03 Ақпан, 2016

Елбасы сөзі – елдіктің көзі

732 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

100-590Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс

ХVІІ съезінде сөйлеген сөзін қазақстандықтар қызу қолдауда

Жаңашыл бастамалар ел игілігіне айналды

Тәуелсіздік жылдарында Қа­зақстанда сан алуан игілікті істер халықтың көзайымына айналып үлгерді. Мұндай оң бастамалар елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүзеге асып келеді. Әрине, ширек ғасыр ішінде талай жылдарға жүк боларлық ауқымды істерді атқарып шығу оңай шаруа емес. Бұл жаңашыл істер Елбасының салиқалы сая­сатының арқасында қолға алынып, халықтың игілігіне берілді. Қуаныштысы, ондай оңды шаралар жылдан-жылға жалғасын тауып, халықтың жағдайын жақ­сартуға оң септігін тигізіп отыр. Осындай сан алуан істердің жүзеге асуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басшылық ететін «Нұр Отан» партиясының қосқан үлесі зор. Сондықтан Қазақстан жұртшылығы әрбір сайлауда өздері сенім артқан партиясына өз қалауымен дауыс беріп, еліміздің келешегі жарқын болуына зор сенім артып келеді. Әрбір уақытта жаңашыл жо­баларға қолдау білдіретін еліміз бүгінгі таңда дүниежүзіндегі ин­новациялық жағынан дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылып отыр. Бұл жайында Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған партияның кезектен тыс XVII съезінде мәлім етті. Аталмыш жиын барысында Елбасы «Қазақстан әлемнің ең үздік 50 инновациялық экономикасының қатарына қо­сылды. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,3 есеге өсті. Құрылыс саласында отандық өнім 72 пайызды шамалады. Инфрақұрылым саласында жалпы ұзындығы 1300 шақырым болатын Жезқазған – Бейнеу, Ар­қалық – Шұбаркөл ба­ғыттарында Қа­зақ­станның бел ортасынан өтетін бұрын-соңды салынбаған теміржол жүйесі пайдалануға берілді», деп атап көрсетті. Сондай-ақ, аталмыш теміржолды іске қосу арқылы Бетпақдаланың аймағында жаңа­дан жұмыс орындары ашылып, халықтың жағдайы түзелгені айтылды. Осының арқасында еліміздің барлық өңірлерінде тікелей теміржол байланыстары орнады. Аса ауқымды «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмыстар іске асырылуда. Қазіргі таңда алты жасқа дейінгі балалардың 82 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілді. Еліміз бойынша осы уақытта 30 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. «Осының барлығы мемлекеттің «Нұр Отан» партиясымен бірігіп, жер-жердегі істеген шаруасы болып саналады», деп атап өтті Елбасы. Алда үлкен саяси науқан күтіп тұр. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен жер­гілікті деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау жақындап келеді. Осы орайда, барша азаматтарды сол науқанда еліміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасауға шақырамын. Әділжан ҮМБЕТ, «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы.

ERA_8004+Бұл – жоспарларды жүзеге асыру уақыты

Бұл мен қатысқан алғашқы съезд емес. «Нұр Отан» пар­тиясының бұдан бұрынғы съездеріне де қатысқан болатынмын. Парламент Мә­жілісінің бұған дейінгі сай­ланған депутаттары бүгінге дейін біраз маңызды істердің басын қайырды деп есептеймін. Десек те, сайлауды өткізу жөніндегі шешім өте дұрыс шешім болды деп ойлаймыз. Ал бұл съездің негізгі ерекшелігі – осыған дейінгі жинақталған тәжірибелердің барлығын әрі қарай іске асыруға, халықты дағдарыс уақытынан алып шығуға жасампаздық сипат беріп отыр. Мемлекет көтерген бастамалардың барлығы да «Қазақстан-2050» Стратегиясынан туындап отыр. Қазір Ұлт Жоспарын нақтылы әрі нәтижелі түрде жүзеге асыратын уақыт туды. Еліміздің барлық салалары осы бағытта тас-түйін жұмыс істеуге әзір. Бүгінде түрлі сала мамандары бұл турасында өз пікір-ұсыныстарын білдіруде. Бір қуанатынымыз, елімізде бұрынғыдай жеке басының ғана мүддесі үшін емес, елдік мүдде үшін аянбай тер төгуге дайын азаматтар қатарының көбейіп келетіндігі. Егер, ондай азаматтар барынша көп болса, олар Парламент Мәжілісінің мінберінен елдік мәселелерді көптеп көтерсе, біз де мемлекетіміздің болашағы үшін алаңдамас едік. Гүлжауһар ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облысы Қармақшы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Болашақтың бағдарламасы

