07 Қаңтар, 2016

Қайым-қиямет

1000 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
қайым мұхаметханов 001Естелік – өткен күннің есебі, бүгінгі күннің – жад еншісі, ертеңгі күннің елесі ғана емес, ол бір ғұмырдың мағынасын екшеу. Ұзынды-қысқалы ғұмырда кімнің қадірін кім білгенін қайдам, бірақ та Қайым Мұхамедханов сияқты дегдарлардың қадірі кетпей, келер келешекте де қайырылып ойға орала беретініне сенемін. Ғасырлық толайымы аталып отырған Қайым ант мезгілінде Мағжан бастаған алаштың бар зия­лысын аузына алып: «Көкбай, Көкбай! Көкбайға ие болыңдар! Тағы қандай сұрақтарың бар, балаларым? Ендеше, мен болдым. Шаршадым!» – деп сөзден қалған екен. Шаршаса – шаршатқан да шығармыз. Мен Қайым дегдардың қызығы мен қиындығын өзі көрген 88 жасының 27 жылының куәсі болыппын». Қай қызығы татиды сұм өмірдің, жақынды – араз, алысты – жат қыларға», – деп Абай айтқанындай, Қайымның қай қылығы қоғамына жақпағанын білгісі келген адам Мұхтар Әуезовтің басынан кешкен барлық тағдыр тауқыметін еске түсірсе, жетіп жатыр. Ол – Абайдың рухани қормалы, Мағжан мен Мұхтардың рух жасауылы, Көкбайдың рух қарауылы болып өмір сүрді. Егер ол сондай жанкешті рухпен өмір сүрмегенде, біз де оның рухына осыншама тағзым етпес пе едік, кім білсін. Абай мен Әуезов ойға оралғанда, Қайымның естен шықпайтыны да сондықтан. Абайдың ақындық мектебі, Абай шығармаларының текстологиясы, «Абай жолы» роман-эпопеясының тарихи не­гіз­дері мен жазылу тарихы, жырау­лардың шығармалары мен тарихи эпостардың мәтін­дері қақындағы зерттеулері қа­зақ әдебиеттану мен сыни пайым­дауларындағы классикалық үлгі­дегі алтын қоры болып табылады. Ол еңбектердің қадір-қасиеті әрбір көзіқарақты зиялы қазақққа танық та қанық. *   *   * Қайымның бар қазақтың өзі­нен бұрынғы зиялыларынан бір ерекшелігі, ол алғашқы қала интел­лигенті, сол кездегі ұғыммен айтсақ, қыр өміріне қатысы жоқ, көшпелі өмірден тыс, шаһар орамдарында ес біліп, ержеткен тұңғыш «қаратаяқ» толқынның басы еді. Семейдің тектісімен де, тентегімен тел өсіп, қалаға тән бар мінезді бо­йына сіңіріп ержетті, қала зия­лысы болып өмір сүрді. Кешегі Құнанбай мен Абай мінәжат еткен Тінібай мешітінің түбіндегі Мұхамедханның көк шатырлы үйінде туды. Шаһардың қазақ, татар, орыс, поляк, естек текті балаларына жатсына сіңіскен жоқ, солардың ішіндегі есті сот­қары, ақылды тентегі, «көше көсе­мі», мешіт мүриті, гимназия шәкірті, училище ұланы, инсти­тут түлегі және оқытушысы болып өмір майданына алаңсыз ара­ласты. Шындығын айтайын, мұны еш асылық демеңіз, ол кеңес өкіме­тін қашан құлағанша мойын­да­май өмір сүрді. Семейдегі «Алаш­тың мәдениет отауы» атан­ған Мұха­­мед­ханның шатырлы үйінен Ахмет Бай­тұрсынов, Әли­хан Бөкей­ханов, Міржақып Дула­тов, Ха­лел Ғаббасов, Жүсіп­бек Айма­­уытов, Мәннен Тұрғанбаев бастат­қан ел ағалары үнемі дәм та­тып, сұхбат құрды. Шәкәрім, Көк­бай, Иса, Әміре, Мұхтар, Мағ­жан, Сәбит Дөнентаев ол үй­дің өз ада­мындай еді. Бұлардың ішін­де Мұхтар, Әміре, Исадан басқа­ларының барлығы да халық жауы болып ұсталды. Ол Сұлтан­мах­мұт пен