұста қыстақпен Кемерге (Новокузнецк және Кемерово қалалары орналасқан елді мекендердің көне түркі тіліндегі атауы) дейін қуып, жеткен жерінде жоңғар әскерлерінің Сібірдегі үлкен бөлігінің қалған құрамаларына да біржолата тізе бүктіреді. Сөйтіп, 1723-49 жылдарда жоңғар қалмақтарының езгісінде азап шеккен Сібір жұртының сығай, боржіген, оңғұт тайпаларын азат етеді.
Осы жорықтар жөнінде әнші, ақын Салғара Жанкісіұлының «Мама батыр ұлы – Бөкенбай» атты толғауында:
... Орал таулық башқұртқа,
Жасаған қалмақ жорықты,
Убашы мен орыстан
Естектер көрген зорлықты,
Естекті қорғап Бөкенбай
Убашыға қауіп төндірген,
Діні, тілі бөлек қалмақтан
Қорқытып айып өндірген.
Өткерген бастан майданды,
Қолданып қару-сайманды,
Наркескенмен тураған
Қанға құмар хайуанды
Тазартқан екен Бөкең ер
Ор өзен бойын қалмақтан, – деп жырлайды.
Осы үлкен жеңістен кейін Бөкенбай батыр Мамаұлы 1749-1751 жылдары Балқаштың батыс жағын, Сарысу мен Шу өзендерінің бойын, 1751-1753 жылдары Балқаштың шығысы мен солтүстігін жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысып, Аңырақай шайқасында ерен күштің иесі ретінде танылып, даңққа бөленеді. 1753-1755 жылдары керей әскерлерінің үлкен бір бөлігін бастап, Жетісу жерін азат етуге қатысады.
Бөкенбай батыр 1756 жылдың жазында керей жасағын бастап, Тарбағатай өлкесін жаудан босатуға қатысады. Осы соғыста жағалбайлы жасағын бастап келген Мәмек Бәкішұлымен, матай- найман қолын бастаған Алшын Ғайып батырмен бірге тізе қосып, қиын да күрделі шайқастарды бастан өткереді.
Сол 1756 жылы ойраттар ұйытқы болған Жоңғар империясының демі бітіп, қазақтармен соғыстан әбден әлсірегенін көріп отырған Қытай императоры бұйрық беріп: «Ойраттарды бесіктегі баласынан бастап еңкейген кәрісіне дейін қырыңдар!» деген екен. Сол қырғыннан қашқан Жоңғардың тағынан үміткер Әмірсана қашып келіп Абылайды паналайды. Ал Абылай хан болса қытайлардың ойрат қонтайшысын қайырып бер деген талабын орындамайды. Міне, осы сылтаумен қытайлар әлсірей, демі біткен елдің жерін басып алумен бірге қазақ жеріне де ауыз салғысы келіп Жоңғар, Тарбағатай таулары маңынан жүз мың әскерін бері қарай өткізеді. Бұл қанды соғыс Шығыс Түркістан аумағын қамтып, екі жылдай мерзімге созылады.
Бөкенбай батыр бастаған қол Күршім тауының маңында жауға кезіккен. Бұл аймақ Сарымсақты, Күршім, Нарын сияқты Алтайдан созылған тау жүйелері екенін батыр бұрыннан естіп білсе керек. Енді сол таулы жерде соғысудың әдісін ойластырып қарайды. Олар шүршіттерге бір таудың етегіндегі жазық жерде кездесіп қалады. Түкті сардар Бөкенбай кенет сарбаздарын үшке бөліп, екі тобына бұйрық береді:
– Бұл шүршіттер ойраттардай емес, сарбаздарының көбі жаяу. Сондықтан сендер аттарыңды тебініп, жаяу әскердің ортасына қойып кетіп, арғы бетке жарып шықсаңдар – кейін олар сескене қимылдайды, ал үшінші айналымда жау сарбаздары әрқайсысы бой тасалай қаша ұрысар. Төртіншіде оларды түре қууға тура келер. Мынау кейінгі кезекте тұрған топ менің белгіммен қаша ұрысып бара жатқандарға ұмтылсын, қазір шабуыл басталған сәттен-ақ: «Ошыбай-Ошыбай!» деп керей ұранымен айқай-сүрең салыңдар! – деп жүзбасы, мыңбасыларға күш-қуат береді.
Шайқас басталады. Бөкең әскерлерінің ұзап кеткенін байқамай қалады да қалың жаудың қоршауына түседі. Қазақ сарбаздарынан көз жазып қалған екен. Таудың бір жартысының етегіне келгенде арт жағынан сілтенген салт атты жау шоқпары басына қарақұсынан тиіп, атынан ұшып түседі. Арғы жағын өзі білмейді. Бір кезде есін жиса, шұқанақ жерге құлаған екен, аты жанына келіп иесін иіскеп тұр, айнала тұман. Алыстан айқай естіледі.
Есін жиып, атына мінеді де айқай шыққан жаққа шабады. Сөйтсе өз сарбаздары жауды жеңгендеріне масаттанып айқайлап тұр екен. Бөкең болған жайды аңғарса, қашқан жау келесі бір жотаның асуына ұмтылып барады екен.
– Неғып тұрсыңдар! Жау анау асудан әрі асса, өз адамдарына қосылып күш алып кетеді. Жібермеңдер, қырыңдар! – деп айқайлайды. Басы зеңіп, шайқалақтап кетсе де қылышын аспандата көтеріп: «Ошыбай, Ошыбай!» деп ұран тастайды.