Бәрі де мен күткендей болды. «Нұр Отан» саяси партиясының кезектен тыс XVII съезінде еліміздің жал­­пы дамуы­ның ресурсы, жаңа инвестициялық сая­сат, экономикалық қауіпсіздік – бәрі-бәрінің нақты жос­парлары мен бағыт-бағдарлары бел­гіленді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың съезде сөйлеген сөзін­де аталып өткендей, «Алдымыздағы бес жыл Қазақстанның ХХІ ғасырдағы тағдыр-талайы қандай болатынын айқындайды. Біздің еліміздің беріктігі, біздің бәріміздің беріктігіміз сынға түсетін болады. Баршамызды елді жаңарту орайындағы ау­қымды жұмыстар күтіп тұр». Елбасының ғаламның бүгінгі ты­ныс-тіршілігінен өте жақсы хабардар екенін оның осы айтқан сөздерінен анық байқауға болады. Алда атқарылар іс ұшан-теңіз. Теледидардан Елбасының әр сөзіне мұқият құлақ қоя тыңдай отырып, мен шын мәнінде болашағымыздың асқаралы жоспарын бүгін жасап алмасақ кеш қалатынымызды сезіндім. Күні кеше жасалған Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін уақыт көшіне ілеспесек болмайды. Таяу мерзімде жаңадан сайланатын жаңа Парламенттің құрамынан жас буынның өкілдерін көріп, тіпті, қуандым. Мені ерекше сүйсіндіргені – Елбасымыз елімізді әлемге танытқан Серік Сәпиев, Илья Ильин секілді, Ген­надий Головкин секілді сайыпқыран жастардың есімін халық алдында үлгі етіп атап-атап айтқаны. Бүгінгі жастарымыз әнін айрықша жақсы көретін Қайрат Нұртас пен жас дарын Жанар Дұғалованың партия съезінен бейнелерін көрдім. Олардың да депутаттыққа ұсынылғанынан ел болашағы жастарымыздың қолында екенін шын мәнінде түсінгендеймін. Әнші де халықтың өкілі. Қазақстан халқы – болашағы үшін таңдауын да дұрыс жасайды, жасап келеді дегім келеді. Сол үшін де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің игілігі үшін жасаған бағдарламасын шын жүректен қолдаймын. Болат НҰРАХМЕТОВ, Алматы мемлекеттік-табиғи қорығы директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары.

