28 Қаңтар, 2016

Әншілік өнердің әзизі

782 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
DSC03788Қазақ академиялық вокалдық педагогиканың атасы, екінші дүниежүзілік соғыстың батыр сарбазы, Қазақстанның халық әртісі, Орталық Азия елдерінен шыққан тұңғыш вокалдық педагогиканың профессоры, жезтаңдай әнші, ұстаз Бекен Жылысбаевтың өмірден озғанына, міне, зымырап 40 күн өте шығыпты. Елбасының Б.Жылысбаевтың қайтыс болуына байланысты оның отбасына жолдаған көңіл айту хатында өнердің ұлы тұлғасы, сарбаз-жауынгер, ұлағатты ұстаздың Қазақстан өнеріне сіңірген еңбегін ерекше атап өткен. Осы қырық күндікке орай, ұстазымыз Бекен Жылысбаевтың өмір жолы мен өнер тағылымы туралы газет оқырмандарына лебіз ұсынуды жөн көрдік. Бекен Жылысбаев 1923 жы­лы бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданында, Бір­бет (Алғабас) деген ауылда қарапайым шаруа отбасында дү­ниеге келген. Ол жастайынан ауыл баласына тән тайға мініп, қозы-лақ бағып, асық ойнап, кең да­лада асыр салып, шынығып өсті. Талант қашанда – Тәңір сыйы. Ол біреуде ерте байқалса, бі­реуде кеш байқалады.Талант­тың бойындағы өнерін туындататын оның туған отбасы мен өскен ортасы. Бекен әншілік өнерге ерте әуестенді. Себебі, оған оның әкесі Жылысбай мен анасының ән-күйге әуестігі үлкен әсер етті. Әсіресе, анасы Қанымбала Шұ­бар­­тау өңіріне танымал әнші болды. Бекеннің арғы атасы қазақ тарихында аты қалған Керейдің атақты батыры – Жобалай би. Бергі атасы Бегіш – Керей мен Тобықтыға беделді болып, Абаймен араласып, үзеңгілес болған адам. Арқа өңірі әншілік мек­те­бінің көрнекті тұлғасы, атақ­ты әнші-композитор – Уәйіс Шон­дыбайұлы да (1873-1923 ) бір атадан тараған туыс болып келеді. Уәйіс 1890 жылдардың басынан бастап ұлы Абайдың Әсет, Әріп, Көкбай, Ақылбай, Әлмағамбет, Ма­ғауия тәрізді шәкірттерінің ортасында болып, үлгі-өнеге алып, қазақ әдебиеті мен музыкасына өзінің талай тамаша шығармасын қалдырған белгілі өнерпаз. Ол көптеген өлеңдер мен дастандар жазған ақын, «Перуайым», «Бозқараған», «Ақбөкен», т.б. әндер шығарған талантты-композитор. Бала Бекеннің өнерге құш­тарлығын арттыр­ған – нағашысы Зәукен Дүтжанов. Зәукен – Бекен­нің анасы Қанымбаланың туған бауыры. Зәукен Шұбартау, Аягөз өңі­ріне белгілі әнші, домбырашы, гармоншы болған. Ол әсіресе, өзінің ұстазы Уәйістің әндерін келістіре орындайтын. Бекен Зәукеннің айтуында «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек», «Сәтбек батыр», «Қалқаман-Мамыр», т.б. жыр дастандарды тұңғыш естіп білген. Міне, осындай өнерлі ортада өс­кен Бекен тоғыз жасынан мектеп сахнасында ән салды. Бекеннің өмірге келген кезеңі, балалық шағы, қазақ халқының ең бір ауыр зобалаң кезе­ңіне дөп келді. Қазан төңкерісінен кейінгі 1918-1922 жылдардағы Аза­мат соғысы қазақ еліне ауыр кезең болды. Тарихшылар осы кезең­де қазақтың бір миллионы ашаршылықтан қырылғанын жазады. 1927 жылдан басталған ұжым­дастыру, қазақты жаппай зорлап отырықшылыққа айналдыру, бай-құлақ ретінде мал-мүлкін тәркілеп, өздерін түрмеге жауы­п, ата жұртынан жер ауда­рып жіберу науқаны, Қазақстанға басшы болып келген Голощекиннің «Кіші Октябрь революциясын» іске асыру барысындағы қыр­ғын, ашаршылық, қазақтың оқыған, атқамінер азаматтарын қуғындау кезеңі өз алдына бөлек әңгіме. Осындай әді­летсіздікке қарсы халықтың 1929 жылғы – Тақтакөпір, 1930 жыл­ғы – Қарақұм, 1931 жылғы Адай көтерілістерінің, 1928 жыл­ғы – Шұбартау, 1930 жылғы Абыра­лы көтерілістерінің қанды қыр­ғынмен аяқталуы халықты күйзелткен ауыр кезең болды. 