06 Қаңтар, 2011

Асылдарым

841 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Эссе «Бізге еліміздің маңдайына ұстаған темірқазық жұлдызындай ғажайып ғұламалардан дәріс алу бақыты бұйырды. Орта Азияның тарихы мен археологиясынан академик В.В.Бартольд, үнді фольклоры мен өнерінен академик С.Ф.Ольденбург, араб филологиясынан И.Ю.Крачковский, парсы поэзиясынан Е.Э.Бертельс, көне түркі тілінен С.Е.Малов, тіл білімінен академиктер Н.Я.Марр, И.И.Мещанинов, Л.В.Щерба, атақты шығыстанушылар В.В.Струве, Б.М.Эйхенбаум, А.Ю.Якубовский, белгілі географ Г.Е.Грумм-Гржимайло бізге лекция оқыды. Осынау корифейлерден тәлім алған біздер 2 курстан-ақ өзімізді шын ғалым санадық». Академик Ә.Х. Марғұланның күнделігінен. Біз кешегі ұлы ағаларымыздың алдын көрген бақытты ұрпақпыз. М.Әуезов – бізге үш жыл қатарынан «Қазақ ауыз әдебиетінен», «Абайтану» және «Манас» жырынан, «КСРО халықтары әдебиетінен»; З.Қабдолов – «Әдебиеттану», «Әдебиет теориясы» пәндерінен; Е.Ысмайылов – «Қазақ ақындарынан», Б.Кенжебаев – «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен», М.Қаратаев – «Әдебиет сынынан», Т.Нұртазин «Қазақ совет әдебиетінен» дәріс оқыды. Н.Сауранбаев, С.Кеңесбаев қазақ тілінен сабақ берді. Ұстаздарымыздың жүріс-тұрысының өзі легенда болатын. Қызыға қарап, бейнебір сахараның шөлінен шөліркеп келгендей ынтығып тыңдаушы едік. Автордың күнделігінен. * * * 1. АЛЫП ТАУЛАР АЛЫСТАП БАРАДЫ Өнегесін көрген, тәлім алған ағаларымды көп сағынамын. Өзімді керуені қара үзіп, елі көшкен жұртта қалғандай сезінемін. Бәзбірде жан әле­мім­ді айтып болмас мұң кеулейді. Ойласам-ақ, ішін өрт шалған ормандай боламын. Ағыл-тегіл сағы­ныш сазынан сарғаямын, жүрегім талады. «Қай­да­сыңдар, асыл ағаларым!» деп шарқ ұрып іздеу салғым келеді. Кешегі қазақтың маңдайындағы жалғыз университетінде оқып жүрген кезімде алдын көрген, со­дан кейінгі жылдары араласқан Әлкей Мар­ғұ­лан, Әбділда Тәжібаев, Бейсембай Кенжебаев, Есмағамбет Ысмайылов, Мұхаметжан Қаратаев, Қалтай Мұхамеджанов, Шахмет Құсайынов, Зейін Шашкин, Зейнолла Қабдолов, Өмірбек Жолдасбеков секілді асыл ағаларымды жиі еске аламын. Шалғай ауылда туып-өсіп, білім іздеп Алма­ты­ға келіп, жаутаңдап – қорғаныш, таяныш іздеп жүр­ген шағымда жылы жүзбен құшағына алған аға­ларым еді. Бейне, шөлден келген кісідей ол кі­сілердің сөздерін аузымызды ашып, қайран қалып тыңдаушы едік. Тыңдаудан жалықпадық. Айтқан өнегелі сөздерін жүрегімізге сіңіріп өстік. Соларға ұқсауға тырыстық. Өмір жәрмеңкесі ызғуыт, шым-шытырық дү­ние ғой, оған әркім әрқалай жолмен жетеді. Оқу, із­дену, отбасын құру, шығармашылықпен айна­лы­су, оң-солыңды тану секілді үлкен өмір жолында әлгі ағаларымнан көп үйрендім. Басымнан сипап, ақылын айтып, мені әдебиеттің даңғыл жолына салды. Үлкен үмітпен қарады. Бүгінде елімді та­нып, өзімді еліме таныта алсам – сол ағала­рым­ның арқасы деймін. Мен де ағаларымның үмітін ақтадым деп ойлаймын. Біздер Әуезовтің алдын көрген буынбыз. Сол кездегі Комсомол, қазіргі Төле би-Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы үш