22 Қаңтар, 2016

Текті әулеттің тұяғы

621 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
казтаев алиханАрдақты аға, арқалы ақын, әйдік әнші Қабдыкәрім Ыдырысовпен жақсы сыйлас, жақын сырлас болған едім. Отыздың ішінде Жазушылар одағының хатшысы болып сайланып, қазақ әдебиетінің қос алыбы, қос Ғабеңмен істес болып, қызмет көрсеткен қадірлі азамат жас қаламгерлерді төңірегіне тартып көп көмек жасаған-ды. Одақтан ауысқан соң, Үлкен үйдің ұйғарымымен шығармашыл жастарға арналған «Жалын» баспасын ұйымдастыруды қолға алып, аз уақыттың ішінде мәртебесі биік, беделді мекеме құрды. Оған басы «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Қалдарбек Найманбаев сияқты кілең қарымды қаламгерлер мен сауатты редакторларды қызметке тартты. Соның арқасында жазушы мен саяси баспаларды сағалайтын қаламгер қауымның дені енді «Жалынға» қарай ойысты. Аяулы әкесі солақай саясаттың құр­баны болып, он жасынан бастап тартқан жетімдіктің зардабынан, жас­тай арқалаған жауап­кершіліктің сал­мағынан және ұдайы көптің көңілін табуды ойлас­тыратын ұйымдастыру жұ­мысының ауырлығынан ақын жүрегі ерте сыр беріп, жетпісінші жылдардың орта шенінде ауру­ханаға жиі түсіп қалып жүрді. Сондай сәттердің бірінде екеуміз бір бөлімшеде, бір бөлмеде жатып бірге ем алғанымыз бар. Жүректен ауырғанына бі­раз болған ағамыз аурухана дәрі­герлерінің бәрімен танысып, әбден ауыл-үй қонып алыпты. Жаратылысынан ақжарқын ол кез келген дәрігермен ортақ тіл тауып, әзіл-қалжың айтып, шүйіркелесіп жүре береді. Бірде жасы отыздарға тақап қалған сұңғақ бойлы, сұлу мүсінді ақ­құба бір дәрігер қыз кезекшілік мін­детін өтеп, халімізді білуге кірді. Қызды көргенде Қауаңның жүзі жайнап, көзі ойнап кетті. – Охо! Қалқам-ау, бұрын көрінбей қайда жүргенсің?! Ке­лісті-ақ қыз екен­сің, күйеуің бар ма өзі? – деп ақын аға бірден қал­жыңға басты. – Құда түсейін деп пе едіңіз, басым бос, – деп қыз да әзілмен іле түсті. – Бұрын көріспегеніміз біздің жұмыс ота­шылардан кейін бас­талады. Отадан соң ес-түс­сіз жатқан сырқаттың есін жиғы­зып, тірілтіп алатын анестезиолог боламыз. – Пәлі, басың бос болса, мынау деген бір жігітпен таныстырайын. Менің Әлихан деген құрдасым бар, өзің сияқты өте сұлу азамат, көресің әлі, қыз мінезді жігіт. – Жарайды, қыз көретін жігіт­ті біз де көрейік әуелі, – деп әзіл­ге алдырмай­тын дәрігер қал­жыңдай күліп, қан қы­сымызды өлшеп кете барды. Ол кеткен соң: – Қаба, әлгі жер-көкке сыйғыз­бай сыртынан қалыңдық таңдап жүрген жігітіңіз кім? – деп сұра­дым. – Өй, сен білмеуші ме едің, өзіңнің жерлесің көкшетаулық Әлихан Қаз­таев деген дөкей жур­налист. Қазір «Қазақстан» бас­пасында аға редактор, жақсы аудармашы, алғаш «Жазушы» баспасында аударма редакциясында істеп, қазақ оқырмандарын шетел классиктерінің туындыларымен таныс­тыруға атсалысқан қаламгер. Орысшаға да, қазақшаға да жетік, өте сауатты азамат, – деді. Қабдыкәрім құрдасының кө­ңілін сұрай келгенде Әлиханмен алғаш етене танысқан едім. Ақын айтса айтқандай, ол шынында да әйел заты көз қиығын тастамай өтпейтін аса ажарлы жігіт екен. Бойы ортадан жоғары. Артық еті жоқ. Сымға тартқандай