«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясымен Ақшиде алқалы жиын өтті
Өткен мен бүгінгіні салыстыру арқылы жұмысқа, жетістікке баға беріледі. Бұл жолы да солай болды. 1997 жылы 23 мамырда Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік-аумақтық құрылымдарына өзгерістер енгізілгені белгілі. Солардың қатарында Күрті ауданы таратылып, Ақши ауылы Іле ауданының қарамағына берілді. Ауыл – халықтың алтын құрсағы. Халқымыздың мәйегі бұзылмаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тіршілігінің қайнар көзі осыдан бастау алады. Әлеуметтік мәселелерге келгенде ауылға ерекше қамқорлықпен қарау талап етілетіні сондықтан. Өмірдегі кездесетін өзгерістер, ауыртпалықтар ең алдымен ауыл халқының иығына түседі. Тоқырау салдарынан Ақшидегі көп қабатты үйлер бұзылып, құрылыс материалына айналды. Күнкөріс қамымен тұрғындар басқа жақтарға қоныс аударды.
Әсте өмір бір орнында тұрмайды. Егемендік алып, еңсе көтерген тұста қала мен далаға көшкендер қайта оралды. Бұзылған үйлердің орнына жаңасы салынды. Заман өзгергенімен, Күртінің боз жусанды алқабы мен жайқалған қызғалдағы бұрынғысынша көктем сайын құлпырып, жайнай түсті. Осыдан қырық жыл бұрынғы «Қыз Жібек» фильмінің эпизодтары киелі Күрті өзенінің бойында түсірілгенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Сол қойылымда осындағы ақ жаулықты ана мен бала да бар.
Облыс әкімі Серік Үмбетов Жаңа жыл қарсаңында есте қаларлық жақсы істі бастады. Шеткері орналасқан, осындай елді мекендерге атбасын бұрып, ауылдың түтіні түзу шыққанына, халықтың игілігіне айналғанына ден қойды. Ақшиде алыстан ат арытып, бір кездері тер төккен азаматтар бас қосты.
Жиналғандар алдында облыс әкімі Серік Үмбетов сөз сөйледі. Озар елдің арманы бітпейді демекші, бізге егемендіктен асқан бақыт жоқ. Алыс елді мекендердің жағдайын жасау қолға алынғанына тоқталып, бүгінгі жиынның мағынасы, тақырыбы әдеттегіден өзгешелігін жеткізді. Ауылдың ажары – әл-ауқаттың айнасы, деген облыс басшысы Елбасының жолдауларында халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру жөніндегі тапсырмалардың тиянақты орындалғанын да айтып өтті. Енді өңірдегі Гвардия, Қапал, Үйгентас пен Шелек аймағында осындай шара өтіп, елді мекендердегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдай өрістетілетіні арқау болды.
Ақши ауылының тарихы тым тереңде екенін де сөйлегендер тарқатты. Ақши кеңшары 1959 жылы құрылса, 1962 жылы шаруашылыққа революционер Тоқаш Бокин есімі берілген. Аудан тарағанға дейін мыңғырған төрт-түлік өз төлі есебінен өсті. Сондай-ақ, Сарытауқұм, Желтораңғы, Топар өңірі мал мен жанға құтты мекен болды. Қаншама тағдырлар осы жерде табысты, ұрпақ жалғасты. Алматылықтарды Бозой мен Айдарлының бал татыған қарбызы мен пиязы қамтамасыз етті. Осы аймақта Еңбек Ері Өміртай Өмірбеков, қой өсірудің шеберлері Айтжан Көшербаев, Шәудірбай Елубаев, тағы басқалар ел байлығын еселеді.
Жаңа ауданға жан-жақты жас мамандар ағылды. Ірі құрылыстар, мектеп, балабақша, аурухана, сауда орталықтары мен мәдениет сарайы, тұрғын үйлер көптеп салынды. Су құбыры тартылып, халық тұщы сумен қамтамасыз етілді. Ауыл гүлденіп, халықтың саны 8500-ге жеткен, тасы өрге домалаған Ақшидің тоқырау жылдарындағы ауыр салмақ еңсесін басты. Содан бері де арада он төрт жыл өтіпті.
Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Жол картасы» қордаланған көп мәселенің түйінін шешті. Көшелер жөнделіп, шамдар орнатылды. Облыстық бюджет қаржысымен Тоқаш Бокин атындағы білім шаңырағы күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылып, әр сыныпқа интерактивті тақта қойылды. Ауылдағы аурухана ғимаратында тұрғындарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.
Сонау жылдары жаңа ауданға жолдамамен келген жігерлі жастар бүгінде егде тартқан. Қиын кезде де туған жерін қимай осында қалғандар қаншама. Округ аумағында 214 шаруа қожалығы, 93 кәсіпкер елді мекеннің ертеңі үшін тер төккен. Қайта түрленген ауыл бұрынғыдан да ажарланған. Халықтың саны алты мыңнан асыпты. Кезінде талан-таражға түскен ғимараттар, қараусыз қалған көп қабатты үйлер қалпына келтіріліп, жас мамандарға, мұғалімдер мен дәрігерлерге беріліп, береке-бірлік нығая түскен.
Ауылға осылайша сәнмен бірге ән де келді. Мәдениет үйінде Әжелер ансамблінен тәлім алған жастар да өнерге құштарлықтарын танытқан. Бүгінде әртүрлі үйірмелер жұмыс істеуде. «Сарытауқұм» ән-би ансамблі, халық театры ұжымының өнерін ауыл, аудан жұртышылығы емес, Жетісу халқы бағалайды. Ақшидің бүгінгі толағай табысы бір күнде қалыптаспағаны да анық. Ол атқарушы биліктің бағалы бастамасы мен халықтың қайнаған өмір көрігінде шыңдалуының нәтижесі. Ел ырысын тасытқан жасампаз жандар бір кезде артта қалған ауылды осылай түлетті, гүлдендірді.
Жиында құс ұшса қанаты талған, құлан жортса тұяғы мұқалған өңірдегі жақсы істер, атпал азаматтардың еңбектері ерекше аталды. Осылайша тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясы Ақшиден басталып, одан әрі өзге аймақтарда жалғасатыны ортаға салынды.
Облыстық мәслихат депутаты Үсейн Касанов әңгімесінде облыс әкімі Серік Үмбетов ақшиліктерге Аллаға құлшылық ететін имандылық отауы керек екенін айтқанда ойланбастан осы іске кірістім, дейді. Ауылдың шығысындағы көк күмбезі күнмен шағылысқан мешіт үйі үлкен мен кішінің ғибадатханасына айналса, кәсіпкер әлі де оның барлық қажеттіліктерін мойнына алған.
Кәсіпкерлермен қатар жеке шаруа қожалықтары да халықтың әл-ауқатын көтеруге бар мүмкіндіктерін салуда. Солардың бірі төрт-түліктің төресі түйе өсіріп, шұбат өндірумен айналысатын «Дәулет-Бекет» серіктестігі. Шаруашылықтың іргетасын оралман қандасымыз Сыдық Дәулетов қалап, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр.
Серіктестік директоры атамекенге келгеннен кейін үкімет береді, деп қарап отырғым келмеді. Қолымнан келгенше жұмыс істеуге талпындым, дейді. Оның бастамасымен ауылдағы ескі ғимараттар жөнделіп, 300 орындық тойхана, наубайхана, тігін цехы, киіз үй жасайтын кешен, шұбат өндіретін зауыт ашылған.
Сонау жылдары осы мекеннің көркеюіне үлес қосқан Б.Егінбаев, С.Ильичов, Х.Райымбаев, А.Нұрғожаев, Р.Жарықбаевқа Алматы облысының құрметті азаматы төсбелгісі мен атағы салтанатты түрде тапсырылды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.