1931-1932 жылдардағы аштық Шұ­бартау өңіріне нағыз зұлмат әкелді. Айрандай ұйып отырған ел қу тамақтың қамымен туған жерін тастап, бірі Қытайға, бірі Қырғызға, бірі Ресейге босып, тоз-тоз күйге түсті. Ес білген Бе­кен осының бәрін көрді. Аштан өлген сәбиін құшақ­тап аңыраған аналарды көрді. Осы аласапыранда Жылысбай балаларын өлтірмес үшін Қарағандыға шахтаға барды, Семей қаласын паналап келді. 1933 жылы елдегі өмір бір қалыпқа түсе бас­тады. Аштықтан қашып, ата жұрттан ке­ткендер елге оралды. Жылысбай да бала-шағасымен Шұбартауға қайта оралып, Бекен мек­теп­тегі оқуын жалғастырды. Мек­тептерде көркемөнерпаздар үйір­мелерінің жұмысы жанданды. Республикалық, облыстық, аудан­дық халық таланттарының байқаулары жыл сайын өткізіліп тұрды. Он жасынан үйірмеге қатысып, әнші бала атанған Бекен 1937-1939 жылдары Алматыда өткен Республикалық пио­нерлер олимпиадасына қатысып, үш рет бірінші орынға ие болды. 1939 жылғы олимпиададан кейін бала әнші Бекенді Алматыда қалдырып, Мәскеуде өтетін Бү­кілодақтық ауылшаруашылық көр­месінде өнер көрсетуге дайын­дайды. Сол көрмеде ол «Сырғақты», «Қалқа» ән­дерін орындап, марапатқа ие болады. Бұл он алты жастағы Бекеннің өнер жо­лындағы алғашқы үлкен табысы еді. Мәскеуден оралған Бекен опера театрының хорына әнші ретінде қабылданады. 1940 жылы құрамында Кү­ләш Байсейітова, Құрман­бек Жандарбеков, Қанабек Бай­сейітов, т.б. өнер қайраткерлері бар комиссия бір топ қазақ жас­тарынан Мәскеу консерватория­сына та­лантты жас әншілерді іріктеп, жолдамамен оқуға жі­берді. Солардың ішінде қазақ музыка өнерінің көрнекті тұл­ғалары – Бекен Жылысбаев, Байғали Досымжанов, Қапан Мусин бар еді. Консерваторияда Бекен орыстың белгілі әншісі Ксения Ивановна Баскованың класында Байғали екеуі бірге оқиды. Жас әншілер академиялық әншілік өнердің қыр-сырын үйренуге құлшына кірісті... Бірақ, студенттік өмір көпке созылмады. Бірінші курстың аяғында екінші дүниежүзілік соғыс басталды. ...Соғыста ауыр жарақаттанып, бір аяқ, бір көзінен айырылған Бекен аға «Ұлы Отан соғысы», «Даңқ» ордендерімен марапат­талған. ...Соғыстан кейін Лепсі жақ­тағы туған ағасы Мұқанның үйінде 2-3 ай демалады. Ол ауылдағы ағайын-туыстарын жи­ып той жасады. – Сен Мәскеудегі оқуыңды жалғастыр. Жол қаражатыңды тауып беремін. Мүгедек екенмін деп жасыма. Әнші болғың келмесе, Алматыға оқуға түс. Болашағың алда, – деген еді бауыры сонда алаң көңілді жұбатып. Аға ақылымен Алматыға келген. Ол мұнда Кәрібас Қасқаевтың үйіне түседі. Ол кісі мал дәрігерлік инс­титутында қызмет істейтін. Бекенді туған інісінен кем көрмейтін. Кәрібас туысы: – Бекенжан! Біздің әулеттегі ең талантты, ең өнерпаз адам өзіңсің. Мәскеу консерваториясына оқуға түсіп едің ғой?! Сол сияқты консерватория Алматыда ашылмақ. Соған түс. Үлкен әнші боласың... Біз не жесек, соны жейсің. Осында тұрасың. Оқы бауырым, оқы, – деді ағалық қам­қорлықпен. Ол кезде консерваторияны Ахмет Жұбанов басқаратын еді. Ахаң Бекеннің жағдайын сұрап, іле-шала вокалдық кафедраның жетекшісі Н.