сымбатты, аққұба кісі. Оңға қайырған қара шашының алды толқындап, жазық маңдайын аша түскен. Көп сөзге жоқ, тоқетерін ғана айтып бір-ақ қайыратын біртоға сияқты. Қыз мінезді, қой аузынан шөп алмайтын момын екені бірден байқалады. Болған жерден шыққан болпыш, бап адам екені қылап бой-бітімінен-ақ менмұндалап тұр. Қабекең ем алуға кеткенде екеуміз оңаша қалып суырт­пақтап сыр тарта отырып, біраз жайға қанықтым. Әлихан атақты Жанботадан кейін Күрсары ке­рей­лердің болысы болған Құн­дақ байдың ұрпағы екен. Әкесі елі еркелетіп Қазтай атап кеткен Ғаб­дұлғазиз Құндақұлы ата салтымен кейін бүкіл Ақ­көл, Бұланды өңірін билеп, аты Ақмола, Көкшетауға кең жайыл­ған атақты болыс. Бай-болыс десе аза бойы қаза тұратын ке­ңес өкіметінің көзіне сүйелдей қа­далып, билігімен қоса мал-мүлкі түгел тәркіленіп, кезінде Аты­рау жаққа жер аударылған. Одан Ом­бы жаққа көшіріліп, отыз екінің ашаршылығы тұсында Жа­нақ ауылында дүниеден өтіп, сүйегі туған жерден түу алыста қалыпты. Әкеден алды жеті жаста, арты бесікте жетім қалған шиеттей төрт баламен тағдыр тақсыретін тар­тып, тұрмыс тапшылығы жа­нына батқан Көштай ана күн­көріс қамымен жамағайын қай­ныларының бірі, бастауыш мектеп мұғалімі Кәрібайға тұрмысқа шы­ғып, Степняк қаласынан қа­зіргі Алтынды (бұрынғы Дани­ловка) ауылына көшіп келеді. Қаладағы қазақ мектебінің же­ті сыныбын үздік бітірген Әли­хан ауылдағы орыс-қазақ мек­тебінің сегі­зіншісін өте жақсы тәмамдайды. Сол жылы соғыс өрті бұрқ етіп, арқасүйер отағасы қыс ортасында майданға аттанып, отбасының тауқыметі тағы да ана мойнына түсіп, ағайынды сағалап Ақмола жақтағы Кален ауылына көшіп баруға тура келеді. Буыны бекіп, бұғанасы қат­паған Әлиханның соғыс жыл­дарындағы ба­лалық шағы тыл­дағы ауыр еңбекпен езіліп, осы ауылда өтеді. Бас көтерер аза­маттардың бәрі майданда. Ауылда қалған кемпір-шал, қыз-келіншектермен бірге бес-алты жас жеткіншектің иіні жастай жаншылып, ұжымшардың бар ауыр жұмысын атқаруына тура кел­ді. Меншіктің сиырын соқаға жегіп, көктемде жер жыртып, жазда қол шал­ғымен шөп шапты, күзде егін орды, қыста өгіз шанамен 50 шақырым жердегі Ақкөл элеваторына астық тасыды. Осылай үш жыл бойы күннің қалай батып, таңның қалай атқанын білмей бой жазбай жұмыс істеді ол. Бұндай батпан бейнеттен Әлиханды әскерге шақырылуы да құтқара алма­ды. 44 жылдың 15 желтоқсанында ту­ра 18-ге толған туған күнінде әскер­ге ша­қырылған оны соғысқа бір­ден жө­­нелтпей, «Тыл майданының жау­ын­­герісің» деп Ақмола паровоз депо­сы­на машинист көмек­шісі, кочегар етіп жіберді. Жеңіс күнін ол маңдай терін тамшылатып, қып-қызыл боп жалындаған паровоз пешінің көмейіне темір күрекпен көмір лақтырып, оны сүйменмен көмейлете тұрып ұзын жолдың үстінде қарсы алды. Әйткенмен жеңіс деген жеңсік сөз жас жігіт үшін еркіндіктің желі боп есті. Енді жұмысты тастап оқуымды жалғастырамын деп ойлаған ол депо басшылығынан жұмыстан босатуын өтінді. Темір жолдың әскери тәртіпте жұмыс істейтінін, өзінің әскери борышын өтеп жүргенін білген де жоқ. Басшыларының жоғарғы жақтан бұйрық келгенше босата алмаймыз дегеніне қарамай, балалық жасап жұмысқа шық­пай