қабатты университет үйінің күншығыс бетіндегі үлкен аудиторияға ай маңдайы жарқырап Мұхаң кіріп келгенде, бейне пайғамбардың өзі бол­ма­ғанымен, қасиетті Қызыр Ілияс енгендей сезілетін. Келбетінен көз алмай отырушы едік. Жалтыраған қара туфлиі басқан сайын сықырлап, олай-бұлай кө­сілуші еді. Бірінші жылы «Ауыз әдебиетінен», екінші жылы «Абайтану», «Манас» эпосы» ар­найы курсынан, үшінші жылы «КСРО халықтары әдебиетінен» дәріс оқыды. Осы үш жылдың өзі біз үшін үлкен университет болды. Ғұламаның, абыз­дың алдын көрдік, зертханасынан өттік. Ғажайып бір білім бұлағынан сусындап, көкжиегіміз кеңіп, көкірек көзіміз ашылып, тау басына шыққандай сезіндік. Әуезовтің сары даланың желіндей, жаныңа себелеп нұр құйғандай сазды, ғасырлар түбінен жеткендей әуезді майдақоңыр, жібек үні құлағымызда қалды. – Бәлі, «Манасқа» жететін эпос жоқ қой дү­ние­де. Гомердің «Илиада», «Одиссеясын» әлемдегі ең ұзақ жыр дейтіндер бар. Онысы бекер. Көлемі жағынан «Манасқа» жететін жыр жоқ. Мен талай манасшыны көрген, тыңдаған адаммын. Атақты Келдібек манасшыны, Саяқбай Қаралаевты қан­ша­ма тыңдадым. «Осынша ұзақ жырды қалай жат­та­дың?» деп манасшылардан сұрасаңыз, бәрі­нің де айтатыны: «Шырт ұйқыда жатқанда Манас келіп: «Неғып жатырсың? Жырла мені» деп аян бер­ді. Ояна кетсем түсім екен, көкірегімді жыр кернеп жата алмадым. Содан бері жырлап келемін» дейді. Сенейін десең аңыз секілді, сенбейін десең, бәрінің де айтатыны осы. Бұл-дағы халық жыр­ла­ры­на, елдік мұраларына қатысты тереңірек үңіліп зерттейтін құбылыстардың бірі. Мен «Манасты» Ленинградта аспирантурада оқып жүргенде жыл бойы оқып әзер тауыстым. Расында да, көлемі жағынан «Манасқа» тең келетін жыр жоқ. Ас, намаз, дәрет уақытын есептемегенде, егер манасшы қой күйек байлағанда отырып жырласа, сол қой келесі көктемде қоздағанша таусылмайды. «Манастан» ұзақ, «Манастан» көлемді эпосты адам ба­ласы тудырған жоқ» – дегенде, аузымызды ашып, бейне бір ертегі тыңдағандай ұйып отырушы едік. Дәріс соңында ішімізге сыймай жүрген, абы­зы­мыздың өз аузынан естісек деп, асыл ағамызға неше түрлі сұрақтар қоямыз. Ол кісіге сұрақтың үлкен-кішісі болмайды, бәріне де айызымызды қандырып, көсіліп жауап беретін. Бірде мен: – Аға, Абайды көрдіңіз бе? – деп сұрадым. – Иә, Абайды көрдім, – деді жарықтық. – Сол көргеніңіз есіңізде қалды ма? – дейміз жамыраған қозыдай. – Ол кезде алты жаста едім. Әжеме ілесіп бар­дым. Ауылда үлкен кісіге, Абайға арнап сыбаға тар­ту деген салт болатын. Әжем Абайға сыбаға тартып баратын болды. Ілесіп мен де бардым. Үлкен үйдің төрінде дөңкиген төбедей болып қа­ра­торы кісі отырды. Әжем екеуі ұзақ әңгімелесті. Әбден зерігіп кеттім. Үйге қайтайық деп қыңқылдап жылай бердім. Бір кезде әлгі кісі маған бұрылып қарап: «Бала, сен тентек екенсің ғой», – деді. Сонымен ауылға қайтып кеттік. Абайды бар көргенім осы, – дейтін жарықтық. Үзіліске қоңырау соғылады, Мұхаңның оны­мен ісі болмайтын. Лекциясын оқи беретін. Біз де үзіліске шықпай-ақ ол кісіні тыңдай бергіміз келетін. Неше түрлі адам бар ғой, сабаққа кейде келіп, кей­де