28 Қаңтар, 2016

Көз жанары – рентген

4631 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Динара ОрынтайкызыХалық емшісі Динара Орынтайқызы сан түрлі ауруды емдейді 1990 жыл. Кеңес Одағы сынды алып держава теңселіп тұрған кезең. Тірліктің мәні қашқан сол тоқсаныншы жылдардың басында медицинадан да береке кете бастаған. Тұрымтай тұсымен болып кеткен сол жылдары дүйім жұртты елең еткізіп, Саудакент ауылынан емші қыз шықты. Аңызға бергісіз әңгімелер ел арасында желдей есті. «Не дейсің, Саудакенттен көзі «рентген» қыз шығыпты, ауруыңның белгісін бетіңе қарап-ақ айтып береді екен. Көріпкелдігі де сұмдық дейді. Тіпті, алдына келген науқастың қандай пенде екенін жазбай біледі...». Осындай әңгімелер аудан асты, одан әрі облысқа жетіп, кең-байтақ қазақ елін шарлап кетті. Сол жылы Қазақстанның түк­пір-түкпірінен жанына дауа іздеп келген адамдардан қара жер қайысып кеткендей болғанын өзіміз де көрдік. Қандай заман болсын, қазаны оттан түспеген киелі мекеннің тұрғындары жанына шипа іздеп келген жандарға емші үйінен орын тимей жатса, өз шаңырақтарының төрінен орын беріп, қонақ етіп күтіп жіберетін... Қазақстан Республикасының Халық және рухани емшілері мекемесінің толық мүшесі Динара Орынтайқызымен жолығып, ди­дар­ласудың сәті түсті. Динара жас кезінен кісі жатырқамайтын, ашық мінезді еді. Қазір де сол қалпы. Әсте бұл мінез әкесі Орын­тай қариядан дарыса керек. Ол кісі 80 жасқа таянса да әлі тың, ашық-жарқын. Ауылға ғана емес, ауданға сыйлы қария. Анасы жарықтықты көзіміз көрген жоқ, ауылдастар ол кісіні де ырыс қонған отбасының ұйыт­қысы, дастарқаны жиналмаған берекелі ана еді деп отыратын. Емшімен арадағы әңгіме көзін­дегі «рентген» сәулесі жайлы басталды. – Бұл ашылмаған құпия. Осы ғұмырымда көзінде рентген бар жанды кездестіргенім жоқ. В. Илюшин деген атақты дәрігер-ғалым оң көзімде рентген сәулесі бар еке­нін анықтаған. Басқа ғылымдар мұн­дай құбылыстың бұрын да кездескенін айтқанымен, менің жанарымдағы сәуленің құпиясын аша алар емес. Дүниеге келгеннен бір көзім қисық болды. 18 жасымда көзіме ота жасаттым. Ота жасаған дәрігер Овсянникова: «Динара, көзіңді түзедік. Алайда, көз түбінде кішкентай лампа сияқты бірдеңе тұр. Не екенін білмеген соң, тиіспедік», – деді. Алдыма келген науқастың іш құрылысын көре аламын. Құрсағына бала біткен келін­шектердің іштегі шаранасы ұл ма, қыз ба – бірден айтып беремін. Әрине, оны жүктіліктің белгілі бір мезгілінен соң, медициналық «УЗИ» аппараты да анықтай алады. Телеэкрандағы адамдардың да ішкі құрылысын көремін. Елге белгілі, қадірлі азаматтардың ауруын сезсем, орнымнан тұрып кете­тінім бар. Барлық уақытта да көре аламын деп айтуға болмайды. Бұлтты, жаңбырлы күндері және түн ауған соң, дәлі­рек айтқанда, сағат түнгі 24-тен Шолпан жұлдызы шыққанша көру мүмкіндігім шектеледі. Осындай құбылыстан шығар кө­зім ауырады, сосын көзілдірік тағатыным, – деді Динара. Оған емшілік қасиеттің қалай қонғаны да бізді бейжай қалдыра алмады. Динараның бұдан алты-жеті ғасыр бұрын өмір cүрген, аты аңызға айналған көріпкел, тәуіп, назары мен назы қалт кетпейтін Оқ­шы бабаның ұрпағы