Мағжанның өлеңдерін, «Қорқыттың қобызын», «Батыр Баянды», «Молықбай бақ­сыны» оңаша отырыстарда дауыстап жатқа айтуынан бас тарт­қан емес. Сыбыршыл салпаң­құлақтардан сес­кенген емес, сыбысы шықса, сыбағасын беріп те алатын. Олар сон­дықтан да Қайымнан сескеніп жүр­ді. Киім киісі, пікір-пайымы, ұста­нымы, «жасынан түсін билеп, сыр бер­меуі» бекзаттықты танытатын. Ол үшін классикалық білім мен Алаш идеясынан басқа өмірлік мақсат болған емес. Бұл екеуіне дәл Семей шаһарында бұрын да, кейін де қазақ, татар, орыс арасында Пушкин мен Абайды, Толстой мен Шәкәрімді, Лермонтов пен Сұлтанмахмұтты, Блок пен Мағжанды үш тілде жарыстыра талдайтын жас оқымысты жоқ еді. М.Әуезовті оқытқан И.Г.Малахов пен профессор Нечаевтың: «Мұха­медханов жолдас Семейдегі қазақ интеллигентінің жұлдызы» – деуі де сондықтан. Бұл қайсарлық пен «рыцарлық мінез» әкесі бірінші рет ұсталған жиырмасыншы жыл­дардың соңында, өзінің айтуынша, «кекті намысқа» ұласыпты. Қандай қиыншылықты басынан кешсе де, сол үшін түрмеге қамалса да, осынау халық көсемдері жөнінде бір ауыз қиянат сөз айтпады. 1977 жылы қазан айында Қайым ағаға мені жетелеп әкелген де оның осы мінезі еді. Оған мына оқиға түрткі болды. Жиырма бес жастамын. Жыр жинақтарым шықты, алғашқы роман-новеллам да қағаз бетіне түсіп жатқан. Бірақ, Абай, Мұхтар, Алаш қайраткерлері туралы жиналған деректердің ығына қарағанда, шығармашылық жол айрығында тұрғанымды білдім. Ойымды үлкен көркем дүние бау­рап алды. Ұстазым әрі ағамдай етене Рымғали Нұрғалиев: «Енді қайтпа, Қайымға жолық», – деді. Ақылия Тұрағұлқызы туралы «Тұңғыш түлеу» атты естелік-сұх­батым «Лениншіл жас» газе­ті­не жарияланған-ды. Соның ішін­де: «Алашорданың қайраткері Тұрағұлдың аты аталды», – деп бір аса беделді лауазым иесі Орталық комитетті шулатып, ақыры газеттің бас редакторының орынбасары Сағат Әшімбаевқа түсініктеме жаздыртып, ескерту бергізіп тынды. Онымен қоймай, сол кездегі «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Ә.Мархабаевқа мені жұмыстан шығару туралы нұсқау бергізді. Басылымдарға жазылу жүріп жатқан науқан. Әбділхамит ұстазымыз: «Сен Семейіңе іссапарға жөнел. Содан Қызылжар арқылы Омбыңа бар. Ақыры сұранып жүрсің. Оған дейін өзі де тынышталады», – деді. Бірден Абай мұражайының директоры Төкен Ибрагимовке хабарласып, Семейге тарттым. Таңертеңгі сағат он бір мөлшерінде директордың кеңсесіне Қайым аға, одан кейін шежіреші, қызыл тілдің шешені, ақын Тәңірберген Әміренов келді. Әңгіме екінтіге дейін ұласты. Одан кейін ескі досынан бө­ліп алып, ескі Семейдің тарихи көше­лерін аралатып, Мұхтар қақында мен күтпеген тосын оқиғаларды айтты. Ұзақ әңгіме үзілмей, Кәкеңнің үйіне ілесе келдім. «Бағанағы материал мынау», деп сол жақтағы бөлмеге кіріп, қазақы сандықтың үстіне жиналған көрпенің ішінен бір кітапты суырып алды. Мен де ол бөлмеге сұғынып қалып ем, балаша қысылып «жүр, жүрлеп» үлкен бөлмеге жетеледі. Қонақ төрде отыруға тиіс десем керек, ұзын үстелдің басындағы орындыққа отырып едім, түсі суып: «Тұр. Бұл – Мұхтардың орны. Одан басқа ешкім