келмейтін, келсе де лекцияны зейін қойып тыңдамайтын кейбір студенттер біздің де ара­мыз­да болатын. Сондай пысықайлардың бірі: – Қоңырау соғылды, аға, үзіліс! – деп тыпыршитын. Сонда Мұхаң: – Ендеше, демалыңдар, – дейтін жақтырмай. Үзіліс кезінде ұзын дәлізге шығып аңыз адамындай арлы-берлі жүретін. Басқан ізін басып жүргіміз келетін. Қасында отыру, бір-екі ауыз сөзін есту өміріміздің мұраты болатын. Енді ғой басқан ізіне зар болып қалдық. Шет жағасын білемін: асқар Алатаудай, есімі әлемді тербеткендей сол Әуезовті де кезінде көре алмай, күстаналаушылар болған. Үстінен домалақ арыз да жазған. «Абай» романын байшыл, рушыл топтың образдар галереясын жасаған деп те сынаған. Аузы-басы жыбырлаған, бар болса көре алмаған, жоқ болса бөліп бере алмаған күншілдер көлеңкедей ілесіп соңынан қалмаған. Амал не, олар да адамзатпен бірге өмір сүре береді. Ойлап кетсең пұшайман боласың. Сөйтсек – өмірдің өзі қым-қуыт күрес екен ғой. Жақсы да, жаман да кісінің пейілінен. Қысқалы-ұзынды ғұмыр да – кісінің пейілінен! Тілеуі жақсы, жүрегінің шамы жарық кісінің соңынан жақсы сөз ілеседі. Менің бағым ба екен, жүрегі жұмсақ кісілердің жақсылығын көп көрдім. КазГУ-дің Қазақ әдебиеті кафедрасы пікір­сайыс­тың, кемеңгерліктің қайығы секілді еді. Күн­делікті өмір толқынында үнемі шайқалып, әдебиеттің қазаны қайнап жататын. Кафедра мәжілісінің төрінде Мұхаң отыратын. Кафедра меңгерушісі – Мәстура (Мәскен) Сармурзина апамыз. Алланың сүйкімді құлы секілді үй­ректің көгілдіріндей мөлдіреп қарайтын. Жай­да­ры, жарқын, мейірбан еді, қазақ қыздарының ішіндегі ажарлысы еді. Қараған көз тоймайтын. Мұхаң жап-жас Мәскен апайды «Кафедраның әжесі» деп еркелетіп отыратын. Мұнысы әбден жарасатын. Мен Мәскен апамның қамқорлығын көп көр­дім. Шапағаты көп тиді. Университет бітірерде дип­­лом жұмысын «Шахмет Құсайыновтың драма­тур­гиясы» деген тақырыптан қорғадым. Жетекшім Мәскен апай еді. Мені М.Әуезовке мақтап, универ­ситетте қалдыру керек деп жүрген де, Мәрия екеуміз бас құрағанда жақын тартып, жылы шырай білдірген де осы кісі. Анасы дүниеден өткенде үйінде көп қызмет жасадық. Мәрия тік тұрып қазандықтан шықпады. Риза болғаны сонша, әкесі Ғайса Сармурзин ағамыз Мәрияны онын­шы қызым деп атап кетті. Ғайсекең Мұхтар Әуезовпен жақын дос еді. Мұхаңды сол үйде бірнеше рет көрдім. Арғы-бергіні ақтарып екеуі ұзақ әңгімелесіп отыратын. Мәскен апай соншама кішіпейіл кісі еді. Сол кезде жап-жаспын, жасым әлдеқайда кіші. Сонда да ол кісі менің атымды атаған емес, Мырзеке деп кетті. Не деген әдептілік, не деген кішіпейілділік десеңізші! Кейіннен Мәскен апай қазақтың Қыздар педаго­гикалық институтына ректор болып тағайын­далғанда Мәрияны өзімен қоса қызметке ала кетті. Кафедра мәжілісі қызықты өтуші еді. Өзімді оқытқан, тәлім-тәрбие берген ағаларыммен бірге отыру, сөзін тыңдау, кейде солардың алдында сөз сөйлеу мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Ай маңдайы жарқырап төрде М.Әуезов, ол кісіден төменірек Е.Ысмайылов, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, Х.