Сөйтіп шүршіттермен болған айқасты әлгі асумен аяқтап, жеңіске жетеді. Халық әділ ғой, кейіннен әлгі айқастың шешуші кезеңі болған тауды «Бөкенбай тауы» деп, жеңіске жеткен асуды да «Бөкенбай асуы» деп атаған екен. Сол жерді халық әлі күнге солай атайды. Кейде «Бөкенбай жотасы» делінеді.
Бөкенбай батырдың ерліктерін бағалап, Көшебе керейден шыққан Дәстем сал Карабасұлы, Жанкісі мен оның үлкен баласы Салғара ақын өлеңдер мен дастандар жазған. Керей ақындарынан басқа Бұқар, Үмбетей, Тәттіқара және үлкен Жанақ Төлекұлы, Көтеш Райұлы, Шал Құлекеұлы, ақындар Бөкенбай Мамаұлының ерліктерін жырға қосады. Өкінішке орай Бөкенбай батырға арналған қисса-дастандар біздің заманымызға дейін сақталмаған. Басты себеп, ауыз әдебиеті білгірлерінің көптеген үлгілерінің қағаз бетіне түсірілмегендігі.
Батыр қартайған кезінде Түркістандағы Әзірет Сұлтанның мазарына үшінші рет барып түнеп, сол жердегі мешіттегі пірге сәлем беріп қайтқан көрінеді. Сол соңғы сапардан қайтып келе жатып, Қызылжар шаһарына бір күндік жер қалғанда ауырып қайтыс болады. Қасындағы нөкерлері батырды қайтар алдындағы өсиеті бойынша арулап жуып, қазіргі Қызылжардан жеті шақырым жердегі Бескөл деген қоныстың дәл жанындағы ескі керей бейітіне жерлепті.
Үлкен жорық жолынан өтіп, бар саналы ғұмырын ел қорғауға бағыштаған Бөкенбай батырдың ұрпақтары да осал болмаған. Дәлірек айтсақ, Бөкенбай батырдан Сүйіндік, Сағындық, Таймас, Айбас, Мөнек, Қойбас, Байбағыс. Сүйіндік, Сағындық, Байбағыс үшеуі батырлық құрған. Үш батырдың үшеуі де естектерге қарсы соғыста ерліктер көрсеткен, қазақ жеріне рұқсатсыз қоныс салмақ болған орыстарды қуып тастап отырған.
Башқұрттар мен қазақтар шекаралас болған ғой. Орыс патшалығы башқұрттарды қазақтарға айдап салып, барымта алдырып, қақтығысқа итермелеп отырған. Сүйіндік, Сағындық, Байбағыс батырлардың соғыстары сол әділетсіздікке қарсы қарымта қайтаруға бағытталған. Бөкенбай батыр ұрпақтарынан шыққан батырлардың ең соңғысы Кежің. Ол Сүйіндіктің Таңдай сұлу есімді нақсүйерінен туған. Кежің батырдан Құдабай туады, бірақ одан ұрпақ қалмаған.
Сүйіндік батырдың екі әйелі болған. Тоқалынан: Маңдай, Байдалы, Байтоқа, Қаратоқа. Қаратоқа Сибан керейден Есеней аға сұлтан болып сайланғанда, соның бас биі болып тағайындалады.
Сағындық батырдың бәйбішесінен Әтек, Шолық, Қодар, Төмтекей. Төртеуі де өзгеден айтарлықтай артықшылықтары жоқ адамдар екен.
Сағындық батырдың Салиқа есімді жас тоқалынан Тәуке туады. Қазақтың ұлы ханының атын иемденген ол ойға ұтқыр, сөзге шешен әрі дәулетті адам болыпты. Сондықтан болар, Сағындық балаларының ауылы кейіннен «Тәуке ауылы» атанып кетеді. Бұл ауыл ақарлы-шақарлы үлкен ел болған. Тәукенің өзі бір ғана некелі. Мәлік атты бәйбішесі он құрсақ көтерген. Ержеткені екі-үш қыз, төрт ұл. Ең үлкені Ораз пірадар адам болған. Міне, осы Ораздан Нарынбай, одан белгілі ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораз туады. Нұрғожаұлы Нұрай ғалым, мемлекеттік жүйеде қызмет атқарады. Нұрғожақызы Салтанат медицина ғылымының докторы.
Біз бұл мақаланы қолымыздағы төрт шежіреге және Бөкенбай батырды, әкесі Мама батырды жырлаған дастандар мен арнауларға сүйеніп жаздық. Әрине, тарихи материалдармен салыстырып қараған жерлер де баршылық. Шежірелер десек: көрнекті фольклоршы, шежіреші Қаратай Биғожинді, Исахмет қари мен Тілегенов Шәйіннің шежірелерін айтар едік. Исахмет қари Уәзифа медресесінде оқыған, Құранды жатқа білетін, араб тіліне, оның тарихына жетік адам, әрі қазақ шежіресі мен тарихының да қоймасы тәрізді адам болған. Шәйін ақсақал революцияға дейін елінде бала оқытқан ұстаз. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында «Шәйін ағай» атты тарау бар, сонда ол кісінің шежірешілдігі айтылады. Сәбең өмір бойы ол кісіні құрметтеп өткен. Келесі бір шежіреші Ыбырайдың Қажығалиы да өмірін ұстаздыққа арнаған адам, көбіне мектеп директоры болған, Төртінші шежіре Бөкенбай батырдың төртінші ұрпағы Нарынбай (93 жас жасаған адам) қарттың айтуымен хатқа түскен. Сол тәрізді мақала ішінде аттары аталып, жырларынан үзінді келтірілген ақындар, жыраулар сөзі мақаламызға тиек болды.
Қойшығара САЛҒАРА, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,тарихшы, ғалым,
Амантай ЕСІЛБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.