екенін еске ал­сақ, ұрпақтан-ұрпаққа ауы­­сып, Ди­нараға қонғанын аңға­расың. Ширек ғасыр бойы елді емдеп келе жатқан емшінің осы жолға келуі де оңай болған жоқ. Жамбыл медициналық колледжінің сту­денті болып жүрген 18 жасында екі аяқтан қалып, төсек тартып қалады. Содан екі жыл жатты. Қарға адым аттап басу мұң болған шақта ол тек қана құдіреті күшті бір Аллаға жалбарынумен болды. Төбесінен қарап тұратын беймәлім бір күш мұны орнынан тұрғызатындай, екі аяғын нық басып жүріп кететіндей алдағы күндерге деген сенімін жоғалт­пады. Бармаған жер, баспаған тау, қаралмаған дәрігер қалмады. Ел іші ғой. Қамқор ата-ана Тараз қаласында Бектұр деген емші бар екен де­генді естіп, сол кісіге алып барыпты. Cо­дан емші мұны 9 күн бойы емдеп, аяғына тұр­ғызады. Бұл – 1989 жыл еді. Бойында емшілік қасиет бар еке­нін де Бектұрдан естіген. Ол бұған «атақты емші боласың» депті. – Жаратқан ием екі жыл бойы сал қылып, жанымды қина­ғаны­мен бармақтай бақ та сыйлапты. Ол – адамдарды емдеп, жандарына шуақ шашу. Науқасы меңдеп, жүдеп-жадап, үміт сәулесі өшкелі тұрған жандардың ауруынан айығып, жүзін қуаныш кернегенін көргенде жаным жадырап сала береді. Мына жарық дүниеде адамдарға бақыт сыйлағаннан артық не бар? – деп қос жанарын жүзіме қадай түсті. Емші қарындастың рентген-жанары менің де ішкі құрылы­сымды көріп отыр-ау деп ойлап, абдырап қалдым. Жоқ, мен ауру меңдеп, емделуге келген жоқпын. Жур­налистік қызмет бабымен жүрмін, сон­дықтан кез келген жанның жан дүниесіне үңіле бермес, дейді бір ойым. Динара менің ойымды оқып қойған сияқты. Бір қырындап отырып, әңгімесін әрі қарай жалғап кетті. Отызыншы жылдары ғұмыр кешкен әжесі де бақсы болыпты. Бақсылар отпен емдейді. Әжесі де сөйтіп емдеп, талай адамды ажалдан арашалапты. Емшілікті алғаш бастағанда бұл да бойындағы биотокпен емдеген. Жылдар өте келе оған шөппен, массажбен емдеу қосылған. 1993 жылы Тараз қаласындағы Әбдіқадыр медресесінің екі жылдық курсын бітіреді. Одан әрі Бұқара мен Самарқандта дәріс алып, Тараз қаласына қайта оралады. Содан бері дұғамен де емдеу­ді қолға алыпты. «Адам болған соң, жақсысы да, жаманы да кездеседі. Қызғаншақтық, іштарлық қатыгездікке ұласып, кейбіреулер дуа жасайды. Дуаны шешіп берудің сауабы үлкен дейді. Сөйтіп те жүрмін. Қасиетті Құран кітабының аят-cүрелерін қолданып, сырқаттарға дем де саламын», – деді ол. Динараның емдеу тәсілі дәстүрлі медицинадан алшақ емес. Тамырды ұстап, науқастың диагнозын дәлме-дәл, сол сәтте қояды. Аурудың бетін Құранмен қайтарады, шөп қолданады. «Ға­сыр дерті» атанған қатерлі ісік ауруынан бастап, ішкі мүшелердің барлық ауруларын, жүйке жүйе­лері, буын сырқаттарын, әйелдер аурулары мен бедеулікті, басқа да аурудың талай түрін емдей беретін емшінің емдемейтін ауру түрлері де бар. Аллергия мен пси­хикалық және жұқпалы ауруларды қарамайды. «Нақ­ты айтқанда, ондай ауруларға шамам келмейді. Ондай науқаспен ауыратындармен қарым-қатынаста болудың өзі қауіпті ғой», – дейді Динара. – Көзіңіз рентген, өзіңіз ем­шісіз, тағы қандай қасиетіңіз бар деп сұрақ қойғалы отырға­ныңызды сезіп отырмын. Мұны көріпкелдік қасиет