Сүйі­нішәлиев, З.Қабдолов ағалар отыратын. Беріректе Т.Кәкішев қосылды. Мен есік жаққа жай­ға­самын. Мәскен апай мәжілісті бастайтын. Мәжі­ліске дейін де, мәжілістен кейін де әдемі әзіл-қалжың үзілмейтін. Бәрі де жарасатын. Осылардан басқа жақыным жоқ секілді сезінетінмін. Туған ағамнан, туған апамнан артық көретінмін. Әлі есімде, бір күні Белгібай Шалабаев ағамыз әппақ шашын қап-қара қып бояп келіпті. Жұрт іштей таңғалысты. Тершең кісі еді, өзі де ыңғайсызданды ма, қос орамалымен жалтақ-жалтақ қарап сүртіне берді. Сәл кешігіңкіреп Мұхаметжан Қаратаев келді. Амандасып жайғасқан соң: – Бұл қай өнерің, мұны не деп түсінуге бо­ла­ды, Белгібай? – деп түсін суытты. Мұхаметжан ағаның түсі суықтау болатын. Бел-ағаң қипақтап, ыңғайсыз­данып: – Ақылды бастың гүлдегені ғой, Мұха, – деді. Жұрт ду күлді. Кезекті бір отырысқа Белгібай аға әлгі шашын ұстарамен тап-тақыр қылып алғызып келіпті. Басынан шыбын тайып жығылғандай. Бұл жолы да М.Қаратаев кешігіңкіреп келді. – Белгібай, енді мынауыңа жол болсын, – деп мырс етті. Ол кісі бейсауат күле бермейтін. Бел-ағаң: – Өмірде не болмайды. Ақылды басқа ақымақ шаштың керегі жоқ деп алдырдым да тастадым, Мұха, – деді. Бәрі ду күлді. Кафедра мәжілісінде қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні туралы келелі әңгімелер болатын. Әзіл-қалжың да аз айтылмайтын. Кафедраның мәжілісінен мен үнемі театрдан қайтқандай, өмір мектебінен өткендей болып шығатынмын. Осындай әзіл-шыны аралас оқиғалар жиі-жиі болып тұратын. Алланың бұйрығы шығар, ғұлама Әлкей аға Марғұланмен жиі-жиі ұшырасып жүрдім. Үйіне жиі барушы ем. Жазба үстелінде қағазға көміліп отыратын. Қолында үлкейткіш әйнегі, көзәйнегі де лупа секілді. Үкідей үрпиіп қарағаны қызық. Жа­лықпайды. Үні қарлығып шығады. «Жақында ғана ғылыми экспедициядан келдім… қазақ даласы алтын сандық… сол алтын сандықтың үстінде отырмыз…», – деп алыс бір ертегі әлемінен келгендей ғажайып әңгіменің өрмегін тоқушы еді. Білмейтіні жоқ. Қай мәселе болмасын, өзге бір әлемнің әдібін сөгіп, шымылдығын ашатын. Кейде ғұламаның байтақ әңгімесіне көшетін. Арасында: «Бұл мәселе Бартольдтың еңбектерінде егжей-тегжей талданған. Зайнчковский де жақсы жазған. Сен оны оқыдың ғой?» – дегенде жүрегім зу ете қалатын. Жарықтық Әлекең өзі білгеннің бәрін өзгелер де біледі деп ойлайтын. Ол кісіден шыға салысымен-ақ шарқ ұрып әлгі ғалымдарды іздей бастайтынмын. Сөйтіп, Ә.Марғұландай ғұламамен жүздесу, сұхбаттасу, кездесудің өзі маған өз алдына университет болды. Ә.Марғұлан Шоқанның бес томдығын құрастыр­ды. Алғысөзін жазды. Шоқанның бес томдығына жазылған алғысөзді ағып тұрған поэзия, өмірбаян жазудың ғажайып үлгісі дер едім. Қазір оқысаң да магнит өрісіне түскендей ой-сезіміңді дуалап алады. Не деген көрегендік, не деген Шоқанға сүйіспендік, ұлы махаббат десеңші! Ұлы қайраткерлердің өмірін жазамын деген кісілерге алдымен Ә.