ERA_8296+Жастардан күтер үміт мол

Әлемдік экономикалық дағ­дарыстың салдарын еңсеруге атсалысу – өзін Қазақстанның патриотымын деп санайтын әр азаматтың борышы. Қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртудың Ұлт Жос­парын табысты жүзеге асыру үшін, ең алдымен, экономикамыз орнықты болуы керек. Ол үшін ел іргесі мықты, бірлігі берік, өзара ынтымағы зор болғанда ғана төккен тер, еткен еңбек нәтижелі болмақ. Сонда ғана озық дамыған отыз елдің қатарына жете аламыз. Осы тұста әлемді жайлаған дағдарыс жағдайында Пар­ламент Мәжілісі депутаттарының өз өкілеттіктерін тоқтатып кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі бастамасын дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын. Барлық саяси партиялар үшін бұл – халыққа көптеген көкейкесті мәселелерді шешудің жолдарын көрсетудің, халық сенімінің сынағынан өтіп, мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде Мәжілістің жаңарған құрамында өзін тиімді дәлелдеудің жаңа мүмкіндігі. Күні бүгін «Нұр Отан» партия­сы атынан депутаттыққа үміткерлер тізімі­мен таныстық. Олардың бәрі де өз саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, елімізді әлемдік аренада танытып жүрген азаматтарымыз. «Жас келсе, іске» демекші, тізімнен танымал жастардың есімдерін көріп қуандық. Олар жастық жігерін, сарқылмас қажыр-қайратын еліміздің өркендеуіне жұмсайды деген үмітім зор.  Ақтоты ТАНИЕВА, «Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Мерген ауылы.

Бірлік – алтын діңгегіміз

Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс форумында жасаған баяндамасын үлкен ықыласпен тыңдап, көкейіме тағылым­ды ойлар түйдім. Нұрсұлтан Әбішұлының әр сөзінен елге, халыққа деген зор қам­қорлық самал желдей есіп тұрды. Бұл ретте, теңгені еркіндікке жі­бермей, қолмен реттеуді ұстап тұр­ғанда не болатынын ұғынықты тілмен түсіндіріп бергені талайларға ой салары анық. Саяси ұйым Төрағасының айтуынша, Ұлттық қор қаражаты есебінен теңгені қолдаудан бас тартпайтын болсақ, Қазақстан мемлекеті мен халқы әлдеқайда кедейленіп кететін еді. АҚШ пен Қытайдағы Қор нарықтарының құлдырауын еске алып, осы оқиғаның әлем­дік компанияларға 194 миллиард доллар залал келтіргенін атап өтті. Президенттің қоғамдық келісім мен ішкі саяси тұрақ­тылыққа негізделген саясаты арқасында еліміз әлемдік қаржы жүйесінің құбылмалылы­ғы­на қара­мастан орнықты дамып келеді. Алдағы бес жылдағы басым бағыттар тағы бір екшеленіп, партияның сайлауалды Тұғырнамасына арқау етілді. Бағдарламаның «Қазақ­стан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасам­паздық» деп аталуында үлкен мән бар. Тәуелсіздік алғаннан бері күрделі қалыптасу кезеңі­нен өткен Қазақстан этносаралық ке­лісімді жетілдірудің бай тәжірибесін қалыптастырды. Тарихи тағдыры ортақ түрлі этнос өкілдері ортақ Отанының іргетасын бірге қаласты. Барлық этномә­де­ни бірлестіктердің ортақ құрылымы, азаматтық қоғам­ның ерекше институты Қа­зақстан халқы Ассамблеясы пайда болып, толеранттылық пен кикіл­жіңсіз алға басудың ерекше үлгісіне айналды. Бүгінде ол тұрақ­тылық пен өзара сенім­ді­лік­тің берік ірге­тасы саналады. Бейбітшілік пен тыныш­тық – әр шаңырақтың баға жетпес байлығы. Өңірі­мізде жүзге жуық этнос тату-тәтті бірлікте тұрып, өздерін еліміздің шынайы патриоттарына балайды. Олар съезд шешімдерін орындауға, әлеуметтік-экономикалық дамуға өз үлестерін қосуға әрқашан әзір. Этномәдени бірлес­тік жетекшілері жедел ақпараттық-наси­хаттық топтардың мүшесі ретінде Ұлт Жоспарын жұртшылыққа жеткізудің ұтымды әдіс-тәсілдерін талмай қарас­тыратын болады. Мен өзім Петропавл қаласында өмірім­нің ең мағыналы сәттерін өткізіп келемін. Облыс орталығындағы жоғары оқу орнында оқыдым. Үйлендім, үбірлі-шүбірлі болдым. Білім саласында қырық жылдай еңбек етемін. Мені Қазақстанның ашық мемлекеттік стратегиясы мен ізгі демократиялық жағдайындағы ұстанған бағдары қуантады. Елбасы ең жоғары форумда дағдарысты еңсерудің барлық мүмкіндіктері жасалғанын мәлім етті. «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретін­де съезд шешімдерін толық қуат­таймын.  Александр ПЛОТКО, «Світанок» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Солтүстік Қазақстан облысы.