отырмайды», – дегені. Қарама-қарсы орындыққа жайғастым. Бой жылынған соң: «Тұр. Отыр мұнда. Осы үйге келгендегі ендігі сенің орның осы», – деді Мұқаңның орнын нұсқап. Көзімнен жас ыршып кетті. Әрине, сүйініштен. Достыққа, інілікке, дәстүрге деген махаббатына, адалдығына, жан тазалығына, құрметіне сүйіндім. Жанарына шық тұнып: «Қара шалды сағындым», деп ақырын ғана сыбырлады. Ол осы бір ауыз сөзбен көп сырды аңғартты. Қайым ағаның сол лебі жусанның қышқылтым иісіндей аңсарлы өзімсінуі сана аңсарын ашып жіберді. Енді тікелей естелікке көшемін. Қайым Мұхамедханов: «Мұхтар біздің үйге жиырмасыншы жыл­дардың өзінде жиі келетін қадірлі қонақ еді. Отыз сегізінші жылы жаз айларында Семей қаласына келіп, екі ай бойы біздің үйде жатты. Сол жолы оның жан дүниесін жақын түсіндім. Інілігім сырластыққа айналды. Абай туралы деректерді бір жолы емес, одан бұрын да, бозбала шағынан тірнектеп жиып келеді. Бұрынғы сапарларында Шыңғыс елінің адамдарын, ақсақалдарын Семейге шақырып алып, сонда ұзақ әңгімелесетін. Онда жас кезім болса да құлағым түрік жүретін. Педагогикалық институттың соңғы курсында оқимын. Әдебиет тарихына ден қойып, өлең жазып жүрген кезім. Және Шыңғыстың шежіре қарттарын жақсы білемін. Сол себепшілік етті ме, бауырына баурай тартты. Абайдың туғанына 100 жыл толуы мерекесі қарсаңында «Абай­дың ақындық мектебі» атты кан­ди­даттық тақырыпты бекіттіріп берді. Мен іске кірісіп кеттім. Алай­да, мұның ащы сыбағасы алда екенін білмеппін. Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысына орай академик Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов өткендегі қателерінің шырмауында» атты әшкерелеуші мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланды. Содан бас­тап жеті жыл бойы қауіп-қатері желкемізден төнді де тұрды. 1947 жылы 2 тамыз күні осы газетте жарияланған «Се­мей әдебиетшілері» деп атала­тын мақала маған құрылған алғаш­қы тұзақ еді. Абайдың ақын­дық мектебі туралы менің жазған­дарыма дүрсе қоя беріп, тікелей саяси айыпқа көшеді. Онда: «Челкашты» аударған адам, мейлі, Абайдың туысы, жақыны болсын, ондай адамның бәрі прогресшіл, Абайдың шәкірті бола алған жоқ. Абайдың «Челкашты» аударған «шәкірті» Совет өкіметіне, партия­ға қарсы күрескен, соңынан әшке­реленген адам. Облыстық газет бұл мақалада оның атын бүрке­ме­леп, атамай кіргізіп, «прог­ресшіл еді, шәкірті еді» деп босқа лағып отыр. Абайдың бір шәкірті Әріп ақын дейді газет. Әріп патша чиновниктерінің, қазақ байларының мүддесіне қызмет еткен атышулы тілмаш, өмір бойы Абайға қарсы пікірде болған, үнемі бақастықпен өткен адам… Абайдың енді бір шәкірті «Еңлік-Кебек» поэмасын жазып еді дейді. Бірақ Абайдың бұл «шәкіртінің» атын газет дәл айтудан қаймығып (?) басқа біреуге бұра салыпты. «Екпінді» газеті оны қаншама бүркегісі келсе де «Еңлік-Кебек» поэмасын жазған адамды әдебиеттен сауаты бар адамның бәрі біледі. Ол соңынан қолына қару алып, Совет өкіметіне қарсы күрескен қас дұшпан!.. Облыстық газет осыны Абайдың шәкірті еді, прогресшіл адам еді деп саяси сауатсыздықтың шегіне жетіп отыр… Ішінде азиялық, түріктік бағыттың шеңберінде болған адамдар да бар. Газет осы «шәкірттердің» бәрін сапқа қойып, «жаңашыл, прогресшіл әдебиет өкілдері» деп бәріне бір ат қояды. Міне, Семей «әдебиетшілерінің» бірі Қ.