Марғұланның Шоқан жайында жазғанын оқу керек дер едім. Есмағамбет Ысмайылов – «Қазақ ақындарынан», Мұхаметжан Қаратаев – «Әдебиет сынынан», Бейсембай Кенжебаев – «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінен», Белгібай Шалабаев – «Методика» пәнінен, Темірғали Нұртазин «Қа­зақ совет әдебиетінен», «Романтизм мектебінен» сабақ берді. Осы кісілердің жүріс-тұрысының өзі легенда болатын. Қызық бір драма көргендей мәзденуші едік. «Шахмет Құсайыновтың драматургиясы» деген тақырыпта диплом жұмысын жазып жүрген кезім. 1960 жылдың сәуір айында Жазушылар одағында драматургияға арналған пленум өтті. 5 курстың студенті едім. Сол пленумда сөз сөйледім. Сөзімде классиктеріміздің «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері-Ақтоқты», «Айман-Шолпан» пьесаларын тілге тиек етіп келіп... әлемдік шеберлік туралы айтып-айтып, тақауда ғана Мүсірепов пен Қазақстандағы «Известия» газетінің тілшісі Бреус есімді автор екеуі бірігіп жазған «Сен қайтер едің?» деген пьесаны сынға алдым. Диалогтардың әлсіздігі, ситуацияның жасандылығы өз алдына, кейіпкерлер ешқандай сомдалмаған, жасанды, сендірмейді, тебірентпейді, пьесаның арқауы драма­тургияның жүгін көтермейді дедім. Классикалық трагедиялар жазған, керемет характерлер жасаған Ғабит Мүсірепов ағамыздың есімін мынадай болмашы, түкке тұрмайтын шығармадан қыз­ғанамыз дегенді де айтып қалдым. Ол кездегі тәртіп бойынша одақтас республикада нендей жиын болса да Мәскеуден біреу келіп қатысып отыратын. Бұл пленумда драматург Афанасий Салынский келіп отыр екен. Кеңес Одағы­ның барлық театрларында пьесасы қойылып, даңқы жер жарып тұрған кез болатын. Президиумда жанында отырған Мұхтар Әуезов ол кісіге менің сөзімді аударып отырғанын байқадым. Залда, алдыңғы қатарда атағынан ат үріккен­дей өнердің, әдебиеттің қайраткерлері отырды. Мен мінбеде сөйлеп тұрмын. Залдың алдыңғы қа­та­рынан айтылған кейбір сөздерді де құлағым ша­лып қалып жатты. Серке Қожамқұлов ағамыздың: «Әлі табанына шоқ баспаған бала ғой» деген сөзін анық естідім. Мен сөйлеп тұрмын. Бір кезде залға Ғабит Мүсірепов кіріп келе жатты. Жайлап, шайқала ба­сып, төрге қарай жүріп келеді. Жұрт сілтідей тынды. Ішінен демалады. Енді не болар екен дегендей, бірде маған, бірде Ғабеңе қарайды. Ғабең төр­дегі орнына жайғасып, бұрылып маған қарап оты­рып, сөзімді мұқият тыңдады. Жүрексіндім. Жү­рек­сінсем де сөйлей бердім. Сөзімді аяқтаған кезде барып жұрт ду қол шапалақтады. Зал дүрлігіп кетті. Көпшіліктің бұл ықыласы қулығы, сұмдығы жоқ студенттің ағынан жарылып бүкпесіз сөй­ле­геніне ризашылықтың белгісіндей сезілді маған. Менің сөзімнен кейін үзіліс жарияланды. Фойеге шықсам, топ-топ, гу-гу әңгіме екен. Анадайдан Ахмет Жұбанов ағамыз: – Мырзатай шырақ, ағаларыңа мойныңды бұра кет, – деді. Келіп сәлем бердім. Ахаң бәсең дауыспен: – Мырзатай шырақ, сен әскерде болмағансың ғой, сірә, – деп қиғаштай сөйледі. – Әскерде автомат деген болады... миномет деген болады... минометші көздегенін көрмейді, қырдан асырып атады... ал автоматпен бетпе-бет келген кісіні ата­ды... автоматшы көрініп қалады... сенің әлгі сы­ның автоматпен атқандай болды, өмірді жаңа бастап жатсың ғой, сынға да абай болғаның жөн, – деді. Болар іс болды, айтылар сөз айтылды