На­гулина мен педагог А.Кургановты шақыр­тып алды: – Мына жауынгер жігітті жақ­сылап тыңда­ңыздар. Мәскеу консерваториясында оқыған... Александр Матвеевич! Осы жі­гітті өз кла­сыңызға алсаңыз дұрыс болар еді. Бұл да сіз сияқты те­нор дауысты екен, – деді. Бас­шының каби­нетінен шыққан соң Н.Нагулинаның класында кафедра оқытушылары Бекеннің дауысын тыңдады. Бекен қазақтың халық әні «Жиырма бесті» ерекше бір шабытпен орындады. «Жиырма бес» әні диапазоны екі октаваға жуық, кең тынысты шырқатып айтылатын ария тектес ән. Бекен бұл әнді еш қиналмай еркін көсіле орындады. Курганов оның дауыс диапазонын вокалдық жағынан тексеріп көрді. Бекен Жылысбаевтың өнердегі жолы Алматы мемлекеттік кон­серваториясының тарихымен тығыз байланысты. Бекен аға консерваторияны 1951 жылы үздік бітіріп, ұлы композитор, консерватория ректоры Ахмет Жұбановтың ақыл-кеңесімен ұстаздық қызметке кіріседі. Жылысбаевтың өнер жолын­дағы бағын ашқан адам – орыстың атақты әншісі Александр Мат­веевич Курганов еді. Кур­ганов кезінде Италияның ұлы әншісі Мазиниден сабақ алған, өте жоғары деңгейдегі кәсіби әнші болған. Ол әлемнің ең атақты опера театрларында Шаляпинмен бірге ән салған. Міне, осы ұстазы Александр Матвеевичтен кафедра меңге­рушілігін қабылдап алған Бе­кен ағамыз жарты ғасыр осы салада абыройлы қызмет етті. Сондықтан да, Бекен Жылыс­баевты Қазақстанның ака­де­миялық әншілік өнерінің атасы деп құрметпен атаймыз. Бекен Жылысбаев 1951 жылдан 2011 жылға дейін Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда 60 жыл ұстаздық қызмет атқарды. 1956-1997 жылдар ара­лығында 41 жыл вокалдық кафедраны басқарды. Осы уа­қытта қаншама жас әншілер тәр­биеленіп, өнер көгіне қанат қақты де­сеңізші! Есіме түскендерін тізіп көрейін. Бекен ағаның класынан екі КСРО халық әртісі – оның бірі, қырғыз әншісі Тоқтанәлі Сейталиев, оннан астам Қазақстанның ха­лық әртістері – М.Мұсабаев, Н.Қаражігітов, З.Қойшыбаева, Н.Нү­­сіпжанов, С.Әбусейітов, Ғ.Есі­мов, Н.Үсенбаева, Ш.Әбілов, Қыр­ғызстанның халық әртісі С.Алмасбеков, сондай-ақ, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген әр­тістері Б.Бейсенов, К.Бақтаев, Е.Әбіл­даев, М.Шалабаев, Д.Хайрулин, М.Мақ­­сұтов, Р.Исмайлова, Ұ.Кен­жебеков, Ж.Бақтаева – қырық шақ­ты Қазақстанның мәдениет қайраткері, халықаралық, рес­публикалық конкурстардың лау­реаттары оқып бітірген. Мен де Бекен ағаның шәкірті екенімді мақтан тұтамын. Оның шәкірттері әлемнің жеті мемлекетінде ән­ші­лік педагогтық қызмет атқарады. Б.Жылысбаев вокалдық педагогикадан Мәскеуде, Киевте, Бакуде, Тбилисиде, Ташкентте, Бішкекте, Үрімшіде шеберлік сабақтарын өткізіп, өз тәжірибесін үйретті. Оның класынан Корея, Қытай, Моңғолия, т.б. елдерден келген жас әншілер вокалдық өнердің қыр-сырын үйреніп қайтты... Бекен ағаның Медеуге таяу жерде саяжайы бар болатын. Шәкірттерін ертіп демалыс күн­дері сонда апаратын. Әсіресе, күзде алма мен жүзімге тойдыратын. Тіпті, мереке күндері топырлатып үйіне жинайды. – Нұрипа, балаларды тойдыр. Бүгін мейрам ғой, – дейтін бәйбішесіне. Нұрипа апай да өте балажан кісі еді. Біздің қай өңірден кел­генімізді, ата-анамыздың жағ­дайын сұрап отыратын. «Қа­­рындарың тоқ па?», – деп сұрайтын. ...