Мұхамедхановтың қаламынан шыққан және редакцияның қа­был­дап жариялаған «ғылыми мақа­ласының бірі осындай», – деп әрі қарай кекетіп-мұқата жөнеледі. Қойшы, сонымен 1951 жылы 7 сәуір күні Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми кеңесінде «Абайдың ақындық мектебі» деген тақырыптағы диссертациямды қорғадым. Кеңестің төрағасы М.Сауранбаев, оппоненттері Сильченко мен Әуезов, талқылауға қатысқандар: Қ.Жұмалиев, Тас­тан­беков, С.Нұрышев, Е.Бек­ма­ханов, С.Аманжолов, Балқашев, Усанович, Тұрғамбаев, Б.Сүлей­менов, М.Ғабдуллин, т.б. Оппо­ненттердің пікірінен соң сөз алған Қ.Жұмалиев: «Қызық, диссертант Әуезовтің бұл қателігін қатты сынаудың орнына оның жетегінде кеткен. Ал Әуезов жас ғалымға дұрыс бағыт берудің орнына, ғылыми Кеңестің алдында оған ғылыми дәреже беруді ұсынады... Бұл диссертация ғылымға қарсы ұстанымда жазылған. Мұнда Кенесары Қа­сымовты әспеттеген ақындардың шоғыры топтастырылған, пантүр­кизмнің, панисламизмнің идеяларын жаңғыртады, өзінің көзқарасы жағынан халыққа қарсы, жат ақын­дарды ақтауға тырысады», – деп мені де, жетекшімді де, оппо­нентерді де, Көкбай, Әріп, Тұра­ғұлды да жерден алып, жерге салды. Ал әйгілі керазу С.Нұрышев: «Әуезов, Абай мектебі дегеніміз – бұл негізінен араб-парсы әдебиетінің ықпалының негізінде қалыптасқан шығыстық софылық мектебі деп қарайды», – деп сыңарезулей жөнелді. Ақыры М.Әуезовтің өзі екін­ші рет мінбеге көтеріліп, диссер­тацияның ғылыми мәнін түсіндіре келе: «Сіздерді бұл қырқылжыңға итермелеп отырған ғылыми мүдде емес, 12 жыл бойы адал және байыпты зерттеу жүргізіп, бүгін Ғылыми кеңестің алдында қорғауға шығып отырған жас ғылыми қызметкерді мұқату пиғылы. Ол сөзсіз алғыр ғылыми қызметкер, талантты және ұқыпты зерттеуші. Оның қатесі де бар шығар, бірақ оны сіздер түзете білулеріңіз ке­рек, біздің партиялық принцип дегеніміз қайда, ғылымның мүд­десіне объективті түрде қа­райтын ғылыми көзқарас қайда? Сіздер Абайды шәкірттерінен бөліп тас­тағыларыңыз келе ме, сіздер Абайда ешқандай шығыстық нышан мен қайшылық жоқ дейсіздер ме?.. Жоқ, сіздердің бұл әрекеттеріңіз ешқашан да жүзеге аса қоймас! Сіздердің бұл сыңарезулеулеріңіз ғылыми мәселені, диссертацияны талқылаудың шегінен шығып барады. Сіз екеуіңіз осы диссертацияға зиян келтіру арқылы Әуезовті мұ­қат­қыларыңыз келіп, алдын ала қамданып келгенсіздер, ал бұл дегеніңіз барып тұрған жікшілдік, одан басқа ештеңе де емес!»,– деп олардың бетін қайырды. Бұдан кейін абайтану ілімі мен Абайдың ақындық мектебі мәселесі Жазушылар одағының партия ұйымы мен қалалық партия ұйымының 1951 жылғы 13 мау­- сым күнгі біріккен мәжілісінде және 20 маусым күнгі Ғылым академиясы мен Жазушылар одағы бірігіп өткізген жиналыста шұғыл да шөгел талқыланды. Сонда Әуезов: «Бірақ сілейтіп (охаивания) салу тұрғысынан болып жүрмесін»,– деп реплика тастапты. Жазушының шыдамсыздық көрсетуі тегін емес еді. Осының алдындағы Кенесары туралы тал­қыда қазіргі жиналыс жүргізу­ші­нің өзі ескертіп өткендей, алаңы мол пікір ұсынған болатын. Онда Қ.