ғой, не дейін. – Аға, жаспын ғой. Ағалық ақылыңызға рахмет, – дедім. Бір кезде Бек Тоғысбаев келіп: – Сені Әуезов шақырып жатыр, – деді ентігіп. Жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Одақтың бірінші хатшысы отыратын үлкен бөлмеге ендім. Төрде Әуезов пен Афанасий Салынский екеуі отыр екен. – Бәлі, Мырзатай шырақ, өте жақсы сөйледің, біліп сөйледің. Сын осындай шын болуы керек. Расын айтпаған жалтақ сынның әдебиетке пайдасы жоқ. Әсіресе өздерің секілді әдебиетке жаңа келген біздің жастарымыз әділ болулары керек. Сөзің ұнады. Білімнің пайдасы деген осы. Өзің университетті биыл бітіресің ғой? – деп іштарта сөйледі. – Қызметке қайда бармақшысың? – Биыл бітіретін жастар бәріміз Теміртауға барып, бүкілодақтық екпінді құрылысқа қаты­самыз деп жүрміз. Мұхаң түтігіп кетті. – Бәлі, Теміртауың темір балқытатын жер емес пе? Басқа басқа, сендерге не бар онда? Алған білімің құмға құйған су секілді болмай ма? Ол неғылғаның? Мәскен апайың, Есмағамбет те сені кафедрада қалдырсақ деп жүр ғой. Осыны айтып Мұхтар Әуезов хатшы келіншекке: «Мені университеттің ректорымен қосшы», – деп өтініш жасады. Көп ұзамай телефон шылдыр етті. Мұхаң телефон құлағын көтеріп, университеттің ректоры Темір Байбосынұлы Дарханбаевпен сөйлесіп жатты. Естіп отырмын. – Темір Байбосынұлы, қазақ әдебиеті кафедра­сына бір орын керек, Жолдасбеков деген бесінші курстың студенті бүгін Жазушылар одағының пленумында жақсы сөйледі. Келешегі бар жастарды кафедраға алып қалған жөн болар еді. Кафедра да осы пікірде көрінеді, – деп қоңыр үнімен ректорды иландырып жатты. Жас та болсақ сеземіз, Мұхаңның атақ-абы­ройының асқақтап тұрған кезі, кім қарсы келе қою­шы еді. Дәл сол сәтте менің панам да, қамқор­шым да, ең жақыным да Мұхтар Әуезов болып көрінді. Ертеңіне ректор Дарханбаевқа бардым. Ол кісі мені қазақ әдебиеті кафедрасының ассистенті етіп жарты ставкаға алды. Жалақысы 52 рубль 50 тиын екен. Жарты жылдай осы жалақымен күн көрдім. Жарты жылдан соң Мәскен апай ректорға кіріп мені толық ставкаға көшірді. Оның жалақысы 105 рубль болатын. Осы жалақымен Мәрия екеуміз күнімізді көрдік. Жаз шыға жоғарыда айтқандай, «Шахмет Құсайыновтың драматургиясы» деген тақырыпта диплом жұмысын қорғадым. Ресми төрешім Зейнолла ағамыздың жұмысымды жоғары бағалап сөйлегені, маржандай төгіп пікір жазғаны әлі күнге есімде. Кейінше ойласам, үлкен ұстаз үшін диплом жұмысы деген әншейін-ақ нәрсе. Сол кішкентай нәрсеге көңілін бөлгенін айтсаңшы! Салдарсыз себеп тумайды. Дуалы ауыз аға­лар­дың алдын кесіп өтпей, кітапханадан шықпай, қа­ғазға көміліп жүргесін бе, осы баладан бірдеңе шы­ғады деп ойлаған болуы керек, бесінші курс­тың аяғында әлгі Шахмет ағамыз тілдей қағазға хат жазып беріп еді. Ашып қарасам – хатты профессор Есмағамбет Ысмайыловқа жазыпты: – Есмағамбет! Сен гуманный едің ғой. Мына Мырзатайдан үлкен әдебиетші шығайын деп тұр. Қамқорлығыңа ал. Университетте қалдыруға күш сал. Мұхаңмен ақылдас, – деп қолын қойыпты. Тілхатты сол күні Есмағамбет ағаның қолына тигізген болатынмын. Кейін білдім, Есмағамбет