31 Желтоқсан, 2010

Өнегелі істің өрісі

584 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жаңа жылдарыңызбен! Қысқы және көктемгi мезгілдерде республика тұрғын­дарын жаңа көкөнiспен, жеңсік жемiс-жидекпен қамта­масыз ету мәселесі өте ауыр тиетіні анық. Қазақстанда көкөністі жылыжайда өсіру бизнесі әлі қанатқақты дең­гейде, сондықтан жердің әр гектары болсын қа­быр­шақпен немесе қандай да бір басқа материалмен қорғалуы – хал­қымыздың денсаулығы үшін пайдалы қоректенуінің тағы бір жолы деп санауға болады. Әр адамның күнделікті азы­ғында көкөністердің көп болуы қажет. Бұл туралы сандаған ең­бек­тер де жазылған, әлі де жа­зыла береді. Дұрыс емес тамақ­танудан әрі жеткіліксіз немесе сапасыз тамақтанудан дәрумен­дер­дің ағзаға түсуінің бұзылуы иммунитеттің нашарлауына яғни әр түрлі ауруларға шалдығуына әкеліп соғары сөзсіз. Әрине, дұрыс тамақтану ережесін әр адам біледі, бірақ мәселе тек білгенде ғана емес мүмкін­шілігінде де. Көпшіліктің кірісін есепке ала отырып бағамдасақ, кез келген адам қысқы мезгілде сапалы көкөністер мен жемістерді сатып ала алмайтыны рас. Өйткені көкөніс пен жемістің ба­ғасы өте қымбат. Мысалы, «Қаз­АгроМаркетинг» АҚ деректеріне сүйенсек, республика бойынша ағымдағы жылдың желтоқсан айы­ның басында қызанақ пен қиярдың бір килограмының орташа бағасы 230 – 260 теңге болды, іс-жүзіндегі тәжірибе бой­ынша, бұл түпкілікті баға емес деп айтуға болады. Ең өкініштісі, осы азықтарды сатудан түскен қаржы Қазақстан экономикасына емес, керісінше басқа елдердің қор­жынына құйылып жатыр. Себебі, Қытай, Өзбекстан сияқты елдер жылыжайда өсірілген кө­көніс­тер­дің негізгі импорттау­шы­сы болып отыр. Олар, өз өнім­дерінің жоға­ры сапалы болуына әрқашан кепілдік бере алмай­тын­дығы жасы­рын емес. Игілігімізге орай, қазіргі таңда мемлекетіміз азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мәселесін шешуде, бұл өз кезегінде қордалы топырақта көкөніс өсірудің да­муына оң әсерін тигізеді. Аталған өнім өсірудің дамуында «Қаз­Агро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ аса маңызды рөл ойнайды. Қор 2008 жылы республи­ка­мыздың оңтүстік аймақтарында шағын жылыжайларды салу мен пайдалану бойынша жобаларды несиелеу бағдарламасын енгізу есебінен аталмыш өнім өндіруге белсенді қатысты. – Біріншіден, Қордың басты мақсаты – ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруашылығының ша­ғын өндірушілерін қолдау болып табылады, осы есеппен шағын жылыжайлар салуды несиелендіру бағдарламасы енгізілген бо­латын. Негізінде шағын жылы­жай­лар туннель немесе арка тү­рін­дегі, гелиқабыршақпен немесе поликарбонатпен қапталған, жал­пы көлемі 500,0 ш.м. жерді ала­тын ғимараттар. Бір вегетациялық маусым ішінде өнім өндірушілер әр шаршы метрден орташа 5-7 килограмм қызанақ немесе қияр жи­найды, – дейді Несиелендіру де­партаментінің бастығы Медет Тоқпай. Аталған бағдарламаның орын­далуы аясында Қор 230 млн.тең­геден астам сомаға 117 жобаны несиелендірді. Енгізілген қуатты­лықтар Қазақстанның көкөніс на­рығын жыл сайын 490 тоннамен қамтамасыз етіп отыр. – Бағдарламаны орындау кезінде Қор көптеген мәселелерге тап болды: олар – қарыз алу­шылардың жеткілікті кепілінің, шағын жылыжайларды тиімді түр­де қолдану үшін қажетті инф­рақұрылымның, қорғанған топы­рақтағы көкөніс өсіру тәжіри­бе­сінің болмауы. Қор аталған мәсе­лелерді түрлі жолдармен шешті, 2010 жылы аталған қызметті не­сиелендірудің жаңа тетігін енгізу шешімі қабылданды, – дейді Медет Тоқпай. 2010 жылы Қор осы жұмысты жалғастырды және жаңа тетігін қолдана отырып Оңтүстік Қазақ­стан, Жамбыл және Алматы об­лыстарының ауыл шаруашылығы өндірушілеріне лизингке инфра­құ­рылымдық кешенмен қоса ша­ғын жылыжайлар берілуде. Бұл барлық ауыл шаруашылығы өн­ді­рушілерінің алдында өткір тұрған кепілдікті қамтамасыз ету мәсе­лесін шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, республиканың көкөніс нарығын молайту мәсе­ле­сін шешу үшін бағытталған кө­к­өніс­тердің концентрациясы мен оны әрі қарай тарату. Шағын жы­лыжайлар көлемі 9,0-10,0 га жерде орналасқан. – Шағын жылыжайлардың жал­­пы саны 250, әрбір шағын жы­лы­жай шамамен 500 ш.м. болады деп есептегенде, шағын жылы­жайлар жалпы көлемі 12,5 га жерде ор­наласатын болады. Үш кешеннен күтілетін өнім шығыны жыл сайын 2,5 тонна болады, – дейді Медет Тоқпай сөзін түй­ін­деп. Бұл жоба жер телімдерін берген және аталған кешендерге қа­жетті коммуникацияларды тарт­қан облыс әкімдіктерімен тығыз байланыста жүзеге асырылып отыр. Қорытындылай келсек, өнеге­лі істің өрісі – даму институттары есебінен қаржыланып отырған жобалар ел үшін жалпы оң әсерін тигізеді, ал ол өз кезегінде ха­лықтың ахуалы мен материалдық жағ­да­йы­­ның жақсаруына алып келеді. Марат АҚҚҰЛ, Астана.