06 Қаңтар, 2011

Елбасымен біргеміз!

565 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды КЕМЕЛ ЕЛДІҢ КЕПІЛІ Тарихқа көз жүгіртіп қарасаңыз әр елдің туу, өсу, қалыптасу ке­зеңінде әр қилы сүрлеу-соқпақтан өтіп келгендігі, оның өзі көп жағдайда қайталанбас, дара жол екендігі белгілі. Міне, сол өмірге жаңа қадам басқан дербес мем­ле­кеттің алғашқы жылдарында сондай ахуалға қол жеткізуі тікелей ел басшысының тұлғалық қасиетте­ріне келіп тірелетіндігі ортақ заң­дылық екендігіне ешкім таласа қоймас. Ендеше бүгінде көп пікір ту­ындатып отырған еліміздегі Тұң­ғыш Президенттің өкілеттігін ұз­ар­ту мәселесін жалпыхалықтық ре­ферендумда шешу жөніндегі ұсы­­ныстар төңірегінде сөз қозғағанда, ең алдымен мәселе неге бұлай қойылып отырғанын мықтап тұрып ойлаған жөн. Мәселе әйтеуір мерзімі келгенде сайлау немесе оны күтпестен референдум өткізу тура­сында емес, кім жөнінде болып отырғанын ерекше есте ұстау керегінде болып тұр. Ендеше, жаңа тарихымыз бен жас мемлекетіміздің бастауында тұрып, оның саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік қалыптасуына айрықша үлесін қосқан, сөйтіп аз уақыттың ішінде оны әлемдік дә­режеге көтере білген және алдағы жылдарға да оның қарышты да­муына айқын жоспар ұсынып, оның іске асуын берік қолда ұстап отырған Тұңғыш Президентімізге сенім артып, референдум арқылы өкілеттігін ұзарту туралы ұсыныс­тың, кейбір керауыздар байбалам салып жатқанындай, демокра­тия­лық талаптарға ешқандай да ке­ре­ғарлығы жоқ. Мәселе кейбіреулер айта баста­ғандай сайлау өткізуден қаш­қақ­тау­да емес, уақыт, қаржы, қуат үнем­дей отырып, мүмкіндіктерді ұтым­ды пайдалана білуде болып отыр. Мұны қолдан шығарып алмауымыз керек. Өз басым соңғы ширек ға­сырдай уақыт бойында саясаттанумен айналысып келемін. 2010 жыл­дың өзінде ғана 100-ден аса әртүрлі кездесулерге қатыстым. Студент жастар, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ардагер­лердің алуан пікірлерін тыңдадым. Міне, сол кездесулерде дәл осын­дай референдум өткізу туралы ойлар көп айтылатын. Демек, мұндай шара өткізу халықтың тілегіне толығымен сай келеді деп ойлаймын. Референдум өткізу демократия­ның еуропалық стандартына сай келе бермейді деген пікірлер де баршылық. Бірақ, сол батысы­ңыз­дың заңдарында мұндай мәселе турасында референдум өткізуге тиым салған баптар да жоқ қой. Оның үстіне мұндай маңызды мә­селе әр елдің өзінің ішкі саяси ісі емес пе? Біздер сол батыстағы Ұлы­британия, Испания, Швеция, Норвегия, Дания сияқты ежелден парламентаризмді, демократияны ту ғып көтеріп келе жатқан елдерге сіздерде неге осы күнге дейін монархиялық, яғни феодалдық билік институты сақталып келеді, ол демократиялық үрдіске сай емес қой деуімізге толық қақымыз болса да олай демейміз. Өйткені, бұл мәселе олардың ішкі жұмысы. Себебі корольдік институт оларда ұлттың, мемлекеттің символы ретінде дәріптеледі. Премьер-министрлер, спикерлер, жоғарғы соттар басшылары сол корольдеріне барып, ежелгідей иіліп тағзым етіп, есеп беріп тұ­рады. Олар оны намыс көрмейді. Себебі, олар үшін король сол мем­лекеттің символы. Дәлірек айтқан­да, нақты корольдің өзіне емес, корольдік лауазымға бас иеді. Ал Н.