Жармағамбетов: «Диссертация қорғаушы Қ.Мұ­ха­­­­мед­­ханов Абай мектебінің шә­кірт­­­­те­­ріне балаларының іші­нен Ақыл­­бай мен Мағауияны, дос­та­­ры­ның ішінен Көкбай мен Әріп­ті, тағы басқаларды қоса­ды. Осы шәкірттердің шығар­ма­шы­лы­ғын талдай келе диссерта­ция авторы: «Абай үнемі оларға тақырып ұсынып отырды, шығар­машылығына күнделікті көмек көрсетіп отырды», дейді. Менің ойымша, біздің әрқайсымыз осы күн­ге дейін нәр алып жүрген бүкіл қазақ әдебиеті классигінің шәкірт­терінің қатарынан балалары мен діндар-реакционерлерді алып тас­тасақ, одан оның беделі кемімейді», – деді. С.Нұрышев Абайдың ақындық мектебі деген маркстік, лениндік, сталиндік ілімге қарсы тас-талқаны шығарылып талқандалған қылмыстық тұжырымдаманың тамырын мәңгілікке отап тастауымыз керек. Оны қазір халық жауы ретінде әшкереленіп, ғылыми дәре­жесі алынып тасталған Қайым Мұхамедханов сияқты шәкірт­тері арқылы өткізіп жіберуге ты­рыс­қан. Сөйтіп, қоғамдық ойды адастырғанАбай мұражайына жал­ған деректер мен мұрағаттар жинау арқылы халық жауларының идеясын насихаттаған деген маз­мұнда айып тақты. Қ.Жұмалиев: «Мұхамедханов­тың дис­сертациясында… бірінші оппонент ретінде Әуезов сөз алды, ол бұл жұмысты өте мақтап, аспанға көтерді. Мен бұл диссертацияны бізге жат ұлтшыл, панисламистік идеяны көпе-көрінеу өткізіп жіберу деп есептеймін. Неге? Біріншіден, Абайдың шәкірті ретінде Тұрағұлды ұсынады, ал ол болса кезінде халық жауы ретінде Қазақстан территориясынан қуыл­ған болатын. Диссертанттың пікі­рі бо­йынша Абайдың екінші шә­кірті – коллективтендіруге қар­сы шығып, Шыңғыстауда қару­лы бандылар көтерілісін басқа­рып жүргенде қызыл армия бөлім­дерімен атыс кезінде өлген Шәкә­рім Құдайбердиев екен. Мұхамед­ханов Абайдың ең жақын досы және талантты шәкірті – аса ірі дін өкілі, ірі феодал, орыс­тарды, өзбектерді, қырғыздарды және қазақтарды қырған, бүгін партия мен кеңес бұқарасы әшкерелеп отырған Кенесары мен Наурызбай туралы дастан жазған Көкбай еді, деп есептейді. Дастанда Наурыз­бай кімді өлтіреді? Орыстарды. Кімнің қаласын өртке орайды? Орыстардың. Көкбай Кенесарыны неге мадақтайды? Бір жолда 99 өзбекті өлтіргені үшін. Қасы­мов­тарды ақын не үшін мақтайды? Қырғыз бен қазақ елінің бейбіт тұрғындарын қатыгездікпен аяусыз қырғаны үшін». Міне, Әуезов кімді Абайдың шәкірті, досы, халық ақыны деп есептейді. Әуезовтің осы пікірімен келісеміз бе? Жоқ, ешқашан да. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Мұхамедхановтың еңбегі тура­лы пікірінде диссертанттың: Абайды Гаспиринскийдің, Ауғанидің, Ғабду­кудің және басқа да таза па­нис­­ла­мистердің идеялық жалғас­тыру­шысы ретінде көрсеткен пан­түркістік, панисламистік мақа­ласына жасаған сілтемесімен ымы­­раластық білдірді... «Алаш­орда­ның» көсемдерінің бірі Жұма­баевтың шығармасынан үзінді кел­тірген. Бұл Әуезов үшін масқара жағдай». С.