Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапарының алғашқы күні Мемлекеттік хатшы «Зайырлы қоғам және жоғары руханият – бірлік пен келісім кепілі» тақырыбындағы өңіраралық семинарға қатысты.
Семинар жұмысына, сондай-ақ, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының мемлекеттік органдарының, үкіметтік емес ұйымдары мен діни бірлестіктерінің өкілдері де қатысты. Семинарға қатысушылар «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының «Біртектілік пен бірлік» 4-ші институттық бағытын жүзеге асыру, конфессияаралық қарым-қатынастарды үйлестіру және діни экстремизмнің алдын алу бойынша кешенді мәселелерді талқылады.
Семинарды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кіріспе сөз сөйлеп ашып, Елбасының басты тапсырмасы ұлттар мен конфессияаралық татулық пен түсіністікті қалыптастыруда, бірлікті нығайтуда нақты жұмыстар жасалып жатқанына тоқтала келіп, өңірде 10 конфессиядан тұратын 89 діни бірлестіктің жұмыс істейтінін жеткізді. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, шешімін күткен мәселелердің бар екенін де жасырмады. Бұл бағытта «Аңсар» ақпараттық-кеңес беру орталығының діни сауаттылықты жетілдіруге, түсінік жұмыстарын жүргізетін, діни жат ағымға бой алдырушылық байқалатын Мұғалжар, Темір және Байғанин аудандарында мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін Темір ауданында арнайы орталық құрылғанын баяндады.
Өз кезегінде сөз алған Мемлекеттік хатшы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстанды демократиялық, зайырлы және экономикалық дамыған мемлекет ретінде даму векторын нақты айқындап бергеніне тоқталды. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының маңызды құндылығы – зайырлы қоғам және жоғары руханият еліміздің барлық азаматтарын бірігуге шақырады. Осы құндылықтарды қалыптастыруға және дамытуға мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның күшін бағыттау керек», – деп атап өтті Гүлшара Наушақызы.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов дін мәселесіне қатысты проблемаларды шешу жолдарын нақты айтып өтті. Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний біздің елдегідей дінге деген шынайы көзқарастың еш елде жоқ екенін айта келіп, діннің біріктірушілік қуаты мол екенін әңгіме өзегіне айналдырды. Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанов өңірдегі діни экстремизмге және жат ағымдарға бой алдырушылықтың алдын алуға байланысты ізденістер туралы ойларымен, халықты алаңдатып отырған мәселені шешудегі тәжірибелерімен бөлісті.
Сапары барысында Мемлекеттік хатшы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында салынған, барлық талаптарға сай келетін, қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жабдықталған «Айлин» балалар бақшасында болып, оның жұмысымен танысты. Қазіргі таңда бұл балабақшада 450 бала тәрбиеленуде. Балабақшаны жеке кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетова пайдалануға берді. Балалар мекемесінің құрылысына 700 миллион теңге инвестиция салынған. Бұл оның мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында салған төртінші балабақшасы екен. Осы төрт балабақшада 200-ден астам жұмыс орындары ашылған.
Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова «Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі» оқушыларының шығармашылығымен, ғылыми-жобалық жұмыстарының көрмесімен және жүргізіліп жатқан әлеуметтік тәжірибелермен танысты. Облыстың әйелдер қауымымен – мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, бизнес-қауымдастық, шығармашыл зиялы қауым және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға әйелдердің белсенді қатысуы, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасылық-демографиялық саясатты дамыту мәселелері талқыланды.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауы әрбір қазақстандыққа, соның ішінде ел тұрғындарының басым бөлігін құрайтын әйелдер қауымына жаңа мүмкіндіктер ашады. Атап өту керек, ақтөбелік кәсіпкер қыз-келіншектер осы мүмкіндікті тиімді пайдалануда», – деп түйіндеді ойын Мемлекеттік хатшы.
Мемлекеттік хатшы мен ақтөбелік әйел кәсіпкерлердің кездесуінде шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты тың ойлар айтылып, ұтымды ұсыныстар ортаға салынды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.