Назарбаев болса Тәуелсіз Қазақстанды өз қолымен түлетіп, баптап, қалыптастырған қайраткер. Сондықтан да оны дәл қазір билік етіп отырған, халық сайлаған Президент деп қана емес, еліміздің көсемі, ұлтымыздың лидері деп та­нимыз, мойындаймыз. Бүгінде оны бүкіл Түркі жұрты өз көшбасшы­мыз деп мойындап, есімін мәңгі қал­­дырарлық шаралар жасап жатыр. «Өз елінде пайғамбар болмас» дегендей, әрине, ол кісіні сынау­шы­лар да баршылық. Өйткені бізде сөз еркіндігі бар. Сондықтан демо­кратиялық елге ондай көріністер де тән екендігін естен шығаруға болмас. Оған жауапты кешегі өткен ЕҚЫҰ Саммитіне жиналған шетел басшылары мен өкілдері Елбасы­мыз туралы айтқан құрметке толы сөздері арқылы берді ғой деп ойлаймын. Мен 1991, 1999, 2006 жылғы Президент сайлаулары науқанында Н.Назарбаевтың облыстағы сенімді өкілінің міндетін атқара жүріп те қалың бұқараның ол кісіге деген кіршіксіз сенімі мен құрметіне, келешегіміздің ол кісімен тікелей байланыста бола беруін қалайты­ны­на талай көзім жеткен-ді. Сон­дықтан бұл жолы да Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзар­ту жөніндегі референдум идеясы дұрыс көтеріліп отыр, енді оны ойдағы­дай өткізу ғана қалып отыр деп санаймын. Әлмұқан ИСАҚ, Жамбыл облысының құрметті азаматы, саясаттанушы. Жамбыл облысы. * * * БОЛАШАҚҚА – ТЕК ҚАНА НАЗАРБАЕВПЕН БІРГЕ Өскеменде өткен бастамашы топ көтерген бастаманы барлық жа­ғы­нан алғанда сәтті жасалған, заңды қадам деп есептеймін. Өйт­кені, біз­дің әлемдік қауым­дастық танып отыр­ған жас, тұрақты даму үс­тін­дегі тәуелсіз мемлекетте өмір сү­ріп жатқанымыз, ең алдымен, Пре­зи­­дентіміздің арқасы, сындар­лы сая­­саты екені даусыз. Бір сәт болса да ойша 90-шы жылдардың басына оралайықшы. Бұл республикамыздың тарихын­да­ғы ауыр кезең болды. КСРО тарағаннан кейін Қазақстан тағ­дыр талқысында қалды. Құлды­ра­ған экономика, бүлінген инфра­құ­рылым, үзілген интеграциялық бай­ланыстар, жаппай жұмыссыз­дық – бұрынғы империядан мұ­раға қалған осылар ғана болатын. Осындай қиын жағдайда оптимис­тердің өздері де еліміз ғайыптың күшімен бұл тығырықтан шығады дегенге сене қоймаған болар. Бі­рақ ғажайыптар бола береді екен, оны жасаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасымыз ол кезде ең бас­тысы елімізді бұрынғы одақтас республикаларда орын алып жат­қан алауыздықтар мен қанды қақ­тығыстарға тартуға жол бермеу, бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді сақтап қалу екендігін жақсы түсінді. Өзінің даналығының, ақ­ыл-парасаты мен ұлтының, елінің ертеңіне деген жауапкершілік се­зімінің арқасында ол елімізді мұндай қиыншылыққа ұрын­дыр­май, аман алып шықты. Қаншама ұйқысыз түндер, қарбалас күндер өткеніне тарих куә. Нұрсұлтан Әбішұлы тарихи өл­шем тұрғысынан алып қара­ғанда қысқа мерзім ішінде кереметтей қи­ындықтарды жеңе оты­рып, хал­қы­мен бірге тәуелсіз мемлекет құр­ды. Елбасымыздың арқа­сында Қа­зақстан өз дамуында үл­кен жетістіктерге қол жеткізіп, әл­емдік қау­ымдастықта лайықты ор­ынға ие болды. Елбасының, оның әлемдегі жоғары беделінің арқа­сында Қазақ­стан өз тарихында тұңғыш рет ЕҚЫҰ төрағасы бол­ды және осы­нау беделді ұйымның саммитін өткізді. Осындай баға жеткісіз еңбек сі­ңірген Нұрсұлтан Әбішұлы тә­жі­­рибелі капитан тәрізді өзінің кемесін жарқын мақсатқа – бейбітшілікке, тұрақтылық пен өр­кен­­деуге қарай бастай беруі тиіс деп есептеймін. Халық өзінің Президентін ба­ға­лайды және оған дәйім қолдау көр­сетеді. Содан кейін де Елбасы лауа­зымында көргісі келеді. Со­нымен бірге оның басшылығымен жасал­ған «Қазақстан-2030» Стра­тегиялық бағдарламасы