Жаңа ахуалда өмір сүруге бейімделеміз

Дүбірге толы дүние күн сайын өзгеріп жатыр. Жаһан экономикасы бірде төске өрлеп, енді бірде жардан төмен құлағандай құлдырап, көптеген елдердің өркендеуіне кедергі келтіруде. Әрине, мұның бәрі жаһандық қаржы дағдарысының, сонымен бірге, мұнай бағасының күрт құбылуының әсерінен болып отыр. Тіпті, бұған жетекші елдердің бір-біріне санкция түрлерін көбейтіп, саяси, һәм экономикалық ауыртпалықтарды жиілетуінің де әсері болып отыр. Мұның салқыны азды-көп­ті біздің отандық экономикаға тиюін жоқ­қа шығара алмасақ та, өмірдің ағымы, экономикалық жаңғыру бір орнында тұрып қалмайтыны даусыз. Демек, әр мемлекет, тіпті әр адам күрмеулі мәселенің шешімін табуға ұмтылады, жаңа дамудың даңғыл жолын іздейді. Бұл –бүгінгі заманның талабы. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» пар­тиясының съезінде жаңа ахуалға бейімделудің қажеттігіне тағы да баршаның көңілін аударды. «Біз жаңа ахуалда өмір сүруді, даму үшін мүмкіндіктер тауып, сын-қатерлерді ептілікпен еңсеруді үйренуіміз қажет. Кейбіреулері жақын арада мұнай бағасы көтеріледі деп ойлауда. Бізге осы жағдайда өмір сүруге үйрену керек. Бұл ұзақ үдеріс болады. Мүмкін бұл жақсы болатын шығар, яғни осы бағыттағы шаралармен айналысу – қажетті қадам. Бізде дағдарысты еңсеру үшін мүмкіншілік пен ресурстар бар», –деп Елбасы бәрімізді жаңаша ойлауға, жаңаша әрекет етуге талпындырды. Менің атқаратын қызметім «Нұр Отан» партиясының бағ­дарламаларын іске асырумен тікелей байланысты болғаннан кейін әр съезге қатысып келе­мін. Рас, әр съезден алатын әсер әр бөлек, ал бұл жолғы съезден ерекше әсер алып, қанаттанып шықтым. Өйткені, тәуелсіз елімізді әлемге танытуда бар ерік-жігері­мен емірене еңбек етіп жүрген, сонымен бірге, көшбасшылық, көрегенділік қасиетімен әлемдік ірі саясаткер деңгейіне көтерілген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына қолдау білдіретін бірден-бір кіші буынның өкілі болғандықтан біз де жастарды жаңа ахуалға бейімдеуіміз қажеттігін ұғындым. Сонымен бірге, партия­мыздың 8 бөлімнен тұратын «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты 2016-2021 жылға арналған сайлауалды бағдарламасында елдің көкейіндегі мәселелердің оңтайлы шешім табуы айқын көрініс тапқанына қуандым. Өйткені, бағ­дарламада жаһандық сын-қатерлерге қарсы және жаңа нақты ахуалда өмір сүруге бейімделудің іс-қимылдары қамтылды. Елімізді экономикалық қайта өркендетудің негізгі бағыттары да айқындалып отыр. Бағдарламада жаңа әлеуметтік саясаттың, әсіресе, тиімді әлеуметтік мемлекет, тұр­ғын­дар­дың осал топтарын қолдау, еңбекпен қамту, жаңа тұрғын үй саясаты, денсаулық пен білім беруді үздік әлеу­меттік стандарттарға жеткізудің нақты жоспарлары бар. Түйіндей айтқанда, біз партия съезінен алдымызға үлкен мақсат қойып шықтық. Ең бастысы, елдің бірлігі мен тұрақтылығын сақтап, жасампаз істерге қол жеткізу үшін жаңа ахуалда өмір сүруге бейімделетін боламыз. Бұл – баршамыз бірге еңсеретін асқар асулар. Сол асуларға бірге жетуге жастар да жұмылады. Асқар БОПЫЛДЫҚОВ, «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы, съезд делегаты. АТЫРАУ.