қойды. Балалығы шалалық болып танылып, әскери трибуналдың шешімімен міндетті борышын өтеуден бас тартқан қашқын ретінде алты жылға сотталып, Қарлагтан бір-ақ шықты. Әйтеуір, үш жылдан соң кешірім жарияланып, 48-дің тамызында қамаудан босады. Ауылда бір-ақ апта болып, Ақмоланың мектеп-интернатына келіп, тоғызыншы сыныпқа түсіп, 50-ші жылы орта білімнің аттестатын алып шықты. Жоғары оқу орнына түскелі мектеп жолдама берген балалармен бірге бір мұғалім бастап Алматыға аттанып бара жатқан жолда (онда пойы­з Омбы, Новосібір, Барнаул арқылы жү­реді) Ақкөл бекетінен әке орнындағы ағасымағы түсіріп алып, ауылда есепші болып, отба­сына көмектесесің деп ол жылы оқуға жібермей қойды. Келесі жылы нағашыларының көмегімен оқуға қайта аттанып, ҚазМУ-дың журналистикасына келіп түсті. Бірінші курсты кілең беске бітіріп, жазғы каникулға келсе, Кәрібай ағасы тағы да тосын сый әзірлеп, қалыңдық сайлап отыр екен. Бұның не ойы барын сұрап бас ауыртып жат­пай, баса-көктеп ауылдық кеңесте хатшы болып істейтін өзімен жасты Бағыш деген қызға үйлендірді. Бұрыннан таныс-біліс ауыл қызы ғой. Шешеме көз қырын салар деген оймен бұл да көп қарсыласпай, үй ішінің шешіміне бойұсынды. Келесі жылы каникулға келгенде Әлихан бе­сікте жатқан тұңғыш ұлы Бал­қайды көрді. Ағайын-туғандар арасында бірер ай мауқын басқан соң астанаға қайтып, алаңсыз оқуын жалғастырды. Алайда араға арапшы түсіп, әрекет аралайын десе қиын емес екен. Үшінші курсты да кілең беске тапсырып, әс­кери кафедраның жаз айларындағы жат­тығуларына қатысып, ауылға баруға уақыты жетпей қалады. Оның үстіне кейінгі кезде қолында шешесі мен екі жасар қызы бар бір жерлес келіншектің үйіне ара-тұра барып, шай-пай ішіп жүретінін Бағыштың заң факультетінде оқитын інісі көргені бар. Кани­кулға келмеген соң жарын күт­кен әпкесіне соны дәптетпей ме ол. Мұны ести сала Бағыш тас-талқан боп тулап, ақы­лын ашуға жеңгізіп, Хрущевтан бастап Қонаевқа дейін, университет ректорынан бастап партия, комсомол ұйымдарын тегіс түгендеп, Әлихан Қазтаев атылып кеткен халық жауының баласы, патша заманында болыс-би болған шынжыр балақ, шұбар төстің тұқымы, өзі әскери борышын өтеуден бас тартқан қылмыскер, кеңес сту­дентінің қатарында болуға қақысы жоқ деп арызды қарша боратады. Домалақ арыздың басты да, тасты да жаратын кезі ғой. Университет басшылығы қызыл дип­ломмен бітіріп, ғылым жолына түседі деп үміт артып жүрген студентін оқудан шығаруға мәж­бүр болады. Елге қарар бет жоқ, ауылға барар ниет жоқ, жар дегені жарға жығып, өкпеге қиып, өмірін өксіт­кен Әлихан Алматыда бір жылдан астам тұрақты жұмыс таппай, әр нәрсенің басын бір шалып жүрді де ақыры Қазақ мем­ле­кеттік көркем әдебиет баспасына кор­ректор болып кірді. Білімдарлығын бай­қаған басшылық төрт ай өтер-өтпесте редакторлыққа жоға­рылатты. Сөйтіп, 57-ші жылы оның табаны күректей қы­рық жылға созылған қиын да күр­делі, жауапты да жанкешті қыз­меті басталды. Жаны жас­тай қалаған журналистиканы араға төрт жыл салып, сырттай жал­ғастырып, дипломын тамаша қорғап шықты. Кейін ол он бес жыл­дай «Қазақстан» баспасында аға редактор болып, одан республика