және бас­қа да бағдар­ламалар бар емес пе? Олардың бар­лығы республиканың кезең-кезеңі­мен дамуына, қазақ­стан­­дықтардың өмір сүру деңгейін көтеруге бағыт­талған. Сондықтан Нұрсұлтан Әб­іш­ұлының өзі бұл бағдарламаларды аяғына дейін жет­кізуі керек. Әрине, бұл үшін уа­қыт керек екендігі белгілі. Содан кейін де ең қисынды және дұ­рыс қадам орасан мол қаражат пен күш-жігер жұмсап, сайлау өт­кіз­бей-ақ рефе­рен­дум ұйымдас­ты­рып, Президентіміз Нұрсұлтан На­зарбаевтың өкі­лет­тігін 2020 жылға дейін ұзарту деп білемін. Мұның өзі бүкіл халықтың, мемле­ке­ті­міздің мүддесіне сай келетін ма­ңызды іс болатыны даусыз. Атсалим ИДИГОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Алматы облысы. * * * ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫ ДА ҚОЛДАЙДЫ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баавтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 жел­тоқ­санына дейін ұзарту туралы референдум өт­кізу шетелдегі қандастарымыздың арасын­да да үлкен қызығушылық туғызып отыр. Мұ­ның себебі түсінікті де. Шетелдегі ағай­ындар елі­міздің Тұңғыш Президентін шынайы жалпы­ұлттық Көшбасшы ретінде бағалайды. Соған орай, олар Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген айтулы табыстарын Елбасының қай­раткерлік ерен еңбегінің нәтижесі деп санайды. Соған байланысты алыстағы ағай­ындар Прези­ден­тіміздің елімізді эконо­ми­ка­лық-әлеуметтік жа­ғынан дамыту жө­нін­де жү­зеге асырып жатқан іс-шараларын, ха­лық­аралық сахнада жүргізіп отырған саяса­тын бірауыздан қолдайды. Сондай-ақ, олар Елбасының бүкіл әлем алдындағы абырой-беделін ерекше мақтан етеді. Олар Тәуелсіздік жарияланып, Ел тізгінін қолға алған алғашқы сәтте Президентіміздің ең алдымен кіріскен игі шаруаларының бірі – әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қан­дастарымыздың басын атажұртқа жинау бол­ғандығын өте жақсы біледі. Бұл ретте, сонау 1992 жылы Алматы қаласында Елбасының тікелей қолдауымен Әлем қазақтарының тұң­ғыш құрылтайы өткенін айта кеткен жөн. Құрылтайда Елбасы қазақ халқының біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендеуінің бағыт-бағдарын нақты анықтап, бұл жөнінде алда тұрған маңызды міндеттерді айқын белгілеп берген еді. Бұл Құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қау­ымдастығы құрылып, оның  Төрағасы болып Елбасы сайланды. Қауымдастық содан бері атажұрт пен шетелдегі ағайындардың арасын байланыстыратын алтын көпір болып келеді. Осы тұрғыдан келгенде олардың Елба­сының өкілеттігін жалғастыруды бірауыздан қолдай­тындары анық. Өйткені, Елбасы тұр­ған­да шетелдегі ағайындарға Қазақстан тара­пы­нан қолдау мен қамқорлық жасау ешқашан да үзілмей, жалғаса береріне толық кепілдік бар. Сондай-ақ, оралмандардың алыс-жақын шетелдерден атажұртқа келетін көшінің тоқта­ма­у­ына да бұл жағдайдың жасар ықпалы орасан. Осыған орай, Қауымдастық­тың Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия сияқты бірнеше елден келген ағайындар бас қосқан мәжілі­сінде Президент өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартуға байланысты жан-жақты әңгіме қозғады. Сондай-ақ, 25 желтоқсанда Бішкектегі «Дос­тық» үйінде Қырғызстан халық Ассам­блеясына қарасты Қырғызстан қазақтары қау­ымдастығының кезекті мәжілісі өтті. Мә­жі­лісте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқ­санына дейін ұзарту туралы жалпыхалықтық референдум өткізу туралы мәселе талқы­лан­ды. Бұл мәселе бойынша пікірін білдірген­дердің барлығы да егемен Қазақстан мем­ле­кетінің іргесін қалаудағы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегіне ерекше баға берді. Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары. * * * ШЫҒЫС ЖАСТАРЫНЫҢ ШЫНАЙЫ ТІЛЕГІ – Шығыстағы білімнің қара­ша­ңырағында бұл күндері он мыңнан астам жастар он факультетте білім алып жатыр. 2009 жылы аталмыш жоғары оқу орнында 24 ғылым кан­дидаттары, жеті ғылым док­то­ры диссертациясы қорғалды. Университет ұстаздары мен студенттері Елбасының өкілеттігін ұзарту жө­ніндегі бастаманы қызу қолдай­ды, – деді ШҚМУ ректоры, филология ғылымдарының докто­ры, профессор Бейбіт Мамыраев бір мың­нан астам адам қатысқан жиында. Бейбіт Баймағамбетұлының ай­ту­ынша, еліміз тәуелсіздік алғалы Елбасы Н.Назарбаев аталмыш жо­ғары оқу орнына екі рет келіп, про­фессор-оқытушылармен, сту­дент­­термен жолығып, емен-жар­қын әңгімелескен екен. Айта кету керек, жоғары оқу орнының Моң­ғолияның Баян-Өлгей қаласында үлкен бір филиалы жұмыс істеп тұр. Өз кезегінде Қытай, Моң­ғо­лия жастары да осында білім алып жатыр. Оларға тегін жатақхана беріліп, шәкіртақы төленеді. – Менің Отаным – Қазақстан. Өзім Моңғолияның Баян-Өлгей­ін­де тусам да елге, жерге деген са­ғыныш осында алып келді. Ел­ба­сының оралмандарға деген қам­қор­лығын қалай ұмытамыз. Қазір Өскеменнің іргесінде «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша төрт миллиард теңгеге ғаламат қала­шық бой көтеруде. Бұл да Ел­басының әкелік қамқорлығы. Ендеше мен шетелден келіп білім ал­ып жатқан жастардың барлығын Елбасының өкілеттігін ұзарту мақ­сатында дауыс беруге шақырамын, – деді Рашид Салтанат. Университет профессоры Марат Мағзұмовтың байсалды да мағыналы сөзін көпшілік ынта қоя тыңдады. «Елбасының сындарлы саясаты нәтижесінде Қазақстан талай асулар мен белестерден асты. Күні кешегі ЕҚЫҰ-ға жетекшілік ету, Астанада 56 мемлекет бас­шыларының қатысуымен Саммит өткізу еліміздің атағын төрткүл әлемге паш етті. Арқаның төсінде асқақтаған Астананы көріп, шетелдіктер таңқалды. Мұның өзі қарыштап алға басып келе жат­қанымыздың жемісі», – деді Марат Түсіпжанұлы. – Жастарға интеллектуалды білім беру жайлы Елбасы үнемі жастардың құлағына құйып келеді. Біздің университетте бірнеше ұлттың өкілдері қызмет етеді. Менің ұлтым – орыс, күйеуім өзбек. Ұлттар достығын, елімізде бейбітшілік пен ынтымақты да­мы­туда Елбасының рөлі ерекше. Ендеше Н.Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуға бірауыздан дауыс бердік. Тек біздің университет бойынша алты мың адамның қолдап дауыс беруі, соның нәтижесі, – деді өз сөзін түйіндеген педагогика және әлеуметтік жұмыстар кафедра­сы­ның аға оқытушысы Елена Снегирева. Ағылшын тілінде сөйлеген Айжан Әміренова, В.Немыкина, «Жыл­­дың үздік студенті» Р.Будуков, тағы басқалар да Елбасының өкілеттігін ұзартуды бірауыздан қолдады. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен. * * * БІЗ ЕЛБАСЫНА СЕНЕМІЗ Осыдан он тоғыз жылдан астам уақыт бұрын Тәуелсіздікті тәу етіп, ежелден еркіндік аңсаған хал­қымыз ұлтымыздың үміті, мұ­раты анық, іс-қимылы қанық Ел­басын таңдады. Халқымыздың таңдауы қалт кетпегеніне көз жетті. Кешегіміз қа­һармандыққа, бүгініміз жасам­паз­дыққа, ертеңіміз келеше­гі­міз­дің кемелін келтірер батыл баста­маға толы. Төрткүл дүниеге таны­лып, төбедегі келді. Әлем алдында еліміз – еңселі, халқымыз – қадірлі. Екінші мыңжылдық барша қазақстан­дық­тардың дүркіре­ген дәуірі, жарқы­раған жұлдызы болып басталды. Сан ғасырлар бойы «Мәңгі ел» орнатуды армандаған көне ғұн-түрік билеушілері жете алмаған сән-салтанатқа Назарбаевтың «Қа­зақ­стандық жолы» арқылы жеттік. Бұл – бұрын-соңды әлемнің бірде бір мемлекеті жүріп көрмеген жол. Президентіміздің болашақты қа­пысыз болжайтын табанды саяси бағыты, жаһандық түй­ін­дерді шешуде тізгінді тең ұс­тай­­тын мәмілегер саясаты мен дана­ларға сай ақыл-парасаты нә­­ти­же­сінде Қазақстан әлемдік қауіп­сіз­діктің кіндігіне айналды. Елордамыз – Астана төрт мұ­хиттың арасындағы дүние жүзі саясаткерлері мен мәдениет және дін қайраткерлерінің, алпауыт іскер­лер­дің Жерұйығы болып танылды. Бүгінгі күні Ақтөбе облы­сы­ның жұртшылығы республикалық референдумда Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баев­тың президенттік өкілеттігі мер­зімін 2020 жылғы 6 желтоқ­санға дейін ұзарту туралы мә­се­лені қызу талқылауда. Қазір рес­пуб­ликалық референдумға қатысу құқығы бар ақтөбеліктердің басым көпшілігі референдум тағайындау туралы тілектерін білдіріп, өз қолдарын қойды. Біздің жерлестеріміз Прези­дент­тің барлық бастауларының әр­дайым қостаушысы болады. Біз Қазақстан халқының Елба­сы, шынайы Ұлт Көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деп білеміз. Н.Назарбаев – Ұлы Даланың ұлы реформаторларының теңдес­сіз рухани мұрагері. Қазақ Елін одан әрі гүл­ден­діретін де, ырысымызды тасытып нәрлендіретін де, абыройымызды асырып сән беретін де Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаев! Сондықтан барша қазақ­стан­дықтардың тапжылмайтын таңда­уы да, қапысыз қалауы да – Нұр­сұлтан Назарбаев! Бірлік пен ынтымақты, сабыр­лылық пен парасаттылықты мұрат еткен халықтың жүрек қалауына сай жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылда­на­ды деп сенеміз. Бұл – ондаған, тіпті жүздеген жылдардан соң да құрыштай берік Қазақ Мемле­ке­тінің іргесін бекіткен тарихи шешім болып қала бермек. Қазақстанның, Тәуелсіз­дігіміз­дің тағдыры Елбасы қолында. Біз Президентке сенеміз! Назарбаев – біздің Елбасымыз, біздің Көшбасшымыз! Нұрқайыр ТЕЛЕУОВ, Ақтөбе облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы; Кеңес БІРМАНОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы; Элеонора БЕРДІБАЕВА, «Қазақстан студенттері республикалық альянсі» филиалының төрайымы; Әсел БӨЛЕКОВА, «Нұр Отан» ХДП АОФ «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы; Базарбай ИМАНОВ, «Руханият» саяси партиясы облыстық филиалының төрағасы; Балғали ОРДАБАЕВ, бастамашы топ жетекшісі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат хатшысы, барлығы 45 адам қол қойған. * * * 2,5 МИЛЛИОННАН АСТАМ ҚОЛ ЖИНАЛДЫ Шәкәрім атын­дағы Семей мем­лекеттік универ­си­тетінің бас ғи­маратында аталған жоғары оқу ор­нының ректоры, Қа­зақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.