деп ойламай-ақ қойыңыз. Бұл журналистердің қоятын дәстүрлі cұрағы. Cон­дықтан бұл сұрақты сізге қой­дырмай, өзім-ақ айтайын. Тіл-көз тиген адамды да қараймын. Алайда, құмалақ салмаймын. Көріпкелдік қасиет әжемде де болған. Ол кісі аласапыран заманда өмір сүрді ғой. Алда не бо­ла­тынын күні бұрын сезіп отырады екен. Ал мен көріпкелдік қасиетімді өзіме, жақындарыма ғана қолданамын. Түнімен дұға оқып шығамын. Ондайда әлде бір тылсым күшке еніп, өзімді ұмы­тып кететінім бар. Құдайдың құдіреті ғой, түс пен өңнің арасында біреу келіп, алда не болатынын ескертіп кетеді. Мына бір жағдай есімнен шықпайды. Ана жылы ауылда тұратын інімнің келіншегі келді. Аяғы ауыр екен. Мен оның қыз табатынын айттым. Бірақ, шақалақтың кемтар болып туатынын ескерттім. Айтқандай-ақ, босанған кезде нерестенің ұршығы шығып кетіпті. Медицинада бұл ауруды «дисплазия» деп атайды, – деді. Су жағасына барса неме­се су толы ванна жанында тұрса, жанындағы адамның тағдыр-талайын, оның өткен өміріндегі істеген жақсылығы мен жаман­дығын бірден біледі екен. Сон­дық­тан қанша су маңына жақын­дағысы келмегенімен тіршілік нәрінен қалай қашып құтылсын. Әйтеуір, пенденің жамандығын көрмесем дейді, ал көріп жатса жү­регі ауыратыны бар. Динараның пікірінше, емшінің бойында үш қасиет болғаны жөн. Атап айтқанда, дінді де, медицинаны да, халықтық дәстүрді де ұштастыру керек. Діннен хабары жоқ емші емші емес. Бір ауыз Құран сүресін білмейтін емшіден не қайыр. Бет-аузына опа жағып боянып-сыланып, ашық-шашық жүретіндерді қалай емші дерсің. Қоғамда халық емшілеріне деген көзқарастың өзгеріп, жағым­сыз пікір қалыптасуына осындай жалған тәуіп, балгер, көріп­келдер әсер етеді. Ем жасарда аруақ­қа емес, Аллаға сыйыну керек. Медицинадан барлық ем­ші хабардар болуы тиіс. Өзі акушер-фельдшер мамандығын алғандықтан соқырішек, сарыауру сынды сырқаттарды да емдей береді екен. «Дәстүрлі медицина мен халықтық медицина бір құстың қос қанатындай бір-бірін толықтырып отырғаны жөн», – дейді Динара. Емшінің ауылдағы көршісі Мәдина 14 жасынан қатерлі ісік ауруымен ауырыпты. Динараның емінен кейін ол құлан-таза айығып кетеді. Бұл емшілік қасиет қонған 1990 жыл еді. Бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданынан келген 8 жастағы бала өмір есігін ашқаннан зағип болыпты. Біраз ем қабылдаған соң: «Динара апа, мен сізді көріп отырмын» депті. Ақсәулеге қойылған диагноз «жатырдың қатерлі ісігі» болатын. Емшінің қабылдауында екі-үш рет болған соң, «УЗИ» аппаратына түсіп, жазылғанына көз жеткізіпті. Тараз қаласына кел­гелі бері де жүздеген науқасты ауруы­нан айықтырды. Әсіресе, жазылмайтын ауруға ұшыраған Жуалыда тұратын ананың алғысы шексіз. Динараның тілек кітабында мұндай ризашылық сезімін білдіріп, алғысын жау­дырған тілек­тер легі жетіп-артылады. Олар­дың арасында оң-солын енді таныған баладан бастап, жасы келген қарияларға дейін бар. Қа­зақстанның әр қиырынан шыбын жанын шүберекке түйіп келіп, құлан-таза айығып кеткен адамдардың алғысы мен ақ­пейілінің арқасы да шығар, халық емшісінің ширек ғасыр бойы елді емдеп жүргені. Амангелді ӘБІЛ, журналист. ТАРАЗ.