Мұқанов «Еңлік-Кебек» ешқайда сақталмай, тек, Мұха­медхановтың айтуынша, Мұхтар­дың Семейдегі архивінен табы­лыпты-мыс. Ол не қылған архив? Және ол архивті 1934 жылғы мақа­ласына дейін Әуезов жолдастың өзі неге білмеген?!. Одан бұрынғы мақалаларында неге атамаған?!. Бұндай бандиттің шығармаларын біз талқылап жатпаймыз. Екінші – Тұрағұл. Жақсы көретіндердің еркелетіп қойған аты – Тұраш. Абайдан туған бала болғанымен, бұл да совет қоғамына жат, жау кісі. Ол да «Алашорда» партиясының ардақты адамының бірі болып, «Сарыарқа» газетіне cовет өкіметін жамандап мақала жазған. 1928 жылы cовет өкіметінің ерекше декретімен, қазақтың бес жүз бай-феодалдарының мал-мүліктері кон­фискацияға алынғанда, Тұрағұл да сол тізімде болған. Осындай жолда өлген адамды да 1951 жылға дейін Әуезов жолдастың, оны қуаттап Жиреншин, Мұхамедханов жолдастардың дәріптеуіне қайран қаламыз!». Бұдан әрі шешендердің сөз­дерін келтіріп жатпаймыз. Тікелей жауапқа жүгінеміз. М.Әуезов: «Енді Абай мектебі мен оның шәкірттері туралы мә­селеге тоқталайын. Тоқтала отырып: баяндамашы бұл мәселені күн тәртібіне дұрыс қоя алмады, яғни баяндамашы Мұхамедхановтың Тіл және әдебиет институтында қор­ғаған диссертациясы кезін­дегі жанығу мен даңғазаны қай­та­лай жаңғыртуға тырысқанын мәлімдеймін. Әйтпесе, алпыс жыл өмір сүрген Абайдың өз орта­сын қалыптастырғанына күмән­дануға бола ма? Меніңше, бұған күмәндануға болмайды». Ғылымда ізі де, еңбегі де, аты да қалмаған С.Нұрышев сияқты қара сүйел жандар Әуезовтің со­ңына шырақ алып түсіп, барлық жаланы үйіп-төгіп: «…Жоғарыда келтірілген дә­лел­дер М.Әуезовтің әдебиет­та­ну­шы ретіндегі ұсқынын то­лық әшкерелеп береді, бұл оның 30 жыл бойы әдебиеттану сала­сын­дағы әрекетінің саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтан құрала­тындығын көрсетеді… Өзінің қас­тандық идеялық позициясын нығайта түсу үшін М.Әуезов қазақ әдебиеттану ғылымына өзінің ғылымға қарсы «концепция­сын» сіңіруге тырыс­ты. Осы мақсатқа жету үшін ол «Абай­дың әдеби мектебі» туралы Қ.Мұ­ха­­мед­хановтың диссертация­сын сон­дай ұқыптылықпен дайын­дады, мұн­да Әуезовтің өткендегі қателіктері мен қасақана бұрмалаушылық көзқарастары тұжырымды түрде түйінделіп берілген. Диссертация ашық және бүркемеленіп берілген антимарксистік материалдарға сықап тұрған болып шықты. Алайда бұл жолы Әуезовтің жолы болмады. Мұхамедхановқа ғылыми дәреже беруі туралы шешім қа­былдаған ғылыми кеңестің ұйға­рымы бойынша оның иесі халық жауы ретінде әшкереленді. Осы диссертацияның тарихи төңірегінде ұстанған Әуезовтің позициясы оның бет-бейнесін ашып берді. Ол мұн­дай зиянды жұмыстың идея­лық шабыттандырушысы мен жетекшісі ғана болып сөйлеген жоқ, оның нағыз қорғаушысы да болды. М.Әуезов диссертанттың әрі жетекшісі, әрі оппоненті мін­детін бірдей атқарды. Ол оны (Қ. Мұхамедхановты – Т. Ж.) Әдебиет және өнер институтының секторында да, институттың Ғылыми кеңесінде де және Қаз ССР Ғы­лым Академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің біріккен ғылыми кеңесінде диссертация қор­ғаған кезінде де жақтап сөйледі. Міне, бұл М.