 Дәрігерлер ертеңге сенімді

Астанада «Нұр Отан» пар­­тиясының кезектен тыс XVII съезі болатынын ақпарат құралдары арқылы естіп, біліп жүрдік. Әрине, мұндайда елең еткізер жаңалықтар, Елбасының биік мінберден халқына арнай­тын сөздерін күтеміз. Осы жолы да партияның «Қазақстан- 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жа­сам­­паздық» атты 2016-2021 жылға арналған сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Бұған дейін бес институттық ре­фор­ма шеңберіндегі «100 нақты қа­дам» Ұлт Жоспары нақтыланды. Қай­сысы болмасын, барлық бағ­дарламаларда әлеуметтік саясат, әлеуметтік мемлекет, еңбекпен қамту, жаңа тұрғын үй саясаты, ден­саулық сақтау мен білім беруді үздік әлеуметтік стандарттарға жет­­­кізудің нақты жоспарлары жасалады. Теңгені еркіне жібермей ұстап тұрсақ, мемлекет те, халық та әлдеқайда кедейленіп кетер еді. Әлемнің көптеген валютасы ор­нықсыз, девальвацияға ұшы­рап жатыр. Бұл ұлттық жүйе­лер­дің жаһандық экономика трендтеріне реакциясы. Ал теңге динамикасының төмендеуі бұл әлемдік экономикалық конъюнктурамен байланысты объективті про­цесс болатын, деді жиында Елбасы. Маған бір ой салар ретінде әсер еткені, Мемлекет басшысы теңгені еркіндікке жібермей, қол­мен реттеуді ұстап тұрғанда не болатынын түсіндіріп бергені. Өйт­кені, халық арасында теңгенің құлдырауына байланысты әртүрлі сөздер жүреді. Сондықтан бұл айқын түсіндірмесі сондайларға тосқауыл бола алар түсініктеме болды ғой деп ойлаймын. Яғни, «Нұр Отан» партиясы барлық отаншыл азаматтарды еліміздің игілігі үшін өз бағдарламасын қолдауға шақырады. Біздің ауданымызда 30-ға жуық аурухана, емхана сияқты ауылдарда ме­­дициналық мекемелер бар. Бәріміз де Елбасы айтқандай, отан­шылмыз. Алыстағы ауылдарда дәрігерлеріміз еңбек етуде. Халқымыздың денсаулығын сақтау жолында ауыл тұрғындарына қызмет көрсетудеміз. Дәрігерлер қатары жыл сайын толыға түсуде. Өткен жылы «Дип­ломмен – ауылға!» жобасы бойын­ша 7 жас маман дәрігерлер келді. Жалпы, бағдарлама бойынша елімізде денсаулық сақтау сала­сының үздік әлеуметтік стандарттарына қол жеткізу мақсаты қойылды. Аудандық ауруханаға 4 «жедел жәрдем» көлігі, кардио­метр аппараты сатып алынды, Қожамжар ауылында жаңа емхана салынып, қыркүйек айында пайдалануға берілді. Өткен жылы бөлінген қаржы 284 миллион теңгені құрады. Осының бәрі медициналық қызмет сапасын жақсартуға елеулі ықпал етті. Бағдарлама аясында 2011-2015 жылдары әлеуметтік белгісі бар аурулардың индикаторларын төмендету жоспарланған болатын. Бұл жоспар бойынша да біздің ауданымыздың көрсеткіштері жаман болған жоқ. Аудан халқына жылжымалы дәріхана «Одақ-Павлодар» ЖШС кесте бойынша келіп, қызмет көрсетеді. Қазір ауыл халқының аудан орталығына келмей-ақ, өз ауылдарында ем алуларына жағдай жасаған. Жалпы, аудан бойынша 1461 адам күндізгі стационарда ем қабылдады. Екіншіден, «Егеменге» шық­қан мақаласында Елбасы міндетті медициналық сақтандыру мәсе­лесіне тағы да тоқталды. Бұл аса маңызды әрі жауапты жұмыс. Кепілдендірілген медициналық көмектің көлемінде жеке сек­тордың үлесін ұлғайту меди­циналық қызмет көрсету сапасын бәсекелестік ортаны кеңейту арқылы арттыруға мүмкіндік береді. Мақаладағы медициналық мекемелерді бас­қарудың кор­поративтік жүйесін енгізу де табылған шешім. Дағ­дарысқа қа­рамастан биылғы жылдың 1 қаң­тарынан бастап еңбекақымыз 28 пайызға өсті. Біздің дәрігерлер Жолдауды талдап, өздеріне бағыт-бағдар белгілеп алды. Дәрігерлер барлық елдік бастамаларды қолдайды, ертеңге сенімді. Әмірхан ТӨРЕГЕЛДІ, аудандық ау­ру­­хананың бас дәрігері. Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы.