Өткен ғасырдың 60-шы жылдары консер­ваторияға түсуге Қырғызстаннан бір жас жігіт келді. Үстіндегі киімі жұ­пыны, аяғында керзі етік. Арқалаған жарты қапқа жуық ұны бар. Бекен аға жігіттің даусын тыңдап көреді. Даусы ұстазға ұнайды. – Сен неге Фрунзеге оқуға барма­дың, Алматыға не үшін келдің? – деді ұстаз. – Мен кішкентай айылда тұ­ратын малшының баласымын. Алматыға келгенім, осында Бекен Жылысбаев деген шоң әншіден оқығым келеді. Ол – сіз ғой? Сіз мені өз класыңызға алуыңыз керек, – деді әлгі жігіт шімірікпестен. – Сен маған шәкірт болу үшін алдымен қа­былдау емтиханын тапсыруың керек. Оқуға түс­сең, сонда көрерміз, – деді аға да қарап қалмай. – Мен қалайда оқуға түсуім керек. Сіз мені оқытуыңыз керек. Менің қайта-қайта келетін қаражатым жоқ. Міне, көрдіңіз ғой, нан пісіріп жейтін ұнымды да ала келдім, – деді қаптағы ұнын көрсетіп. Жігіттің өжеттігіне, білімге деген ынтасына риза болған ұстаз оның консерваторияға тү­суіне әжептәуір көмектесті. Ол орыс тілін нашар білетін. Сабақтан қатты қиналды. Сессия бастал­ғанда емтихан кітапшасын ұстазға әкеліп беріп: – Бекен аға, сынақ басталды, мынау сізде болсын, – дейді екен. Ұстазға кенже баласындай еркелеген сол қырғыз жігіті – КСРО халық әртісі, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, Қырғыз мемлекеттік опера және балет театрының әншісі Тоқтанәлі Сейталиев еді. Бекен ағаның қамқорлығында болған тағы бір қырғыз шә­кірті Алмасбек Сталбеков – Қыр­ғыз­станның халық әртісі, доцент, опера театрының жетекші солисті. Осы екі әншіні тәрбиелегені үшін қырғыз ағайындар Б.Жы­лысбаевқа Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі құрметті атағын берді. Б.Жылысбаевтың соңғы шә­кірті – «Астана Опера» театрының айтулы тенорларының бірі – Медет Шотабаев. Медет қазіргі жас опера әншілерінің ішіндегі ең таланттысы, халықаралық кон­курстардың лауреаты. Бірде ол халықаралық Глинка атындағы конкурсқа қаржы жоқ­тықтан бара алмайтынын айтып, ұстазына келеді. Мән-жайды түсін­діреді. – Сен бұл конкурсқа міндетті түрде баруың керек. Халықаралық аренаға шығуың үшін осы сайыс­тан жүлдемен оралуға тиіссің, – дейді ұстазы. – Ақшам жоқ, қалай барамын? Жалғыз шешем екеуміз пәтер жалдап тұрамыз, – дейді жас шәкірті. – Менің тірнектеп жиған азын-аулақ ақшам бар, соны бе­ре­мін жолыңа. Міндетті түрде барасың... – Жоқ, маэстро! Мен ол ақ­шаны алмаймын. Сізді қалай ақшасыз қалдырамын? Менің оны қайтаруға ешқандай мүм­кіндігім жоқ, – дейді шәкірті үзілді-кесілді ақшадан бас тартып. – Көп сөзді қой да ал мынаны. Бұл ақшаны мен саған қарызға беріп тұрған жоқпын. Біржола беремін. Сенің жеңісің – менің жеңісім! Екеуміздің жеңісіміз – бүкіл қазақ әнінің жеңісі. Осыны неге ұқпайсың? Мә, ал! – деп ұстазы шәкіртінің қолына жиған-терген ақшасын ұстатады. Әлемнің 30 елінен әншілер қатысқан конкурста Медет бас жүлдені жеңіп алды. Онымен қоса «Ең үздік тенор» номинациясының да жүлдесін иеленді. Осы жаңалықты естіген ұстаздың жанарына жас толып қуанды. Нағыз ұстаз осындай болар! Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ, Семей мемлекеттік Шәкәрім атындағы университеттің профессоры.