Ә. На­­зар­баевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы жалпыха­лық­тық референдум өт­кі­зу жөніндегі бастамашы топтың төр­ағасы Ерлан Сыдықов БАҚ өкіл­дерімен кезекті брифинг өткізді. Ол кездесуде еліміз бойынша 4 қаңтарға дейін референдум өткізу жө­ніндегі бастаманы қолдап 2,5 мил­лионнан астам қол жинал­ға­нын ресми түрде мәлімдеді. Осы орайда жи­налған қолдың дұрыс­ты­ғы арнайы түр­де тексеруден өткізілгенін айта кет­­кеніміз жөн болар. Өйткені, мұ­ның сыртында сан жүздеген мың қол енді ғана сараптамадан өткізіліп жатыр. Бастамашы топ жетекшісі солай дей келіп, қазақстандықтар қол жинау барысында зор белсенділік көр­сетіп жатқанын қадап айт­ты. Мұ­ның өзі барша отандаста­ры­мыздың Ел­басына деген сенімі мен құрме­тін көрсетсе керек. Тіпті, Жаңа жыл­да қатарынан келген төрт күн­дік де­ма­лысқа қарамастан қол жинау ор­ын­дарында кезек азай­мапты. Қол қою­шылар ара­сында кәрі мен жас та, түрлі мамандық иелері де баршылық дейді топ жетекшісі. Әсіресе, жастар зор белсенділік та­ны­туда. Олар сессия жүріп жатқа­нына қарамастан қол жинау орнына ағылып келуде. Ал қол жинау белгіленген тәртіп бойынша қаңтардың алғашқы он­күн­дігінің соңына дейін жүргізілмек. Әзірше бұл мәселеде Шығыс Қа­зақстан, Алматы, Қара­ған­ды облыс­тарының тұрғындары ерекше белсенділік танытып отыр­ған көрінеді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТІРЕГІ Шежірелі Шығыстан бастау ал­ған Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетті­гін 2020 жылға дейін ұзарту мақ­сатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастама қоға­мымызда қызу талқыланып, барын­ша кең қолдау тауып отыр. Бұл бүкілхалықтық қозғалысқа еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың қоғамдық ұйымдары, өкілдіктері өздерінің ашық та шынайы пікірлерін білдіруде. Сондай бір жүрек­жарды жеделхат редакциямызға Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» ассоциациясынан келіп түсті. Қазақстандық күрдтер Нұрсұл­тан Назарбаевтың президенттік өкі­леттігін 2020 жылдың 6 желтоқса­нына дейін ұзарту жөнінде респуб­ликалық референдум өткізу туралы бастаманы зор қанағаттандық сезіммен қабылдай отырып, барынша қолдау көрсетеді, делінген жеделхатта. Біз өзіміздің Президентімізді шексіз мақтан тұтамыз және оған толық сенім артамыз. Елбасы­мыз­дың білгір басшылығы мен сара саясатының арқасында Қазақстан бүгінде тек Орталық Азия мемле­кеттерінің ішінде ғана емес, бүкіл Достастық елдері кеңістігінде оқ бойы алға шыққан көшбасшы мемлекетке айналды. Қазір Қазақстан­ның бейбітшіліксүйгіш бастама­ларын, оның баламасыз басшысы­ның жаһандық мүдделерді көздей­тін салиқалы ойларын бүкіл әлем мойындайды. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихта тең­десі жоқ «Қазақстан-2030» Страте­гия­лық бағдарламасын өмірге әке­ліп, ойдағыдай жүзеге асыруда. Қа­зақстан әлемдік қаржы-экономи­калық дағдарысынан қиналмай шы­ғып, үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық бесжылдықтар белесін бас­тады. Қазірдің өзінде еліміз бола­шақ индустриялық держава не­гі­зі­нің тұғырын жасап үлгерді. ХХІ ғасырдың ғажайыбы атанған ару Ас­тана күннен-күнге гүлденіп, ға­рыш­ты қадаммен дамып келеді. Міне, осы теңдессіз құбылыстар мен бастамалардың бірегей баста­ма­шы­сы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Біз жарқын да жасампаз Ота­нымыз – Қазақстанның баянды бо­лашағының Нұрсұлтан На­зарбаев­пен біртұтас екендігіне шексіз сенімдіміз. Сондықтан, біз қазақстан­дық күрдтер еліміздің әле­уетті да­муы үшін, қасиетті қазақ жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың одан әрі салтанат құруы үшін, бола­шақ ұрпақтың баянды бақыты үшін референдум туралы бастаманы ба­рынша қолдаймыз және бірауыздан дауыс береміз. «Егемен-ақпарат».