Әуезовтің дәл осы жау­лық пиғылдағы диссертацияны дайын­дағанында және оны сүйреп алып шыққандығында оның жеке басының аса мүдделі болғандығын айтпай-ақ байқатады. М.Әуезов тек қана аса ауыр қателіктері мен бүл­дірушілігі үшін ғана айыпты емес, сонымен қатар, дәл осы пиғылының насихатшысы болғандығы үшін де айыпты. Өйткені, ол өзінің айналасына ылғи да идеялық тұрғыдан тұрақ­сыз, сая­си көзқарасы соқыр адамдарды топтастырып келді және қазір де топтастырып жүр», – деп өршелене өрекпіді. Ал Қажым Жұмалиев диссер­тацияның қорғалу кезінде: «Абай­дың ақындық мектебі деген жоқ. Ол Әуезовтің айтқаны. Қ.Мұ­ха­медхановтың жазғаны сандырақ. Арандатушы халық жауы ретінде әшкереленсін – (біз стенограмманы жұмсартып келтіріп отырмыз)», – деп екі рет қатарынан үкім шығарды. Қ.Жұмалиев пен С.Нұрышевтың пікірлерінен Қайымның сескен­- б­еуін өтінген профессор Усанович: «Жас ғалым, бұл сіздің өміріңіздегі ең жауапты да, бақытты сәт. Күн­дердің күнінде ондаған ғылым кандидатын дайындаған қартаң тарт­қан ғалымның бұл сөзін есіңіз­ге алып жүргейсіз, мен сіздің дис­сертацияңызбен танысып шығып, мынадай жөн сілтеймін: зерттеуіңіз өте құнды, ғылымға қосылған үлкен үлес болып табылады. Тек жасымаңыз, қайтпаңыз», – деп қорғау үстінде батасын берді. Қазақ ССР Ғылым Академиясы мен Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның Президиумы арнайы қаулы қабылдап: «1951 жыл көкекте Қазақ ССР Ғылым академиясының гуманитарлық біріккен ғылыми кеңесі Қ.Мұхамедхановтың «Абай­дың әдеби мектебі туралы» деген саяси зиянды диссертациясын қабылдап, оны қорғауды жүзеге асырды. Бұл диссертация­да совет өкіметі дәуіріне дейін өмір сүріп, оның бас жауларына айналған бур­жуазияшыл-ұлтшылдар да ­Абай­­дың «шәкірттері» деп ма­дақ­­талады», – деп бағаланып, Қайымның ғылым кандидаты атағы алынып тасталды. 1951 жылы 11 желтоқсанда Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылып, ісі тергеуге берілді. *   *   * Міне, Қайым Мұхамедханов Алматыға сыймай кетіп барады. Құшағымызды айқара ашып қарсы алып ек, енді басымызды төмен салып Семейге шығарып салып тұрмыз. Қолдан келер қай­ран жоқ. Үйренген ұясына ұшып бара жатқан кәрі қыран сияқты. Көріскенше! Тек сала­уат ре­тінде айтарым, әкімдерден көңіл қалған заман ғой. Семейдегі қос оқу орнының ректорлары – шәкірттеріңіз ғой. Араб Сіләмұлы Еспембет пен Ерлан Бәтташұлы Сыдық екеуі біліміңізді дұрыс пайдаланар, Абайдың қара шаңырағы – Абай мұражайының бас директоры Төкен Ибрагимовтің үнемі қаперінде боларсыз, – деп аманат етемін. «Алматының менмендігін кешіріңіз, Қайым аға!» Иә, осылай болғаны рас еді. Дәл қазір осынау жалған ты­ныш­тықтан ұшықтап оятатын, бой­күйез тартқан тәнді тітіркендіретін бір жасын оты керек. Руханиятты мәңгілік өлтірмейтін Әбілхаят суынан – «жасынның тұнығынан қанып ішкен» өр рухты тұлғалар арамызда бар. Соның бірі – аты әдебиеттің ғана емес, тәуелсіздігіміздің тарихында қалатын қайсар ғалым – Қайым Мұхамедханов. Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы.