22 Қаңтар, 2016

Халық қалауына қапысыз қадам

379 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

IMG_0226Халық пен елдің игілігі үшін

Дүние дидарын дағдарыс тұмшалап тұр. Бірақ, оның біздің елге әсері болмауы үшін алдын ала іс-шаралар қолға алынып отыр. Елбасы кешегі халыққа арнаған үн­деуінде халықаралық ахуал­дың күрделеніп, елдер арасындағы қайшы­лық­тардың ұлғайып, санк­циялық текетірестің күшейе түскеніне тоқтала келіп, «Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар, ол мақсат –халық пен елдің игілігі! Бәріміз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, бар күш-жігерімізді жұм­саймыз. Біз бірлесе отырып, бүгінгі заман алдымызға тосып отырған барша қиындықтар мен сын-қатерлерді мін­детті түрде еңсеретін боламыз», – деді. Иә, біздің алдымызда үлкен мақсат бар. Ол –дағдарыстың дауылына қарсы тұра білу, сөйтіп, елдің өркендеуі мен гүлденуін одан әрі жасампаз істермен жалғастыра беру. Бұл біздің еліміз үшін алынбайтын асу емес, қол жетпес биік емес. Өйткені, біз тәуелсіздіктің 25-ке таяу жылында талай қиындықты еңсердік, елімізді әлемге жаңа қырынан –өркениетті, демократиялық мемлекет ретінде таныта алдық. Жаңа технологиямен жұмыс істейтін зауыт-фабрикалар ашылып, көлік және теміржол тармақтары жаңғыртылды. Тіпті алыстағы ауылдар да еңсе тіктеді. Елімізде бұрын-соңды кездеспеген жаңа өнімдер шығарылып, жаңа мамандықтар игерілді. Әлемдегі озық технологиялар өндірістің әр саласына енгізіліп, сол технология­ларда жұмыс істейтін бәсекеге қабі­летті мамандарымыз шетелдің таң­дау­лы университеттерінде білімін жетіл­діруіне жол аштық. Қазақтың жерін баянды мекеніне айналдырып, тәуелсіз Қазақстанды ешбір елмен алмастырмас Отанына балаған сан алуан этностардың тату­лығы мен ынтымағы жаһан жұр­тының қызығып та, қыз­ғанып қарайтын үлгісіне айналды. Ел экономикасын өркендетудегі жасампаз істерге шағын және орта бизнестің өкілдері де, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер де өзінің үлесін қосып келеді. Дегенмен, барша қазақстандық өзінің азаматтық жауапкершілігін жете сезінуі тиіс. Бұл, әсіресе, қазіргі заман алдымызға әлемдік қаржы дағдарысы секілді қиын­дықтар мен түрлі сын-қатерлерді тосып отырған сәтте аса маңызды бола түседі. Әсіресе, жас буынның жүре­гін­дегі отаншылдық сезімнің мөлдірлігі мен елге адал қызмет етудің жарқын үлгі­сін көрсетер сәтімен ұштасып жатуы тиіс. Әрине, жас ұрпақты отаншылдық сезімге баулу, сонымен бірге, елдің бір­лігі мен ынтымағын одан әрі нығайта беру – баршамыздың міндетіміз. Әсіре­се, алдағы Парламент Мәжілісі мен мәс­лихаттардың кезекті сайлауында да біздің бірлігіміз бен ынтымағымыз таны­лады, қуатты мемлекетіміз – Қазақ­станы­мыздағы демократиялық даму үрді­сін жаңа биікке көтеретінімізге сенім­дімін. Өйткені, біздің мақсатымыз бен мүддеміз де, таңдауымыз бен аңсары­мыз да – «Мәңгілік Ел». Біз осы идеяға топтастық, демек, халық пен елдің игі­лігі үшін барлық қиындықты еңсе­реміз, барлық биікті бағындыра аламыз. Бейбіт МАМРАЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Уақыт талабы туғызған үдеріс

Мемлекет бас­шы­сының Парламент де­путаттарының Мә­жілісті тарату және Пар­ламент пен бар­лық деңгейдегі мәсли­хаттардың сайлауларын өткізу тура­лы бастамасын қол­дап, Жарлыққа қол қой­ғанын барша қазақ­стан­дықтар қуана қарсы алды. Қазіргі жаһандық дағдарыс барлық елді, тіпті, дамыған жетек­ші мемлекеттерді де қамтуда. Бүгінгідей бүкіл әлемде үлкен тол­қыныс тудырған аласапыран кезеңде жұдырықтай жұмылып, бір арнаға күш біріктірудің маңы­зы зор. Мемлекетіміздің алдында осындай үлкен міндеттер тұр. 30 елдің үдесіне көтерілуді мақ­сат еткен Қазақстан үшін қазір нағыз сын уақыты. Алға қарай жылжуымызға бе­сін­ші шақырылған Пар­ла­мент Мәжілісі зор үлес қосқанын ешкім жоқ­қа шығара алмайды. Дегенмен, өмір ор­нында тұрмайды. Уақыт талабы басқа. Жар­қын болашақ жолын­да тынымсыз ізденіс­тердің, тың күш­тердің, қарымды қадамдардың қажет екенін ескерсек, кезек­тен тыс сайлау өткізуден ұтары­мыз көп. Оның үстіне, үндеу­де айтылғандай, Мә­жіліс пен мәсли­хаттар сайлауын бір мезгілде өткер­сек, қар­жылық және ұйымдас­ты­рушылық жұ­мыс­тары жағынан да көптеген жеңіл­діктер туар еді. Сондықтан біз XXI ғасырдың жаңа сын-қатерлеріне жауап беру үшін қоғам болып топтасып, жаңа мемлекет құру жолында жұмыс істеуіміз қажет. Дәл осындай жауап­ты сәтте дағдарысқа қарсы іс-қи­мылдарды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігу – кезек күттірмейтін іс. Тия­­нақты шешімдер мен тындырым­ды тірліктер және, ең басты­сы, бере­келі ел бірлігі ғана түрлі эконо­микалық соққыларға қас­қайып қарсы тұруға мүмкіндік береді. Жаһандық дағдарыстың жаңа толқынын еңсеруге және Мемлекет бас­шысының мемлекетімізді жаң­ғыртуға серпін беретін Ұлт Жос­парын орындауға жаңадан сайланатын Парламент сүбелі үлес қосады деп ойлаймын. Бауыржан ИМАНҒАЛИЕВ, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.     АСТАНА.

Халық дұрыс қабылдады

Елбасы ел күткендегідей салиқалы сөзін айтып, заңнама талабына сәйкес тиісті тұлғалармен кеңесе отырып, төменгі палатаны тарату туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл қадамды халық түсіністікпен дұрыс қабылдады. Шыны керек, Елбасы Жарлығын зиялы қауым ғана емес, қарапайым жұмысшылар да елегізи тосқаны жасырын емес. Сол елдің ішкі ойын айтқызбай-ақ түсінгендіктен орталарына барысымен осынау қуанышты хабарды жеткізген едім. Сондықтан бұл қадамды еліміздегі саяси тұрақтылықтың бір жемісі деп бағалаймын. Ендігі мақсат – экономикалық дағдарыстан аман өту. Әлемдегі саяси ахуалды айтпағанда экономикалық дағдарыстың өзі күннен-күнге қиындап барады. Мұнайдың баррелі 28 АҚШ долларына дейін төмендеуі көп жайды аңғартады. Амал нешік. Бірақ қол қусырып қарап отыруды уақыт көтермейді. Қолда бар мүмкіндіктің бірі – біздің ауданымыздың аумағынан ашылған Құрғақ портты тиімді пайдалану керек. Бұл ретте елімізде мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес басталған жұмысты жалғаудың маңызы зор. Өз тәжірибеме сүйене отырып ойымды сабақтасам, өркениетті дамыған елдердегідей сан-сала бойынша инвестиция тарту арқылы дағдарыстан да өте шығатынымыз анық. Зерделесек, бұл қадамның да жолы ашылған. Тек ақылмен, аптықпай әрекет ете білу керек. Бүгінде жазиралы Жаркент жерінде де мемлекеттік саясатқа сай Ұлт Жоспарын жүзеге асыру жұмысы жүйелі түрде басталып, екпін алып келеді. Шағын ұжымымызда қалыптасқан еңбек ырғағы жалғасын тауып, алдағы көктемде басталатын үлкен жұмысымызға дайындық жүруде. Нақтылай түссем, Құрғақ порттың ашылуына орай салынатын өндіріс орындарының біріне инвестиция тартудың алғашқы қадамын жасап, өз ұсынысымызды тиісті орындарға жібергенбіз. Уақыты келгенде сол ұсыныс қаралып, оң шешім қабылданып жатса, біздің де еңбегіміз жанып қалар. Олай дейтінім, инвестиция тартумен шектелмей мемлекеттік саясатқа сай өндіріс орнын ашып, оған жергілікті халықты тартуды басты мақсат етіп отырмыз. Нәтижесін уақыт атты төреші көрсетеді.  Тасқын ЖАПАРҚҰЛ, «Ернар» шаруа қожалығының төрағасы.  Алматы облысы, Панфилов ауданы.

Келер күнге үміт мол

Парламент Мәжілісінің сайлауды кезектен тыс өткізу туралы үндеуі өзінің дер кезінде көтерілгендігімен көпшіліктің көңілінен шыққан болатын. Елбасымыз Н.Назарбаев мәжілісмендердің ұсынысын қолдап, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлауға келісімін беріп, арнайы Жарлыққа қол қойды. Бұл қазіргі таңдағы әлем елдерін елеңдетіп отырған жағдайларға қарап, депутаттардың сындарлы шешім қабылдауы болды. Әлемнің бірқатар елдеріндегі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер өздерімен интеграцияланған елдердің әрқайсысына ірілі-ұсақты ықпалын тигізетін болады. Біздің Президентіміз Н.Назарбаев халықаралық жағдайларды ескере отырып, Қазақстанның беріктігі мен болашағына жұмыс істейтін Бес институттық реформаны іске асыруды тапсырды. Реформаны жүзеге асыру үшін арнайы «Ұлт Жоспары» қабылданды. Мұның бәрі Қазақстанның қандай экономикалық жағдайларға да белін бекем буып, дайын тұруына жасалған қадам. Енді Елбасымыздың кезектен тыс Мәжіліс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қоюы көптің көкейіндегіні дәл басқан оқиға болды. Енді біздің алдымызда өз болашағымыз үшін, ортақ Отанымыз – тәуелсіз Қазақстанның бірлігі, берекесі үшін жалынды, жігерлі азаматтарды таңдау міндеті тұр. Мәжіліске лайықты депутаттарды сайлау жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға шақырамын.  Магомед ЛОРСАНОВ, «Вайнах» шешендер мен ингуштер этномәдени бірлестігінің төрағасы.  Маңғыстау облысы.

Жас парламентшілер көбейсе деген тілек бар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың сайлауын өткізу туралы халыққа жолдаған үндеуінде еліміздің болашағы жолындағы тұтастығымыз бен бірлігімізді тағы да танытуға шақырды. Осы орайда, шығысқазақстандық жастардың Елбасымен әрдайым бірге екенін айтқым келеді. Кенді Алтай жерінде жастар Президент бастамаларының төңірегіне топтасқанын айқын аңғаруға болады. Айталық, өңірдің белсенді жас­тары облыс орталығында Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Комсомол аралында «Бір ел – бір тағдыр!» атты ауқымды шара өткізді. Үш жарым мыңға жуық жастар жиналған акция аясында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Акцияның тұсаукесері болған хореографиялық композициялық қойылым еліміздің ертеңгі күнге деген сенімі мен жұдырықтай жұмылған бірлігін паш етсе, Тәуелсіздік мерейтойының құрметіне студент-жастардың флэш-моб акциясы мен 25 шақырымдық шаңғы жарысы өтті. Бұл шаралар А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада, облыстық драма театрында және өңіріміздің өзге қалалары мен аудандарында өткен шаралармен мазмұнды түрде жалғасып жатыр. Сондықтан, шығыс өңірінің жастары алдағы кезектен тыс Парламент Мәжілісінің сайлауына бір кісідей қатысады деп ойлаймын. Бұл сайлау 20 наурызға белгіленіп отыр. Күн мен түн теңелетін ұлық мереке парламенттік сайлаудың да мерекелік көңіл күймен өтетініне жетелейді деген сенімдемін. Себебі, еліміздің жас буыны халықаралық қоғамдастықтағы саяси һәм экономикалық дағдарыстардың жай-күйін жақсы түсініп отыр. Президентіміздің парасаты мен пайымына арқа сүйеген жастарымыз еркін елдің ертеңі жарқын болатынына сенеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен Ұлт Жоспарында белгіленген міндеттер мен межелерге жету жолында күш салуға құмбыл. Осы орайда, жаңа парламентшілер құрамында жастар ұйымдарының да өкілдеріне көптеп орын берілсе деген ұсынысымыз бар.  Арайлым ЕСІМБЕКОВА, Шығыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар орталығы» КММ директоры.  ӨСКЕМЕН.

Қолдау тапқаны қуантты

Елбасы Жарлығымен төменгі палатаның құрамы таратылып, жаңа Мәжіліс депутаттарының сайлауы белгіленді. Бұл жолғы халыққа арнаған үндеуінде не үшін осы сайлаудың қажет екенін де айтып берді. Кезектен тыс Мәжіліс сайлауын өткізу қоғам тарапынан да қызу талқылауға түсіп, нақты қолдауға ие болғанын көріп отырмыз. Президент депутаттардың бастамасын қол­дады. Жаңа бастамалар, идеялардың келуі саяси өмірдің де жаңарып, жаңғыруына жол ашады. Өйткені, Парламентті жаңартуға қоғам мен биліктің өзі мүдделі. Енді Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы және өңірлердегі кезекті мәслихаттар сайлауы 20 наурызда өтетін болды. Сондықтан, Елбасы депутаттар­дың бастамасын қазақ­стандықтардың тағ­дырына отаншылдық тұрғыда қамқорлық танытудың көрінісі деп атап өтті. Расында да, қазір ел жағдайы 1991 жылғыдай емес, «еңбекке шыңдалып, табысты қалыптасып, әлемге сыйлы мемлекет құрған біртұтас халыққа айналдық», деген салиқалы сөздер айтты. Қазір Ұлт Жоспары мен 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша практикалық қадамдарды орындау жұмысы басталды. Мысалы, ауда­нымыздағы 557 бірлік шағын кәсіпкерлік нысандарында 2501 адам еңбек етуде. Өткен жылы ауданда жаңадан 76 шағын кәсіпорын ашылды. Олардың 3-уі ЖШС, 31-і шаруа қожалықтары, 30 бірлік сау­да орындары және басқа да қызмет көрсететін 12 нысан бар. Ол қатарға кәсібін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлер қосылды. Осы жұмыстардың бастауында аудандық филиал қызметкерлерінің де үлесі бар. Ауылдарға жиі шығып, кә­сіпкерлікпен айналысудың қыр-сырын үйретіп, оларды қолдап отырған жаңа бағдарламалар, құжаттар ресімдеу және тағы басқа жайлар туралы кездесулер, семинар-тренингтер өткізіп отырады. Жаңадан кәсіп ашу – халық тұрмысын жақсарту үшін қажет. Кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бар. Кәсіпкерлерге аудандық филиал қызметкерлері көмектің барлық түрін ұсынуға әзір. Елімізде ша­ғын және орта бизнесті қолдау үшін көптеген бағдарламалар дайындалады, әртүрлі жеңілдіктер қарастырылды және отандық кәсіпкерлерге көп үміт артылды. Биыл жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды, ол – еліміздің ДСҰ-ға толық құқылы мүше болып енуі. Бұл ел дамуының негізі болып отырған шағын және орта кәсіпкерліктің экономикалық және әлеуметтік рөлін жетілдіре түсуде үлкен үміт, зор сенім туғызады. Өйткені, бизнес халықтың әл-ауқатын жақсартып, олар үшін ең бірінші қажеттілік – еңбекпен айналысуға мүм­кіндік береді, жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал, осындай кезде елімізге кәсіби, біліктілігі жоғары Парламент керек деген пікірлер дұрыс көтерілді. Енді жаңа­дан сайланатын Мәжіліс құрамына үлкен сенім жүктелетіні сөзсіз. Жаңаша ойлайтын депутаттардың қолдарынан іс келуінен ел де үмітті. Жуырда ғана «Егеменде» жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жобасында экономиканың, саясаттың және әлеуметтік салалардың барлық ба­ғыт­тарына қазіргі кезеңге сай анық және дәлелденген бағдар берілді. Нариман РАХЫМЖАНОВ, облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық бөлімінің басшысы. Ақтоғай ауданы, Павлодар облысы.

«Мәңгілік Ел» мұраттарына адалдық

2016 жылғы 20 қаң­тар Елбасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің V шақырылымының депу­таттарының өкі­леттілігін мерзімінен бұрын тоқтату жөніндегі Жарлыққа қол қойған және кезектен тыс сайлау өткізу белгіленген тарихи күн. Мемлекет басшысы осыған қатысты үндеуінде Мәжілістің өзін-өзі тарату жөнінде бастама көтеруі депутаттардың ел тағдырын ойлап, едәуір белсенді жаңа халық қалаулыларын таңдауға мүмкіндік беретінін және еліміздегі саяси плюрализмнің одан сайын дамуына жағдай жасайтынын атап көрсетті. Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы еліміздің демократиялық дамуын айқындап, жарқын болашаққа бастар ұтымды қадам болып табылады. Кезектен тыс сайлау еліміздің барлық саяси партияларына Парламентте өкілдік етуге тең мүмкіндік беріп, заманға сай бейімделген, бүгінгі күннің өткір мәселелерін шешуге икемделген іс­кер адамдарға жол ашады. Мұнымен қоса, Қазақ­стандай өрелі үлгісі, берік мақсаты бар берен мемлекеттің тарихы да баян­ды болуы керек. Сондықтан, ұлағат-өнегесі шетелдіктер тарапынан «Қазақстандық жол» деп аталған елімізге осындай күрделі де батыл шешімдер қабылдау заман талабынан туын­даған қажеттілік деп білемін. Алдағы сайлауға отандастарымыз жаппай қатысатынына кәміл сенемін. Осы орайда, әлемдік дағдарыс салдарынан туындаған экономикалық жағдайға байланысты, Мәжіліс депутаттарының сайлауымен бірге жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауын қатар өткізу қаржылық жағынан ел бюджетіне тиімді болатыны анық.  Марат ӨТЕГЕНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты. Ақмола облысы.

Бірліктің берік байламы

Уақыт талабымен алға тартылған бастаманың Президенттен де, қалың жұртшылықтан да қолдау табатынына имандай сенгенмін. Себебі, бұл қоғамдық өміріміздің бүгінгі ақиқат биігінен қарағанда ұтымды ұсыныс, ұлағатты ұстаным болатын. Соңғы сөзді Елбасы айтатынын ескеріп, еліміздегі жаңа­лықтарға елеңдеп жүргеніміз де шындық. Президенттің Парламент Мәжілісінің өзін өзі тарату және Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын кезектен тыс өткізу жөніндегі үндеуін қолдағанын, Мәжілістің кезектен тыс және мәслихаттардың кезекті сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойғанын теледидардан көріп тыңдадым. Мемлекет бас­шысы әлемдегі гео­саяси және эко­номикалық жағдай­дың күрделі екенін айта келіп, осындай кезде ілкімді іс-қимыл қажеттігіне баса назар аударды. Өзінің Мәжіліс де­путаттарының үндеу­ін қолдап, шешім алғанын, бұл бастаманың отан­шыл­дықтан туын­да­ғанын атап өтті. Сонымен, Мәжіліс пен өңірлердегі мәсли­хаттардың сай­лауы биылғы жылғы 20 наурызда өтетін болды. Қазір ырғалып-жырғалатын уақыт емес. Әлемді алқымынан алып тұрған қаржы дағдарысы ілкімді іс-қимыл жасауды алға тартуда. Қоғамдық дамудың ек­пініне ілесіп емес, оның алдын алудың қайтарымды қадамдарын жасау ғана ұтымды болатынын көріп отырмыз. Қазақстанда «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында 5 институттық реформаны жүзеге асырудың басым бағытары айқындалып, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһан­дық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында оларды жүзеге асыру жолдары жүйелене түсті. «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың тәжірибелік тетіктерін нақтылап берді. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік дағдарыстың салдарларын анағұлым жеңілдетудің барлық тетіктері іске қосылуда. Мен Пар­ламент Мә­жілісінің үндеуіне құлақ асып, Мәжіліс пен мәслихаттар сай­лауларын бірге өткізуді осындай оңтайлы шешім ретінде бағалаймын. Қазіргідей күрделі кезеңде елдіктің мүддесі тұрғысынан қадам басу осылай болса керек-ті. Шүкір, бұл бағытта еліміздегі ынтымақ пен тұтастықтың тұғырлылығы көздеген мақсатымызға жетуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Президенттің Мәжілісті тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімін еліміздің есейгендігінің және мемлектетіміздің тұтастығының нақты көрінісі деуге болады. Қай істе де осылай «Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығаратын» қал­пымыздан айнымалық, дәйім. Халқымыздың ұйымшылдығы мен бірауыздылығының арқасында ғана сын-қатерлерге қарсы тұра аламыз. Ал Мәжіліс пен мәслихаттарға жаңадан сайланатын азаматтар тың ойларымен, ілкімді істерімен дағдарысты еңсеруге және дамуға серпін береді деп күтеміз. Алдағы сайлауда елдің қамын ойлайтын, саясаттың қыр-сырына қанық, білімді де білікті азаматтар сайлануына халықтың белсене қатысатынына сенім мол. Оны Мәжілістің үндеуін қолдаудағы халықтың белсенділігінен де аңғаруға болады. Темірхан БЕКТАУБАЕВ, «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» мемлекеттік мекемесі Ақтөбе филиалының басшысы.  Ақтөбе облысы.

Ел сенімін ер ақтасын

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 5-ші шақырылымдағы Пар­ламент Мәжілісін тарату туралы Жарлыққа қол қойып, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі де­путаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты халыққа үндеу жариялады. Бұл, шын мәнісінде сындарлы шақтың тегеурініне төтеп бере алған, қоғамға қозғау салған шешім болды. Егер де ырғалып-жырғалып жүріп алған болсақ, мұндай жайбасарлығымызды қатал да жүйрік уақыт кешірмес еді. Елбасы Жарлыққа қол қойды – ендігі кезек халықтың таңдауына келді. Осындайда ел сенім артқан ерлеріміз қиынның қиясына қиналмай шығып, халқына абыроймен қызмет етсе екен деп тілейсің. Мәжілісте, жергі­лікті мәс­лихат­тар­да бүгінгі заман менеджментін мықты меңгерген, жаңа мазмұндағы ойлау жүйесіне жүгінген, нағыз мемлекетшіл, саламатты өмір салтын ұстанатын депутаттар отыруы керек деп санаймын. Және де жылы орын, жұмсақ кресло іздегендер бұл жерге жоламауы тиіс. Спортшы қауымы үшін биылғы жыл жауапкершілікке толы жыл. Алдымызда Рио-2016 Жазғы Олим­пия ойындары тұр. Біздің еліміз экономикалық қиыншылықтарға қара­мастан, спортшыларымыздың осы жауапты сынға алаңсыз дайындалуына барлық жағдайды жасайды деп сенемін. Ал өз кезегінде Олимпиада додасына қа­тысатын саңлақтарымыз ел намысын қолдан бермей, табысты өнер көр­сетулері керек. Мұның өзі қиыншылық титығын ал­ған елдің рухын көтерер ұлы күш! «Баршамыздың бір ғана мақ­сатымыз бар, ол мақсат – халық пен елдің игілігі! Бәріміз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Біз бірлесе отырып, бүгінгі заман алдымызға тосып отыр­ған барша қиындықтар мен сын-қатер­лерді міндетті түрде еңсеретін боламыз. Мен барша қазақстандықтарды, барлық саяси партияларды біз­дің ортақ шаңырағымыздың тағдырына жауапты қарауға және Отаншылдығымызды нығайта түсуге шақырамын», деді Елбасы өзінің үндеуінде. Елбасының жігер берген үндеуі, жаңа сайлау, халықтың ерікті түрде жасаған дұрыс таңдауы қиын­шылықтың қабырғасын сөгіп, Ұлы мұраттарға бастаған нұрлы жолды сәулелендіре түседі дегенге күмәнсіз сенемін. Ал сенімсіз адам өмірде де, спортта да жеңістерге жете алмайды.  Жанат БАЙШОЛАҚОВ, Олимпиадалық резервтерді даярлау орталығының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты. ҚАРАҒАНДЫ.