Отанымыз мықты болса, біз де мықтымыз

«Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы көкейде жүрген мәселелерді көтерді. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Нұрсұлтан Әбішұлы байлық та, бақыт та өз еліңде, сырттан байлық іздегендердің оңғанын көрген жоқпын деді. «Енді осының барлығын шетелге апарып, қаржыны тығып сонша не болды? Соның барлығын алып келіңдер деп заңдастыруды жасап отырмыз. Айыптамаймыз, кешіреміз, ешкімді қудаламаймыз. Алып келіңдер де, елдің ішінде болып жатқан жекешелендіруге қатысып, бір үлкен нысанды сатып алыңдар да, содан табыс тауып, халыққа жұмыс бересіңдер және елдің экономикасын көтересіңдер», – деді Мемлекет басшысы. Бұдан артық не деуге болады?! Отанымыз мықты болса біз де мықтымыз. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы: «Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз» дей келе, дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарудың бес бағытын көпшілік назарына ұсынып, Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» іске асыру үшін «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беретінін айтты. Бұдан түйеріміз, межеленген міндет-мақсаттарға жұмылдыру сынды жауапкершілігі мол жұмыс баршамызға сеніп тапсырылды. Өзім оңтүстіктегі корей этномәдени бірлестігі атынан Көшбас­шымызды толық қолдайтынымызды жеткізгім келеді. Себебі, Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына нық қадам басқан егемен еліміздегі салиқалы этносаралық саясаттың нәтижесінде әлемдік экономикалық қиындықтарға қарамастан түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі бекемделіп, ырыс-берекесі артып келеді. «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды бағ­дарламасында әлемде болып отырған күрделі геосаяси жағдайлар бүкпесіз айтылды. Бұл, біріншіден, ашықтық пен жариялылықты білдірсе, екіншіден, қандай да бір қиындықты бүтін халық болып еңсеру бүгінгі уақыт талабы екендігін көрсетеді. Иә, өткен 25 жылда жеткен табысымыз аз емес, алдағы кезеңде одан да биік белестер барын ұмытпайық. Осыған орай, алдағы сайлауда Қазақстанның қамын, өз отбасының ертеңін ойлайтын ел азаматтарының ел болашағы үшін таңдау жасайтынына сенімдімін. Роза ПАК, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы, №45 мектеп-гимназиясының директоры. Оңтүстік Қазақстан облысы.