Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің естен кетпейтін, ұрпақтан-ұрпаққа мәдени мұра болып қалатын әндерінің бірі – «Әдемі-ау».
Ескендір ағамыз 60 жылға жуық аралықта 200-дей ән жазса да, соның ішінде үш әнді ерекше атайтынын білеміз. 21 жасында өнер айдынына алып шыққан «Анаға сәлемі», әнұран іспеттес «Атамекенінен» кейін, өмірдегі қосағы, өнердегі музасы, Дарико апамызға арнаған осы әніне деген көңілі алабөтен екенін еш жасырған емес.
Бұл әннің қалай жазылғанын білсек те, оны композитордың өз аузынан естиік деп, хабарласқанымызда, әдеттегідей, Дарико апамызбен Сарыағашта курортта қолтықтасып бірге жүрген жақсы аға ішіп отырған асын қоя қойып, еш ренжіместен, дәл сол күнгідей эмоциямен ән тарихын баяндауға көшті.
– Сонау 1970 жылы Қарағанды облысына концерт беруге бардық. Ол кезде мен жаспын, бар болғаны отыздамын, Комсомол сыйлығының лауреатымын. Жеке концертім Қарағанды қаласындағы Кеншілер сарайында өтіп жатты. Жаңадан шыққан әндерімді сахнадан айтып жатырмын. Әншілердің де жазылмаған бір заңы бар. Әніңді біреуге арнауың керек.
Залға қарасам алдыңғы қатарда әртүрлі ұлттың өкілдері отыр екен. Көзім бірінші қатарда отырған, көзі тостағандай аппақ қызға түсті. Осыдан кейін айтып жатқан әндерімді осы қызға бағыштай бердім. Концерт аяқталғанша солай болды.
Ән біткен соң сахнаның сыртына шығып, жаңағы қызды қайта көргім, танысқым келе берді. Сол концертті ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген облыстық комсомол комитетінің жігіті бар еді. Сырымды соған айттым. Концертте алдыңғы қатарда бір қазақтың қызы отыр. Сол қызбен қалай танысуға болады, деп едім:
– Сол да сөз болып па? Реті келсе таныстырайын, – деп жүгіріп кеткен, іле-шала қайтып келіп тұр.
– Бір мәселе болып тұр, – дейді.
– Ол қандай мәселе?
Сөйтсек, ол қыз Қарағанды облысының құрметті әрі белгілі азаматы Сопыжан Әшляев деген кісінің қызы болып шықты. Әлгі әдемі қыз Әшляевтар әулетінің тұңғышы екен. Ұлдарының көбі спортпен шұғылданатын көрінеді. Спортпен айналысып аты шыққан, лауазымды қызмет атқарып отырған 5-6 інісі бар. Тіпті, Қазбек Әшляев деген інісі бокстан Еуропа чемпионы атанған.
Содан бұл қалай болады деп ойланып қалдым (Ескендір ағамыз осы жерде рахаттанып күліп алды). Сәл тұрдым да, көп болса бір таяқ жеп, бір нокаут алармын, деп қалайда танысуға тәуекел еттім. Қысқасы, не де болса осы қызбен таныстыр дедім. Шақырған қыз сахнаның артына келді. Мен қазақша:
– Сәлеметсіз бе! – дедім. Ол орысша:
– Здравствуйте! – деді.
Ауылдың баласымын, ойпырым-ай, білетін бір уыс орысшам таусылып қалмаса екен деп, қазақша-орысша араластырып сөйлеп тұрмын.
Таныса келе қыздың Қарағандыдағы медициналық институтты тәмамдап, Мәскеуде ординатурада оқып жатқанын білдік. Ертесіне таңертең Мәскеуге қайта ұшатынын естідік. Қарағандының көшесінде менің біраз әндерімнің сөзін жазған Бәкір Тәжібаев, Дариконың дос қызы бар, қыдырыстап біраз жүрдік.
Осы танысудан кейін де 3-4 жыл уақыт өтіп кетті. Бірақ ол қыз есімнен шыққан жоқ. Жүрегімнің түкпіріне жайғасып алды. Ұдайы қалай жолығуды ойлап жүрдім. Бастапқыда бірге танысқан құрбысы Алматыда қызмет істейтін, содан сұрастырып жүрдім. Мекен-жайы, телефонын білмеймін дейді. Кім білсін, өзінің де ойы болды ма? (Ескендір ағамыз тағы да рахаттанып күліп алды. Дарико жеңгеміз де естіп отыр).
Сөйтіп жүргенде менің бір досым бірде Алматыдағы өкпе аурулары ғылыми-зерттеу институтына барған екен, сол жерден Мәскеуден оқып келген жас маман бар екенін естіп келіпті.
– Есімі Дарико! Мәскеуден оқып келген қыз екен, – дейді.
Сол Дарико ма екен деп жүрегім дір ете қалды. Содан уақыт тауып, туберкулез институтына барайын. Бұл мекеменің басшысы үлкен кісі, мені бұрыннан танитын еді.
– Оу, Ескендір, неғып жүрсің? Аманшылық па? Ешкімің ауырып қалған жоқ па еді? – деп сұрап жатыр.
Мен осында жаңадан жұмысқа келген Дарико деген дәрігерді іздеп жүргенімді, Қарағандыда танысқанымды, үш жыл бұрын жоғалтып алғанымды айттым. Сол Дарико ма, басқа Дарико ма, көрсем деген тілегімді жеткіздім.
Институттың басшысы көп сөзге келмей жаңағы дәрігер қызды шақыртып алды. Кабинетке ақ халат, ақ қалпақ, бетіне маска киген қыз кіріп тұр. Тек көздері ғана көрінеді. Орнымнан ұшып тұра келдім де:
– Сәлеметсіз бе! – дедім. Ол тағы да:
– Здравствуйте! – деді. Маскасын алғанда қуанып кеттім. Сол Дарико!
«Әдемі-ау», «Асыл арман», «Есіңе ал» әндерінің бәрі де, әрине, осы жеңгелеріңе арналған. Одан кейін де Дарикоға арнап «Ескірмеген махаббат» деген ән жаздым. Өмір болған соң талай қиыншылықтар да болды. Біз сол қиыншылықтарды бірге жеңдік. Қуаныштарды бірге көрдік. Сыйластығымыз да, сезіміміз де суыған жоқ. Өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге болсын деп, осы күнге дейін қол ұстасып келе жатырмыз.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.