аға мен жайында ректорға да кірген екен, жоғарыда айтылғандай аяулы Мұхаңа да өтініш жасаған екен ғой. Сөйтіп, ағаларым, Мәскен апам тілекші болып, ақырында тағдырымды қазақ халқынан туған ең ұлылардың бірі аяулы Мұхтар Омарханұлы шешіп еді. Туғаны, туысы емеспін, біріміз ойдан, біріміз қырдан болсақ та, жан-жақтан маған соншама қамқорлық жасаған, сөйтіп менің тағдырымды шешіп, келешегімді айқындап берген асылдарым­ды қалай ұмытамын. Ешқашан ұмытпаймын. Үне­мі ризашылықпен есіме алып, төңірегімдегілерге ай­тып келемін. Сол ұлыларымның маған деген ықыласына күніне мың шүкіршілік етіп отырамын. Ол кезде Алматыда пәтер алу өте қиын. Түйіншектерімізді сүйретіп үйден-үйге көшіп жүреміз. Сыған секілді үйсіз-күйсіз көшіп жүретін қазақ жастарының біріміз. Есмағамбет Ысмайылов аға Совминнің үйінде тұрады. Мәскеуден атақты ғалым Владимир Максимович Жирмунский келіпті, ағамыздың үйінде болыпты дегенді естимін. Кейінше атағы дардай ғұламаның қыртысы қалың «Пушкин и Байрон», «Тюркский героический эпос» деген кітаптарын оқығаным бар. Шаруасы болды ма, Есмағамбет аға мені іздепті. Сайда саны, құмда ізі жоқ, мекені-тұрағы жоқ мені қайдан таба қойсын. Шарқ ұрып іздепті. Таптыра қоймаппын. Бір күні университет дәлізінде ұшыраса кетіп, қабағын суытып: – Осы сен қайда жүресің? – деді. – Көшіп жүреміз ғой, аға – деп жауап бердім. – Немене, күнде көшесің бе? – деді. – Күнара, аға, – дедім. Үлкен басын шайқап үндемей тұрып қалды. Тері өңдеу комбинаты жанындағы құрқылтай­дың ұясындай шағын пәтерді жалдап тұрып жатқанбыз. Бір күні Есмағамбет Ысмайылов ағай шақырады деген хабар жетіп, балағымды сүйретіп ол кісінің қазіргі Желтоқсан көшесі мен Абай даңғылы қиылысындағы үйіне келдім. Әйелі Шәйзада апайға ас салғызыпты. Ағаның жанында аққұбаша келген кісі отыр. Кейінше білдім, туған жиені Мүтәлләп Нұртазин есімді кісі екен. Дастарқанға отырдық. Ас жеп болған соң оңаша бөлмеге шықтық. Есмағамбет аға сөз бастады. – Мүтәлләп, сенің ең шауып шыққан жерің мектеп директорлығы. Елге, Көкшетауға қайт. Ренжіме. Өзің отырған үйді мына Мырзатайға бер, қаңғып жүр, бұл жігіттен үлкен үміт күтіп отырмыз, әдебиетші ғалым болады, – деді салмақтап. Байқаймын, күтпеген болуы керек, Мүтәлләп маңдайын тасқа соққан бекіре балығындай үн-түнсіз, тым-тырыс отырып қалды. Әйтсе де нағашы ағасына қарсы сөз айта алмады. Отырып-отырып, біраздан соң: «Мақұл» деді. Бұл сөзді амалсыз айтқанын мен де сездім. Көп ұзамай Панфилов паркінің күнбатыс жағын­дағы қағаз картоннан салынған шағын баспананы босатып берді. Мәрия екеуміз жұмақтың төріне шыққандай болдық. Картоннан салынған времянкада тұрамыз. Көр­шіміз абыз Абайдың ауылынан шыққан қадір­лі кісі – Әбіш Жиреншин. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Жиреншенің немересі. Ол кісінің зайыбы – Саида апамыз ертелі-кеш көкбазардан себетке толтырып азық-түлік та­си­ды. Семіз ет таңдайды. Күнара қазан көтеріп, ет асады. Еттің иісі бұрқырап мұрын жарады. Қара нан­ды шайға жібітіп талғажау жасап отырған біздер Әбіш ағаның үйіне мойын созып қараймыз. Қо­нақжай кісі үлкен астан қалдырмайды. «Ет жең­дер!» деп дауыстап шақырады. Қуана барып, жозы үстелге дөңгелене малдас құрып, білек сыбанып кірісіп кетеміз. Әбіш аға көк базардан ылғи семіз ет алдырып жейтін. Текті кісі еді ғой. «Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деп отыратын. Әбіш ағаның сол кездегі атасы Жиренше, одан соң Абай, Біржан, Оразбай, Тәкежан туралы ұзақтан қайырып айтқан көрікті әңгімесі көкейі­мізге жазылған хаттай сақталып қалды. Жирен­шенің бел келіні, Әбіш ағаның анасы Ұмыттық әже де керемет кісі еді. Менің анам Қалдыкүлмен екеуі көршілес тұрып жақсы араласты. Тектінің тұяғы, көргенді кісі ғой, Ұмыттық әже құдайдан тілеуімізді тілеп, батасын беріп отыратын. Анам қайтқанда сүйегіне салған ішігін көз көрген еді деп осы Ұмыттық шешеміздің иығына жаптық. Артында бар оңалар дегендей, шүкір, Әбіш ағаның арты жаман болған жоқ. Баласы Қазбек ініміз еліне белгілі ғалым-қайраткер. Ғылыми жетекшім Бейсембай Кенжебаев мені әуелден ежелгі әдебиетке бейімдеді. Ол кезде Бейсекең кафедра меңгерушісі бо­ла­тын, кандидаттық диссертациямның тақыры­бын оғыз дәуірінің әдеби ескерткіші “Оғыз­намаға” байланысты анықтап берді. Жұмысымды игеріп, аяқтай бергенде, басқа тақырыпқа көшуге мәжбүр болдым. Ендігі тұста ежелгі әдебиет ескерткіштерін, көне дәуірді, әдебиет тарихының түп-төркінін зерттеуге ойыстым. Тақырып өте күрделі әрі қиын, әрі дау-дамайы көп. Бейсекең қазақ әдебие­тінің тарихын сегізінші ғасырдан бастау туралы ғылыми идея көтеріп жүрген кез. Идея жаңа, батыл, негізді, Әуезов ұстанымымен үндес. Бірақ ол кезде оны біреу қолдаса, біреу қолдамайтын. Бес саусақ бірдей емес. Мен білетін белгілі деген кісілердің біреулері басқаларды қолдай отырып, олармен ынтымақтаса бермейтін. Ал Бейсекең елдің бәрімен де ынтымақтас секілді көрінсе-дағы, олардың айтқан пікірлеріне ере бермейтін. Көп сөйлемейтін, мақтанбайтын, кісіні еңбегінің маңызы мен мәніне қарап бағалайтын, көзге мақтамайтын, ешкіммен бет жыртысып ұрсысып та жатпайтын. Иі жұмсақ болғанымен, дәті қатты еді. Өз ұстанымынан, өз бағытынан қайтпайтын. Үндемей жүріп-ақ үйдей іс бітіретін. Бейсекеңнің осы қасиетін мен керемет жақсы көрдім, кісіліктің келісті түрі деп білдім. Өзім де сол кісінің бағыттауымен зерттеу жұмыстарымды орындай жүріп, түрлі ғылыми кеңестерге, кон­фере­нцияларға бірге қатысамын, ежелгі әдебиет ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы туралы ойларымды ортаға саламын. Бірақ ешкіммен қызылкеңірдек болып айтыспадым. Сөйтіп жүріп Әлкей Марғұлан ағамен ақыл­дас­тым. Мұндай жақсымен сөйлескеннің, сұхбат­тас­қанның, оның үстіне одан тәлім алғанның игі әсері болмай қалмайды. Әлекең ежелгі әдебиет ескерткіш­терінің қазақ әдебиетіне қатысы туралы мәселенің ғылыми маңызы өте жоғары екенін ай­тып, менің зерттеуіме де, өзіме де ерекше ықы­лас­пен қарады. Ағамызбен өте жақын болдым. Менің жұмысыма Бейсекеңнің өзіндей жанашыр болды, азды-көпті жетістіктеріме де Бейсекеңше сүйініп отырды. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ (Жалғасы бар).