Ком­­партиясы Орталық Комитетінің жа­­нындағы марксизм-ленинизм клас­сик­терінің шығармаларын қазақша ауда­рып шығаратын бас редакцияға аға ғы­лыми редакторлыққа шақы­рылып, Ке­ңес Одағы тарағанша сонда жемісті қыз­мет атқарды. Соңынан алты жылдай «Санат» баспасында аға редактор болды. Жазушы жазады, редактор жандандырады, деген бір қисын бар. Жақсы редактор түзейді, жаман редактор кү­зейді деген сөз және бар. Ал Әлекең қол­жазбаның жанын кіргізіп, әрін енгізетін білімді де білікті редактор болған. Баспа редакторларының арасынан Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағын алғаш алғаны соның айғағы болса керек. Кезінде ол алған «Құрмет белгісі» ордені мен Қазақстан Жоғарғы Кеңе­сінің Құрмет грамотасы да кез келген қаламгерге бұйыра бермейтін мәртебелі марапат. Әрине, мұндай абырой-атаққа ол тек аянбай еткен адал еңбегінің ғана арқасында жетті. Әйтпесе, оны өмір еркелеткен жоқ. Тегі жат деп көзтүрткі етіп, тырнақ астынан кір іздеген қы­тымыр қоғам оны қаршадайынан қыс­паққа салды. Бақытын да, байлығын да білімнен табамын деген құл­шынысы ұдайы кедергіге тап болып, үзіле бер­ді. Өзім деген жары өзіне жау болып шығып, алғашқы отбасы быт-шыт бол­­ды. Амал жоқ, өсек-аяңға қолды бір сілтеп, кіммен қа­райсаң, сонымен ағар деп, қиналып жүргенде қолұшын бе­ріп, жылы қабақ танытқан жерлес келіншекке үйленуге тура келді. Деген­мен, ниеті түзу, көңілі пәк екен. Гүлнәр бұ­ған Асылан мен Төлеш деген бал­па­нақтай екі ұл сыйлады. Алайда ол ба­лаларының қызығын көре алмай, 70-ші жылдардың басында дүние салды. Қабдыкәрім ағаның қалыңдық іздеп жүргені Әлиханның шын жарынан айы­рылып, үш сәбимен соқа басы сорлап жүрген кезі екен ғой. Аққа құдай жақ деп, әйтеуір оған адал сүт емген Жеміс атты кітапханашы қыз кездесіп, үш баланы бірге көтерісіп, етек-жеңін жиғызып, ержеткізді. Онымен қоймай, Жеміс Әли­ханға Шоқан, Кемел сынды тағы да торсық шеке екі ұл туып берді. 90-шы жыл­дардың аяғында көз жанары күрт нашарлап, отаға да, емге де көнбей жартылай зағип болып қалғанда Әлекеңді ол баладай аялап, мәпелеп күтті. Көз дәрігеріне жетектеп әкеп, қолтықтап алып жүрді. Сондай күндердің бірінде көз дә­рігерінің қабылдауында ұшы­расып қалып, даусымнан таныған Әлихан ағаның: – Жазғандарыңды жібермей оқып разы болып жүруші едім. Енді одан айырылдым, – деп бір күрсініп алып, дәрігерге бұрылып: – Алтын қалқам, мынау қазақтың қазіргі керемет журналисі екенін білесің ғой, енді осының жанарын аман сақтаңдар, – дегені әлі күнге дейін құлағымда. Оған да алты-жеті жыл болып қалды-ау деймін. Бертін олар Астанаға көшіп кетіп, хабарсыз жүр едім. Биылғы жаз­­да жасы тоқсанның төріне қарай ат­таған шағында Әлихан ағаның өмір­ден озғанын газеттерден оқып, қатты күй­зелдім. Тегі жақсы жампозға өзі шыр етіп дүние есігін ашқан Құндақ же­рінен, қазіргі Ақкөл кентінің маңынан топырақ бұйы­рыпты. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, иман байлы­ғына шүйгісін. Орнында бар оңалар дейді ғой. Артында арыстай төрт ұлы, Алдияр бастаған асыл текті немерелері барында Әлекеңнің аты ұзақ жасайтынына сенім кәміл. Сарбас АҚТАЕВ, жазушы.