«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қазақстан Республикасының шетелдердегі Төтенше және өкілетті елшілерімен кездесті. Кездесуге Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов және еліміздің әлем мемлекеттеріндегі Төтенше және өкілетті елшілері, Тұрақты өкілдері, Бас консулдары қатысты.
Кездесу барысында Ахметжан Есімов Мемлекет басшысы еліміздің ұлттық жобасы деп бағалаған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі жайлы, көрме кешенінің құрылысы және халықаралық ірі шараның маңызы мен мақсаты туралы айтып берді. Сонымен бірге, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы бүгінге дейін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығын 71 мемлекет және 13 халықаралық ұйымның растағанын жария етті.
«Биыл қараша айынан бастап біз халықаралық павильондарды қатысушы-мемлекеттерге ішкі әрлендіру құрылыс жұмыстарын жүргізіп, экспозицияларын жасауға беретін боламыз. Халықаралық қатысушы-мемлекеттердің контенттік бөлігі оңай шаруа емес.
Оған уақыт керек, сондықтан оған жан жақты дайындалудың маңызы зор. Сондықтан қатысушы-мемлекеттер дер кезінде сәйкесінше бюджеттерінен қаржы қарастырып, павильондарының концепциясын біз ғимараттарды оларға өткіземін дегенше уақытылы шешуі қажет. Осыған байланысты шетелдерде орналасқан еліміздің елшіліктеріне жүктелетін міндет ауқымды. Елшілер еліміздің халықаралық беделін арттыруға ықпал ететін осы шараларды ойдағыдай өткізуге зор жауапкершілік танытады деп сенеміз», – деді өз сөзінде А.Есімов.
Сонымен бірге, кездесу барысында See Agreement келісімінің ратификациялануы талқыланды. See Agreement дегеніміз бұл – ЭКСПО көрмесін өткізуші ел мен халықаралық Көрме Бюросы арасындағы келісім. Ол ЭКСПО-2017 қатысушыларына салық, кеден, виза, сақтандыру мәселелеріндегі артықшылықтарды қарастырады. Келісім тек көрмені өткізуге дайындық және оның өткізілуі барысында ғана күші бар. Бұл ЭКСПО көрмелерін өткізуші барлық елдердің көрмеге қатысушы елдердің қолайлығы үшін жасалады.
Кездесуге қатысушылар көрмені халықаралық деңгейде ілгерілетуге, шетелдік компаниялар тарапынан демеушілік пен корпоративтік қатысу шараларына да көңіл бөлді. Кездесу соңында қонақтарға Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің жобасы таныстырылды. Еске сала кететін болсақ, ЭКСПО Халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылдың 10 маусымынан бастап 10 қыркүйегіне дейінгі аралықта Астана қаласында өтеді. Оған 100 ел, 10-нан аса халықаралық ұйым, инновациялық технологиялар саласындағы 10 көшбасшы компания қатысады деп жоспарлануда.